• Басты
  • Біздің ортақ міндетіміз –Президент сайлауын заңды және ашық өткізуді қамтамасыз ету – Д. Назарбаева
12 Сәуір, 2019 10:29

Біздің ортақ міндетіміз –Президент сайлауын заңды және ашық өткізуді қамтамасыз ету – Д. Назарбаева

Парламент жоғарғы Палатасының басшысы Парламент Сенатының отырысын аша келіп, мерзімінен бұрын өтетін Президент сайлауына депутаттардың назарын аударды және бұл шешім уақытында әрі орынды қабылданғанын атап өтті. Сондай-ақ, отырыста бірқатар заң жобалары ратификацияланды. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.

Біздің ортақ міндетіміз –Президент  сайлауын заңды және ашық өткізуді қамтамасыз ету – Д. Назарбаева | Strategy2050.kz

«Қазақстандықтар үшін ең қымбат құндылық – бейбітшілік пен тыныштық, экономикалық тұрақтылық. Міне, сондықтан Қазақстан қоғамы Елбасының стратегиялық бағытының сабақтастығын заңды түрде қамтамасыз етілуін күтуде», - деді Д.Назарбаева.

Сенат Төрағасы тәуелсіздік жылдары қазақстандық даму моделі өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін бәрімізге толық дәлелдегенін айта келіп, барша әлемге экономикалық өсудің, әлеуметтік тұрақтылықтың және ұлтаралық келісімнің айнымас үлгісін кеңінен танытқанымызды атап өтті.

 «Алдағы сайлау біздің халқымыздың даналығы мен көрегендігін тағы да дәлелдейтіні айқын. Президенттік сайлау ел дамуына тың серпіліс, жаңа серпін беретіні сөзсіз», - деді Сенат басшысы. 

Д.Назарбаева айтып өткендей, Президент Жарлығы осы бағыттағы жұмыстарды қазірден бастап, күрделі проблемаларды кейінге қалдырмай, шұғыл шешуге мүмкіндік береді.

«Сайлау науқанын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өткізуге көмектесу біздің абыройлы міндетіміз», - деді ол.

Алдағы кезектен тыс президент сайлауы біздің Отанымыздың келешегіне, оның дамуы мен өркендеу жолдарына зор ықпал ететін болады.

«Азаматтардың өз еркін ашық білдіруі тәуелсіз Қазақстанның үлкен жеңістерінің бірі. Біздің ортақ міндетіміз – Қазақстан Республикасы Президенті сайлауын әділ, заңды және ашық өткізуді қамтамасыз ету болып табылады», - деді Д.Назарбаева.

Сондай-ақ,  отырыс барысында сенаторлар  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық  Республикасының Үкіметі арасындағы ҚХР-дың жеңілдікті кредит беруі туралы негіздемелік келісімді,  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді,  1995 жылғы  23  желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

Заңнамаға Қазақстан Республикасы орталық және  жергілікті атқарушы органдарының функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша түзетулер екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Заңмен Қазақстан Республикасы орталық және жергілікті атқарушы органдарының функцияларын жүзеге асырудың тиімділігі мен сапасын арттыру мақсатында және өзін-өзі реттеуді дамыту арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту үшін аталған функцияларды бәсекелес ортаға берудің құқықтық негізі бекітіледі. Сонымен қатар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске және 5 заңға: «Әкімшілік рәсімдер туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс, үкiметтiк емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы», «Білім туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Заңда орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға толық және ішінара беру көзделеді. Толық беру кезінде функциялар міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеу арқылы немесе пайдаланушылар есебінен беріледі. Атқарушы органдардың функциялары аутсорсингті, мемлекеттік тапсырманы және мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру арқылы ішінара берілуге жатады.

Құжатта бәсекелес ортаға берілген функциялардың мониторингі көзделеді, оны орталық және жергілікті атқарушы органдар мен мүдделі тұлғалар жүргізеді. Мониторингтің нәтижелері бойынша бәсекелес ортаға берілген функцияның сапасыз жүзеге асырылғаны анықталған жағдайда, функция қайтарылуға жатады.

Заңнамаға көлік мәселелері бойынша түзетулер қабылданды.

Заң жобасы көлік саласындағы заңнаманы жетілдіру, жолаушылар мен жүкті тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, ұлттық заңнаманы халықаралық  шарттардың талаптарына сәйкес келтіру, сондай-ақ құқықтық қайшылықтар мен олқылықтарды жою мақсаттарында әзірленді.

Құжатпен еліміздің бірқатар заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Басымдыққа ие авиамаршруттар бойынша жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастыру бюджет қаржысы есебінен жүзеге асыру ережері ұсынылады. Сондай-ақ активтерді кеңейту және жаңғырту үшін тартылған халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын өтеуге бағытталған сумен жабдықтау және су бұру ұйымдарының шығындарын бюджеттен субсидиялау енгізіледі.

Сонымен қатар, азаматтық авиация саласындағы Уәкілетті органның  және уәкілетті ұйымның құзыреттері нақтыланады. Жүк тасымалдауды әуе көлігімен жүзеге асыру үшін шетелдік әуе кемесін экипажымен жалға алу мүмкіндігі көзделіп отыр.

Автокөлік құралдарын тексеру негіздемелерінің тізбесі белгіленеді, бұл көліктік бақылау органдарының жаппай тексеру тәжірибесін болдырмауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы ірі көлемді және ауыр салмақты автокөлік құралдарының жүкпен жүріп өтуіне шектеу енгізіледі. Механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі операторының қызметі алғаш рет қарастырылып отыр.

Сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы және темір жол көлігі саласындағы уәкілетті органның құзыреті толықтырылады. Теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуы, апаттар мен аварияларды тергеп-тексеру, теңіз кемелерінде болған авариялық жағдайларды тергеп-тексеру және авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру тетіктері заңды түрде бекітіледі.

Сонымен қатар, Түркістан қаласының бастапқы кезектегі объектілерін мен жобалау құжаттарын және сараптамалық қолдау тәртібімен қатар әзірлей отырып салу мүмкіндігі, сондай-ақ осы жұмыстарды Үкімет айқындаған тұлғамен тікелей шарт жасасу арқылы сатып алу мүмкіндігі бөлігіне ережелер енгізіледі.

Сенат басшысы осы заңның маңызына назар аударды. Ол еліміздегі әуе көлігінің қатынастарын дамыту қажеттігін ескере отырып, Мәжіліс мақұлдаған құжатқа сенаторлар қолдау білдіретінін атап өтті.

Д.Назарбаева сенаторлардың депутаттық сауалдарында қойылған өткір мәселелерді шешу жөнінде Үкіметпен бірлескен жұмыстарға қарқын беруді ұсынды.

Аягөз Құрмаш 

Оқи аласыздар: 

Ырысты еселеп, мемлекеттілікті бекемдейтін қадам – депутат

Сайлау биліктің заңдылығын одан әрі нығайтып, елімізде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет – Н.Назарбаев

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды