• Басты
  • Сенат қандай халықаралық құжаттарды ратификациялады?
25 Сәуір, 2019 15:44

Сенат қандай халықаралық құжаттарды ратификациялады?

Сенат Спикері Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысында Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісім ратификацияланды. Сондай-ақ, кейбір депутаттар басқа жұмысқа тағайындалуына орай қызметінен босатылды. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.

Сенат қандай   халықаралық құжаттарды ратификациялады? | Strategy2050.kz

Сенат депутаттары Жоғарғы Соттың судьялары Ғалия Аққуова, Әділ Құрықбаев, Амангелді Сәрсенбаев, Моряк Шегеновты орнынан түсуіне байланысты, Еліс Әбдіқадыровты басқа қызметке тағайындалуына орай қызметінен босатты.

Ратификацияланға  Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімі бойынша филиалда «математика», «қолданбалы математика және ақпараттану», «филология», «экология және табиғатты пайдалану», «экономика» бағыттарындағы даярлықта Қазақстан тарихы мен қазақ тілі міндетті түрде оқытылады.

Филиалдағы оқу күндізгі және күндізгі-сырттай оқыту нысандары бойынша жүзеге асады және орыс тілінде жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде филиалда оқуды тәмамдаған Мәскеу университетінің түлектері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істеп өтеуі міндетті.

Филиалдың білім беру және қаржылық-шаруашылық қызметіне Келісімнің мақсаттары мен міндеттерін іске асыру және Қазақстан тарапына бекітіліп берілген мүлікті филиалдың пайдалануы тұрғысынан бірлескен тексеруді жүзеге асыру үшін мекемеаралық комиссия құрылады.

Филиалдың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының республикалық бюджетінен мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандар даярлауға бөлінген қаражат есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асады.

Сондай-ақ, Сенат Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімді ратификациялады.

Келісім авторлардың, орындаушылардың, фонограмма дайындаушылардың, авторлық және сабақтас құқықтарды өзге де иеленушілердің авторлық және сабақтас құқықтарды іс жүзінде жеке түрде жүзеге асыру қиын болғанда немесе мүше мемлекеттердің заңнамаларында осы құқықтардың объектілерін құқық иеленушілердің келісімінсіз, бірақ сыйақы төлей отырып пайдалануға жол берілетін жағдайларда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібін белгілейді.

Мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалатын авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару салаларында құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарды құру мүмкіндігі көзделеді.

Палата Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді ратификациялады.

Құжат 2018 жылғы 17 мамырда Астана қаласында жасалған келісімді ратификациялауға арналған.

Келісімде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Иран Ислам Республикасы арасында бірқатар бекітілген тауарларға қатысты 3 жыл мерзімге преференциялық сауда режимін белгілеу және өзара саудадағы импорттық кеден баждарын азайту көзделген.

Отырыс барысында сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтың Атырау-Орал-Самара теміржол бағытының құрылысын қаржыландыру туралы; Төлеубек Мұқашевтың Беларусь Республикасымен бірлесе отырып «ұшқышсыз ұшақ» өндірісін ұйымдастыру мәселелері бойынша,  Дулат Құсдәулетовтың қоршаған ортаны қорғау жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі туралы депутаттық сауалдары тыңдалды.

Депутаттар өз сауалдарында    ағымдағы жылғы 15 сәуірде Минск қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысының Республика Кеңесі арасында инновациялық саладағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кіші комиссияның алғаш отырысы өтіп,  екі жақты кіші комиссияның отырысында қазақстан-беларусь  қарым-қатынасының өзекті мәселелері талқыланғанын жеткізді.

«Осындай сауалдардың бірі біздің мемлекеттік органдар тарапынан толық пысықтауды қажеті ететін Қазақстандағы «ұшқышсыз ұшатын аппараттарды» бірлесе отырып өндіру туралы мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы «Жол картасына» қарамастан, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ базасында «ұшқышсыз ұшатын аппараттарды» сатып алу және оларды өндіруді ұйымдастыру мәселесі бір жарым жыл бойы шешімін тапқан жоқ», - делінген депутаттардың сауалында.

Одан басқа, беларусь әріптестеріміздің ақпараты бойынша осы мәселеге қызығушылықты кезекпен Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Қарағанды облысының әкімдігі білдіріп отыр, мұндай жағдай мәселенің шешілуін қиындатады. Біздің тарапымыздан аталған мәселе бойынша бірыңғай пікірдің болмауы және бейқамдық орын алып отыр.

«Осы жобаны іске асырудың болашаққа бағыттылығын және басымдығын, сондай-ақ беларусь тарапының ынтымақтастыққа әзірліктерін ескере отырып, орын алған жағдайдағы мәселенің басын ашып, қажет болған жағдайда жобаны іске асыруда тиісті көмек көрсетуді сұраймыз», -деді депутаттар А.Маминге жолдаған сауалдарында.

Отырыс соңында Сенат басшысы депутаттарды Экологиялық кодексті әзірлеуге белсенді қатысуға шақырып, бұл саладағы проблемаларды шешу қоғам үшін ерекше маңызды екенін атап өтті.

Аягөз Құрмаш 

 

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды