• Басты
  • Әуелде қандай едім? Қазір кіммін?
2 Сәуір, 2019 18:23

Әуелде қандай едім? Қазір кіммін?

Қазақ қоғамы осынау жылдары ойда жүрсе де, орайы келе бермеген мәселелерге назар аударды. Санаға сілкіністің, түйсікті түлетудің қажет екенін ұққандай болдық. Жастар арасындағы қылмыс пен жат қылық, діни-экстремистік топтың етегінен ұстап, жетегінде кету, білікті жастың шекара асуы, одан қалды «Мен әуелде қандай едім? Қазір кіммін және қайда бет алып барамын?» деген сұрақтардың мазалай бастағандығы анық.

Әуелде қандай едім? Қазір кіммін? | Strategy2050.kz

Жалпы, рухани жаңғыру – үздіксіз процесс. Тәуелсіздіктің туын желбіреткелі қолға алған барлық рухани-мәдени шаралар осы үлкен үрдістің құрамдас бөліктері. Алаш лидерлерін ақтау, «Мәдени мұра» бағдарламасы, «Тарих толқынындағы халық», ҚР Президентінің Ұлытаудағы сұхбаты, «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы, «Ұлы Даланың жеті қыры» - ықылымнан келе жатқан рухани-мәдени қазынаны қайта қаузап, тарихи таным кеңістігін кеңейткен маңызды бағдарламалар. Бажайлап қарайтын болсақ, «Рухани жаңғыруда»: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз қажет» деп көрсетілген.(http://www.akorda.kz)   

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Атқа міну мәдениеті», «ежелгі металлургия», «аң стилі» сынды қырларын ашуға ұлттың бойындағы бұлқынып жатқан Дара қасиеттері, ерекше қарым-қабілеттері түрткі болғаны анық.  Расында, тарихтың тасқынында ұлттық бояуы сұйылмай, ізгі қасиеттері шайылып кетпей, өз уақытының озық жетістіктерін игеріп, беталысына бейімделу адамзат баласын әр заманда ойландырып келеді. Сындарлы кезеңнен сүзіліп осы күнге жеткен табыстар мен қабырғалы қасиеттерді ұлықтап отырудың маңызы зор.

Санасы – Сақ, құлағы – Түрік

Қытай деректеріне жүгінетін болсақ, «Чжоушу» кітабының 50-баяны, «Туцзюэ» бөлімінде «Туцзюэ (түріктер) – сюннулардың өзге бір түрі болатын, билеуші әулеті ашина деп аталады, олар өз алдарына бір қауым  болып қалыптасқан. Кейін келе оларды көршілес мемлекет күйретіп, елі түгелдей қырылған. Сол соғыста жасы онға енді келген жас баланы жау әскері өлтірмей, екі аяғын кесіп, көк шөптің үстіне тастап кетеді. Сонда бір қасқыр ет әкеліп, әлгі баланы асырап-бағыпты...Қалай десе де, сайып келгенде олар бәрібір қасқырдың ұрпағы» делінеді. (Ошан Ж. Еженханұлы Б. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. ІҮ том. Әулеттік тарихи жылнамалар 2-бөлім. Алматы.2006.) Бұл долбар ғана емес, қағазға қатталған дерек. Бөрі сияқты түріктер де сайын Даламен, Табиғат-Анамен етене байланыста өмір сүрді, Даланың жазылмаған заңдарына бағынды. Дала жырт­қышының қараңғы түнде анық көріп, 16 шақырым дыбысты еститін, 200 миллион иісті ажырататын ерекше қасиеттері бар екен. Осы қасиетін зердеге түйген ата-бабамыз түз тағысын киелі санап, бөрілі байрақ көтерген, өз болмысын көк бөрімен байланыстырған. Көшпелі жұрттың бойындағы ықылымнан келе жатқан сақтық пен құлағы түріктік қасиеттер де содан бекіген деп санаймыз.

«Рухани жаңғыру» мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» делінеді. (http://www.akorda.kz)  

Тұран Даласында тұрақтаған бабаларымыз санасы сақ, құлағы түрік болмаса, өздері орнатқан мемлекеттік дәстүр, алпауыт территория, салт-жоралғылар осы күнге дейін келер ме еді?! Еуразияның апайтөс кеңістігінде Сақ-Түрік қағанаттары салтанат құрып тұрар ма еді?! Айналадағы жұрттардың іріткі салуынан, қол сұғуынан, ағайынды араздастырудан сақтық, заманның беталысы мен үнқатуларына деген құлағы түріктік қазіргі уақытта да өзекті болып қалмақ. Ұлан-ғайыр атырапты ат тұяғымен дүбірлетіп, қашанда ел шетінде, жау өтінде жүрген халықтың өне бойында барлап-бағамдау, қорғаныштық, стратегиялық ойлау,  тактикалық қабілет ертеден қалыптасқанын аңғарамыз.

 «Санасы – Сақ, құлағы – Түрік болу» дегеніміз, ең алдымен, түп атамыз Сақ пен Түрік екенін терең түсініп алу. Бүгінгі жас «төбеден көк аспан баспаса, төменде қара жер айырылмаса, «Мәңгілік ел» боламын» деген, «елі үшін ісін, күшін берген», «күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған» Бумын, Істеми, Мұқан, Елтеріс пен Қапаған, Тоныкөк пен Күлтегін сынды бағзы бабалардың бейнесін сәт сайын жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыруы қажет. Ол үшін Түріктің трагедиялы тағдыры, өкініш-өксігі мөрленіп, дархан даланың мәңгілік сақшысы болып тұрған «Күлтегін» ескерткішінің мәртебесі биік болуы тиіс.

Ашықтық

Теңіз жолдары ашылмай тұрған уақытта Еуразия кеңістігі теңіз іспетті болған еді. Батыс әлемі Қытайға қарай Дала теңізі арқылы өтіп отырған, керуен-кемелер қоңыраулары сыңғырлап, сақараның кеудесін сызып, өркениеттер мен мәдениеттердің жібін жалғады. Осылайша, Орталық Азия өркениеті шығыс пен батыстың синтезі арқылы қалыптасты. Оңтүстіктегі ислам-будда мен солтүстіктегі православ мәдениетінің, дәстүрлі шығыс және еуропалық мәдениеттің, тілдік топтардың, көшпелі-отырықшы тұрмыстың түйіскен тұсы осы аймақ. Түріктанушы ғалым Т.Зәкенұлының айтуынша, дүниежүзінің ешбір жерінде мұндай ғажап мультимәдениет қалыптаспаған. Еуразиялық ақыл-ой мен идеяның қайнап жатқан қазаны түрлі ұлттар мен ұлыстардың жерұйық мекеніне де айналды. (https://e-history.kz) Ондағы автохтонды халық та полимәдениетті болды деуге негіз бар. Себебі, сақ, ғұн, түрік қағанаттары монобірлестіктер емес, түрлі көшпенді халықтардан құралған қуатты конфедерациялар еді. Ашықтық пен толеранттылық қасиеттері қадым заманнан қалыптасқан жұрт бөгдені беттен алмай, ішке тартып келе жатқаны белгілі.

Оксфорд университетінің профессоры, тарихшы П.Франкопан «Еуропаны ортағасырларда фанатизм дендеп алған еді. Еврейлер мен мұсылмандар қудаланды, Крест жорықтары жүрді. Ал осы аралықта Орталық Азияда жаңа идеялар мен тәжірибелерге ашық орта қалыптасты» дейді.(https://caa-network.org)

Бұл аймақта айтарлықтай діни фанатизм болған жоқ. Қай қағанның кезеңінде қарамасаңыз, шыққан тегі мен діни көзқарастарына байланысты шектелмеді. Бұл ашықтық пен толеранттылық ішкі байланыста да анық көрініп тұрды. Ғалым-шығыстанушы Ш.Уәлиханов: «Шығыс Түркістанда мұсылмандық фанатизмнің күшті болмауының себебі, әрине, елдің географиялық жағдайына байланысты.

Өзінің фанатик көршілерінен адам өтпес асқар таумен бөлініп, оқшау отырған Шығыс Түркістанның Аспан асты патшалығымен шектес жағы, керісінше, ашық жатыр, сондықтан оның халқы қытайлармен еркін байланыса отырып, дін жөніндегі сабырлы ұстамдылықты содан үйренген» дейді. (Ш.Уәлиханов. Алтышаһарға сапар. Атамұра – Алматы, 2006) Сонымен қоса, мұсылман елдерінің басқаларында мүлдем кездеспейтін әйелдер бостандығының өзі де қоғамда ашықтық пен қарым-қатынас гармониясы бар болғандығын көрсетеді.  

Сондықтан ашықтықтың уақыттағы тереңдігіне назар аудару қажет. Көп жағдайда XX ғасырда тағдырдың тәлкегімен қазақ жеріне келіп қоныстанған украин, неміс, кәріс, шешен, дүнген, ұйғыр және т.б халықтарға жергілікті қазақтардың аузынан ақырғы нанын беріп, құшағын айқара ашқандығы айтылады. Тұран даласындағы түріктер арғы-бергі заманда сауда-экономикалық, мәдени-рухани ықпалдастық, адами байланыстың күре тамырында жатқандықтан, саяхатшы, миссионер, саудагер, патша мен пақырды да төрін ұсынып қарсы алды. Осы тұрғыдан алғанда халықтың тамырымен жалғасып жатқан сананың ашықтығы бүгінде ұлтты ұйыстыруға мүмкіндік беретін ерекше қасиет деп білеміз.  

Дала дипломатиясы

Қазақстан ғасырлар бойы қалыптасқан Дала дипломатиясын Еуразия кеңістігінде жүргізіп келе жатқан мемлекет. Ежелден қазақ дипломатиясы салмақтылық, жан-жақтылық, саяси интуицияға сүйенгені белгілі. Алыс-жақын мемлекеттермен жүргізілген қарым-қатынастың, сыртқы саяси ұстанымның айшықты мысалы ретінде Керей мен Жәнібек хандардың, Абылай мен Қасымның сыртқы саяси шешімдерін, XX ғасырдың басындағы заманауи мемлекет болуға деген талпыныстарды айтамыз.

Дала дипломатиясының, бітімгерлік пен мәмілегерліктің жарқын үлгілерін қазақтың хан, би-шешендері көрсетті. Қытайтанушы Н. Мұқаметханұлы жазғандай, Абылай хан Цин сарайына табанды түрде хат жолдау, шебер дипломатиялық әдіс-айла арқылы территорияның тұтастығын сақтап қалды. 1757 жылы Цин патшалығы Қазақ хандығын таныды, кейін 13 рет елші жіберген екен. Қытай оның алдында ғана жоңғарларды шапқан еді. 1758 жылы Қабанбай батыр 300 астам жылқыны Үрімжі базарына шығарып сатқаны туралы қытай деректері бар. (Мұқаметқанұлы Н. «XVIII - XX ғасырлардағы Қазақ - Қытай байланыстары» Алматы 1996 жыл.) Яғни, қазақтың қағандары ғана емес, қолбасшылары да көршілік қарым-қатынасты жақсы меңгерген, сауда-саттықты дамытқан.

XXI ғасырдың басындағы Қазақстан осы дәстүрді жалғай отырып,  алыс-жақын елдер арасында дәнекерші, бітімгер, сарабдал стратегиялық қатынас орнатқан ел болып қалыптасуда. Қазақстанның Таулы Қарабах мәселесін реттеуге қатысуы, ядролық қарусыздануда АҚШ-Ресей арасындағы «байланыс көпірі», 2014 жылғы Минсктегі Ресей-Украина басшылығының кезігуіне дәнекерлігі, Қырғыстандағы бүлікті реттеуге үлесін қосуы, Ресей-Түркия конфликтісі, «Астана процесі» де соның айқын дәлелі. Қазақстан бастамасының мәні – қауіпсіз әлем орнықтыру үшін достық, татуластық қарым-қатынасты жоғары қою болды.

XVII ғасырда Қаз дауысты Қазыбек бидің Қалмақ ордасында Қоңтайшыға айтқан: «Біз қазақ деген ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз» деген сөзі Дала дипломатиясының философиясын көрсетіп тұрғандай. Бүгінгі Қазақстан осы сыртқы саясат дәстүрін ұстанып келеді. Қазақстан барлық елдердің өзара теңдігін,  ішкі істеріне араласпауын, халықаралық деңгейде қорғалуын, проблемалардың бейбіт түрде шешілуін қолдайды. Көпвекторлы сыртқы саясат – Қазақстандық даму моделі.

Икемділік

«Қаншама отырықшы халықтарға тұтқиылдан кіріп, шайқастың шаңы басылған соң, аударылған патшалықтың тізгінін қолға алып отырды. Ешқандай тартынбай-ақ олар ең жоғарғы патша тағына орналасатын еді. Оның ішінде Қытайдың ұлы ханы, Парсы шахы, Индияның императоры, Римнің де сұлтаны бар. Икемделу көшпендінің қолынан келді. Пекинде ол жартылай қытайға айналса, Исфахан мен Рейде жартылай парсы болып шыға келді» деп жазады еуропалық тарихшы Р.Груссе. (Р.Груссе. История Казахстана в западных источниках XII-XX в.в.-Алматы:Санат,2005.) Әйгілі «Рукниддин» -  Сұлтан Бейбарыс Египеттің ен даласын өз қоластына алып, сол жердің заң-жоралғысымен жүрді, ісін-күшін салды. Дегенмен, өзінің Дешті Қыпшағын ұмытқан жоқ. Еділ патша Каспийден Карпатқа дейінгі аймақта қанат жайып, Панонияны паналаса да, өзінің Өтүкендік түрік тегін ұмытқан емес.

Даладағы маршруттардың өзгеруіне жүздеген жылдар қажет еді, ал осы соқпақпен мал-мүлкімен үздіксіз көшіп-қонған, көшпелі жұрттың өмір-тіршілігіне табиғаттың құрған шексіз атырабы өзінше өмір сүру стилін, физикалық бет-бейнесін, икемділік қасиетін қалыптастырды. Ғалым-этнограф А.Сейдімбек «Қазақ әлемі» еңбегінде айтпақшы, осындай табиғат жағдайына бейімделгіш халық қана Ұлы Дала аумағында тіршілік құра алатын еді. Үй жануарының төрт түрінің болуы сол әрқилы табиғат жағдайындағы тұрмысты білдіреді. Көшпенді халық өзі қоныстанған ұлан-ғайыр атыраптың әрқилы экожүйе заңдылықтарына бағынуы тиіс болды. Тіршілігі тоқтаусыз қозғалыста болатын халықтың ғұмырлық ритмі де соншалықты қарқынды болғаны анық. «Соңғы жүз жылдықтағы соғыс пен көтерілістерден, ұлан-ғайыр даладағы тіршіліктен отырықшы халықтың аман-сау қалуы неғайбыл еді» деп түрколог В.Радлов та жазады.  

Иә, Дала халқы тарихтың тұла бойында көшіп-қонып қана жүрмегендігіне көз жеткізіп отырмыз. Қажетті кезеңде металды игерді, жерді өңдеді, дінді ұстанды, шекарасын қалыптастырды, мемлекеттілігін орнатты, салт-жоралғысын жасады, тәуелсіз мемлекет болды. Орталық Азия аумағында халықтар қандай қаған, хандықтың, патшалық пен үкіметтің, идеологияның астында өмір сүрсе де, өзінің ұлттық кодын сақтай отырып, сол уақыттың заң-талаптарына сай өмір сүрді. Бүгінде қазақ жастары әлемнің қай түкпірінде қызмет етіп, я білім алып жүрсе де, сол елдің мәдениеті мен тілін терең меңгеріп, ортаға икемделу қабілетін танытып келеді. Қазіргі жаңа ғасырда халқымыз ежелгі озық дәстүрін сақтау арқылы оны жаңа заманның білімі мен инновациясы, жетістіктерімен толықтырып отыруы тиіс. Ендігі кезеңде цифрлық дәуірдің талаптары мен сын-қатерлеріне, Төртінші өнеркәсіптік революцияның алғышартына жауап беру үшін соған бейімделу қажет.

Мобильділік

Тағы да еуропалық зерттеуші Р.Груссе: «Көшпелі жұрт мыңдаған жылдар бойы орныққан мықты интуициясы арқылы кез-келген уақытта шапқыншылық жасауға, тонауға немесе із-түссіз қашып-құтылуға сақадай-сай дайын болды» дейді. (Р.Груссе. История Казахстана в западных источниках XII-XX в.в.-Алматы:Санат,2005.)  Расында, көшпенділердің әскерлерін шайқастардан келген соң жан-жаққа таратып жіберу қандай оңай болса, кезегі келгенде жиып алу да сондай оңай еді. Түгелімен сақадай сай жігіттер бір-екі атын соғысқа деп жаратып ұстайтын болған. Мөде қаған, Еділ патша, Білге қаған мен Тоныкөк, Күлтегін, Сұлтан Бейбарыс, Әмір Темір мен Шыңғыс қаған сияқты ұлы қағандар мен қолбасшылар өздерінің мобильділігі мен айрықша дарын-қабілеттерінің арқасында Ұлы Даланың жері, оның заңдарымен тығыз байланысып, қоршаған ортадан соншалықты сұранысқа ие болды. «Осы Дала тұлғаларды өзінің ұланы ретінде еркін, бірбеткей, өр тұлғалы қылып жаратты және ерекше физикалық жағдайда тәрбиелеп шығарды. Биік қыраттардан соққан аңызғақ жел, сұрапыл табиғат, аптап ыстық пен шыңылтыр аяз, сүйегі шығыңқы бет пен қысық көзді, қайыстай қатты шаш пен дөрекі денелерін қалыптастырғанын» батыс ғалымдары айтады. Ерекше мобильді бірінші класты садақшылар кавалериясы отырықшы халықтан әлдеқайда артықшылығы көп техникалық қаруға ие болды. Өмірдің өзі жастық шағынан шетсіз-шексіз далада ат үстінде жүруді үйреткен, жасырын қақпан құрып, әрқилы аңшылық әдіс-айла ойлап тауып, олжасының ізіне түскендегі шыдамдылығы, тамақтану, киіну, қолөнер стилі бабаларымыздың өз заманында айтарлықтай жетістікке жеткенін дәлелдейді.

Түрколог В. Радлов қырғыздардың(қазақтар) құндылықтары, ойлау жүйесі, дәстүрі көшпелі өмірімен тығыз байланысты болғанын, айтады. Дегенмен, олардың  көшіп-қону тірлігі аяқ асты, бытыраңқы болмағанын да ескертеді. Себебі, мыңғырған малдың өрісі мен қолайлы қоныс табу үшін оның маршруты мен жоспарын алдын-ала белгілеп алу қажет еді. Көшпелілердің артықшылығы олардың қарсыласына шабуылдарының жиілігі ғана емес, жылдамдығы, табан астында, күтпеген жерден қырғидай тиіп, көз ілеспес жылдамдықпен із суытып үлгеру, сосын қайта күйрете соққы беру шеберлігінде жатыр. Айрықша мобильділік, қажетті уақытта тиісті орында табылу әскери өнердің айшықты құралына айналдырды. Ат үстіндегі Дала садақшылары Еуразияны он үш ғасыр бойы тұяғымен дүбірлетіп тұрды. 18-19 ғғ. қазақтанушы орыс ғалымдары: «қазақтар өз даласының шынайы мән-мағынасындағы туындысы» деп жазыпты. Аштық пен кедейшілік кезеңдерінде осынау халықтың мобильділігі, өміршеңдігі, табиғатпен етене байланысы қиын-қыстау шақтан аман алып шығып отырды. Осының барлығы бабаларымыздың номадтық өмір стилін, ғұмырлық ритмін қалыптастырды.

Интеллектуалды ұлт

Ұлы Жібек жолымен ежелден тауарлар ғана емес, ілімдер мен идеялар Еуразия құрлығының бойымен тамырдай таралды. Жібек жолы Азия, Еуропа мен Африканың ұлы өркениеттерін жалғап, олардың өзара диалогын орнатып келді. АҚШ зерттеушісі Ф.Старр Орталық Азияда діни плюрализм орнап, мәдени-тілдік байлық, пікір алмасу жоғары болғанын жазады. Діни фанатизм емес, рационалдық және логикалық ойлауға мән берілді деп есептейді. Мұндай атмосфера ғылыми ашылуларға үлкен септігін тигізді. Ибн Сина, Әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Әл-Хорезми, Әл-Бируни сынды ғалымдардың есімдері әлемге мәшһүр болды. Будда діні де Орталық Азия арқылы тарады, оған Қырғызстан мен Қазақстандағы тарихи ескерткіштер дәлел. Ғалым Б. Литвинский будда мәтіндерін қытайшаға аударғандардың ішінде 6 адам – үндіс, 6 адам – қытай, қалған 16 – Орталық Азиядан шыққан аудармашылар болған дейді.(https://caa-network.org/archives/9946)

Жібек жолының бойында Орталық Азия тек транзиттік аймақ болған жоқ. Орталықазиялықтар жібекті өздерінің өңдегені әлдеқайда тиімді екендігін де түсінген. Мәселен, Түркіменстандағы Мерв қаласы 10 ғасырда жібекті өңдеу мен экспорттаудың ірі орталығы болған екен. 12-13 ғғ. Мерв қаласында 12 кітапхана, әрқайсысында 12 мыңға жуық кітаптан болған екен. Отырар кітапханасы XI-XII ғғ. шамасында дүниежүзіндегі ең ірі кітапханалардың бірі болғаны айтылады. Парфюмериядан дәріге дейін, әшекей бұйымдар, таза металлдар, тұрмыстық заттар, керамика, шыны бұйымдар, қағаз бен кітап, мата өнімдері, медициналық құралдар Үлкен Орталық Азиядан экспортталып отырды. Жылқыны қолға үйрету, ертоқым, ат-әбзелдерін ойлап табу да осы қатарға жатады.

Түріктер тек тізгін ұстап, ат үстінде жүрген жоқ. Білімге құштарлық танытып, өз заманындағы қажетті ілімдерді игеріп отырды. Түрік баласының жат жұртта білім алу тарихының қайнар бұлағы сонау VII ғасырдан басталады. Ол уақытта алыс-жақын елдерден екі мыңнан астам адам Қытай астанасы Чаңанда егіншілік, ел басқару ісін, соғыс өнерін, қолөнер сияқты қажетті ілімдерді меңгереді.

Түрік талабасы Тоныкөк Чаңанға табғаштың ілімін құлдықтың құрсауында, бодандықтың бұғауында жатқан ел игілігіне жарату үшін меңгерді. Таң дәуірінің атақты әскери стратегі Чжан Шуо Тоныкөк  туралы сөзінде: «Ол терең айлакер, қайсар жан. Ли Цзин, Чуй Цзилердің ағымын меңгеріп алған» дейді. (Қайыркен Т.З. «Көне Түркі ескерткіштеріндегі Қытай жазбалары (VII-XIV ғғ.)», Өскемен 2008 ж., 336 б.) Түріктер сол ілімді Таң патшалығымен күресте тиімді пайдаланып отырған. Тоныкөктің осынау даналығы мен даралығы бүгінгі шет елде білім алып жатқан қаншама мың қазақ баласына өнеге-үлгі болса керек.

Жалпы алғанда көшпелі қазақ жұртының өмірі күнделікті ізденісті, интеллектуалдылықты талап етіп отырды. «Қырғыздар (қазақтар) деп жазады Ш.Уәлиханов, - көне татарлықтың (көшпенділік) барлық дерлік наным-сенімі, салт-дәстүрі, қуанышы мен күйінішін өзінің ақыл-ойының игі жетістіктері, аңыз-әңгімелерінің тарихи мол мұраларына сыйғызып, бүгінгі күнге жеткізген оның сарқыны». Сондықтан көшпелі халық астрономия, табиғат жағдайын білуі тиіс, ол ботаник, биолог болып, кеңістікте жол табуы, халықтық ем-домды меңгеруі қажет болды. Онсыз далалықтар өмір сүріп кете алмайтын еді. Қазақтар жылдың қай мезгілінде малын қыстауға немесе жайлауға айдау керектігін алдын-ала есептеп біліп отырды. Жайлау мен қыстауға шығудың белгілі циклдері де қалыптасқан. Даладағы қатал табиғи және географиялық жағдайларда өмір сүру үшін үлкен білім базасы қажет. Экологиялық жағдайға бейімделу, өміршеңдігі, өзіндік бірегей дәстүр-салты ерекше өркениеттің белгісі деп есептейміз.

Қорытынды сөз

«Ұлттық код» – халықтың ғасырлар бойы тұрмыс-салты, жеңістері мен жеңілістері, арман-ойларымен келіп қалыптасқан қасиеттер жиынтығы. Өйткені, Дала халқының белгілі дара қасиеттері ғана оның уақыт пен кеңістіктің тұманында адасып кетпеуіне тікелей әсер етті. Ұлт ретінде сақтап сақтады, территориясын орнатты, алыс-жақын елдермен, әлемдік мәдениетпен байланыстырды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік» атты сұхбатында: «Қоғамдық құндылықтар – сан ғасырлар бойы халықтың санасында пісіп-жетілетін ізгілік категориялары, моральдық іргетас. Ізгі құндылықтар – қоғамның иммунитеті» деп тоқталады.(https://strategy2050.kz)

Халықтың мінез-құлқы, қадір-қасиеті сындарлы кезеңде сыналып, үздіксіз дамып отырады. Я темірдей тот басады, я шар болаттай шыңдала түседі. Дегенмен, уақыт пен кеңістіктің түйіскен тұсындағы  тарихи оқиғалар, тұрмыс-тіршілік процесі, тағдыр-талайындағы қуанышы мен трагедиясынан ұлттың ерекше қасиеттері қорғасындай құйылып шығатыны анық. Тарихтың тұла бойындағы жазудың пайда болуы, металды өңдеу, еңбек бөлінісі, халықтардың миграциясы, алапат соғыстар мен ядролық сынақтар, репрессия мен ашаршылық, ғылыми-техникалық төңкеріс тұтас ұлттардың болмысы, характеріне тікелей ықпал еткені рас. Жоғарыда айтылған «ашықтық», «Дала дипломатиясы», «икемділік», «интеллектуалды ұлт», «мобильділік» сынды қасиеттері соның айқын мысалы деп есептейміз. Олар тек қазаққа, Орталық Азияның қара орман халқына  ғана тиесілі емес, Еуразия даласына ортақ уникалды қарым-қабілеттер. Дәл осы құндылықтар қоғамдық дамудың іргесін қалап отыр деуге толық негіз бар.  

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ

 Оқи аласыздар: 

«Бір белдеу, бір жол» тұзақ емес - қытай саясаткері

Құқықтық мемлекет: "Бір кінәсізді соттағанша, 10 кінәліні ақта"

Латын қарпіне көшу 2025 жылға дейін жүзеге асады - сарапшы

Назарбаев моделі

Цзянь Цзэмин: Қытайдың Қазақстанға территориялық таласы жоқ

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды