• Басты
  • МЖӘ – инвестиция тартудың негізгі құралдарының бірі – Премьер-Министр
6 Мамыр, 2019 11:40

МЖӘ – инвестиция тартудың негізгі құралдарының бірі – Премьер-Министр

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік экономика мен бәсекелестікті дамыту үшін қажет.Бұл мемлекет пен бизнестің өзара тиімді жұмысы, халыққа қызмет көрсетуді жақсарту, бюджетке жүктемені төмендету және инвестиция тарту. МЖӘ-нің жүзеге қалай асырылып жатқаны және оның экономикаға оң әсері Үкімет отырысында талқыланды. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.

МЖӘ – инвестиция тартудың негізгі құралдарының бірі – Премьер-Министр | Strategy2050.kz

Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің экономикаға әсері

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан  Дәленовтің айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы инвестиция тарту ұлғайды. Бұл жалпы ішкі өнімнің өсуіне 0,2% деңгейінде үлес қосты.

«1 мамырдағы жағдай бойынша жобалардың жалпы саны 2,9 трлн.теңге сомасына 1285 жобаны құрайды. Оның ішінде 1,5 трлн.теңге сомасына 548 шарт жасалды.Дайындық сатысында 1,4 трлн. тенге сомасына 737 жоба бар.Ең көп жобалар саны білім беру, денсаулық сақтау, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, мәдениет және спорт салаларына тиесілі.Республикалық деңгейде 25 жоба бар, оның ішінде 9 жоба бойынша шарт жасалған, конкурс сатысында 2 жоба және жоспарлау сатысында 14 жоба.Жасалған шарттар саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы, Павлодар облысы, және Алматы қаласы бірінші-орында тұр», - деді Р.Дәленов.

Министр  4 негізгі өлшемшарт бойынша аймақтардың рейтингісі анықталғанын айтты.  Олар, Жасалған шарттардың саны бойынша, бюджеттен төлемсіз іске асырылатын жобалар бойынша, құзыреттілігі бойынша,  инвесторлар үшін ақпараттың ашықтығы бойынша.

«Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола және Қостанай облыстарында жоғары рейтинг екенін атап өткен жөн. Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары мен Шымкент қаласында төмен көрсеткіш», - деді Р.Дәленов.

Министр  атағандай,  экономиканы дамыту үшін саны емес, сапасы маңызды. Министрлік жобалардың 3 санаты бойынша талдау жүргізді.

«I санат – жекеше әріптестің инвестициялары мен операциялық шығындарын бюджеттен толық өтеу.II санат – инвестицияларды бюджет есебінен және нарықтан көрсетілетін қызметтер есебінен ішінара өтеу.III санат – бюджеттен қайтарусыз. Өтеу көрсетілетін қызметтер есебінен жүргізіледі.Осылайша, бюджеттен ең төменгі өтеуді талап ететін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын дамыту қажет деп санаймыз. Бұл бюджетке түсетін жүктемені алады және инвестицияны көп тартады», - деді Р. Дәленов.

Ол айтып өткендей,  бүгінде жобалар пулы біркелкі бөлінген.

«Сонымен қатар, толық өтелетін жобалар, ішінара өтелетін жобалар да бар. Бұл ретте, 946 млрд.теңге инвестиция тартылған 372 жоба бойынша бюджеттен өтеусіз және ішінара өтелетін жобалар бар.Осылайша, бюджетке ең аз жүктеме түсетін инвестициялар тарту үшін бюджеттен өтеусіз (II-ІІІ санат) немесе барынша аз өтелетін жобаларға көңіл бөлу қажет деп санаймыз.Мұндай нысандардың мысалдары салалар бойынша бөліністе осы слайдта көрсетілген. Бұл білім беру, денсаулық сақтау, энергетика, көлік», - деді министр.

Сондай-ақ,  министр  бюджеттік шектеулер және міндеттемелерді қабылдау лимиттері бар екенін атап өтті.

« Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік инвестицияларды барынша арттыруы тиіс. Қолданыстағы лимиттерді жобалардың барынша көп инвестициялар тартуға болатындай етіп пайдалану қажет. Егер бюджеттен барынша аз өтелетін жобаларға басымдық берсе, бұл мүмкін болады. Бұл көп инвестициялар береді, бюджетке түсетін жүктемені азайтады және кезеңді ұлғайтады», - деді ол.

Министр  мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жандандыру үшін мынадай шаралар қолданылып жатқанын айтты.

«Біріншіден,  рәсімдерді оңайлату мақсатында заңнамалық түрде – «Бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік» жаңа құралы көзделген. Енді мемлекеттік-жекешелік әріптестік рәсімдерін салалық мемлекеттік бағдарламаларда қарастыруға болады.Бүгінде «Бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік» Білім және ғылым министрлігінде қолданылуда.«Білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханаларын салу бойынша жобалар іске асырылуда», - деді Р.Дәленов.

Сондай-ақ, министр  бұл тәжірибені денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, туризм және басқа салаларда қолдануға болатынын жеткізді.

«Екіншіден,  инвесторларды тарту мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан ақпараттың ашықтығы қажет.Осыған байланысты жоспарланып отырған және іске асырылатын жобаларды инвесторлар үшін қолжетімді болу үшін бірыңғай форматта орналастыру ұсынылады.Бұл әлеуетті инвесторлардың хабардарлығын арттырады», - деді ол.

Министр  үшіншіден халықаралық сарапшылардың соңғы ұсынымдарын имплементациялау қажеттігін айтты.

«Халықаралық сарапшылар қоғамдастығымен бірлесіп, валюталық тәуекелдерді төмендету, ірі жобалар үшін халықаралық төрелік ұсыну, консорциумдар үшін мүмкіндіктерді кеңейту, жекеше әріптестің шығындарын өтеу рәсімдерін жеңілдету жөніндегі заңнамалық түзетулер пысықталуда. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік инвестицияны көп тартудың көзі болып табылады. Бұған бюджетке ең аз жүктеме түсіретін сапалы жобаларды арттыру арқылы қол жеткізуге болады», - деді ол.

Сондай-ақ, ол атап өткендей,   орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға инвестицияларды барынша тарту, бюджетке жүктемені төмендету, бәсекелестікті дамыту және халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін қолдану жөніндегі жұмысты жандандыруы тиіс.

Өз кезегінде Индустрия  және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр  қазіргі уақытта министрлік жетекшілік ететін салаларда мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі шеңберінде жалпы 31 жоба іске асырылу және пысықталу сатысында, оның ішінде 10 жоба республикалық, 21 жоба өңірлік деңгейде пысықталып жатқанын айтты.

«Атап өтсек,  4 жоба автожол саласында,2 жоба теміржол көлігі саласында,4 жоба азаматтық авиация саласында,21 жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергия үнемдеу салаларында.«Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ)» салу және пайдалану» жобасы бойынша  концессионер мобилизациялық жұмыстарды аяқтап, құрылыс монтаждау жұмыстарына кірісті.Оған қоса, жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу және несие берушілермен қаржылық рәсімдерді аяқтау процесі жалғасуда. Жол қозғалысы 2021 жылы ашылатын болады», - деді  Р.Скляр.

Сондай-ақ,  министр   «Алматы – Қорғас» автомобиль жолы учаскесінде «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктін салу және пайдалану» жобасы бойынша   объект 2018 жылғы 22 маусымда пайдалануға берілетінін айтты.

«Бүгінгі күні автокөлік құралдарын тексеру уақыты 4 есеге қысқарды. Жүк тасымалдаушылар бойынша тәуліктік трафик екі жүзавтомобильді құрады. «Түркістан облысының жүрдек автомобиль жолдарын салу және пайдалану» концессиялық жобасы бойыншаШымкент және Сарыағаш қалалары айналма жолдарының құрылысы (150 км) мен жалпы қашықтығы 265 км жолды пайдалануға беру көзделуде.Биыл маусым айында жобаны Республикалық бюджеттік комиссия отырысына шығарып, конкурс жариялау жоспарланған», - деді Р.Скляр.

« «Ақылы жол жүйесін енгізу және қызмет көрсету» жобасы бойынша   республикалық маңызы бар 11 мың км автомобиль жолдарында ақылы жол жүйесін енгізу көзделген.Қазіргі уақытта 2 сатылы конкурс жариялау үшін техникалық тапсырма әзірлеудеміз.Мамыр – қараша айлары аралығында конкурстық рәсімдер өткізілетін болады, шарт жасасу желтоқсан айына жоспарланған», - деді  министр.

Р. Скляр  ұзақтығы 153 км «Шар – Өскемен темір жол желісін концессиялық негізде салу» жобасы  іске асырылғанын айтты.

«Аталған жоба бойынша концессия кезеңі 2028 жылға дейін анықталды. Одан кейін «Қазақстан темір жолы» Акционерлік қоғамы желісіне берілетін болады.Бүгінгі күні Шар-Өскемен желісінде жүк тасымалдау көлемі жылына тоғыз миллион тоннадан асады», - деді ол.

Сонымен қатар, министр  «Алматы стансасын айналып өтетін 73,2 шақырымдық теміржол желісінің құрылысы» жобасы туралы айтып берді.

«Бүгінгі таңда байқаудың бірінші кезеңінің қорытындысы шығарылды. Біліктілік іріктеуінен 2 қазақстан-қытай бірлескен консорциумы өтті.Қазіргі уақытта жеке серіктесті анықтау үшін байқаудың екінші кезеңін өткізуге конкурстық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Келісімшартқа қол қою биыл қараша айына жоспарланған.Құрылыс жұмыстарын 2020-2022 жылдар аралығында жүргізуді жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Ал ,   «Түркістан қаласындағы әуежайдың құрылысы» жобасы бойынша  қазіргі уақытта жобаны іске асыру үшін потенциалды инвесторды іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Алдын ала үш компания қызығушылық танытып, ұсыныстарын берген.

« «Жүк әуетасымалы саласындағы қағазсыз құжат айналымының (e-Freight) ақпараттық жүйесін енгізу және бейімдеу» жобасы бойынша  биыл наурыз айында қазақстандық авиакомпанияларының қатысуымен еліміздің барлық әуежайларында тесттік режимде  «е-Freight» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Қазіргі уақытта Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жоспарланған», - деді ол.

Өз кезегінде Премьер-Министр Асқар Мамин МЖӘ экономиканың қарқынды өсуінің факторы екенін атап өтті.

 «МЖӘ – инвестицияларды тартудың негізгі құралдарының бірі әрі экономиканың қарқынды өсуінің факторы», — деп А. Мамин.

ҚР Үкіметінің басшысы елімізде жобалардың іске асырылуының оң қарқынын атап өтіп, МЖӘ-нің қолда бар әлеуетін толықтай іске асыруға және экономикаға шетелдік және отандық инвестицияларды тартуға жаңа серпін беріп, оның сапалы өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірқатар мәселені шешуге назар аударуды тапсырды.

«МЖӘ дамыту Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі», — деді Асқар Мамин.    

Қазақстанда бүгінде 3 трлн теңгеге 1300-ге жуық келісімшартқа қол қойылды және әзірлену сатысында тұр. Ең ауқымды жобалар көлік және инфрақұрылым, энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау секторларында іске асырылуда.

Сапаға басымдық берілген. ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, өңірлердің әкімдері бюджеттен аз шығынмен іске асырылатын жобаларға баса назар аударуы керек.

Ірі инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде көлік және энергетика, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жобаларын іске асыруды жандандыру мақсатында, министрлер кабинетінің басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамуын ынталандыруда халықаралық алдыңғы қатарлы тәжірибені ескере отырып, қосымша тетіктерді пысықтауды тапсырды.

«Денсаулық сақтау саласында МЖӘ жобалары белсенді түрде іске асырылып жатыр. Бұл бағыттың әлеуеті үлкен», — деді А. Мамин.

Аталған тетікті қолдану ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа тәсілдерін ескере отырып жалғасын табады. Олардың қатарында «Аса маңызды» қағидаты бойынша МЖӘ-нің ірі инфрақұрылымдық жобаларын жоспарлау мен іске асыру моделі бар.

Білім беру желісі бойынша МЖӘ құралы балабақшаларды орындармен қамтамасыз ету үшін белсенді түрде қолданылуда — «Балапан» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда балабақшалардағы орындардың 40%-ға жуығын жеке сектор беріп отыр, бұл 307 мыңнан астам бала. Өңір әкімдіктеріне балабақшалар үшін жан басына қарай қаржыландыру нормативін орындауды қамтамасыз ету қажет.

«Мектептерді салу кезінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәжірибесін кеңінен таратқан жөн Барлық тетіктер мен құралдар әзірленген», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Қазіргі кезде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде МЖӘ жобаларын іске асыру пысықталып жатыр. Бірлескен жобаларды дамыту мен басқару бойынша бизнес тарапынан үлкен қызығушылық бар.

«Экономиканы дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – әртүрлі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға жеке инвестициялар тартудың аса маңызды көзі.Қазақстандық МЖӘ орталығы» өз жұмысын жаңа форматқа сәйкес ұйымдастырып, инвесторларға “бір терезе” қағидаты бойынша МЖӘ жобаларын қалыптастыру және оларды сүйемелдеу орталығына айналуы қажет», - деді А.Мамин.

Сондай-ақ, МЖӘ бойынша республиканың барлық өңірлері баяндама жасады.

Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды