• Басты
  • Пәтер іздеп жүр едік немесе үкілеген үмітті Үкімет ақтай ала ма?
28 Ақпан, 2019 18:14

Пәтер іздеп жүр едік немесе үкілеген үмітті Үкімет ақтай ала ма?

Жеңілдетілген несиемен үйлі болу бақыты және 21 мың теңге жәрдемақы барлығына бұйырмайын деп тұр. Тек әлеуметтік ахуалы тым нашар жанұялар ғана қамтылып отыр. Бұл қалай деп абдырап қалып жатқандар да бар, әрине. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен министрлер кабинетінің отырысында "Нұр Отан" съезінде көтерілген мәселелер пысықталды.
Пәтер іздеп жүр едік немесе үкілеген үмітті Үкімет ақтай ала ма? | Strategy2050.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев  Елбасы тапсырмалары халықтың әл-ауқатын жақсартуға тиімді ықпал ететінін жеткізді.

«Біріншіден, атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийін ең төменгі күн көріс деңгейінен көтеріледі. Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көп балалы отбасыларға және «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төс белгілерімен марапатталған көп балалы аналарға мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ, балаларға арналған мүгедектігі бойынша жәрдемақылар, стипендия алынып тасталады», - деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардың балаларына (18 жасқа дейін, оқыған жағдайда 23 жасқа дейін) ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төленеді.

«Ол қазіргі  көмектің мөлшерін орташа есеппен 40% арттырады. Нәтижесінде, егер бұрын аталған шарамен 571,0 мың адам қамтылса, енді ол 830 мыңнан астам болады. Үшіншіден, сұратылатын құжаттарды оңтайландыру арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі жеңілдейді. Осылайша, ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталықтары немесе ауылдық округтердің және кенттердің әкімдері тиісті мемлекеттік органдардан қажетті құжаттарды сұратады. Бұл үшін «Е-халық» ақпарат жүйесі пайдаланылады», - деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ,  өңірлердің әлеуметтік карталары  әзірленеді.

«Өңірлерде жеке әлеуметтік картаның электрондық нысанын дайындау қажет. Ол әрбір жанұяның қажеттілігін, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын бағалауды көздейді», - деді ол.

Министр Асқар Маминнен цифрлық даму министрлігіне, өңірлердің әкімдеріне бір айлық мерзімде «Е-халық» жүйесін қалалық және ауылдық елді-мекендер деңгейінде кең ауқымды енгізу туралы тапсырма беруді сұрады.

«Әкімдіктермен бірлесіп әлеуметтік қызметтер мен қолдау шараларының  бірыңғай пакетін енгізу (оқушыларды тегін ыстық тамақпен, жеңілдікті жүрумен қамтамасыз ету және т.б). Мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын отбасыларды әлеуметтік қорғауды күшейту. Шаралар мүгедектігі бар балаларға және 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерге күтімді жүзеге асыратын 100 мың азаматтың жәрдемақысын 31,1 мың теңгеден 41,6 мың теңгеге арттырады», - деді ол.

Сонымен қатар,  толық емес көп балалы отбасылар үшін үйде жұмыс істеу үшін жағдай жасау, ал ауылдағы көп балалы отбасылар үшін гранттарға және микрокредитке қосымша квота бөлінеді.

««Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізу көзделуде. Ауылдардағы көп балалы отбасыларды жұмыспен қамту, отбасы бизнесін ашу, табыстарын арттыру үшін қайтарылмайтын 500 мың теңге жаңа бизнес ашу үшін мемлекеттік гранттар беріледі. 2019 жылға жоспарланған микрокредиттеу шеңберінде 14 мың микрокредиттің 5 мыңын ауылдық жерлердегі көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар адамдар арасында кәсіпкерлікті дамытуға жұмсалады», - деді Б.Сапарбаев.

Нәтижесінде көп балалы 15 мың отбасы жеке ісімен айналысуға және табысын арттыруға мүмкіндік алады.

«Көпбалалы аналар мен мүгедек баланы тәрбиелеп отырған аналарды жұмыспен қамту және өзін-өзі дамытуға қолжетімділікті кеңейту үшін сұранысқа ие кәсіптерге қысқа мерзімді оқытулар  ұйымдастырылады. Ауылдағы көпбалалы  нашар тұратын отбасылардың үйлерінде әлеуметтік жұмыс орындары ашылады», - деді министр.

Министр  бұның барлығы Үкімет тарапынан жасалатынын айтты.

 «Бұл ретте облыс әкімдеріне келесі тапсырмаларды беруіңізді сұраймын: жергілікті жерде мемлекеттік көмек көздерімен қатар, аз қамтылған және көп балалы отбасыларды тұрғын-үймен қамтамасыз ету мәселесіне ірі бизнесті де тарту қажет», - деді Б.Сапарбаев.

Атап айтқанда, ірі кәсіпорындар кем дегенде өз қызметкерлеріне тұрғын үй салып беру мүмкіндігін қарастыру керек. Ал жергілікті органдар өз тарапынан жер бөлу, қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерін жедел түрде шешу керек.

Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Білім беру саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің табысы ұлғаятынын мәлімдеді.

«Педагог қызметкерлердің жалақысын арттыру жүйелі түрде және кезең-кезеңімен шешімін табуда. 2018 жылы Елбасының тапсырмасымен аттестаттаудың жаңа жүйесі негізінде категориясын растаған және жаңа мазмұндағы білім беру бағдарламаларымен жұмыс істейтін ұстаздардың жалақысы 30-50% өсті. Білім беру саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын ұлғайту дифференциалды түрде 30% дейін жүзеге асады. Білім саласында 500 мыңға тарта адамның жалақысы өспек. Олардың қатарында мектепке дейінгі ұйымдар мен интернаттардың тәрбиешілері мен олардың көмекшілері, методистер, әлеуметтік педагогтар, балабақшалар мен колледж психологтары, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, кітапханашылар, вожатыйлар, бугалтерлер, іс жүргізушілер, еден жуушылар, аула тазартушылар, күзетшілер, от жағушылар, сантехниктер мен электриктер және басқа да техникалық қызметкерлер бар», - деді министр.

Қазіргі таңда Еңбек министрлігімен бірлесіп, қызметкерлердің санаттарын және жалақысын арттыру көлемін нақты анықтау жұмыстары жүргізілуде.

«Жалпы, Елбасының тапсырмасы білім саласындағы қызметкерлерге үлкен қолдау көрсетіп отыр. 2019-2021 жылдар аралығында 244 мың мектеп, колледж, жоғарғы оқу орындарының педагогтары қайта даярлау курстарынан өтеді. 2020 жылдан бастап ағылшын тілін оқытуға арналған курстарға қарастырылған қаржы жоғары оқу орындарында осы тілде сабақ беретін мұғалімдер дайындауға жұмсалады. Осы жылдан бастап мектептерге тіл меңгерген ЖОО түлектері келе бастайды. Пәндерді ағылшын тілінде оқыту кезең-кезеңімен кадрлардың дайындығына сай біртіндеп енгізіледі», - деді ол.

Сонымен қатар, мектеп құрылысы мен күрделі жөндеуден өткізуді қаржыландырудың жаңа методикасы енгізіледі. Қаржы көлемі оқушылар контингентіне байланысты анықталады. Қай жерде мектеп салу жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде болады.

«Барлық деңгейлердегі білім беру бағдарламалары заман талабына сай өзектендіріліп отырады. 20 алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары мен 180 заманауи коллеждерді анықтау үшін: Еңбек министрлігімен бірлесіп 100 басым мамандық анықталады. Қоғаммен, жұмыс берушілермен ақылдаса отырып білім беру ұйымдарын анықтаудың негізгі критерийлері белгіленеді, университеттер мен колледждер тізімі анықталып, олардың білім бағдарламалары экономиканың талаптарына сай өзектендіріледі. Анықталған 100 басым мамандықтарға сәйкес, қажетті жабдықтар топтамасы белгіленеді. Колледждердің оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілігін арттыру қарастырылады. Оқу процесіне шетелдік мамандар тартылады», - деді министр.

Ал Денсаулық сақтау министрі  Елжан Біртанов  биылғы  1 шілдеден бастап жалақысы төмен барлық медбикелер және кіші медициналық персоналдың жалақысы 30 пайызға өсетінін айтты.

«Мысалы, мейірбикенің орташа жалақысы 76 мыңнан 100 мыңға дейін көтеріледі. Ал кіші медициналық персоналдың айлығы 48 мыңнан 64 мыңға артады. Оған қоса, жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша дәрігерлердің жалақысы да ұлғаяды. Жалпы, 225 мыңнан астам медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі. Осыған орай, 2019 жылы республикалық бюджеттен 37,6 миллиард теңге, ал 2020 жылдан бастап 78,7 миллиард теңге бөлінеді» - деді Е.Біртанов.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев  электрмен жабдықтау нысандарын салуға және реконструкциялауға 30,6 млрд теңге қаржы бөлу ұсынылатынын айтты.

«Арқалық қаласындағы жылу электр орталығын реконструкциялауға 8,2 млрд теңге қажет. Бұл жоба қала үшін өте маңызды. Себебі, қазіргі таңда жылу электр орталығының тозығы жеткен. Аталған орталық мазутты қолданған соң, оның өзіндік құны жоғары. Сондықтан, жыл сайын 2 млрд теңге көлемінде субсидия бөлінеді. Егер жылу электр орталығын көмірге ауыстырсақ, онда орталық субсидия бөлуді қажет етпейді. Қазына үнемделеді. Сондай-ақ, Арқалық қаласының 12 мың абонентінің электр және жылу сапасы артады»,-  деді Қ.Бозымбаев.

Министр Астана, Шымкент қалалары мен Маңғыстау облысындағы электр беру желілерін салу жобаларына 19,9  млрд теңге қажет екенін айтты.

Атап айтқанда, Шымкент қаласында 110 кВ  екі шағын станса салуға 11,7  млрд теңге керек. Бұл жобалар қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі жаңа мөлтек аудандардың тұрғындарын сапалы электрмен жабдықтауға мүмкіндік береді.

Қаржы министрі  Ә.Смайылов Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды уақытылы орындау мақсатында Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, елдің табысы мен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар бойынша алдын ала есептеулер жүргізгенін атап өтті.

«2019-2021 жылдарға қосымша қажеттілік - 2 трлн теңге. Оның ішінде 2019 жылға - 446,7 млрд теңге қарастырылған. Бірінші, қаражаттың басым бөлігі жеке санаттағы азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталады. Үш жылға шамамен 1,3 трлн теңге және 2019 жылға - 226,7 млрд теңге. Екінші, азаматтардың жекелеген санаттарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жыл сайын 100 млрд теңгеден 300 млрд теңге қосымша қаражат қажет болады»,- деді ол.

Өңірлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. «Ауыл - ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыруға қосымша 90 млрд теңге, оның ішінде 2019 жылы 30 млрд теңге қажет. Елдің табысы мен тұрмысын жақсартуға бағытталған тапсырмаларды қаржылық қамтамасыз ету мақсатында кедендік және салықтық әкімшілендіруді жақсарту бойынша бірқатар шаралар қабылданады. Соның ішінде, кедендік әкімшілендірудің нәтижесінде бюджеттің кіріс бөлігінде үш жылдың ішінде 800 млрд теңге қосымша түсімдер тартуға мүмкіндік беріледі. Биыл 200 млрд қосымша түсім болады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы атап өткендей, Ұлттық қордан да қаражат тартылады»,- деді Ә.Смайылов.

Ал Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жалақы 30 пайызға  артатынын айтты. 643 407 жұмыскер қамтылады.

«Бұл әлеуметтік жұмыскерлер, кітапханашылар, орманшылар, ветеринар дәрігерлер, іс жүргізушілер, аула сыпырушылар, техникалық персонал және тағы басқалары. Мысалы, орташа жалақы 69 мың теңгені құраса, енді 90 мың теңгені құрайды. Қосымша қажеттілік 459,5 млрд. теңгені құрап отыр. Оның ішінде 2019 жылы 90,7 млрд. теңге», - деді министр.

Министр  бұл шара әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жалақыларына қатысты екенін атап өтті.

«Бұл 78 мың мемлекеттік қызметшіге қатысты. Олар жергілікті деңгейдегі жұмыскерлер. Бұл -  жұмыс істейтін сарапшылар, жетекші мамандар, бас мамандар. Олар облыстарда, аудандарда, ауылдарда жұмыс істейтін адамдар. Орташа өсім 25 пайызды құрайды. Бұл орта есеппен алғанда. Мысалы, егер бас маманның орташа жалақысы  84 мың теңгені құраса, енді ол 100 мың теңге болады.Қосымша қажеттілік 76,5 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде 2019 жылы  15,3 млрд. теңге», - деді Р.Дәленов.

Моно және шағын қалаларды, сондай-ақ, ауылдық аумақтарды қаржыландыруға қатысты.

«Моно және шағын қалаларды дамытуға жылына 10 млрд. теңге бөлінеді. Бұл моно-шағын қалалардағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның 100 жобасын салуды немесе реконструкциялауды қамтамасыз етеді. Перспективалық ауылдарды дамыту үшін «Ауыл - ел бесігі» арнайы жобасы қаржыландырылады. Бұған 3 жылда 90 млрд. теңге бөлінеді. 1,5 мыңға жуық перспективалық ауылдар қамтылады. Олардың тізімі жасалды. Ауылдың перспективалылығы оның санына, орналасқан орнына, даму әлеуетіне және тағы басқаларына  байланысты айқындалады», - деді министр.

Осылайша, барлық есептеулер негізінде бюджет қалыптасады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр  елімізде 340 мың көп балалы отбасы бар, оның ішінде қазіргі кезде 28 мың отбасы тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз 7 жылдың ішінде, жыл сайын 6 мың жалдамалы пәтердің құрылысын жүргіземіз. 2025 жылға дейін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынады. Бүгінгі күні кезекте тұрған аз қамтамасыз етілген көп балалы отбасылардың мәселесі толық шешіледі. Биыл мамыр айында біз көпбалалы отбасыларға жалдамалы пәтерлер беруді бастаймыз», - деді министр.

1-минималды жалақыдан кірісі төмен (42500 теңге), аз қамтылған отбасыларға Тұрғын үй жинақ банкі арқылы 20 жылға жылдық ставкасы 2% құрайтын жеңілдетілген несие енгізіледі.

Аталған несие түрі келесі санаттағыларға берілетін болады:

-4 және одан көп баласы бар көп балалы отбасыларға;

-Мүгедек баласы бар немесе тәрбиелейтін отбасылар;

-Кәмелетке толмаған балалары бар толық емес отбасылар.

«2 жылда біз көрсетілген санаттағылар үшін жиырма екі мың бес жүз жеңілдетілген займдар беруді жоспарлап отырмыз. Бұл үшін, 3 жылдың ішінде республикалық бюджеттен 50 млрд. теңгеден бөлінеді. Осы қаражаттан 20 млрд. теңге, жыл сайын әлеуметтік несиелік тұрғын үй құрылысы үшін әкімдіктерге бағытталады. 20 жылдың ішінде қаражаттарды пайдалану есебінен, бөлінген қаражаттың айналымын екі есеге қамтамасыз ете отырып, аз қамтылған отбасыларға 22,5 мың теңгеден займ беріледі», - деді министр.

Несие бойынша бірінші жарнаның көлемі, тұрғын үй сертификаттарымен өтелуі мүмкін 10% құрайды. 

«Аталған механизмді іске асыру үшін 150 млрд. теңге қажет етеді. «Жолдардың құрылысын арттыру, қалалық және ауылдық инфрақұрылымды дамыту» тапсырмасы бойынша жергілікті желілердегі жолдарға, республикалық және жергілікті бюджеттен паритетті негізде 150 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінуде. Қосымша қаражаттың бөлінуі есебінен қаржыландыру көлемі 200 млрд. теңгені құрайды. Бұл қаржы 5 мың шақырымнан астам жолды жөндеуге мүмкіндік береді. Жолдарды жөндеу бойынша жобалар тізбесі жасалды. Мұндағы негізгі күш ауылдық елді- мекендерді дамытуға бағытталған. Аталған шаралар, 2025 жылдың соңына қарай жергілікті жолдардың 95 пайызын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді министр.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз, жеке инвестициялардың есебінен көлік инфрақұрылымы объектілерін модернизациялау жоспарланған. 

«Бүгінгі күні министрлік әкімдіктермен бірлесіп сумен жабдықтау және су тарту салаларында жобалар тізбесін жасады.
Жыл сайын, сумен жабдықтау және су тарту бойынша ең өзекті мәселелерді шешуге бағытталатын 20 млрд. теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінеді», - деді ол.

Жобаларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай қала тұрғындарын орталықтандырылған сумен жабдықтау 100 пайыз қамтамасыз етіледі.

Нәтижесінде 126 мың км. сумен жабдықтау және субұру желілері, 221 км. көше жол желілері салынады,  60 мыңға жуық адамның сумен жабдықтау және субұру  бойынша қызметі, 22 қала мен елді–мекендердің тұрғындары үшін кірме жол желілері жақсарады.

Аягөз Құрмаш 

Фото: Ашық дереккөз

Ұқсас тақырыптар: 

Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған – Съезд туралы пікірлер

Әр балаға 21 мың теңге - Н.Назарбаев

Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты

Инфографика: қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды