• Басты
  • Биыл 12 мың отбасы пәтерге ие болады
8 Мамыр, 2019 12:52

Биыл 12 мың отбасы пәтерге ие болады

Қазіргі таңда елімізде 340 мыңға жуық көп балалы отбасы бар, олардың ішінде 31 мыңнан астамы баспанаға мұқтаж ретінде әкімдіктердің кезегінде тіркелген. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтып берді.

Биыл 12 мың отбасы пәтерге ие  болады | Strategy2050.kz

Қ. Өскенбаевтың айтуынша, жыл сайын көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңгеден бөлу көзделген.

«Бұл жыл сайын 6 мың көп балалы отбасыны қамтамасыз етуге жол ашады, 2025 жылға дейін — 40 мың көп балалы отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтылады.Биылғы 1 мамырда 249 баспана берілді. Кеше, 7 мамырда, Семей және Өскемен қалаларында көп балалы отбасыларға 10 пәтер берілді. Биылғы мамыр айының соңына дейін барлық қаржы көздері есебінен 1200-1300 көп балалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарда бар», - деді ол.

Қ.Өскенбаев айтып өткендей, пәтер беру белгілі кестеге  сәйкес жүзеге асырылады.

«Бізде баспана берудің арнайы кестесі бар. Мәселен, 9 мамырда Батыс Қазақстан облысының, Шымкент қаласының көп балалы отбасыларына пәтерлердің кілттері табысталады. 25 мамырда Атырау облысы мен Алматы қаласында беріледі», — деп мәлімдеді Қ. Өскенбаев.

Сондай-ақ,  қосымша шара ретінде биылғы маусым айында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы көп балалы, толық емес отбасыларды, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі балалары бар отбасыларды жеңілдікпен несиелендіруді бастау жоспарланған.

«Бұл займдар жылдық 2% мөлшерлеме бойынша, 20 жылға дейінгі мерзімге, бастапқы жарнасы 10%-дан бастап беріледі. Бастапқы жарнаның бір бөлігі тұрғын үй сертификатымен жабылуы мүмкін.Аталған тетікті іске асыруға үш жыл ішінде 150 млрд теңге бөлу көзделген. Бұл жыл сайын 6 мың займ беруді қамтамасыз етеді, 25 жылдың ішінде 56 мың займ берілетін болады», - деді ол.

Сондай-ақ, Қ. Өскенбаев «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр Ана» атағын алған көп балалы отбасылар мен аналар жеке санатқа шығарылып, оларға бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығын беру заңнамалық түрде бекітілгенін еске салды.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тиісті қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражатқа сәйкес жалға берілетін тұрғын үйді бөлу туралы норма анықталды.

«Көп балалы отбасыларға тұрғын үй беру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың алғашқы нәтижелері осындай. Біз бұл жұмысты тұрақты бақылауға алдық. Елбасының көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы толығымен орындалады. Бүгінде баспана алуға кезекте тұрған көп балалы отбасылар 2025 жылға дейін мемлекеттен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Осы жылдың өзінде 12 мың отбасы өздерінің пәтерлеріне орналасады (барлық қаржы көздері есебінен – 6 мың, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікпен несиелендіру есебінен – 6 мың). Осылайша, 3-4 жыл ішінде тұрғын үйге мұқтаж көп балалы отбасылардың мәселесін толығымен шешеміз деп жоспарлап отырмыз», — деді Қ. Өскенбаев.

Өз кезегінде, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарттарын түсіндіріп өтті.

«Бүгін біздің алдымызда тұрған басты міндет - көпбалалы және толық емес отбасылардың баспаналы болуына барынша көмек көрсету. Ол үшін несие берудің жеңілдетілген шарттары жасалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде берген тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Бақытты отбасы» атты жаңа бір бағыт маусым айынан бастап іске қосылады. Бұл бағдарламаға төрт және одан да көп баласы бар отбасылар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар қатыса алады. Кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар толық емес отбасылардың да қатысуға құқығы бар», - дейді Ләззат Ибрагимова.

Л.Ибрагимова айтып өткендей,  несие бойынша жаңадан салынған немесе екінші нарықтағы дайын үйлерді сатып алуға мүмкіндік туып отыр.

 ««Бақытты отбасы» бағдарламасында бір адамға шаққандағы табысы 42 500 теңгеден аспайтын отбасылар қатыса алады. Мәселен, егер отбасы алты адамнан тұрса, онда оның жалпы табысы 255 мың теңгеден аспауы керек», - деді ол.

Сондай-ақ, жеңілдетілген несие бойынша жеке басына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне өтінім берген күнді алғанда баспанасы жоқ болуы керек.

«Қазір біз наурыз айынан бастап пилоттық  түрде «Бақытты отбасы» бағдарламасын Алматы облысында бастадық. Ол бойынша, әкімдікте кезекте тұрған көпбалалы отбасылар жаңадан салынған үйлерден пәтер сатып алу үшін жылдық 2 пайызбен, 10 пайыздық бастапқы жарнамен несие ала алады», - деді ол.

Л.Ибрагимова  қазіргі таңдағы нәтиже туралы да сөз қозғады.

«344 отбасы бізге өтінім берді. Оның арасында 330 отбасының өтінімі мақұлданды. Бүгін екі отбасы несие шартына қол қояды. Қазір біздің банкке 44 отбасыға 1 млн теңгеден әкімдік тұрғын үй сертификатының ақшасын есепшотына салды. Бүгін тамаша күн: көпбалалы екі отбасы алғашқы болып 2 пайызбен пәтер алып, баспаналы болды», - дейді Ләззат Ибрагимова.

Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды