• Басты
  • Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері не туралы келісті
15 Сәуір, 2019 15:26

Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері не туралы келісті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мизиёевпен шағын құрамда келіссөз өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері не туралы келісті | Strategy2050.kz

Ресми қарсы алу рәсімінен кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Мемлекет басшысы жылы қарсы алып, қонақжайлық көрсеткені үшін Шавкат Мирзиёевке ризашылық білдіріп, осы мемлекеттік сапардың маңыздылығын атап өтті.

«Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мықты әрі үйлесімді екіжақты қатынастарды қалыптастыруға зор үлес қосты. Сіздер де екі мемлекеттің көшбасшылары ретінде Қазақстан мен Өзбекстан арысындағы ынтымақтастықты биік деңгейге көтердіңіздер», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықтың сапасы мен ықпалдастықтың мазмұнына жоғары баға берді, сондай-ақ, келіссөздердің күн тәртібінде тұрған барлық мәселе бойынша жемісті пікір алмасатынын айтты.

«Менің міндетім байланыстарымыздың сабақтастығы мен жоғары қарқынын сақтау деп ойлаймын. Мен де өз тарапымнан қазақ-өзбек ынтымақтастығының еш кедергісіз өркендеп, дамуына барлық мүмкіндікті жасаймын. Кеше саяси, тарихи, мәдени, гуманитарлық сияқты бірқатар мәселеге қатысты алдын ала пікір алмастық және тарихи тұрғыдан халықтарымызға ортақ көп дүние бар деген түсінікке келдік. Бізді ортақ тарихи тағдырымыз, туыстас тіліміз, дініміз бен мәдени құндылықтарымыз біріктіреді», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке Өзбекстандағы Қазақстан жылын өткізуге мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтып, бұл шараның екі мемлекет халқын жақындастыру тұрғысынан алғанда аса маңызды екенін атап өтті.

Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті қызметіне кірісуімен құттықтап, Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапармен келгені үшін ризашылық білдірді. 

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлін ерекше атап өткім келеді. Сол кісінің арқасында өзара қарым-қатынастарымыздың жоғары деңгейге көтерілуіне қол жеткіздік. Сіз де министр, Премьер-Министр, Сенат төрағасы қызметтерін атқарған кезіңізде екі ел байланыстарын жақсартуға септігіңізді тигіздіңіз», – деді Шавкат Мирзиёев.

Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасының басшысы қазақстандық тарапқа екіжақты байланыстардың нығаюына тың серпін берген Қазақстандағы Өзбекстан жылын табысты өткізгені үшін ризашылық білдіріп, атап өтті.

Жоғары дәрежеде өткен келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев және Шавкат Мирзиёевтің бірлескен мәлімдемесі.

2019 жылғы 14-15 сәуірде Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға Мемлекеттік сапары өтті.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуімен жылы және шын көңілмен құттықтап,  Қазақстанның қазіргі заманғы дамуына және шет мемлекеттермен көпжақты байланыстарына лайықты үлес қосқан халықаралық ауқымдағы саясаткер және мемлекеттік қайраткер ретіндегі мол тәжірибесін атап өтті.

Мемлекет басшылары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың екі ел арасындағы бауырластық байланыстар мен стратегиялық серіктестікті, оның ішінде Орталық Азиядағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ынтымақтастықты дамытуға қосқан көрнекті рөлін айрықша атап көрсетті. 

Осы тұрғыда, Президент Қ.Тоқаев Президент Ш.Мирзиёевті Қазақстан-Өзбекстан қатынастары мен өңірлік ықпалдастықты кеңейтуге және нығайтуға бағытталған Қазақстанның қазіргі сыртқы саяси бағытының сақталатынына сендірді.

Келіссөздер барысында президенттер дәстүрлі достық, өзара сыйластық, сенім мен ашық рухта екі жақты қатынастардың негізгі мәселелерін, өзара мүдделілік танытылған өзекті өңірлік және халықаралық проблемаларды талқылап, екі ел арасындағы кеңформатты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мен кеңейтудің перспективаларын қарастырды.

Мемлекет басшылары терең тарихи және рухани байланыстарға, тату көршілік пен өзара қолдауға негізделген Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы жақын әрі мығым достық қатынастардың өспелі сипатын ризашылықпен атап өтіп, екіжақты қатынастарды жаңа сапалық деңгейге көтеру екі бауырлас елдің мүдделеріне жауап беретініне сенім білдірді.

Президенттер, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы 1998 жылғы 31 қазандағы Мәңгілік достық туралы шарт пен 2013 жылғы 14 маусымдағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы шартта бекітілген принциптер мен міндеттемелерге бұлжымас беріктігін растай отырып, төмендегілер туралы мәлімдейді: 

Қазақстан Республикасының Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған Экономикалық ынтымақтастықтың стратегиясын жүйелі орындау екі елдің стратегиялық мүдделерінің бірлігіне негізделген, экономика саласындағы өзара тиімді және жемісті ықпалдастықты ұлғайтуға қызмет етеді. 

Екіжақты сауданың оң қарқынын ризашылықпен атап өте отырып, мемлекет басшылары екіжақты сауда көлемін 2020 жылдың соңына 5 млрд.долларға дейін өсіруді, оның құрылымын әртатаптандыруды, сондай-ақ өңіраралық ықпалдастықты қоса алғанда, экономикалық кооперация мен инвестициялық ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді жаңа нысандарын дамытуды қамтамасыз етуге өз ұмтылыстары бойынша ортақ пікірде.

Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы 2018 жылғы 16 қарашада Шымкент қаласында өткен алғашқы Өңіраралық ынтымақтастық форумының және 2019 жылғы 15 наурызда Ташкент қаласында өткен Орталық Азия елдерінің бірінші өңірлік экономикалық форумының қорытындыларын оң бағалады.

Мұндай форматтар екіжақты және өңірлік деңгейлерде өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты нығайту мен ұлғайтуға, сауда, инвестициялар, логистика салаларындағы жаңа перспективті жобаларды іске асыруға, интеграцияланған өнеркәсіптік технопарктер, ғылыми-инновациялық кластерлер мен еркін экономикалық аймақтарды құруға септігін тигізеді.

Президенттер екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның қызметін жандандыру мен жетілдірудің, сондай-ақ екі елдің Үкімет басшыларын тең төрағалар етіп тағайындау жолымен оның статусын көтерудің маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшылары халықаралық саясаттың өзара мүдделі, маңызды мәселелері бойынша тараптар ұстанымдарының ұқсастығын растады және Орталық Азияның гүлденуі мен халықтарының игілігі үшін тұрақтылық пен қауіпсіздік атмосферасын нығайтуға қолғабыс етуге екі жақтың да ұмтылысын атап көрсетті. Тараптар ШЫҰ, ТМД, АӨСШК мен басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

Өзбекстан лидері Қазақстан Республикасының 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ мүдделерін халықаралық аренада ілгерілету мәселелеріндегі қызметіне жоғары баға берді.

Елдердің басшылары БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдар шеңберінде екі тараптың халықаралық бастамаларын өзара қолдау бойынша екі ел ұстанымдарының мызғымастығын растады.

Тараптар өңірде және жалпы әлемде қалыптасып отырған ахуалды бағалаудағы ортақ ұстанымдарды атап көрсетіп, өңірдегі қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы тұру мен олардың алдын алуға бағытталған, ең алдымен екіжақты форматта және көпжақты құрылымдар шеңберінде халықаралық терроризмге, діни экстремизмге, есірткі трафигіне, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз көші-қонға және басқа да проблемаларға қарсы күресте  бірлескен шаралар қабылдауды жақтап сөйледі.

Мемлекет басшылары Ауғанстан Ислам Республикасын (АИР) қалпына келтіру үдерісіндегі күш-жігерлерді біріктіруге маңыз береді. Қазақстан мен Өзбекстанның президенттері АИР экономикасын жаңартуға бейілділіктерін растады және Ауғанстанмен ұзақ мерзімді тату көршілік ынтымақтастықты өрістету, соның ішінде көлік коммуникациялары, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы ірі жобаларды іске асыру жолымен дамыту қажеттігін жақтайды.

Ауған басшылығы жүзеге асырып жатқан бейбітшілік пен татуласуға қарай қадамдарды қолдау үшін «Бейбіт үдеріс, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық және өңірлік өзара ықпалдастық» атты Ауғанстан жөніндегі Ташкент конференциясын қоса алғанда, өңірлік және халықаралық форумдардың маңыздылығын атап көрсете отырып, екі ел басшылары Ауғанстандағы бейбіт үдеріске мүдделі халықаралық қоғамдастық пен көрші мемлекеттердің күш-жігерлеріне жәрдемдесуді жақтады.

Қазақстан Президенті 2020 жылы Ташкентте Ислам Ынтымақтастық Ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технологиялар бойынша екінші саммитін өткізуге қолдау білдірді. Тараптар 2017 жылғы қыркүйекте Астанада өткен ИЫҰ ғылым және технологиялар бойынша бірінші саммитінің жұмысын жоғары бағалап, оның қорытындылары мен шешімдерін жүзеге асыруды ИЫҰ екінші саммиті шеңберінде жалғастыруға уағдаласты.

Мемлекет басшылары қорғаныс және әскери-техникалық саладағы, сондай-ақ ғарыштық зерттеулер мен әзірленімдер саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жәрдемдесу ниеттері туралы мәлімдеді.

Екі мемлекеттің басшылары Арал теңізі бассейніндегі нақты бағдарламалар мен жобаларды іске асыру бойынша өңір елдерінің халықаралық ұйымдар, қаржылық және экологиялық институттармен ықпалдастығын кеңейту арқылы Аралды құтқарудың халықаралық қоры шеңберіндегі ынтымақтастықты жандандыруға өзара мүдделілікті растады.

Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының мәдени, тарихи және рухани бірлігін атап өте отырып, Қ.Тоқаев пен Ш.Мирзиёев ғылым, білім беру, мәдениет, өнер, туризм, спорт және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі қарқынды дамытуға бейілділіктерін растады.

Тараптар 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылының сәтті өткізілуін және 2019 жылғы 15 сәуірдегі Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылуына ризашылықтарын білдірді. Мұндай іс-шаралар қазақ және өзбек халықтарының бауырластығы мен рухани туыстығының, екі елдің шынайы достығы мен тағдырларының ажырамас жақындығының нышаны болып табылатынын, сондай-ақ халықтар арасындағы тату көршілік қатынастарын нығайтуға, өзара түсіністік пен сенімді, көршілік қолдауды тереңдетуге жәрдемдеседі деп атап өтті.

Мемлекет басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау үдерісінің сәтті жүріп жатқанын, сондай-ақ екі елдің шекара маңындағы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуды, трансшекаралық экономикалық байланыстар мен гуманитарлық алмасуларды жандандыруды, азаматтардың өзара сапарларын арттыруға септігін тигізетін өткізу бекеттері қызметінің тиімділігін қамтамасыз етуді құптады.

Екі елдің президенттері өз аумағында тұратын екінші тарап өкілдерінің этникалық, тілдік және ұлттық мәдениеттерін сақтау мен дамыту үшін ынтымақтастықты нығайтуға, тараптардың заңнамаларына сәйкес олардың өкілдерінің қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсенді қатысуына жағдай жасауға ниеттерін растады.

Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы екіжақты және көпжақты қол қойылған шарттарды уақытылы және сапалы жүзеге асырудың, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы шарттық-құқықтық базаны одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап көрсетті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевке, бүкіл өзбек халқына жылы қабылдау мен қонақжайлық үшін алғысын білдірді және Өзбекстан басшысын оған ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Сапардың мерзімдері дипломатиялық арналар арқылы келісіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сәлемін жеткізіп, оның Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастарының дамуына сіңірген өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті.

«Біз шағын құрамдағы кездесу кезінде сабақтастықтың сақталып, мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға уағдаластық», – Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қазіргі саясат екі мемлекеттің ұлттық мүддесіне толықтай сәйкес келетінін атап өтіп, келіссөздер барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру үшін үкіметаралық комиссияны Үкімет басшыларының деңгейіне көтеру туралы шешім қабылданғанын айтты.

«Біз Өзбекстанның дамуын зор қызығушылықпен бақылап отырамыз. Сіздер бірқатар бағыт бойынша реформалар жүргізіп, соның ішінде мемлекеттік басқаруды, экономиканы либерализациялауды жетілдіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру ісінде таңқаларлық жетістіктерге қол жеткіздіңіздер», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі алғашқы мемлекеттік сапарын Өзбекстаннан бастағанына тоқталып, бұл қадамның стратегиялық әріптестікті тереңдетіп, қалыптасқан қарым-қатынастарды жалғастыруға бағытталғанын атап өтті.

«Қазақстанмен достық қарым-қатынасты, тату көршілікті нығайту – Өзбекстанның сыртқы саясатының басым бағыты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екеуміз екі ел арасындағы  қарым-қатынастардың берік іргетасын қалап, өзара байланысты жаңа деңгейге көтере алдық», – деп түйіндеді Шавкат Мирзиёев.

Сонымен қатар, мемлекеттер басшылары кеңейтілген құрамдағы кездесуде екіжақты және халықаралық байланыстардағы өзекті мәселелер жөніндегі, нақтырақ айтқанда, БҰҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымы және Аралды құтқару халықаралық қоры аясындағы мүдделері мен ұстанымдары сәйкес келетінін атап өтті. 

Келіссөздер барысында тараптар құқық қорғау органдары, арнайы қызмет және қорғаныс ведомстволары саласы бойынша қауіпсіздік пен тұрақтылықты, тығыз ықпалдастықты қамтамасыз ету, жолаушылар және жүк тасымалдау ісін, өзара сауда және өнеркәсіп кооперациясын жандандыру мәселелерін талқылады.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды