Адами капитал

Әлеуметтік қамқорлық: 2019 жылы 373 мың жаңа жұмыс орны ашылады

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары белсенді іске асырылып жатқаны өздеріңізге белгілі. Заңнамаға тиісті түзетулер енгізілген болатын. 1 сәуірден бастап барлық жерлерде арнаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін құжаттар қабылдануда. 42 мыңнан астам өтініш қабылданды. Аталған шаралар туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев баяндап берді.
Нұр-Сұлтан09 Сәуір , 12:59

Елбасының әлеуметтік бастамалары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында  Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары

Г.Н. Әбдіқалықованың жетекшілігімен елдің  7 өңірі мен Нұр-Сұлтан қаласының аудандарына сапарлар іске асырылды.

«Бұл  халыққа министрлік пен ведомстволардың басшыларынан барлық жаңашылдықтар туралы білуге мүмкіндік берді.Сапарлар барысында халықпен кездесулер өткізілді, азаматтарды қабылдау жүргізілді, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, Жұмыспен қамту орталықтарына, көп балалы отбасыларға бардық. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек туралы анықтамалық ақпарат алу бойынша «111» Call -орталығының базасында тікелей желі іске қосылды», - деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ,  халықпен кездесу кезінде тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, жеке іс ашуға жәрдемдесу, мүмкіндіктері шектеулі адамдарды техникалық құралдармен қамтамасыз ету және басқа да мәселелер жиі көтерілді.

«Әкімдіктердің деректері бойынша елде көп балалы отбасылардың саны 340,4 мыңды құрайды. Бюджетте жалға алынатын тұрғын үй құрылысы мен жеңілдікті қарыз беру үшін, сондай-ақ азаматтардың осал топтағы санатына әртүрлі көмек көрсету үшін қажет қаражат көзделген.Бюджет есебінен салынып жатқан тұрғын үйлер аз қамтылған және көп балалы отбасылардың кезегін қысқартуға оң әсерін тигізеді деп есептеймін.2019 жылы 821  мың адамға әлеуметтік көмек көрсетуге мемлекеттік бюджет есебінен 83 млрд. теңге  бөлінеді. Ағымдағы жылғы 1-тоқсанда 9,3 млрд.теңге төленіп, 282 мың адамға көмек көрсетілді», - деді Б.Сапарбаев.

Бұған қоса, 2019 жылы 373 мың жаңа жұмыс орны құрылады, 2019 жылғы 1-тоқсанның қорытындысы бойынша 31,9 мың жұмыс орны құрылған.

«Алайда, мемлекетке ғана үміт арту қажет емес. Жаңа тәсілдер мен  тәжірибеде тексерілген тиімді жолдарды іздестіру қажет.Өңір әкімдері, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілік жай ғана тренд емес, еліміздің орнықты дамуының негізгі шарты деп есептейтін мен кәсіпорынның бірінші басшылары мен жекелеген азаматтар өздерінің нақты пікірлерін айтуға тиіс.Біз бизнес қауымдастықты экономикада ғана емес, әлеуметтік саладағы әріптесіміз деп есептеуіміз қажет.Жаңа негізде  бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша  Тұңғыш Президент – Елбасы «Парыз» конкурсы бойынша Жарлығында, бірнеше жыл бұрын Жезқазған мен Рудный форумдарында нақты белгілеген жұмысты дамыту маңызды», - деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ, министр  мейірімділік, жанашырлық және патриотизм сияқты маңызды адами қасиеттер негізінде жатқан әлеуметтік жауапкершілік және қайырымдылық үлгілері бізде аз емес екенін атап өтті. 

«Білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет саласындағы жобаларға қаражат бөлетін ұлттық компаниялар мен ірі инвесторлар, бизнесмендер мен жеке тұлғалар аз емес және олар халықтың әлеуметтік осал топтарына нақты қолдау көрсетуде.«Туған жерге тағзым», «Бақытты бала», «Анаға тағзым», «Ауыл – ел бесігі» сияқты акциялар, «Асар» халықтық құрылыс әдісі арқылы мамандар мен аз қамтылған азаматтарға тұрғын үй салу іске асырылады», - деді Б.Сапарбаев.

Министр атап өткендей,  жеке жетістіктер көбінесе қоршаған адамдардың әл-ауқатына байланысты екенін түсіну қажет.

«Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне келетін болсақ, 58 000 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге 2025 жылға дейін республикалық бюджеттен 500 млрд. теңге бөлінетіні Сізге мәлім, ол тұрғын үйді жалға беру және тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жеңілдетілген қарыздарын беру арқылы жүзеге асырылады.Халыққа әлеуметтік көмек көрсетуде бірқатар өңірлерде бизнес пен жеке адамдардың жақсы әлеуметтік бастамалары іске асырылып жатыр», - деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар, 2019 жылғы 1-тоқсанда меценаттардың, демеушілер мен жеке адамдардың қаражаты есебінен аз қамтылған және көп балалы отбасыларға 3 млрд. теңге сомасында әлеуметтік көмек көрсетілді, 5 мыңға жуық жұмыс орындары құрылды, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың ішінен 1,4 мың адам жұмысқа орналастырылды, 268 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

«Кәсіпкерлер аз қамтылған және көп балалы адамдарды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған бизнес-жобаларды ілгерілетуге белсенді қатысуда.Маңғыстау облысында «Үш күн ішінде бизнес ашу» әлеуметтік жобасы іске асырылуда, жоба үйде шағын өндіріс ашуға бағытталған. Қазіргі уақытта жоба шеңберінде Жаңаөзен қаласында 70 отбасына шағын бизнес ашуына қолдау көрсетіліп, 140-тан астам адам жұмыспен қамтылды.  Жылдың соңына дейін шамамен бес мың адамды немесе 2 мың көпбалалы және аз қамтылған отбасын қамту жоспарланып отыр.Ақтөбе облысында «Кәсіпкер ана» жобасы бойынша  гранттар беру арқылы көп балалы аналарды демеушілер қаражаты есебінен бизнес негіздеріне, бизнес жоспарларды әзірлеуге оқытуда.2019 жылғы 1-тоқсанда өздерінің бизнес-жобаларын іске асыру үшін 25 әйелге оқыту, бизнес-жоспарлар жасау, гранттар беру сияқты көмек көрсетілді», - деді Б.Сапарбаев.

Жекелеген кәсіпкерлер аз қамтылған жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша міндеттемелерді алды.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында 200-ге жуық аз қамтылған және көп балалы отбасылар, оның ішінде 50 отбасы жылдың соңына дейін тұрғын үй алады. Бұдан басқа әкімдік 2 мың адамға жалпы сомасы 2 млрд.теңгені құрайтын тұрғын үй сертификаттарын береді.

«Жалпы алғанда, 2019-2021 жылдар аралығында меценаттар, демеушілер және жеке инвесторлар есебінен 1 772 отбасы, оның ішінде 2019 жылы 750 отбасы қамтамасыз етіледі.Осыған байланысты, құрметті Асқар Ұзақбайұлы, өңірлердің әкімдері осы тәжірибені өздерінде де  енгізе алады деп санаймын.1 178 ірі және орта кәсіпорындарда көп балалы ата-аналар қатарынан 23,3 мың адам жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Оның ішінде 15 мыңға жуығының жеке тұрғын үйі жоқ.Бұл проблема мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдардың бірлескен күшімен шешілуге тиіс деп есептеймін», - деді Б.Сапарбаев.

Аягөз Құрмаш 

Оқи аласыздар: 

ШОБ іске асыратын жобаларды кредиттеуге кемінде 100 млрд теңге жұмсалады – Е.Досаев

 




Яндекс.Метрика