• Басты
  • Ардагерлерге 2,3 млрд теңге сомасында материалдық көмек көрсетіледі
6 Мамыр, 2019 17:36

Ардагерлерге 2,3 млрд теңге сомасында материалдық көмек көрсетіледі

Биылғы 12 наурыздан бастап 4 мамыр аралығында Үкіметтік жұмыс тобы Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін еліміздің өңірлеріне жұмыс сапарымен барып қайтты. ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Үкіметтік жұмыс тобының Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыру мәселелері бойынша өңірлерге жасаған сапарларының қорытындысы туралы баяндады.
Ардагерлерге 2,3 млрд теңге сомасында    материалдық көмек көрсетіледі

Өңірлерге барған Үкімет мүшелері қандай мәселелер бар екенін анықтап, олардың шешу жолдарын қарастырған. Кездесулер көп балалы және аз қамтылған отбасылармен, еңбек ардагерлерімен, мүмкіндіктері шектеулі жандармен, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру салаларының қызметкерлерімен, қалалар және ауылдардың тұрғындармен өткізілді.

«Бүгінгі таңда біз 263 кездесу өткіздік, 157 елді мекенде болдық, 269 адамды жеке қабылдап, кірісі төмен 72 отбасыға бардық. Жалпы алғанда 27 000-ға жуық адам қамтылды», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары   Г. Әбдіқалықова. 

Бұдан өзге, аудандардың әкімдерімен, кәсіпорындардың, бизнес-құрылымдардың және кәсіподақтық ұйымдардың басшыларымен кеңестер өткізілді. Әлеуметтік-еңбек саясатының мәселелері қаралды. Төмен жалақы алатын жұмысшылардың жалақысын көтеру, мерзімі өткен жалақы бойынша берешекті өтеу, еңбек қауіпсіздігі жағдайларын сақтау, өндірістік жарақаттануды төмендету, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және т.б. мәселелер талқыланды.

Г. Әбдіқалықова бизнестің өз қызметкерлерімен қоса, жергілікті халықты әлеуметтік қолдау мәселелеріне қатысты бастамасын ерекше атап өтті.

«Мәселен, Алматы облысында мұндай кәсіпкерлердің бірі - Жамбыл ауданындағы «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіпов. Ол ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтумен қатар, әлеуметтік салаға үнемі көмек көрсетіп тұрады. Ол 50 орынға арналған балабақша, заманауи футбол алаңын, сондай-ақ «Болашақ» әмбебап сауда орталығын салған. Ең бастысы, 2008 жылдан бастап ол көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ өзінің шаруашылығының жұмысшыларына арнап 105 үй салған», - деді ол.

Мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік күн тәртібіндегі басқа да мәселелерді қарау бойынша кеңестер өткізілді.

Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу бойынша құжаттарды қабылдауға дайындық тұрғысынан Халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмыстары тексерілді. Бүгінде талап етілетін құжаттарды оңтайландыру есебінен АӘК тағайындау рәсімін жеңілдетуге бағытталған «Е-Халық» ақпараттық жүйесі енгізілді.

«Бастапқыда кейбір қиындықтар туындады. Бұл, бірінші кезекте, мемлекеттік органдарға жүгінген адамдардың көптігімен түсіндірілді. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі азаматтар туралы ақпараттың толықтығы туралы сұрақтар қозғалды. Тұрғындарды тіркеу бойынша көптеген сұрақтар қойылды. Тіркелмей тұрып АӘК алуға үміттенген де адамдар болды. Заңдарды білмеу негізінде көптеген сұрақтар қойылды. Бүгінде бұл мәселелер бірте-бірте шешіліп жатыр», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Мемлекеттік органдардың бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесінде бүгінде АӘК 160,4 мың отбасыға төленді. Бұл тағайындалған төлемдердің 100%.

Биылғы мамыр айынан бастап жалға берілетін тұрғын үй беріле бастады. 1 мамырда 249 көп балалы отбасы жаңа пәтер алды. Жалпы, мамыр айында бір жылға жоспарланған 7 мыңнан астам пәтердің 1316-сын беру жоспарланып отыр.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған аз қамтылған және көп балалы отбасылар араланды. Осындай отбасылардың бірі бес бала тәрбиелеп отырған, Батыс Қазақстан облысындағы көп балалы отбасы Гүлшат Мұратқазиеваның отбасы. Ол «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеке қосалқы шаруашылық құруға несие алған, 12 ірі қара мал ұстайды, сүт өнімдерін өңдейді.

«Айта кетерлігі, қосалқы шаруашылықтарда отбасылардың барлық мүшелері, оның ішінде балалар да жұмыспен қамтылған. Осылайша, балалар отбасында еңбек арқылы тәрбиеленді. Бұл нағыз қазақстандық үлгілі отбасы», — деді Г. Әбдіқалықова.

Шығыс Қазақстан облысында жұмыс тобы 14 баланы тәрбиелеп Ольга Кандыбаның отбасына барды. Бүгінде олар 7 жер телімінде қосалқы шаруашылықтарын дамытып отыр. Жамбыл облысында тұратын Анар Бексұлтанованың туа біткен кемістігі бар, екі қолы жоқ.

Өзінің проблемасына қарамастан, ол құрдастары тәрізді, кәдімгі мектепте оқыды, ЖОО бітірді. 2012 жылы той бұйымдарын өндіретін шағын цех ашты. 2015 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 3 млн теңге алып, өндірісін кеңейтті. Қазір оның төрт қызметкері бар.

«Жалпы, сапар қорытындылары тұрғындардың Тұңғыш Президенттің жаңа әлеуметтік саясатын толық қолдайтынын көрсетіп отыр. Нәтижесінде өз бизнесімен айналысқысы келетін адамдар саны артып, жаңа жұмыс орындары құрылады», — деді вице-премьер.

Сонымен қоса, Г. Әбдіқалықова әлеуметтік масылдыққа жол берілмейтініне және жаңа жұмыс орындарын құру қажеттігіне тоқталды.

ҚР Констиуциясының 27-бабында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» делінген. Ал «Неке және отбасы туралы» Кодекстің «Ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу жөніндегі міндеттері»деп аталатын 138-бабында «Ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті» делінген.

Сонымен қоса, Г. Әбдіқалықованың айтуынша, бүгінде ажырасулар мен алименттер төлемеу мәселесі өзекті болып тұр.

«Тұрғындармен кездесулер және аз қамтылған отбасыларды аралау кезінде біз әрбір екінші әйелдің тағдыр талқысына тасталғанын көрдік. Ең қорқыныштысы, 5-6 баласымен қалған отбасылар бар. Статистика көрсетіп отырғандай, бізде жылына 50 мыңға жуық ажырасу болады, тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 912 қылмыстық іс қозғалады. Орта есеппен жылына 3 мың еркек алимент төлеуден жалтарады. Бүгінгі таңда алименттер төлемеу бойынша жалпы қарыз көлемі 5,2 млрд теңге», — деді Г. Әбдіқалықова.

Вице-премьер бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын айтты, жақында Бас прокуратура, Жоғарғы сот және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесулер ұйымдастырып, бұл мәселені бірлесіп шешу жоспарланған.

«Елбасы «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары – бұл басты міндетті – әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруге қол жеткізу аясында жаңа әлеуметтік саясатты дамытудағы теңдессіз қадам. Сондықтан барлық күш-жігерімізді барынша пайдаланып, алдымызға қойылған міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындауымыз керек», — деді Г. Әбдіқалықова.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов  ең басты мәселе - кадрлардың жетіспеушілігі екенін алға тартты.

«Ең басты мәселе - кадрлардың жетіспеушілігі. Шынында да, медициналық қызмет сапасының төмендеуіне көп жағдайда медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі себеп болып жатады. Кейбір елді мекендерде, әсіресе ауылдарда учаскелік дәрігерлер ауыр - екі есе жүктемемен жұмыс жүргізуде. Бұның арты әлбетте, медициналық қызмет сапасының төмендеуіне алып келеді. Сол себепті, бұл ретте қандай мәселелер қолға алынады? Ең алдымен, осы жылдан бастап 10 ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарынан 6300 медицина қызметкері оқуын бітіріп шығады. Бүгінгі таңда жаңа заңнамаға сәйкес, олар нақты медициналық ұйымдарға жіберіледі. Жас мамандарға үш жылдық міндетті еңбек жүктеліп отырғанын айта кету керек. Ең алдымен, бұл ретте ауылды жерлердегі медициналық ұйымдардың қажеттілігіне мән береміз», - дейді Елжан Біртанов.

Министр сондай-ақ, кадр мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органдармен тиісті жұмыстар жүргізілгенін тілге тиек етті.

 «Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларына талдау жұмыстары жүргізілді. Түлектерді белгілі бір ауылға бекіту жұмыстары аясында міндетті түрде мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болады», - дейді ол.

Ал  Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова «Педагогтар мәртебесі туралы» заң жобасында қандай мәселелер еленіп, ескеріліп жатқанын айтты.

 ««Педагогтар мәртебесі» туралы заң жобасында ең алдымен бірыңғай педагог түсінігі бар. Бүгін де педагог және оған теңестірілген тұлғалар деген түсінік барын білесіздер. Сол себепті, белгілі бір шығынды талап ететін бірыңғай түсінік енгізіліп жатыр. Себебі, базалық еңбекақының деңгейі әртүрлі. Сонымен бірге, еңбек демалысы бойынша бөлінетін ақшаның да деңгейі әрқалай. Сол себепті, бірыңғай педагог түсінігін енгізетін болсақ, барлығына бірдей жағдай жасалады», - дейді Күләш Шәмшидинова

Министрдің айтуына қарағанда, заң бойынша педагогтың кәсіби құқығы, ұйымның қоғамдық өміріне атсалысу құқығы, кәсіби міндетін орындау жолындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету құқығы, педагогтың кәсіби жұмысына негізсіз араласу жағдайынан қорғану құқығы, ар-намысын қорғау құқығы берілгелі отыр.

Министр атағандай,  бұл мәселе бойынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізілуде.

«Егер жоғарыда аталған жағдайлар бойынша мұғалімнің құқығы бұзылатын болса, онда азамат жауапкершілікке тартылады. Мәселен, әлгі азаматқа біріншіден ескерту жарияланса, екіншіден айыппұл салынады. Айыппұлдың мөлшері басқа санаттағы тұлғаларға қолданылып жатқан тәжірибе бойынша айқындалады», - деді министр.

Сонымен бірге, министр мұғалімдерді көтермелеу тетіктері, оларды әлеуметтік кепілдіктер қарастырылып, педагогтардың мәртебесі де заңнан тыс қалмайтынын жеткізді.  

Өз кезегінде   ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Қазақстан 2025 жылға дейін мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар әзірленіп жатқанын айтты.

«Шығыс Қазақстан облысында біз мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша Үйлестіру кеңесінің отырысын өткіздік, онда мүгедектігі бар адамдардың күнделікті кездесетін мәселелерін шешу жолдарын талқыладық. Бұл білім беру қызметтеріне қол жеткізу, денсаулық сақтау, жұмысқа орналастыру мәселелері. Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау бойынша қосымша шараларды қарастыратын 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды әзірлеу тәсілдері әзірленді», - деді Сапарбаев.

Министрдің айтуынша, 2019 жылдың 2-ші жартыжылдығынан бастап әлеуметтік қызметтер порталын іске қосу жоспарланып отыр, ол жеке қажеттіліктерді ескере отырып, техникалық оңалту құралдарын өз бетінше таңдауды қамтамасыз етуге, оларды ұсыну мерзімін қысқартуға және мүгедектігі бар адамдардың қанағаттану деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Мұқтаждығына қарай техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету нормативтері қайта қаралатын болады.

Сондай-ақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылы ауылдарда көп балалы аналар мен мүгедектігі барадамдар арасында кәсіпкерлікті дамытуға 5 мың микрокредит бағытталады.

Сонымен қатар, Қарағанды облысында Үкіметтік жұмыс тобы үш жақты республикалық комиссияның отырысын өткізді, онда қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту, еңбек заңнамасын сақтау, негізсіз қысқартулар мен еңбекақы бойынша берешектерді болдырмау үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту бөлігінде Еңбек кодексіне өзгерістер енгізу жөнінде шешімдер қабылданды.

Қостанай облысында еңбек ресурстарының ағындары (Оңтүстік-Солтүстік), «Еңбек» бағдарламасы бойынша қорытындылар мен тәсілдер талқыланды. Бағдарламаны іске асырудың соңғы екі жылында оған 1,2 млн. астам адам қатысты.

Тұрақты жұмыс орындарына 695 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оқумен 170 мыңнан астам адам қамтылды. 21,2 мыңнан астам адам өз бизнесін дамыту үшін шағын несие алды, 4 мыңға жуық адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар алды.

Баспасөз конференциясының соңында вице-премьер қазақстандықтарды алда келе жатқан мемлекеттік мерекелермен - Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтап, Қазақстанда бүгінгі таңда 1400 Ұлы отан соғысына қатысушы бар екенін жеткізді. 9 мамыр мерекесіне орай барлық ардагерлерге 2,3 млрд теңге сомасында материалдық көмек көрсетілетін болады.

Аягөз Құрмаш 

Фото: Премьер-Министрдің ресми сайты 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды