• Басты
  • Қазақстанда жалақыны есептеудің жаңа коэффициенттер кестесі әзірленді
15 Сәуір, 2019 12:24

Қазақстанда жалақыны есептеудің жаңа коэффициенттер кестесі әзірленді

Үкімет Үйінің баспасөз орталығында өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінде Елбасының берген тапсырмасын жүзеге асыру шаралары жайлы айтып берді.

Қазақстанда  жалақыны  есептеудің жаңа коэффициенттер кестесі әзірленді | Strategy2050.kz

Министр айтып өткендей, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің, оның ішінде, білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысын есептеудің жаңа коэффициенттер кестесін әзірледі.

«Жаңа кестені енгізу 2019 жылдың 1 маусымынан бастап жоспарланған. Білім беру ұйымдары қызметкерлері жалақысын 10-нан 30 пайызға дейін дифференциалды ұлғайту жоспарлануда. Коэффициенттер кестесі білім беру деңгейіне, біліктілікке, жұмыс жағдайына қарай негізгі буындағы қызметкерлерге: колледж оқытушылары, мұғалімдер, психологтар, әлеуметтік педагогтар, балабақша тәрбиешілері, қосымша білім беру саласының педагогтары, көмекші қызметкерлер: балабақшалардағы бала бағушылар, мекемелерді тазалайтын қызметкерлерге, аула тазалаушыларға, күзетшілерге, басқарушы: колледж, мектептер басшылары, балабақша меңгерушілеріне қатысты болады», - деді К.Шәмшидинова.

Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап 208 мың мұғалім (70%) білім берудің жаңартылған мазмұны  бойынша 30%-дық қосымша ақы, біліктілік сынақтарын сәтті тапсырған 60 мың мұғалім - 30-50% қосымша ақы алады.

«Тестілеуге педагогтар жылына екі рет - мамыр және қараша айларында қатысады. Үш жыл ішінде біліктілік  арттыру курстарынан орта білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша 144 мың мұғалім, 82 мың психолог және сынып жетекшілер, 15 мың колледждің инженерлік-педагогикалық қызметкерлері, 2,4 мың ЖОО оқытушылары өтеді», - деді Білім және ғылым министрі», - деді министр.

Министр айтып өткендей, педагогтардың нәтижелі жұмысы үшін оларға үлкен әдістемелік қолдау көрсетіледі, мысалы 120 мыңнан астам материалдарды қамтитын жүйелік-әдістемелік кешен мұғалімдере онлайн қолжетімді, жүйелік-әдістемелік кешенге кіргендер саны 6 миллион және 33 миллионнан астам жүктеу жасалған.

« Орта білім берудің  жаңартылған мазмұнын енгізуге арналған 765 алдыңғы қатарлы мектеп бар, олардың әрқайсысына 10 мектеп тәжірибе мен  жаттықтырушылық қолдау көрсету үшін қосылған.STREAM білім беруді мектептегі оқу бағдарламаларына интеграциялау, IT-дағдыларды дамыту, жобалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, білім беруді интеграциялау және оларды тәжірибе жүзінде қолдану, оқу жоспарын  толықтыратын және балаларды дамытуға бағытталған сыныптан тыс іс-шаралар жалғасады», - деді К.Шәмшидинова.

Сондай-ақ,  ТжКБ және жоғары білім жүйесінде  білім беру бағдарламаларын жаңарту еңбек нарығының талаптарын, кәсіптік стандарттарды, WorldSkills стандарттарын, жетекші шетел университеттерімен білім беру бағдарламаларын үйлестіруді, кәсіпкерлік негіздерін, жобалық білім беруді ескере отырып жалғасады.

«Студенттерді волонтерлік қызметке тарту туралы Елбасының нұсқауларын орындау үшін волонтерлік ваучер жүйесін енгізу басталады: 25 сағатқа - 25 мың теңге және екі кредитті қайта тапсырып, 50 сағатқа 50 мың теңге алып, 5 кредитті қайта тапсырады», - деді министр.

Осылайша, белсенді студенттер тек өз бастамашылығын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар өздерінің кірістерін көбейтіп, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жасайды, кәмелет жасқа толмаған девианттық мінез-құлқы бар балалармен, егде жастағы балалармен әлеуметтік жұмыс жүргізіп, репетиторлықпен айналысады.

Министр еліміздегі мектептердің инфрақұрылым мәселесін сөз етіп, мектеп жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін алдағы үш жылда 190 жаңа мектеп салынатындығын жеткізді.

«Бұл ең алдымен үш ауысымда жұмыс істейтін мектептердің проблемасын шешуге бағытталып отыр. Сондай-ақ, апаттық жағдайда орналасқан және оқушылардың орны жетіспейтін мектептердің мәселесін шешетін болады. Сонымен қатар, жер сілкінісіне байланысты біраз мектепте жөндеу жұмыстарын өткіземіз», - деді ол. 

Сонымен қатар ол, мектептегі білімнің сапасы мұғалімге байланысты екендігін айта келе, мұғалімдердің кәсіптік деңгейін көтеруге бағытталған жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.

«Алдағы үш жылда, яғни 2019 жылды қосқанда 144 мың мұғалім қайта даярлау курстарынан өтеді. Сондай-ақ, 82 мың сынып жетекшісі мен психологтар да осы курстан өтеді. Бүгінгі таңда ұстазға да, балаға да, ата-анаға да психологтардың көмегі өте қажет. Сондықтан психологтарда қайта даярлау курсынан өткіземіз. 15 мыңдай кәсіптік білім беру саласының мамандары және 2,4 мың ЖОО-ның ұстаздары да осы курстан өтеді. Бұлар негізінен педагог мамандарын даярлайтын оқу орындарынан өтеді», - деді министр.

Күлаш Шәмшидинова жиын барысында ұстаздарға педагогикалық көмек көрсету қажеттігін және осы бағытта жүйелі әдістемелік жұмыстар  атқарылып жатқанын айтты.

«Жаңа оқу жылы қарсаңында әдістемелік жұмыстардың қазақ және орыс тіліне қосымша ағылшын тіліндегі бөлімі ашылады. Сонымен қатар, методикалық көмекті жақындату мақсатында ең алдыңғы мектептердің есебінен 800 жуық «тірек мектептері» анықталып отыр. Сол мектептердің мұғалімдері арасынан біз методикаға, бағалау жүйесіне, жерттеу жұмыстарына байланысты тренерлерді дайындап отырмыз. Әрбір тірек мектебінің жанында 10 шақты жетекші мектептер бар, солармен бірлесіп жұмыс істейтін болады», - деді ол.

Аягөз Құрмаш 

Рухани жаңғыру: «Ғасырларға созылған қасірет» атты көшпелі көрме ашылды

Медициналық сақтандыру және халық денсаулығы жайында

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды