• Басты
  • «Бір белдеу, бір жол» - өңірлік кооперацияның жаңа моделі
30 Сәуір, 2019 12:51

«Бір белдеу, бір жол» - өңірлік кооперацияның жаңа моделі

«Белдеу мен жол» форумы алғаш рет 2017 жылы аталған бастаманың 5 жылдығына орай өткізілген еді. Форумға 29 мемлекет басшылары мен премьер-министрлер, халықаралық ұйымдардың басшылары қатысып, ауқымды шарада 6 тақырыптық сессия, 2 кеңейтілген кездесу өткізілді. «Белдеу мен жол» ІІ Форумына 40-қа жуық мемлекет және үкімет басшылары, «Жасыл Жібек жолы», «Инновациялық Жібек жолы» «Цифрлық Жібек жолы» қатарлы 12 сессия ұйымдастырылып, 150 мемлекет пен 90 халықаралық ұйымнан 5 мыңға жуық қатысушы болды. Экономикалық санкциялар мен жетекші державалар арасындағы сауда текетіресі жағдайында Форум аймақтық ынтымақтастық үшін маңызды платформа болмақ. Яғни, биылғы Форум саны мен сапасы жағынан әлдеқайда масштабты болды деуге негіз бар.
«Бір белдеу, бір жол» - өңірлік кооперацияның жаңа моделі

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев ресми делегат қана емес, құрметті қонақ ретінде қатысты. Себебі, 2019 жылы 20 наурызда ҚХР-ның Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Форумға шақыртуды Елбасының тікелей өзіне табыстаған еді. Елбасы ашылу салтанатында, кеңейтілген отырыста сөз сөйлеп, Қытайдың БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берді.

Н.Назарбаевтың «Бір белдеу, бір жол» ІІ Форумының ашылуындағы сөзі / www.akorda.kz

Сапардың кульминациясы – Қытайдың сыртқы саясаттағы ең жоғарғы «Достық» орденінің ҚР Тұңғыш Президентіне табысталуы. Бұл Қазақстанның ШЫҰ құрушы, АӨСШК инициаторы, аймақтық және жаһандық проблемаларды реттеу, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға қосқан қомақты үлесі үшін берілген марапат деуге болады. Қысқасы, бұл сауда-экономикалық, инвестиция-инфрақұрылымдық келісімшарт бекіткен емес, Қазақ-Қытай қатынасына тың серпіліс берген ыстық «достық» кездесуі болды деп есептейміз.

«Достық» орденінің табысталу рәсімі / www.akorda.kz

Н.Назарбаев «Белдеу мен жол» инициативасына қатысушы мемлекет басшыларының кеңейтілген отырысында маңызды баяндама жасады. Қазақстандық тарап жаңа геосаяси ахуалды реттеудің «Үш Д» үлгісін ұсынды. Жаһандық сын-қатерге төтеп беру, сауда теке-тіресі мен санкциялық жағдайда «3 Диалогты» орнату – уақыт талабы. Ол ең алдымен:

-жаһандық деңгей, АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропа Одағы арасындағы диалогты нығайту;

-екінші диалог – АӨСШК мен ЕҚЫҰ әлеуетін біріктіру;

-үшінші диалог – бұл ЕЭО, ЕО, ШЫҰ және АСЕАН жүйелі экономикалық диалог.

Аталған ынтымақтастық диалогын орнату арқылы Үлкен Еуразия құрлығының жаһандық рөлін арттыруға мүмкіндік туындайды. Бұл бастаманы Қазақстан алғаш рет көтеріп отырған жоқ. Инициативаның 5 жылдығына орай айтқан сөзінде Н.Назарбаев «Жібек жолының» бірлескен стратегиялық үйлесімін дайындау және  «Үлкен Еуразияның» біртұтас экономикалық кеңістігін құру туралы қозғаған еді. Транзиттік әлеуетті тиімді игеру үшін әкімшілік кедергілерді жою, ғылыми-зерттеу және технологиялар трансферті үнемі көтеріліп келеді.

«Белдеу мен жолдың» беделі қандай?

Елбасы бұған «өңірлік кооперацияның жаңа моделі» деп баға берген еді.

Әрине, бұл инициатива Қытайдың осы дәуірдегі сыртқы саяси амбициясын да білдіреді. Өйткені, инициатива партия жарғысы мен Си Цзиньпин ойлары ҚХР Конституциясына енгізілді. Дэн Сяопин кезінде өз мүмкіндігін жасыру, кейін «Бейбіт өрлеу», «Гармониялы қоғам» халықаралық қауымдастықта сынға ұшырады. Қазір Қытай сыртқы саяси ұстанымдарын ашық жариялап, өзіне халықаралық деңгейде жауапкершілік ала бастады. «Белдеу мен жол» ішкі және сыртқы саясаттың салмағын елеп-екшеп ұсынылған концепция. Халықаралық эксперттік қауымдастықтың сын-пікіріне қарамастан, бұл инициативаны қолдаушылардың аз еместігіне көз жеткіземіз.

Атап айтқанда, қазіргі уақытқа дейін 126 мемлекет, 29 халықаралық ұйым инициативаны бірлесіп іске асыруға қолдау білдірген. Нәтижесінде мемлекетаралық дәрежеде 174 құжатқа қол қойылған.  ҚХР-дың осы елдерге құйған тікелей инвестициясы 80 млрд АҚШ доллар болды. ІІ «Белдеу мен жол» форумының қорытындысында 64 млрд. АҚШ долларын құрайтын 283 келісімшартқа қол қойылғаны белгілі.

«Белдеу мен жол» бойындағы мемлекеттердің 2013-2018 жж. жалпы сауда айналымы 6 трлн АҚШ долларына жеткен.( https://rus.yidaiyilu.gov.cn/ydylzt.htm)

Біз білетіндей, «Белдеу мен жол» инициативасы – құрлықтағы «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және «21 ғасырдағы Теңіздегі Жібек жолынан» тұрады. Құрлықтағы Қытай-Еуропа бағыты бойынша теміржол құрамдары 2018 жылы 6363 рейс жасаған, ол алдыңғы жылдан 73 пайызға жоғары болып отыр. Қытайдан шыққан теміржол құрамдары  Еуропалық  15 мемлекеттің 50 қаласына барады екен. Ал теңіз бағыты бойынша әлемдегі 200 мемлекеттің 600 теңіз порттары өзара байланысқан байланысқан. Оның ішінде Қытай ерекше назар аударып отырған Пәкістандағы Гвадар, Шри-Ланкадағы Гамбантота порттарын атап өтуге болады.

Инициативаның ең алғашқы «Бір белдеу, бір жолды» бірлесіп құру: идея, тәжірибе және Қытайдың үлесі» атты ресми құжатында оны іске асырудың негізгі принциптері көрсетілген. Ол төмендегідей бағыттар бойынша Жібек жолы бойындағы мемлекеттердің ынтымақтастығын қарастырады:

1. Саяси координация. Ең алдымен Қытай үшін Жібек жолында мемлекетаралық келісімдер арқылы өзара түсіністік орнату, саяси деңгейде ықпалдастықты растау, ұдайы қолдап отыру маңызды екенін байқау қиын емес.

2. Инфрақұрылымдық байланыс. Бұл – инициативаның ең негізгі іске асыру бағыты. Экономикалық дәліздер, атап айтқанда порттар, темір және автомобиль жолдарын салу, байланыс пен авиация, электр энергетикасын бірлесіп өндіруге басымдық беріледі. Негізгі қаражат та осы салаларға бөлініп отыр. Экономикалық дәліздердің тізімі келесідей: 

-Қытай-Моңғолия-Ресей экономикалық дәлізі;

-Қытай-Орталық Азия-Батыс Азия экономикалық дәлізі(Қытай, Орталық Азия елдері, Пәкістан, Түркиямен байланыстырады);

-Қытай-Үндіқытай экономикалық дәлізі;

-Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі;

-Бангладеш-Қытай-Индия-Мьянма экономикалық дәлізі.

3. Кедергісіз сауда. Инфрақұрылымды орнату, темір-тас-әуе жолын салудың ең басты мақсаты – тауарды өзге рынокқа жеткізуді қамтамасыз ету. Теміржол құрамдарының үздіксіз қозғалысы мен әкімшілік-тексеріс кедергілерінсіз өтуіне Жібек жолы елдері ұдайы көңіл бөліп келеді. Бұл тарапта өзара қажетті тұрмыстық заттар, электроника, ауылшаруашылық өнімдері, тіпті автомобиль сату көлемі артып келеді.

2013-2018 жж. аралығында «Белдеу мен жол» арасындағы сауда тауарлары едәуір кеңейген / https://newsru.cgtn.com/news/3d517a58306b7a4e79457a6333566d54/p.html

4. Қаржылық интеграция. Қаржылық ұйымдар мен институттардың байланысы нығайту. Қазақстан «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру арқылы инвестиция тартуды көздейді. Қытайдың Даму Банкі, Эксим Банкі және China Construction Bank және Жібек жолы қоры Орталық Азия мен Қазақстанда белсенділігін арттыруда.

5. People to people, яғни адами қарым-қатынасы. Бұл халықтар арасындағы мәдени алмасу, оқыту бағдарламасы, туризм мен медицинаны меңзейді. Атап айтсақ, Қытайда 15 мыңға жуық қазақстандық студенттер білім алады, қытайлық студенттердің де саны артуда. Қазақстандықтар үшін Гонконгте 15 күндік, Хайнанда 30 күндік визасыз режим енгізілсе, қытайлық туристерге 72 сағаттық транзиттік визасыз режим қарастырылған.

6. Индустриалдық саладағы ынтымақтастық. Қазақстан-Қытай арасында 55 индустриялық жоба қалға алынған. Президент айтқандай, оның 11 іске қосылып, 15-і жыл соңына дейін аяқталады. Бұл жобалардың экологиялық қауіпсіздігі, жұмысшылармен қамту мәселесі екі тараптан заң аясында қарастырылып келеді.   

Қазақстанға қандай пайда?

Қазақстанға «Белдеу мен жол» инициативасы ең алдымен экономиканы диверсификациялау, өңірлердің инфрақұрылымын дамыту және бәсекелік қабілетті нығайтуда тиімді болады. Қазақстан «Нұрлы жол» бағдарламасын аталған инициативамен байланыстырып, көліктік-логистикалық дамуға көңіл бөледі. Қазіргі уақытқа дейін іске асырылған «Темір жол дипломатиясының» өз жетістіктері де бар. 2018 жылы қос елдің темір жол порттарынан өткен контейнерлік жүктің салмағы 13,9 млн тоннаға жетіп, бір жылда 38% артқан. Ал, Қазақстан-Қытай сауда көлемі өткен жылы 20 млрд. АҚШ долларына жуықтаған. 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларының өзінде Қытаймен, оның ішінде Гонконг, Тайван, Макаомен де сауда айналымы қарқынды өсіп келе жатқанын кестеден көруге болады. Қазақстан өзінің ұлттық бағдарламаларын «Белдеу және жолмен» ұштастыру арқылы соңғы он жыл ішінде инфрақұрылымды, көлік-логистика дамытуға 30 миллиард доллар инвестиция салды. 3 мың шақырымға жуық теміржол және 12,5 мың шақырым автомобиль жолдары пайдалануға берілді.(https://strategy2050.kz/news/53063/)

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Ж.Арыновтың пікірінше, Қазақстан үшін аталған жоба бірқатар оңтайлы жемісін беріп, еліміздің транзиттік және өндірістік әлеуетін арттыруға түрткі болды. Алайда, аталған транзиттік маршруттың әлеуеті әлі де толық пайдаланылып отырған жоқ.( https://www.facebook.com/iwepkz/)

Сол мақсатта Қазақстан тарапы «Қытай-Еуропа-Қытай» бағытында контейнерлік тасымалды 2 млн-ға жеткізіп, одан түсетін пайданы 5 млрд.АҚШ долларына дейін көтеруді көздеп отыр.

Қазақстан Қытай мен Еуропаның арасындағы транзиттік мемлекет қана емес, аймақтық көліктік-логистикалық хабқа айналу қажет. Оған келесі трансқұрлықтық теміржол бағыттары жаңа мүмкіндіктер ашады:

-Вьетнам-Қытай-Қазақстан-Еуропа бағытындағы транзиттік теміржол;

-«Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Парсы шығанағы» бағыты;

-ҚХР-Қазақстан-Әзірбайжан-Грузия-Түркия транскаспийлік бағыты.

Осының барлығында Ляньюньгань логистикалық терминалы, «Қорғас» құрлықтық порты, Ақтау мен Құрық порттары, «Алтынкөл-Қорғас», «Достық-Алашанькоу» теміржол өткелдері осыған қызмет етіп тұр. Аталған трансқұрлықтық теміржолдарды Орталық Азия елдерінің өзара интеграциясына да тиімді пайдалану мүмкіндігі бар. Қазақстанның транзиттік мүмкіншілігінің жыл санап артып келе жатқанын төмендегі кестеден байқаймыз:

Дж.Вашингтон университетінің профессоры Ш.Юсуфтың ойынша, «Белдеу мен жол» инициативасы Қытайдың Еуразия аймағындағы елдердің саяси және экономикалық өміріне араласуын, қаржы институттарының енуін, белсенді инвестиция құюын, белгілі міндеттемелер қоюын арттырады. Алғашқы «Бір белдеу, бір жол» форумынан кейін аймақта және әлемдік аренада саяси-экономикалық өзгерістер орын алды. Халықаралық қатынастардағы турбуленттілік, белгісіздік пен сенімсіздік факторлары тікелей акторлардан бөлек әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдерге әсер етуде. Жібек жолындағы елдер инициативаны осындай ахуалда сауда-экономикалық дамудың альтернативті нұсқасы ретінде қарастырады.

Дегенмен, әлемге танымал think-tank орталықтар, зерттеу институттарының, бірқатар үкімет басшыларының «Белдеу мен жол» туралы ашық сын-пікірлері ақпарат құралдарында жарияланып келеді. Қазақстан мен Орталық Азия елдері саяси мәселеге қарағанда аталған жобаның өңірлік кооперацияда экономикалық тұрғыда тиімділігін қарастыруға тырысады. Негізгі инициатор Қытай «Белдеу мен жолды» іске асырудың бүгінгі межесінде бірқатар проблемалардың қалыптасқанын көріп отыр. Оны уақытында шешуге күш салынбаса, осыған дейін ұсынылған «Жібек жолы» бағдарламаларының күйін кешуі әбден ықтимал.

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды