• Басты
  • Құқық қорғау органдарының жұмысы және қылмыс ахуалы
30 Сәуір, 2019 11:26

Құқық қорғау органдарының жұмысы және қылмыс ахуалы

Осы жылғы 1-тоқсанның қорытындысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев елдегі заңдылық пен құқық тәртіптің ахуалына ерекше назар аударды.
Құқық қорғау органдарының жұмысы және қылмыс ахуалы

15 сәуірде Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміздің Бас прокуроры Ғ.Д.Нұрдәулетовты қабылдады. Қазақстанның Тұңғыш Президентіне қылмыстық заңнамасын ізгілендіру және түрмеге қамалғандардың санын азайту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері баяндалды.

Ал, екі күннен кейін Президент Қ.К.Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысты. Онда полицияны реформалау мәселесі талқыланды. «Полиция ашық болуы тиіс. Бұл үшін халықпен тығыз байланыс қажет. Осы мақсатта біз Елбасы бастаған құқық қорғау жүйесіндегі реформаны жалғастырамыз. Реформаның негізгі міндеті – қазақстандықтардың құқықтарын қорғау ісін мүлтіксіз қамтамасыз ету», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының қойған бұл тапсырмалары құқық қорғау органдары, әсіресе полиция қызметін жақсартуға, оны жетілдіруге бағытталған.

Құқық қорғау органдарының қызметі еліміздің құқық саясаты бағытымен дамып келеді. Атап айтсақ, 14-інші жылы жаңа Қылмыстық, Қылмыстық процестік кодекстер қабылданды.

Қабылданған новеллалар Қазақстанның әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті дамыған елдерінің отыздығы қатарына кіруі үшін елеулі қадам болып табылады.

Жаңа үлгі біздің құқықтық жүйемізді халықаралық стандарттармен едәуір жақындатты, процеске барлық қатысушылардың құқықтарын барынша қорғады, қылмыстық істерді тергеу және қарау рәсімдерін неғұрлым жылдамдатты.

Бұрын біздің құқықтық сала консервативтік сипатта болған. Елбасымыз терең реформаларды жүргізу жайлы бірнеше рет талап қойса да күштеу органдары қалыптасқан жағдайды өзгертуге асықпаған. Қарсылық пен қаламаушылық танытқан. Қылмыстық процесс кеңестік кезеңнің кемшіліктеріне ие болған.

Нәтижесінде халықтың, соның ішінде инвесторлардың құқық қорғау органдарына сенімсіздігі.

Бізде құқық қорғау жүйесінде қандай елеулі кемшіліктер болған?

Біріншісі. Функциялардың  қайталануы.

Бізде полиция тергеушісі қылмысты тергейді, дәлелдемелер жинайды, қамауға алады, тінтуге, алып қоюға, активтерге, банк шоттарына тыйым салуға тыңдауға және тағы басқа амалдарды жүргізеді. Бірден күдіктіні белгілейді және оның әрекетін саралайды. Яғни, өз дәлелдемелеріне өзі баға береді. Нәтижесінде дайын айыптаумен прокурорға жібереді немесе істі тоқтатады.

Оған қоса тергеушінің бастығы, процестік тәуелсіз тұлға ретінде шешім қабылдаудың күшін жоюдан басқа прокурордың барлық функциясына ие болған.  

Прокурор, әрине, тергеушінің шешімінің күшін жоюға құқылы. Алайда, ол өзін жауаптымын деп сезінбейді, өйткені тергеуші процестік тұрғыда тәуелсіз, өзінің тергеу сапасына өзі жауап береді. Прокурор, негізінен, тергеуге шағым келіп түскенде немесе полиция негізді түрде барлығын шешкенде, қылмыс нұсқасын таңдап, өз материалдары негізінде кімді жауаптылыққа тартатыны шешілгеннен кейін ден қояды.   

Екінші кемшілік. Көрсеткіштер қуу.

Полицияның ең басты көрсеткіші – ашылған қылмыстар мен сотқа жолданған істер саны.

Жедел қызметкер үшін – ашу. Тергеуші үшін – істі сотқа жіберу.

Біріншісі де, екіншісі де бір басшыға бағынған. Ол қылмыстардың барынша ашылуына және сотқа жолдануына жеке мүдделі. Тап осы көрсеткіштер бойынша басшыға баға беріледі.

Осындай мүдделік көрсеткіштерге негізделген полицияның жұмысы сотқа дейінгі тергеу сапасын, соның ішінде адам құқығын кейінге ысырып тастайды.

Үшінші кемшілік. Айыптау бейімділігі.

Бұрынғы КСРО елдерінде қылмыстық процестің тарихына үңілер болсақ, ол қайтсе де қылмысты ашу және қатаң жазалау керек деген қағидамен құрылған. Бұл қағидаттар сталиндік респрессия кезінде одан сайын тамырлана түсті. Сол жылдары кінәні мойындау дәлелдемелердің патшайымы болатын және ол кез-келген тәсілмен алынатын.

60-шы жылдары құқықтанушы ғалымдар – жаңа Қылмыстық процестік кодекстің авторлары, құқық қорғау органдарының репрессияланған тәртібін өзгерту мақсатында – тежемелік және тепе-теңдік жүйесінің элементтері –  ведомстволық бақылауды және прокурорлық қадағалауды енгізді.

Полиция  тергеушісі өз бастығынан рұқсат алуы тиіс, ал бастығы одан жоғары тұрған басшыдан  рұқсат алады. Содан  кейін прокурорға санкция алу үшін барады. Прокурор да өзінің аудандық басшысынан, сосын облыстық басшыдан рұқсат алады.

Осындай көп сатылы тергеу озбырлықты тоқтата алды және органдар тәртібін өзгертті.  Алайда, кейін процесс шектен тыс бюрократталды, ұзақ және экономикалық тиімсіз бола түсті. Жемқорлық тамыр жая бастады.

ЭЫДҰ елдерінде қылмыстық процестің мақсаты – сапалы және уақтылы сот төрелігі. Әр орган тек осы бір мақсатқа қол жеткізуге бағдарланған. Бізде әр органның іс әрекеті ведомстволық көрсеткішпен айқындалады.

Полиция үшін – қылмысты ашудың жоғары пайызы және прокурорға жіберген істің саны маңызды. Прокурор үшін айыпталушыны соттың ақтамағаны маңызды. Сот болса өз шешімінің күшінің жойылуына жол бермеуге тырысқан.

Осының барлығы біздің қылмыстық процесті айыптаушы еткен.

2017 жылы Қылмыстық кодекске және УПК-ға түзетулер енгізілді. Заң құқық қорғау қызметін әрі қарай жетілдірді, кейбір экономикалық қылмыстарды декриминализациялады (Мысалы, жалған кәсіпкерлік - лжепредпринимательство).

Осы айтылғандарға орай біздің қылмыстық процесті ЭЫДҰ елдерінің моделі мен стандарттарына бейімдеу керек және оған жүйелі, рационалды көзқараспен, біздің Конституция мен құқықтық жүйенің ерекшеліктерін ескере отырып қарау керек. Ол үшін:

1. Адам құқығына әсер ететін шешім қабылдау бөлігінде полиция мен прокуратураның функцияларын нақты бөлу.

2. Сот бақылауын күшейту.

Жалпы, бұның бәрі дамыған елдерде бар. Әсіресе ОЭСР-ге мүше елдерде. Оларда жаңа технологиялар да, цифрлау да қолданылады. Озық елдер оның бәрін адамды қорғауға жұмылдырған. Біз де соған ұмтылудамыз. Оң тәжірибені кезең-кезеңмен енгізіп жатырмыз.

Конституцияның 1-бабының 1-тармағында: Қазақстан үшін ең қымбат қазына - адам, оның өмірі, құқығы мен бостандықтары деп шегелеп қойылды.

Азаматтар үшін де құқық қорғау органдарына қойылатын ең басты талап - өзінің және отбасының қауіпсіздігі. Оған қоса жеке меншігінің (мүлкінің) қорғалуы.

Соның бір құралы – Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстері. Сондықтан УПК-ның міндеті - заңсыздыққа тосқауыл болу, ішкі ахуалға қарап, адам құқығы мен қылмыспен күрес арасында баланс ұстап тұру. Оның бір ғана себебі бар - халықтың мүддесі үшін.

Адамдардың құқықтары ең көп бұзылатыны – тап осы салада. Сондықтан бұл салада Елбасының тапсырмалары Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңес Хатшылығының ұдайы назарында.

Мемлекет басшысының бағдарламалық құжаттар мен тапсырмаларына сәйкес құқық қорғау органдары үшін бірінші кезектегі міндеттер қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, экстремизм мен терроризмге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және азаматтардың құқықтарын бұзуды болдырмау, құқық қорғау жүйесін жетілдіру.

Құқық қорғау және ұлттық құқықтық жүйелерді одан әрі жаңғырту жөніндегі жұмыстар жалғасып келеді. Қылмыстық процесте әлі сұрақтар жетерлік.

Сол сұрақтардың бірі қылмыс жағдайына қатысты. Бас прокуратураның жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ресми сайтын пайдалана отырып (qamqor.gov.kz) ол қалай өзгергенін үңіліп қарайық.

2019 жылдың 1-тоқсаны бойынша елдегі қылмыстық ахуал тіркелген қылмыстардың саны 5,2%-ға (2018 жылдың 3 айында 76 186-дан  ағымдағы жылы 72 246-ға дейін) азаюмен сипатталады. Оның ішінде 64 124 (68 166) қылмыс болса, 8 122 (8 020) теріс қылықтар.

Жеке адамға, мүлікке қарсы, экономикалық, жемқорлық сияқты қылмыстар біраз төмендеді. Бұл ретте, олардың азаюы адам өлтіру бойынша 21%-ға (281-ден 222-ге дейін), ұрлық 8%-ға (42 882-ден 39 430-ға дейін), тонау 12,2% (2041-ден 1792-ге дейін), бопсалау 30,5% дейін (223-тен 155-ке дейін), есірткі заттармен байланысты 12,6% дейін (2 601-ден 2 274-ке дейін) және бұзақылық 14,3%-ға (2 444-тен 2 094-ке дейін) құрады.

Әрине, 200-ден астам адам өлтіру фактісі ол да тым көп. Дегенмен, қылмыстардың төмендеуіне жақсы үрдіс. Оған бірнеше себептер бар.

Ең бастысы, әрбір ұсақ құқық бұзушылықпен аямай күресіңдер деп Елбасы ылғи талап етеді. Соңғы Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында осы талапты Президент Қ.К.Тоқаев өз сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Ішкі істер министрлігінің алдына құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру туралы міндет қойғанын айтты.  

Құқық қорғау органдары сол бағыттағы жұмысты расында да күшейтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, осындай майда-шүйдемен күрес ауыр қылмыстардың азаюына, шынында да, тікелей әсер етуде.

Мәселен, ауыр қылмыстар 9,8% (6 824-тен 6 155-ке), орташа ауыр 6,3% (50 525-тен 47 318-ге), кішігірім 1,7% (10 298-ден 10 126-ға) дейін азайды.

Екінші жағынан, қылмыстылықтың азаюына құқық қорғау органдарының да үлесі бар.

Қылмыстардың 55% - ұрлық. Осы күрделі мәселені шешу үшін барлық құқық қорғау органдары бірігіп, егжей-тегжейлі жоспар жасады. Нәтижесінде ұялы телефондарды ұрлау 8,2% (9 781-ден 8 975-ке), мал ұрлығы 15,9% (1 287-ден 1 082-ге), ал пәтер ұрлығы 10,4% (9 143-тен 8 190-ға) дейін төмендеді. Ал автокөліктерді ұрлау фактілері 20% (155-тен 186-ға) дейін өскен. Оған қоса алдыңғы жылдан бері автобөлшектерді ұрлау қылмыстары қоғамда дау тудырған.

Тағы бір бағыт – экономикалық қылмыстардың тіркелуін қатты қолға алынды. Бұл да Елбасының тапсырмасы. 2017 жылдың басында Үкіметтің отырысында ол бүкіл құқық қорғау органдарын қатты сынға алды.

Сондықтан «Атамекен» палатасымен бірігіп, нақты жұмыс жасалды.

Нәтижесінде егер бұрын ай сайын 800-дей экономикалық қылмыс тіркеліп тұрса, бүгін 100-ден аспайды. Өйткені, органдар қит етсе, қылмысты тіркеп, тергей бастайтын еді. Бұл кәсіпкерлердің құқығын бұзып, жұмысына үлкен кедергі келтіретін.

Осы жылғы 1-тоқсанның қорытындысымен экономикалық саладағы қылмыстар тіпті  54,8% (462-ден 209-ға) дейін азайды.

Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасына сәйкес біраз экономикалық қылмыстардың санкциясы жұмсарды. Алғаш рет жасаған адам келтірілген зиянды өтесе, жауапқа тартылмайтын болды.

Бизнеске қысымды азайту үшін экономикалық қылмыстар бойынша сотқа дейін қамауға алынбайды. Ондай қылмыстар адам өміріне қауіпті емес.

Әрине, рейдерство, жалған ақша жасау, контрабанда, финпирамида және ұйымдасқан қылмыспен күрес (ОПГ) оған кірмейді.

Қылмыстық құқық бұзу туралы арыздар, хабарлар және рапорттар тіркелмейді, егерде:

- өкілетті органның тексеру актісімен, ревизия немесе аудитпен залал не елеулі зиян келгені, заңсыз кіріс болғаны расталмаса. Онда да қылмыс белгісі болуы керек;

- жазбаша жасалған азаматтық-құқықтық мәмленің орындалмауы құқық бұзушылыққа әкелмесе. Онда да бұндай мәмленің жалған не бүркеме екенін дәлелдейтін сот шешімі болуы керек.

Дегенмен қылмыс жағдайында барлығы жақсы деп айтуға да болмайды. Адамға ауыр зиян келтіру 13,3%-ға (498-ден 564-ке, оның ішінде адам өліміне әкелгендер 98-ден 121-ге дейін өсті), қарақшылық 5,6%-ға (177-ден 187-ге, оның ішінде пәтерге басып кірумен жасалғандар 40%, яғни 35-тен 49-ға дейін өскен), көлікті ұрлау 20%-ға (155-тен 186-ға), алаяқтық 12%-ға (7 705-тен 8 627-ға), зорлау 9,3%-ға (335-тен 366-ға, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 63,3%, яғни 30-дан 49-ға) дейін көбейді.

Ел өңірлерінің бөлігінде қылмыстылықтың жоғары деңгейі Алматы (16 439), Нұр-Сұлтан (5 807), Шымкент (4 236) қалаларында, Шығыс Қазақстан (5 444), Қарағанды (4 687) және Алматы (6 910) облыстарында байқалады. Жалпы қылмыстылықтың төмендеуіне қарамастан оның артуы Алматы қаласында (12,7%) Қызылорда (4,1%) және Атырау (5,8%) облыстарында орын алды.

Республика бойынша қылмыстылықтың деңгейі 10 мың тұрғынға шаққанда 159 қылмыс құрады. Оның неғұрлым жоғары деңгейі Алматы (359), Нұр-Сұлтан (218), Шымкент (170) қалаларында және Қостанай (182), Батыс Қазақстан облысы (168), Ақмола (170) облыстарында белгіленді.

Ауыр қылмыстардың тапжылмай төмендеуі жалғасып келетін болса, аса ауыр қылмыстар, керісінше, өскен. Ағымдағы жылғы 1-тоқсанда олардың саны 1,2%-ға (519-дан 525-ке дейін) көтерілді.

Тұтастай алғанда, тіркелген қылмыстардың жалпы санының 0,7%-ын аса ауыр (525) қылмыстар, 8,5% - ауыр (6155), 65,5% - ауырлығы орташа (47 318) және 14% - онша ауыр емес қылмыстар (10 126) құрады.

Осы жылы қылмыстық ахуалға кері әсерін тигізетін тағы бір жағдайды айту керек. 2019 жылдың 1 сәуірінде Ресей Президенті В.В.Путин «воры в законе» ұйымдасқан қылмыс топтардың басшыларына қарсы бағытталған жаңа заңға қол қойды.

Енді Ресей Федерациясы аумағында «вор в законе» атағына ие қылмыскерлер 8 бен 15 жыл аралығында бас бостандығынан айырылу мүмкін. 15 жыл бұрын осы заңды Грузия қабылдағаннан кейін Қазақстанға «воры в законе» атағына ие қылмыскерлер қаптап кеткен. Сол кезде Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті оларға тосқауыл қойған.

Енді осындай жағдай Қазақстанда қайтадан, одан ірі көлемде қайталану мүмкін. Осы теріс үрдістің алдын алу үшін бізге осындай заңды дереу қабылдау керек.

Қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасау мән-жайлары мен оларды жасаған тұлғаларға қарайық.

Соттылығы бар немесе соттылығы өшірілмеген адамдар 1536 заңсыз әрекет жасаған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда қатты өзгермеген. Былтыр 1540 болған. Кәмелетке толмағандар 642 қылмыс жасаған. 2018 жылы 733 олар қатысқан. Яғни 12,4% төмендеген. Топпен және маскүнемдік жағдайда және қоғамдық жерде, соның ішінде көшеде жасалған қылмыстар да азайды. Тиісінше 3727 (4138), 3636 (4417), 20430 (21681), 9669 (11 114) тұлғалар.

Тағы бір мәселе. Кәмелетке толмағандар мен әйелдердің қорғалуы. Осында жағдай мәз емес. Статистика мәліметтеріне сүйенсек осы жылдың 1-тоқсанында жыныстық және басқа да сексуалды зорлық-зомбылық қылмыстардың өсуі. Зорлау фактілері 9,3% (335-тен 366-ға, оның ішінде жасөспірімдерге қарсы 63,3%, яғни 30-дан 49-ға), сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері 21,7% (83-тен 101-ге, оның ішінде жасөспірімдерге қарсы 110%, яғни 20-дан 42-ге), он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау 20,8% (96-дан 116-ға), жас балаларды азғындық жолға түсіру 21,6% (37-ден 45-ке) дейін өскен.

Тұтастай алғанда кәмелетке толмағандарға және әйелдерге қарсы қылмыстар саны күрт өскен. Әйелдерге қатысты қылмыстар 10,9% (24 824-тен 27 529-ға), жасөспірімдерге қарсы 29,5% (485-тен 628-ге) дейін көтерілген. Нәтижесінде отбасындағы қылмыстар 104,7% (107-ден 219-ға) өскен.

Осы жылдың 1 сәуірінде Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа Заңға қол қойды. Бұл Заң ерекшелігінің бірі кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейту, жасөспірімдердің құқықтарын қорғау.

Ел өңірлерінің бөлігінде жол апатынан қаза болғандардың жоғары деңгейі Алматы (26) қаласында, Түркістан (39), Қарағанды (29) және Алматы (100) облыстарында байқалады.

Жол апатында жарақат алған адамдар саны аз емес. Осы жылы 3850 жаралы болса, оның арасында 1975 ер адам, 1875 әйелдер және 666 кәмелетке толмағандар.

2019 жылдың 1-тоқсанындағы қудалау органдарымен 30 006 (33 065) қылмыстар бойынша тергеп-тексеру аяқталды. Олардың ішінен 13 887 сотқа жолданды. Іс жүргізумен ұзілгені  24 496 (24 666); тоқтатылғаны – 36 800 (37 798), соның ішінде, ақталатын негіздемелер бойынша – 20 681 (23 833).

Бөлек мәселе – қылмыстық істер бойынша өндірісті электронды форматқа ауыстыру. Бұл не үшін қажет? Алдымен, цифрлы формат адамның құқығын қорғауды нығайтады. Себебі, барлық процес алақандағыдай көрініп тұрады. Бастысы – сот пен прокурордың бақылауы артады. Енді бірдеңені жасыру, жалған құжат жасау деген мүмкін емес. Сонымен қатар, коррупция мен қызмет бабын теріс пайдалану азаяды.Бұл цифрлаудың ең басты мақсаты.

Тағы бір жақсы жағы бар. Ол процесті тиімді және ыңғайлы етеді. Электронды форматқа көшкен кезде біраз оргмоменттер жойылады. Бір жапырақ құжат алу үшін басқа жерге бару, кезек күту, келісім алу деген сияқты бюрократия болмайды. Бұл адамдар үшін де жақсы. Жәбірленуші, куәлар тергеуші іс бойынша қашан шешім қабылдайды деп айлап күтіп отырмайды.

Нарко-психдиспансерден санаулы минутта анықтама алынады. Бұрын ондай анықтама үшін арнайы баратын. Қазір ешқайда шығып қажет емес, кабинетте отырып-ақ алуға болады. Прокурордың қабылдауында сағаттап күтіп отырмайды. Бәрі тез жасалады. Жүйеге әрбір кірген сайын тіркеліп отырады. Одан бір нәрсені алып тастау, не қолдан жасау мүмкін емес.

2019 жылдың 1-тоқсанындағы қудалау органдарымен 14 095 қылмыстар бойынша электрондық форматта тергеп-тексеру өндірісте болды. Олардың ішінен 6823 өндіріспен аяқталғаны, 2655 сотқа жолданды. Іс жүргізумен ұзілгені  1 167; тоқтатылғаны – 7706, соның ішінде ақталатын негіздер бойынша – 3 538.

Былтыр бұйрық өндірісі деген жаңа институт енгізілді. Теріс қылық және онша ауыр емес қылмыстарды қарау мерзімін азайтуды ұйғардық. Адам кінәсін мойындап тұрса. Дәлелдер жеткілікті болса. Айыппұлға келісіп тұрса. Ешкім дау көтермесе ондай жағдайда бұйрық өндірісі қолданылады. Ұзақ тергеу мен сот процесін жүргізіп қажеті жоқ.

Қылмыстық теріс қылықтар бойынша, сот үкімін қоса алғанда, мерзім – 6 тәулікке дейін болады. Ал, ауыр емес қылмыстар бойынша негіз пайда болғаннан бастап тергеу 5 күнде аяқталады.

Сонымен қатар, қылмыстық теріс қылықтар. Олардың құқықтық табиғаты қылмыстан басқа. Бұлар бұрын әкімшілік құқық бұзу болған. Оларды қылмыстық істер сияқты тергеп-тексеру жасаудың қажеті қанша? Ондай істерді сол жерде хаттама жасап, сотқа бірден жолдаған дұрыс.

Прокурор сотқа қатысып, сонда өзінің қорытындысын береді.

Онша ауыр емес қылмыстар болса, сотқа тек прокурор арқылы барады.

Осы жылдың 1 тоқсанында сондай тәртіппен 203 қылмыстық істер тергелген. Барлығы сотқа жолданды.

Тәуелсіздік жылдарында Елбасының бастамасы бойынша қылмыстық-құқықтық салада реформалар жүргізілді. Соның арқасында елімізде қоғамдық-саяси тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жоғары деңгейі сақталуда. Ауыр және аса ауыр қылмыстар саны жылдан жылға азаюда, түрме халқының саны бірнеше есе қысқарды, халықтың құқықтық мәдениеті артуда.

Десек те, қылмыстық құқықтың қазіргі даму үрдістері, цифрлық технологияларға жаппай көшу, сондай-ақ беделді халықаралық институттардың берген бағасы қылмыстық процесті одан әрі модификациялау және оны электронды форматқа көшіру қажеттілігін көрсетеді.

Сот төрелігінің сапасы халықтың билікке сенімділігіне тікелей әсер етеді. «Құқық үстемдігі индексі» халықаралық рейтингісі бойынша үздік ондыққа кіретін ЕЫДҰ-ның алдыңғы қатарлы елдерінің қылмыстық процесі тап осы түсінікке негізделеді.

Сондықтан, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, құқық қорғау органдары жұмысын халықаралық стандарттарға теңестіру туралы Елбасы берген тапсырма орындалады деп ойлаймын.

Қайсар Ноғаев 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды