• Басты
  • Әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілік қандай болмақ?
24 Сәуір, 2019 16:43

Әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілік қандай болмақ?

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заңнамалық құжатты талқылау барысында депутаттар құқық бұзушылық әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейту немесе ізгілендірудің нақты өлшемдерін белгілеуге қатысты бірқатар мәселелер көтерді. Соның ішінде, бюджетті тиімсіз игеруге, жол-көлік оқиғасы орын алған жерді тастап кетуіне байланысты жазаны анықтауға қатысты нақты талаптар қажеттілігі айтылды. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.

Әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілік қандай болмақ? | Strategy2050.kz

Мәжіліс Спикері  Н. Нығматулин қаржыны тиімсіз пайдаланғанын  тексеруге бағытталған жұмыс атқару керегін жеткізді.

«Жұмыс тобы заң жобасын әзірлеушілермен, сондай-ақ, құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші оқылымға дейін бюджеттік қаржылардың тиімсіз пайдаланылғанын анықтау үшін барлық шараларды әзірлеу қажет. Ол осы Кодекс аясында мемлекеттік бюджеттік қаржыларды игеру барысында мемлекеттік органдар әкімшілік бағдарламаларының бірінші басшылары үшін жеке жауапкершілікті анықтауға мүмкіндік береді», - деді Н.Нығматулин.

Депутаттар сондай-ақ, сапасы төмен туристтік қызмет көрсеткені үшін туроператорды лицензиясынан айыру немесе қызметін тоқтатуды қарастыратын норманың дұрыстығы туралы мәселе көтерілді.

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Мәдениет және спорт министрлігінің осы сұрақ бойынша бойынша ұстанымының көмескілігіне назар аударды.

Мәселен, спорттық жарысты ұйымдастырушылар мен спортшыларды сатып алғаны үшін айыппұл көлемін 200-ден 100 АЕК-ке дейін төмендету, сондай-ақ осы құқық бұзушылық үшін әкімшілік қамақ қолдануды алып тастау туралы айтылды.

«Енді «келісілген жеңістер үшін» жауапкершілікті төмендету ұсынылып отыр. Сонда дәйектілік, бірізділік қайда?» – дей келіп, осы мәселені тиісті мемлекеттік органға бүге-шүгесіне дейін пысықтауды тапсырды.

 Отырыс барысында депутаттар Әкімшілік құқық бұзушылыққа өзгерістерді Кодекстің өзінің жүйелілігін бұзбау үшін жеке заңмен енгізуді ұсынды.

 Нұрлан Нығматулин депутаттардың түзетулерін қолдай отырып, жылына Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне жыл сайын 10-15 рет түзетулер енгізілетінін және олар көбінесе ілеспелі заң жобаларын қамтитынын атап өтті.

Осы ретте, құқық қорғау және сот органдары үшін жүйелілік пен жоспарлылықтың маңызды екенін алға тартқан Нұрлан Нығматулин Әкімшілік құқық бұзушылыққа енгізілген өзгерістердің барлығын бір заң арқылы жүзеге асыру Үкіметке заң жобаларын дайындау барысында дәйекті жоспар құруға жол ашса, ал депутаттар үшін осы заң жобаларымен жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін айтты.

Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп құқық қолдану тәжірибесі негізінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру, соның ішінде оны ізгілендіру және әсіре қатаңдығын төмендету бойынша мәселелерді пысықтады.

Заң жобасы туралы айтып берген Әділет министрі Марат Бекетаев реттеуші органдардың ұстанымына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың кейбір құрамдарын азаматтық немесе тәртiптiк iс жүргiзу арқылы қарауға болатынын айтты.

«Сондай-ақ, қазіргі уақытта, мемлекеттiк органдардың бақылау-қадағалау функцияларын оңтайландыру және оларды автоматтандыру сияқты іс-шаралар орындалуда.Осыған орай, Заң жобасымен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың отыз екі құрамдарын алып тастау ұсыналады.Әкімшілік құқық бұзушылық санкцияларына жүргізген талдау оларды әкімшілік жауапкершілікті одан әрі ізгілендіру шеңберінде жеңілдетуге және төмендетуге мүмкіндік бар екенін көрсетті», - деді ол.

Сондай-ақ, министр  мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары негізінде, сондай-ақ, талдауды және статистикалық деректерді ескере отырып, заң жобасымен қырық төрт құрам бойынша айыппұл мөлшерін азайту, он құрам бойынша әсіре қатаңдықты төмендету, және де алты құрам бойынша ескерту енгізу ұсынылатынын айтты.

«Конституциялық новеллалар қоғам мен мемлекет өмірінің барлық салаларын одан әрі жаңғыртудың берік іргетасын қалады.Конституциялық реформа аясында атқарушы мемлекеттік органдардың және олардың басшыларының жауапкершілігі артты.Осыған байланысты, осы бағытта жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында да ұқсас реформаларды талап етеді.Осылайша, заң жобасы тек сотпен ғана қолданатын әкімшілік жазаларды қайта қарауды, сондай-ақ уәкілетті органдардың құзіретіне, олармен өз бетінше қолданылуы мүмкін әкімшілік жазаларды жатқызуды ұсынады», - деді М.Бекетаев.

Атап айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылықтардың жетпістен аса құрамдарын соттардан уәкілетті мемлекеттік органдардың құзіретіне беру ұсынылады.

«Бұл тұлғалардың сот органдарына даусыз істер бойынша жүгіну қажеттілігін алып тастаумен қатар мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырады.Сонымен бірге азаматтардың істі сотта қарауды таңдауға құқығы сақталатын болады. Яғни бұл істер бойынша сот бақылауы жалғасады.Азаматтар үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қозғау және оны қарау тәртібі қарапайым және түсінікті, ал айыппұлдарды төлеу жүйесі мемлекеттік органдарға неғұрлым аз барумен қоса мүмкіндігінше ыңғайлы болған маңызды», - деді ол.

Осыған байланысты Бас прокуратураның бастамасы бойынша заң жобасында Әкімшілік рәсімдердің бірыңғай тізілім жүйесін енгізу бөлігінде түзетулер қарастырылған.

«Бұл мемлекеттік органдардың және екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланатын әкімшілік процессі бар электрондық істі қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді М.Бекетаев.

Сондай-ақ, осы күні тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша заң жобасы мақұлданды. Оған депутаттар өздері бастамашы болды.  

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы  Н.Ә. Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVII съезінде және Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі кезінде көпбалалы отбасы мен жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар атқаруға қатысты тапсырма берген болатын.

Заң жобасы аталған тапсырманы іске асыруға және жоғарыда аталған санаттағы азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін заңнамалық негіз қалыптастыруға бағытталған.

Осы жолда «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңы, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңы және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалар туралы» заңдарға түзетулер енгізу ұсынылады.

Біріншіден, «көп балалы отбасы» ұғымын «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес келтіру. Бұл заңнамалық актілер арасындағы қайшылықты жояды. Екіншіден, «сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» ұғымын анықтау. Бұл табыстары төмен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үйдің тұрақты коммуналдық қорын құруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана», сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» атағын алған көп балалы аналар және көп балалы отбасылар» санаты үшін тұрғын үй алуға жеке кезектілік енгізу.

Қазіргі уақытта кезекте тұрған көп балалы отбасылардың саны 31 725.

Көп балалы отбасыларды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл сайын 50 млрд. теңге қаражат бөлінетін болады. Осының арқасында жылына кемінде 6 мың пәтер тапсырылады.

Төртіншіден, мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң шегінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді және оның көлемiн айқындау.

Бұл норма көп балалы отбасылардың тұрғын үй проблемаларын шешуге қаражатты тікелей және мақсатты бағыттауға негіз береді. Осының арқасында жалға берілетін тұрғын үйдің көлемі өседі.

Бесіншіден, мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарында «жұмыс істейтін жастары» үшін қолжетімді баспана жүйесін дамытуды қарастырады және мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі уәкілетті органға (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беру қағидаларын бекіту құзыреті беріледі.

Бұл түзетулер Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін жастарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде әзірленген тетікті жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 2019-2021 жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс жасайтын жастар үшін сатып алу құқығынсыз жыл сайын кемінде 1000 жалға берілетін тұрғын үй салу жоспарлануда.

Жалпы отырыста Мәжіліс «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алды.  

Аягөз Құрмаш 

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды