20 Наурыз, 2019 11:50

Назарбаев моделі

2019 жылы 19 наурызда Тәуелсіз Қазақстан үшін тарихи күн болды. Себебі, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға үндеу жолдап, ел Президенті ретінде өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдады. Заңға сәйкес, Президенттің өкілеттігі 2020 жылы тоқтауы керек еді. Алайда, түбегейлі шешім халыққа жарияланып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Көмекшісі мен Кеңсесінің Басшысы да тағайындалып үлгерді. Бұл тұтас Қазақстан халқы үшін күтпеген, бірақ тиянақты ойластырылған шешім. Өйткені, соңғы жылдардағы мемлекеттік басқару саласындағы модернизация, қабылданған тиісті құжаттар осы шешімнің, билік транзитінің алғышарты еді.

Назарбаев моделі | Strategy2050.kz

Ең алдымен, 2017 жылғы мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлісу реформасын айтамыз. Әуел бастан Президенттің ерекше құзырына жататын өкілеттіктер санын азайтып, Үкімет пен Парламент пәрменін күшейтуге баса назар аударылды. Бұл президенттік-парламенттік жүйені орнатудың өзекті қадамы еді.

Екіншіден, 2018 жылы ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің статусы өзгертіліп,  тиісті заң қабылданды. 5 шілдедегі № 178-VІ ҚР Заңының 1 бабы, 2 тармағына сәйкес: «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты Қауіпсіздік Кеңесін Төраға ретінде басқару құқығы өмір бойы тиесілі» деген жаңа бап енгізілді.Қауіпсіздік Кеңесі заңның алғашқы нұсқасында «консультативтік-кеңес» органы ретінде айқындалса, жаңа заңда «...ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізуді үйлестіретін конституциялық орган» деп көрсетілген.  

Сондай-ақ,  Елбасы 2019 жылы ақпанда Конституциялық кеңестен Конституцияның 42-бабы 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтініш жолдады. Жалпы 1995 жылдан бері ҚР Президенті Конституциялық Кеңеске 22 өтініш берген екен. Аталған сауалға Кеңес: "Конституцияның 42-бабы 3-тармағындағы "сондай-ақ президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған...жағдайда..." деген сөз тіркесі оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатудың негізі ретінде мемлекет басшысының отставкаға шығуын да қамтиды" деп хабарлады.

Мінеки, аталған саяси шешімдер 2019 жылы 19 наурызда жарияланған Елбасы үндеуінің заңды алғышарты деуге толық негіз бар. Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев мемлекет үшін аса маңызды жағдайларда ғана үндеу жариялайтыны белгілі. Елбасы Жолдауы дәстүр бойынша алдағы жылдағы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналып отырса, үндеулерде нақты мәселе жайында мәлімдейді. Мәселен, 2016 жылғы 5  шақырылымдағы Парламентті тарату, 2017 жылғы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, 2018 жылғы «Бес әлеуметтік бастама» атты үндеулерді атап өтеміз.  

Бірақ бұл Үндеудің барша қазақстандықтар үшін маңызы ерекше. Өйткені Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Президенті, мемлекеттің негізін қалап, астананы Алатаудан Арқаға көшірген, әйдік елде 30 жылға жуық басшылық еткен Н.Ә.Назарбаев 2019 жылдың 20 наурызынан бастап өз қызметін ресми түрде тоқтатады да, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы(Ұлт Көшбасшысы)» арнайы мәртебесіне ие болады. Оның мәртебесі мен өкілеттігі «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» ҚР 2000 жылғы 20 шілдедегі N 83-ІІ Конституциялық заңымен бекітілген. Ол бойынша ҚР Президенті өкілеттігін тоқтатқан соң, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының саяси-құқықтық мәртебесі, айрықша құзіреттері мен кепілдіктері айқындалады. Аталған заңның 1 бабында көрсетілгендей, ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты өмір бойы:

-мемлекеттік құрылыстың, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігі мәселелері бойынша міндетті түрде қарауға жататын бастамалар жасау;

-ҚР Парламенті мен Үкіметінің отырыстарында сөз сөйлеу; Қазақстан халқы Ассамблеясын; ҚР Қауіпсіздік Кеңесін басқару; ҚР Конституциялық Кеңесінің құрамына кіру құқығы тиесілі.

-сондай-ақ, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасымен келісіледі.

Аталған Конституциялық заң Елбасы ордені, жыл сайынғы бейбітшілік және прогресс сыйлығын тағайындау, Елбасына ешкімнің тиіспеуі, Қызметті қамтамасыз ету, Байланыспен қамтамасыз ету, Елбасын күзету, тұрғын үймен және көлікпен қамту, Қор, мұражай, бюстер, жеке мұрағат және жеке кітапхана, сондай-ақ зейнетақымен қамту баптарынан тұрады. Осының өзі Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатындағы ықпал-беделінің қаншалықты сақталатындығын айқындайды.

Біз білетіндей, ҚР Конституциясының 48 бабы 1 тармағына сәйкес,  Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған жағдайда Республика Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының Төрағасына көшеді. Сондай-ақ, ҚР Президентінің өкілеттігін өзіне қабылдаған тұлғаның ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар туралы бастамашылық жасауға құқығы жоқ болады. 2019 жылы 20 наурызда сағ.12.00-де ҚР Президентінің өкілеттігін уақытша атқаратын Сенат Төрағасы Қ.К. Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында ант қабылдайды. Конституция бойынша бұл салтанатты шараға Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелері, Жоғарғы Сот судьялары, сондай-ақ Республиканың бұрынғы Президенті қатыса алады.

Белгілі саясаттанушы Б.Әбдіғалидің пікірінше, тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президенттің ел қуатын еселеуге қосқан еңбегі мен үлесі шексіз. Қазақ мемлекеті жаңғырды. Шекарамыз белгіленіп, мемлекеттік рәміздеріміз анықталды. Қазақстан әлемге танылып, ғаламдық саяси процестерге белсенді араласа бастады. Осы 30 жыл қазақ тарихында «Нұрсұлтанның Нұрлы жолы»  деген атаумен қалады. Саясаттанушы Е.Кариннің ойынша, әлемдік саяси тарихта жаңа феномен – саяси көшбасшылықтың қазақстандық моделі қалыптасты.

Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев өз естелігінде «Н.Назарбаевтың феномені дүниенің 2 бөлігінің – Еуропа мен Азияның, екі саяси жүйенің – тоталитаризм мен демократияның түйіскен жерінде пайда болуында жатыр. Қазақстан Президенті өз саясатында еуропалық реформизмді, прагматизм мен демократиялық процедураларға жақындықты, сондай-ақ қоғамдық негіздермен тығыз ұйысқан азиялық дәстүршілдікті саралай білді» деп айтқан еді. Енді Н.Ә.Назарбаев «Президент» мәртебесінен «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы», «Ұлт Көшбасшысы» мәртебесіне ауысты. Елбасының мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріндегі беделі сақтала отырып, мемлекетті басқарудың жаңа моделі қалыптасты деп есептейміз.

Егемендіктің алғашқы жылдары «алдымен экономика, сосын саясат» курсы жүргізілсе, қазіргі уақытта еліміз саяси-экономикалық модернизацияланған, әлеуметтік мемлекет болуға талпыныс білдіруде. Көп векторлық, тату көршілік, достық, серіктестік пен өзара тиімділік – Қазақстанның сыртқы саясатының берік қағидаттары. Халықаралық аренада Тұңғыш Президент сарабдал стратег, шебер мәмілегер, Түркі дүниесінің абызы ретінде белгілі. Президенттің тұлғасы қоғамда тәуелсіздіктің символы ретінде де орнықты. Тұңғыш Президенттің осы уақытқа дейінгі тұтас саяси биографиясы Тәуелсіз Қазақстанның орнығу этаптарын, Президент институтының дамуын, «Назарбаев моделінің» қалыптасуын  көрсетеді.     

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ

Оқи аласыздар: 

Қасым-Жомарт Тоқаев - Қазақстан Республикасының Президенті

Дариға Назарбаева Сенат спикері болып сайланды

Үкімет пен Ұлттық Банк мәлімдеме жасады

Кәсіпкерлер қауымы Тұңғыш Президентке алғыс айтты

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды