• Басты
  • Қазақстан Президенті Қызылорда облысының тыныс-тіршілігімен танысты
14 Мамыр, 2019 16:49

Қазақстан Президенті Қызылорда облысының тыныс-тіршілігімен танысты

Қазақстан Президенті Қызылорда облысының тыныс-тіршілігімен танысып, өңірдегі жұртшылықпен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті Қызылорда облысының тыныс-тіршілігімен танысты | Strategy2050.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жан-Арай» агроиндустриялық кешенінің жұмысымен танысты.Мемлекет басшысы күріш өңдеу ісіне мамандандырылған агроиндустриялық кешенде болып, оның жұмысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа зауыттың негізгі шығаратын өніміне қатысты мәлімет берілді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен әңгімелесіп, бұл саланы өркендетудің басты бағыттарын атап көрсетті.

« Ауыл шаруашылығы – әлеуеті өте зор, стратегиялық маңызды сала. Бұл саладағы мәселелерді жақсы білеміз. Мемлекет оларды шешудің барлық мүмкіндіктерін қарастырады», – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңір еңбеккерлеріне зор табыс тіледі.

Сондай-ақ,  Қазақстан Президенті Қызылорда қаласындағы көпсалалы балалар ауруханасына барды.

Мемлекет басшысы Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында 2017 жылы пайдалануға берілген мекеменің жұмысымен, ондағы балаларды емдеу және сауықтыру үшін алынған заманауи медициналық құрылғылардың жұмысымен танысты.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев балалар ауруxанасының медициналық қызмет көрсететін кабинеттерін аралап көріп, дәрігерлермен әңгімелесті.

Еркін әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті бала денсаулығын жақсарту ісі мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар жандана түсетінін айтты.

«Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыздың оңай емес екенін жақсы білемін. Балаларды емдеп, халықтың алғысына бөленіп жүрсіздер. Еңбектеріңіз елене берсін» – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев медицина мекемесі ұжымының жұмысына табыс тіледі.

Балаларға кәсіби, стационарлық және диагностикалық көмек көрсетуге бағытталған ауруxананың жалпы аумағы 24436 шаршы метр. Медициналық мекемеде xирургия, терапия, зерттеу жүргізу, ота жасау блоктары, сәулемен емдеу және физиотерапия бөлімшелері бар. Ұйымда 500-ден астам персонал қызмет етеді.

Оған қоса, Қазақстан Президенті Қызылорда облысындағы өңірлік «Рухани жаңғыру» орталығында болды.

Мемлекет басшысына орталықтың негізгі қызметі жөнінде мәлімет берілді.

Жергілікті бюджет есебінен бой көтерген бұл орталық «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» сияқты бағыттар бойынша жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту жөніндегі шаһардың бас жоспары таныстырылды.

Аумағы 1,5 мыңнан астам гектар жерді қамтитын бұл құрылыс алаңына тиісті инфрақұрылымдар жүргізілген. Мемлекет басшысына алдағы уақытта бұл жерде неке сарайы, өрт сөндіру депосы, 900 орындық орта мектеп, тұрғын үйлер, отбасылық медицина орталығы және басқа да әлеуметтік нысандар салынатыны жөнінде баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының құрылыс саласындағы көрсеткіші жоғары екенін атап өтіп, шаһардың өркендеп келе жатқанына тоқталды.

«Қала құрылысына осы саладағы үздік тәжірибелерді қолдану керек. Жаңа теxнология мен құрылыс материалдарын пайдаланып, «Ақылды қала» (Smart City) жүйесінің компоненттерін белсенді түрде енгізу қажет», – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының жұртшылығымен кездесті.

Жиынға өңірдің зиялы қауым, ардагерлер мен жастар өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы аймақтардан түсіп жатқан ұсыныстарды ескере отырып, өңірлерді дамытуға бағытталған арнайы кешенді мемлекеттік бағдарламаның іске қосылатынын айтты. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті осы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін облыс басшылығы шешуі тиіс бірқатар мәселелерге тоқталды.

« Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру – Үкімет пен облысы әкімінің басты міндеті! Лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашуға баса мән беру қажет. Бұл бағытта ірі кәсіпорындардың қуатын тиімді пайдалануды назарға алу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы шетел компанияларында жұмыс істейтін отандастарымыздың мүдделерін қорғаудың маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар, облыстың әлеуметтік саладағы жетістіктеріне тоқталды.

«Көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету үшін облыста Әлеуметтік жол картасы іске қосылған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, жол құрылысы салаларында құны 1,7 миллиард теңге болатын 60 жоба жоспарланған. Облыс әкіміне соларды уақтылы әрі тиімді жүзеге асыруды тапсырамын», – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев дамудың жаңа драйверлерін қалыптастыру қажет екенін айтып, қуатты экономикаға қол жеткізудің маңыздылығын атап өтті.

«Индустрияландыру саясаты өзінің жемісін берді. Бұл бағыт одан әрі жалғасады. 2013 жылдан бері Қызылорда облысында өңдеуші өнеркәсіп саласы екі есе өсті. Ірі цемент зауыты іске қосылды. «Шалқия» кен орнында қуатты комбинаттың құрылысы басталды. Бұдан бөлек, облыстағы шыны зауытының құрылысын аяқтау қажет. «Бәйтерек» холдингі мен облыс әкімдігіне зауытты іске қосып, Қазақстанның алғашқы шынысын шығаруды тапсырамын», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ауылдардың өсіп-өркендеуі агросектордың ілгерілеуіне септігін тигізетінін айтып, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығындағы әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отырғанына назар аударды.

« Суармалы жерлерде су тапшылығы бар. Сондықтан, жаңа су қоймаларын салу қажет. Үкімет облыс әкімдігімен бірге аталған мәселені шешу үшін маған нақты жұмыс жоспарын ұсынсын. Бүкіл ел бойынша ауыл инфрақұрылымын жаңғыртатын кез келді. Жергілікті жолдардың, су құбырларының, электр желілерінің, мәдени-спорт кешендерінің бәрі жаңаруы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті өңірдегі экологиялық проблемаларға, соның ішінде, Арал проблемасына, айналасына зиянын тигізіп отырған мұнай-газ және уран қалдықтарына назар аударды.

«Экология – қызылордалықтарды толғандыратын мәселенің бірі. Халық Арал тағдырына алаңдайды. Елбасының бастамасы бойынша «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда. Осы жобаның және Көкарал бөгетінің арқасында Кіші Аралдағы су қалпына келді. Бұл балық шаруашылығын жандандыруға септігін тигізді. Тағы бір маңызды мәселе – бүгінде тұрғындарды мұнай-газ бен уранның зиянды қалдықтары алаңдатып отыр. Өңірдегі кәсіпорындарға жаңа технологиялар енгізіп, экологиялық қауіпсіздікті халықаралық стандарттарға сай ету қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Байқоңырды Қазақстанның ғарыш саласының негізі ретінде атап өтіп, бұл кешен облысқа жоғары технологияларды дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.

« Біздің мақсат – ғарыш технологияларын Отанымыздың, халқымыздың мүддесі үшін қолдану. Байқоңыр қаласының инфрақұрылымын жаңғырту жұмысы жалғасуда. Мұнда 30 жыл ішінде алғаш рет көпқабатты үйлер және медициналық орталық салынды. Бес мектеп Қазақстанның білім стандартына көшті. Қазір әлемде инвесторлар ғарыш стартаптарына кең қолдау көрсетуде. Біз де Байқоңырдың әлеуетін тиімді пайдаланып, бұл үрдістен шет қалмауымыз керек», – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Қызылорда өңірінің жұртшылығы атынан ардагерлер, кәсіпкерлер, мұғалімдер, спортшылар сөз сөйлеп, өздерінің ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Соңында Мемлекет басшысы xалықтың әл-ауқатына қатысты мәселелердің барлығы жеке өзінің бақылауында болатынын айтып, жиынға қатысушыларды Қызылорда өлкесін дамудың жаңа деңгейіне шығару үшін атсалысуға шақырды.

Қазақстан Президенті еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін «Сыр маржаны» ЖШС директоры М.Өтеевті, көпсалалы балалар ауруханасының дәрігері А.Шүленбаевты, Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты, Қызылорда облысының құрылысшылар қауымдастығының жетекшісі Қ.Ерназаровты, даңқты спортшы, мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Э.Тұрсынбаеваны және «Нартай өнер мектебі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры М.Бекпейісовті алғыс хаттармен марапаттады.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды