• Басты
  • ҚХА - еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі– Елбасы
29 Сәуір, 2019 17:17

ҚХА - еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі– Елбасы

Бейбітшілік және Келісім сарайында Елбасы, ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен және ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқевтың қатысуымен «Бейбітшілік пен келісім формуласы: әлеуметік бірлік және жаңғырту» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтті. Сессия жұмысына 1500-ден астам адам қатысты. Олардың ішінде бүкіл өңірлерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер төрағалары мен дипломатиялық миссия өкілдері бар. Толығырақ Strategy2050.kz сараптамалық порталы әзірлеген материалдан оқи аласыздар.
ҚХА -  еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі– Елбасы

Алдымен  дәстүр бойынша ҚХА  төрағасының  орынбасарлары тағайындалды. 

«ҚХА сессиясында әртүрлі  өңірдің  этномәдени бірлестіктерін  таныстыратын   Ассамблеяның екі орынбасары тағайындалады. Биыл Ассамблея кеңесі ҚХА  мүшелігінің лауазымына «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының мүшесі Юсуп Келигов пен  Нұр-Сұлтан қаласының  «Өзбек этномәдени орталығы»  бірлескен ұйымының төрағасы Шерзод Пулатовты тағайындады. Бұл адамдардың жұмысы  барлығымызға мәлім», - деді Н.Назарбаев.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII  сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның бейбітшілік пен келісім саласына қосып отырған зор үлесін атап өтті.

«Құрметті отандастар, баршаңызды Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII  сессиясының ашылуымен құттықтаймын. Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымаз бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Көп этносты еліміздің басын біріктіретін, әрқайсысының пікірін тыңдайтын үлкен мінбе болып саналады. Бүгінде құрылым еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі болып отыр. Жаһандық әлем біздің көз алдымызда  ауқымды трансформацияға ұшырауда. Біз барлығымыз тарихтың жаңа дәуірінде өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз. Бұл әлемде де тұрақты құндылық бар – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім – ауа сынды құндылыққа айналды. Осы маңызды фактор біздің бәсекеге қабілеттігімізді көрсетеді», - деді Елбасы.

Сондай-ақ, Елбасы ҚХА-ны құру маңызды шешім екенін атап өтті.

«ҚХА-ны құру – маңызды шешім. Бұл елдің беделді органы. Бірінші күннен бастап халық алдындағы жауапкершілігін ақтап келеді. Ол барлық этностарды біріктіріп, елдің өміріне интеграциялады. 12 жыл бойы Мәжіліс қабырғасында ҚХА-дан 9 депутат жұмыс істеп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі 130 ұлттың бірлігін қалыптастырып  отыр. Мен тағы да қайталап айтамын: халықтың бірлігі – көздің қарашығындай  қастерлейтін  біздің байлығымыз», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Елбасы  жергілікті жерлерде және орталықта  билік органдары жанынан құрылған барлық қоғамдық кеңестердің қызметі нақты регламенттелуі тиіс екенін жеткізді.  

«Олардың сапалық құрамдарын күшейтіп, жауапкершілік жұмысын айқындап, бүтін  жұмыс істеуіне жағдай жасау қажет.Мемлекеттік органдар өз қызметтерінде қоғамдық кеңестердің    ұсыныстары мен кеңестерін  орталықтан түскен нұсқаулықтай қабылдап, қызметтері барысында қаперіне алуы керек. Қазақстан халқы Ассамблеясына «Нұр Отан» партиясымен бірге бұл жұмысқа белсене араласуды тапсырамын. Біздің адамдарымызға пайдалы ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Оған қоса,  Н.Назарбаев  әлеуметтік бірлікті нығайту үшін медиация институтын толыққанды пайдалану қажеттігін жеткізді.

«Ассамблея қамқорлығымен 800-ден астам қоғамдық медиатор жұмыс істейді. Олардың белсенді араласуының арқасында тек өткен жылдың өзінде ғана  20 мыңға жуық медиациялық келісім жасалды. Яғни, даулар қандай да бір ушығуға жол берілместен адамдар арасында шешілді. Түрмеге ешкім отырған жоқ. Түрме адамды жақсылыққа  тәрбиелемейді, одан жақсы адам шықпайды», - деді Елбасы.

Елбасы атағандай,  медиация институты сот жүйесінде, денсаулық сақтау, білім саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтап алды.

«Қазіргі уақытта медиация институтын кез келген даулы мәселенің алдын алуға және шешуге бағыттау маңызды. Кез келген түсініспеушіліктің кейін туындауы мүмкін салдарын жойғаннан гөрі оны ымыраға келу арқылы алдын алған дұрыс», - деді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ, Н.Назарбаев халықаралық аренада келісім мен бейбітшіліктің ұстанымдарын ілгерілету мақсаты бар екенін айтты.

«Жыл сайын Келісім және бейбітшілік сарайында  әлемнің барлық діндерінің өкілдері бас қосады. Әлемде осы сынды барлық этнос өкілдері бас қосып, ашық диалог өткізетін алаң  жоқ», - деді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы 2017 жылдан бастап жалақы мен әлеуметік жәрдемақыны   25 пайызға дейін арттыру  бастамашылық етілгенін  жеткізді.

«Бұған дейін жалақы мен жәрдемақылардың көлемін арттырдық. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың жағдайына ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлерге одан әрі қолдау көрсететін боламыз. Біз адамдардың жұмыс істеп, олардың жақсы жалақы алулары үшін барлық жағдайды жасаймыз», - деді Н.Назарбаев.

Елбасы елде көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын  тілге тиек етті.

« «Рухани жаңғыру» жобасына кез келген қазақстандық қатыса алады. Біз 27 жыл бойы ортақ күшпен Қазақстанды құрып жатырмыз. Біз біргеміз. Менің атам, әкем осы жерде дүниеге келсе, мен кіммін? Мен – осы елдің азаматымын. Біз бірлікте өз ұрпағымызды тәрбиелеуіміз керек. Сіздер әрқашан біздің бағыт пен маған қолдау көрсеттіңіздер. Билік пен халық бірге болса, кез келген қамалды алуға болады. 9 маусымда сайлау өтеді. Біз Съезде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсындық. Мен барша қазақстандықтарды сайлауға белсенді қатысуға шақырамын», - деді ҚХА сессиясында Н.Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы қазақстандықтарды алдағы  Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтады. 

«Бізде Қазақстан халқы бірлігі күні деген   бірегей әрі маңызды мерекеміз бар. Баршаларыңызға бақыт пен амандық тілеймін», - деді Н.Назарбаев.

Айта кетейік, Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтты.

1995 жылғы 1 наурызда оның мәртебесін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативті-кеңесші орган деп бекіткен Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты.Ассамблея мемлекеттік ұлттық саясаты әзірлеуге және жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал жасайды.

Аягөз Құрмаш 

Фото: Бауыржан Жуасбаев 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды