• Басты
  • Цзянь Цзэмин: Қытайдың Қазақстанға территориялық таласы жоқ
28 Наурыз, 2019 15:54

Цзянь Цзэмин: Қытайдың Қазақстанға территориялық таласы жоқ

Қазақстан – ғасырлар бойы қалыптасқан Дала дипломатиясын Еуразия кеңістігінде жүргізіп келе жатқан мемлекет. Ежелден Дала дипломатиясы салмақтылық, жан-жақтылық, саяси интуицияға сүйенгені белгілі. Алыс-жақын мемлекеттермен жүргізілген қарым-қатынастың, сыртқы саяси ұстанымның айшықты мысалы ретінде Керей мен Жәнібек хандардың, Абылай мен Қасымның сыртқы саяси шешімдерін, XX ғасырдың басындағы зиялы қауымның заманауи мемлекет болу талпынысын айтамыз.

Цзянь Цзэмин: Қытайдың Қазақстанға территориялық таласы жоқ | Strategy2050.kz

Дала дипломатиясының, бітімгерлік пен мәмілегерліктің жарқын үлгілерін қазақтың қаған-хан, би-шешендерінен көруге болады. Абылай хан Цин сарайына табанды түрде хат жолдау, дипломатиялық әдіс-айла арқылы территорияның тұтастығын сақтап қалды. XVII ғасырда Қазыбек бидің Қалмақ ордасында Қоңтайшыға тартынбай айтқан: - «Біз ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз», - деген сөзі қазақ дипломатиясының философиясын көрсетіп тұрғандай.

Бүгінгі Қазақстан осы сыртқы саясат дәстүрінің жібін үзбей жалғастырып келеді. Қазақстан өзара теңдікті, ішкі істерге араласпауды, проблемалардың бейбіт шешілуін қолдайды. Бір ауыз сөзбен айтқанда көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанады. Ал, Тәуелсіздік жетістіктерінен Тұңғыш Президент – Н.Назарбаев тұлғасын ажыратып қарастыру қиын. Өйткені, қазіргі Қазақ елі сыртқы саясатының концепциясы, институционалдық негізі, басымдықтары Елбасы Жолдаулары, ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламалар мен тапсырмаларына сәйкес қалыптасты. 1996 жылғы СІМ коллегиясында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев:  - «Сыртқы саясат – бұл ҚР Президентінің саясаты. Өз-өзін құрметтейтін кез-келген мемлекетте көпбағытты саясат болмайды, әр ведомствоның өз бетінше сыртқы саяси ұстанымы да болуы мүмкін емес. СІМ де ҚР Президентінің сыртқы саясатын тиімді іске асыратын атқарушы орган», - деп айтқан еді. Сындарлы кезеңде елімізге бірінші кезекте қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қарапайым дипломатиялық байланыс орнату, алдағы стратегиялық принциптерді орнату керек болды.

Арғы-бергі тарихқа көз жүгіртетін болсақ, сыртқы дипломатиялық байланыста басшының жеке лидерлік қасиеттері, саяси ақылмандығы, шарболаттай шыңдалған болмыс-бітімі тұтас мемлекеттің тұғырын биіктетіп, я түсіріп отыратынын аңғарамыз. Мұндайда халық жазушысы Ә.Кекілбаевтың: - «Тәуелсіздік көсемдерінің бәрі-бәрі К.Ататүріктей, Дж.Нерудей бастан аяқ жасампаз бағыт ұстай алмаған. Кейбіреуі жүре-бара тоқмейілсуге ұшырап, не әлі жетпейтіндерге соқтығып геосаяси жанжалдарға, не ел ішінде тыныштық бермей, қандықол қатыгездікке, не келешегі жоқ кертартпа үрдіске ұрынған», - деген сөздері ойға оралады. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың аймақтық және әлемдік проблемаларға деген бастамшылдығы, конфликтілерді шешудегі бітімгерлігі, шығыс-батыс елдерінің басшыларымен қатынастағы теңгерімділігі үлкен маңызға ие болды. Бұл Президенттің халықаралық аренадағы ғана емес, ел ішіндегі имиджінің нығаюына елеулі ықпал етті. Ол әсіресе шығыстағы алып көрішіміз – Қытай Халық Республикасымен қатынасты орнату, дәуірлік маңызы бар келісімдерге  келуде көрініс тауып отырды.

Қатынастың көкжиегі

Қазақстан құлдыраған коммунистік Одақ пен жедел әскери-экономикалық дамушы ҚХР ортасында тәуелсіздігін жариялады. КСРО мен Қытай арасындағы шекаралық даулы мәселелер Қазақстанға «мұра» болып қалды. Кеңес-Қытай арасындағы онжылдықтар антагонизмі өзара сенімсіздіктің сақталуына себепкер болды. Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан соң, екіжақты сенімсіздік сейіліп, Қытай жас мемлекеттің қауіпсіздігіне кепіл берді. Осыдан кейін шекара проблемасын біржолата шешу мақсаты қойылды. Сындарлы кезеңдегі салмақты уағдаластықтар аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті орнатуға тікелей әсер етіп отырды.

Н.Назарбаевтың қытайлық замандастарымен алғашқы достық байланысы әріден басталғанын бүгінде тарих дәлелдеп отыр. Оған Н.Назарбаевтың Чжоу Бай Сяомен хат алмасуы айқын мысал болады. 1957 жылы 5 қарашада ҚХР Сычуань провинциясы, Цзыгун қаласындағы 5 орта мектептің жас оқытушысы Чжоу Бай Сяо ВЛКСМ Орталық комитетіне хат жазып, кеңестік бір жас азаматпен таныстыруды өтінген. Бұл хат және оның суреті Қаскелеңдегі Абай атындағы орта мектептің оқушысы Н. Назарбаевқа тапсырылды.

 

Чжоу Бай Сяо: - «Мен ерте кезден бастап-ақ Совет одағымен жете танысуға құмар едім. Сол себепті ВЛКСМ Орталық комитетіндегі жолдастардан мені советтік бір жас доспен таныстыруды шын жүректен өтінемін. Біздің тіліміз, әдет-ғұрпымыз әртүрлі болса да шын достық сезімі бізді бірлестіріп отыр», - деп жазады хатында. Ал комсомол қатарындағы 10 сынып оқушысы Н.Назарбаев «Алыстағы қытайлық досыма» деген жауап хатында достық қарым-қатынаста болуға зор қуанышты екенін жеткізеді. «Социализм орнату жолында орасан зор табыстарға жетіп отырған Ұлы Қытай халқының комсомолец жастарымен тығыз байланыс жасап, жете танысу біздің әрқайсымыз үшін зор қуаныш. Ал осы мүмкіндік үлесіме тиіп отырған мен шексіз қуанатынымды тағы қайталап айтамын» деген жауабы 1958 жылы 16 наурызда «Правда» газетінде жарияланды. Бұл кездейсоқ жағдай болғанымен, осы хат алмасу Н.Назарбаевтың Қытаймен жеке байланысындағы алғашқы қадам ретінде қарастыруға болады.

20 ғасырдың 60-жылдарындағы Даман, Жалаңашкөл, Теректі оқиғаларының «буы» басылған соң, қос тараптың дипломатиялық тетіктері қайта іске қосылды. 1985 жылы КСРО Парламенттік делегациясы Қытайға іссапармен аттанды. Делегация құрамында Қазақ Республикасы Министрлер Кеңесінің Төрағасы Н. Назарбаев пен КСРО мемлекетінің ҚХР Елшілік хатшысы Қ.Тоқаев та болды.

Қ.Тоқаевтың естеліктері бойынша, Қазақстан Үкіметінің басшысы сапарда негізгі келіссөзші ретінде көптеген өзекті мәселелерді талқылауға қатысқан. Бұл үлкен өзгерістер қарсаңында Қазақстан басшылары үшін айтарлықтай тәжірибе болғаны анық. Әлі тәуелсіздігін жариялап үлгермеген Қазақстан басшылығының 1991 жылы шілде айында іс-сапармен ҚХР табан тіреуі екіжақты проблемаларды шешуде аса маңызды болды. Президент Н.Назарбаев сол уақытты еске ала отырып: - «Егер біз шұғыл түрде өзіміздің сыртқы саясатымызды қалыптастыруды бастамаған болсақ, біздің мүдделерімізге орасан зор нұқсан келері де түсінікті», - деп мемлекет тағдырындағы орнын көрсетеді (Н.Назарбаев. "Ғасырлар тоғысында" – Алматы, Атамұра. - 2003, 256 б.)

Қытай үкіметі алғашқы кездесудің өзінде: - «Қытай тарапы қарым-қатынастардағы оң үрдістер Қазақстан мен Қытай көршілес мемлекет болғандықтан ғана емес, «осы елдер басшыларының көрегендігі» арқасында орын алғанын және  Қазақстан Президентін «бұрынғы Одақтың саяси аренасындағы ең беделді қайраткер», - деп ерекше атап өтті. Осыдан-ақ басшылар арасындағы тіл табысу, достық қарым-қатынас бүкіл мемлекетаралық байланысқа жол ашатынын байқауға болады. Бірақ, жас мемлекеттің жетекшісі үшін Қазақстан-Қытай арасындағы кезек күттірмейтін даулы территория және трансшекаралық өзен мәселесі бар еді.  

Шекараны шегендеп, суды бөлісу

Қазіргі Қытайдың сыртқы саясатындағы күрделі мәселелер тарихтан жалғасып келеді. Мәселен, XX ғасырдың ортасынан орын алған Қытайдың Үндістан, Кеңес, Бутан, Жапония, Въетнам, Филиппин, Бруней және т.б елдермен шекара мен су мәселесіндегі қайшылығын айтсақ жеткілікті болмақ. 

Бұл сұрақтар осы аумақтарға өз құқығын білдіріп отырған мемлекеттер мен Қытайдың арасындағы қарым-қатынастардың белгілі деңгейде ушығуына әкеліп соқты. ҚХР мәселенің маңызы мен қауіптілігін ескере отырып, халықаралық жағдайды реттеуге бар күшін жұмсап келеді. Ең алдымен, шекараны бөлісу мәселесі Қазақстан-Қытай арасында өткір талқылаудан өтті. Мемлекеттік шекараны достық қатынас негізінде, аса байсалдылық және парасаттылықпен шешу қажет болды. Қазақстан сияқты жас мемлекеттің жетекшілері де мұны анық түсінген сияқты. Елбасы Н.Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде: - «Көптеген елдер Қытаймен арақатынасты сыртқы саясатының өзегі деп түсінеді. Ал Қазақстан үшін осынау болашағы зор, экономикасын қарышты қадаммен дамытып жатқан мемлекетпен ойдағыдай қатынас орнату айрықша маңызға ие» - деп айтады.

1991 жылғы одақтық республикалар тәуелсіздік алған соң мемлекеттер арасындағы шекараны карталар арқылы салыстыру нәтижесінде, Қазақстан-Қытай арасында көлемі 2235 шаршы шақырым болатын 11 учаскеде территориялық сәйкессіздік анықталды. Таласты аумақтар жарияланған соң, ҚР Президенті мен ҚХР Төрағасының жоғарғы деңгейдегі кездесулері бірнеше рет өтті. 1994 жылы шекараны заңдастыруға арналған келісімге қол қою рәсімінде ҚХР Төрағасы Цзянь Цзэмин: - «Қытайдың Қазақстанға ешқандай территориялық таласы жоқ, шекаралық мәселелер бізге тарихтан қалған. Оларды келіссөздер арқылы шешуге болады», - деп мәлімдеді. Алайда келіссөздер 1998 жылға дейін созылды. 1994 жылғы құжат бойынша екі учаске, яғни Алматы облысының Алакөл ауданындағы Сарышілде өзені аңғарындағы 315 шаршы шақырым жер мен Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы Шаған-оба мен Баймырза суларының 629 шаршы шақырым учаскесі ортақ шешімін тапқан жоқ.

Дәуірлік маңызы бар мәміленің басы-қасында болған тәжірибелі дипломат, еліміздің қазіргі Президенті Қ.Тоқаевтың естелігінде: «Назарбаевтың ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминмен жеке сенімділік қатынастар орната білгенін атап өту де орынды. Бұл фактор айқындаушы болмаған күннің өзінде, екі ел арасында маңызды уағдаластықтарға қол жеткізу барысында аса маңызды болды» делінген (Тоқаев Қ. Беласу. Дипломатиялық очерктер. – Алматы: Дәуір, 2003.) Бұл пікірді сол кезеңде Н.Назарбаевтың қасында болған мемлекет қайраткері М.Құл-Мұхаммедтің сөздері қуаттай түседі: - «Мемлекеттер арасындағы берік байланыс оның басшылары арасындағы шынайы достықтан басталатынын ерте бастан-ақ аңғарған сол кездегі Қытай Төрағасы Цзян Цзэминмен шын мәнісіндегі достық қатынас орнатты. Н.Назарбаев Цзян досымен талай мәрте ресми, бейресми жағдайда кездесіп, емен-жарқын араласты. Соның нәтижесінде 1994 жылы екі ел арасындағы шекара мәселесіне байланысты басты құжатқа қол қойылып, ол 1998 жылы біржолата рәсімделді».

Ал, екінші өзекті проблема – трансшекаралық өзендер мәртебесі Қазақстан басшыларының табандылығымен, үздіксіз талаптарымен тек 1996 жылы мемлекетаралық құқық деңгейінде қарастырыла бастады.

1999 жылы наурызда ҚР Президентінің Қытай Төрағасына жолдаған жеке жолдауында екі ел арасындағы кең ауқымды байланыстар шеңберінде Іле мен Ертіс өзендерінің су қорларын дұрыс қолданбау нәтижесінде экологияға зардабын тигізіп жатқанын ерекше атап өтті. Қазақстан тарапының бастамалары келіссөздерді біршама тездетті. ҚХР Төрағасы Цзян Цзэмин кезінде трансшекаралық өзен бойынша алғашқы уағдаластыққа қол жеткізілсе, 2009 жылы Ху Цзиньтао Қазақстанға ресми сапармен келіп, трансшекаралық өзендер суын бөлісу мен қорғау мәселесі техникалық ауқымнан жалпымемлекеттік деңгейге көтерілді. Қытай басшылығына Си Цзиньпин келген соң, 2010 жылы басталған Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясының келіссөздері бекітіліп, «суды бөлісу» туралы келісімшартқа қол қойылатыны айтылды.

Осы аралықта Н.Назарбаевтың Қытай басшыларымен бір-бірін құрмет тұтатын достар ретінде кездесулері өтті. Сол кезеңде іс-шаруаның басы-қасында болған Қ.Тоқаев «...дегенмен, жеке тұлғалық факторды да есептен шығаруға болмас. Себебі, Елбасылардың достығы қашанда олардың мемлекеттерін жақындастырса, бір-біріне араздығы екі мемлекетті алшақтатып жіберетіні рас. Мәселен, Н.Хрущев пен Мао Цзедун басқарған Кеңес Одағы мен Қытай солай болды.

Бұл екі басшының қатынастары ешқашан достық, сенімділік тұрғыда болған емес» деп еске алады(Тоқаев Қ. Беласу. Дипломатиялық очерктер. – Алматы: Дәуір, 2003.) Расында, Қытай тарапы да өзара сенімділік пен қолдау Н.Назарбаевтың «аса көрнекті рөлін» бөліп көрсетіп отырады. Ол тек баспасөз бетінде мақала, ірі шенеуніктердің пікірі арқылы емес, нақты кездесулер арқылы да көрініс тапты. Атап айтқанда, 2000 жылы Ху Цзиньтао Алматыда болған кезінде Н.Назарбаевтың жақын туыстарының бірінің үйлену тойында болып, қазақтың көптеген дәстүрлерімен, той сәнін кіргізген басқа да қызықты рәсімдермен танысқан еді. Осындай протоколдан тыс, бейресми кездесулер қос мемлекет арасында қордаланған күрделі мәселенің күрмеуін тиімді шешуге жол ашты. 

Назарбаев – Си: «Жібек жолы» дипломатиясы

ҚХР басшылығына Си Цзиньпин келген соң, екі мемлекеттің қарым-қатынасы жаңа сатыға көшті. Халықаралық қатынаста «Бір белдеу, бір жол» жаңа тренді пайда болды, ол Астана төрінен жаһанға жарияланды. Қазақстан  өз транзиттік әлеуетін күшейте отырып, Ресей мен Қытай сынды «теңіз-мемлекеттерді» өз тауарын тасымалдауға пайдаланады. Осы уақытқа дейін Елбасы Си Цзиньпинмен жиырмаға жуық рет кездесті. Мұндай келіссөздердің саяси мән-маңызы терең.

Күн тәртібі басқа болғанымен, даулы аймақ, трансшекаралық өзеннен кейінгі өзекті сұрақтардың жабық есік жағдайында да талқылануы ықтимал. Оған екіжақты парламентаралық, партияаралық және үкіметаралық келіссөздер алғышарт бола алады. Н. Назарбаевтың Цзян Цзэминь, Ху Цзиньтаомен бейресми форматтағы кездесулерінде Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының күрделі тақырыптары талқыланғаны айтылды. Мұндай тәжірибе Си Цзиньпинмен серіктестікте де іске асып отырады. Н.Назарбаев 2018 жылы 12 ақпанда Қытайдың CCTV арнасына сұхбат беріп, кейін көрші халықты Көктем мерекесімен құттықтады. Қытай Төрағасы Қазақстанға мемлекеттік сапарында Елбасын «үлкен ағасы» ретінде атағаны белгілі. Яғни, Қазақстан тарапы әуел бастағы достық, тату көршілік принциптен айнымай келе жатыр.

Аймақтағы қауіпсіздік, «үш қауіп-қатермен» күрес, экологиялық, гуманитарлық, сауда-экономикалық мәселелерде Қазақстан мен Қытайдың ұстанымдары бір. Қазіргі уақытта «Нұр жол» инфрақұрылымдық бағдарламасы мен «Бір белдеу, бір жол» инициативасын байланыстыру іске асуда. Н.Назарбаев Қазақстанды тек транзиттік мемлекетке айналдырмай, инициативаның жұмысын үйлестіру, Үлкен Еуразия кеңістігін құру, Киберполиция жұмысы, «Жібек жолы» академиясы бойынша нақты ұсыныстарын берді. Ал, ШЫҰ мен АӨСШК – соны құрудың бастамашыларының және дамыту жақтастарының бірі болған Қазақстан басшыларының саяси интуициясы мен көрегендігінің тағы бір мысалы деп есептейміз.  

Осы жылдардағы қол жеткізген жетістіктердің нәтижесі: Тату көршілік, достық және ынтымақтастық шарты (2002 ж.); Стратегиялық әріптестік қатынасын орнату және дамыту туралы бірлескен декларациясы (2005 ж.); XXI ғасырдағы Ынтымақтастық стратегиясы мен Экономикалық ынтымақтастықты дамыту концепциясы (2006 ж.) және т.б іргелі құжаттарды атап өтеміз. Бұл стратегиялық құжаттар алдағы екіжақты достық, тату көршілік, сенімді әріптестік байланысқа кепіл бола алады.  

Қорытынды

Қазақстан мен Қытай арасындағы ресми дипломатиялық байланыстың орнығуы – екіжақты талпыныстың жемісті нәтижесі. Бұл жерде Қазақстандық тараптың бастамашылдығы, жас мемлекет ретіндегі мүддесі басым. Мемлекет Басшысының табандылығымен жүргізілген белсенді дипломатиялық диалогтың нәтижесінде тәуелсіз мемлекеттің шекарасы шегенделді. Бұл Тәуелсіз Қазақстан сыртқы саясатының жеңістерінің бірі.

Жапония және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің Қытаймен қатынасының ушығуына назар аудара отырып, Қазақстанның бұл шекаралық, трансшекаралық өзендер мәселесінде едәуір табысқа жеткендігін айтуымыз қажет. Өйткені, қарым-қатынастың алғашқы «раундтарында» ҚХР басшылығы кейбір ұстанымдарынан айнымай келді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан шекараны белгілеу және трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану көптеген кедергілермен орындалса да, қазақстандық дипломатия өз алдындағы міндеттерді орындады. Анығын айтқанда, мемлекет басшыларының жеке достық қатынастары, бейресми сұхбаттары үлкен шешімдерге негіз қалады. Осы орайда, Қазақстан басшыларының шебер дипломатиялық, мәмілегерлік, келіссөз жүргізу қабілеттері үлкен рөл ойнады.

Әр кезеңдегі төрағаларының өзіндік басқару ерекшелігі бар болғанымен, Н.Назарбаев Қытай билігінің барлық буынымен тиісті дәрежеде әріптестік байланыс орнатты. Әрине, Елбасының жанындағы сол уақыттағы Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев бастаған дипломаттардың да еңбегін ескермеуге болмайды. Аталған команда сыртқы саяси принциптері мыңжылдыққа тереңдеп кететін Қытай елімен лайықты деңгейде қатынас орнатты деуге толық негіз бар.

Олжас Бейсенбай 

Оқи аласыздар: 

Назарбаев моделі

Бір белдеу, бір жол: Жібек жолындағы жүздесу

Құқықтық мемлекет: "Бір кінәсізді соттағанша, 10 кінәліні ақта"

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды