• Басты
  • Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты
27 Ақпан, 2019 13:48

Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты

Тәуелсіздік сарайында өткен «Нұр Отан» партиясы XVIII съезінің күн тәртібінде төрт маңызды мәселе қаралды. Республиканың түкпір-түкпірінен келген 13 делегат өз салалары бойынша сөз сөйледі.
Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты

ҚР Президенті «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасын паш етті.

«Бұл стратегиялық тұрғыдан қарастырылып, қоғам мен мемлекеттің алдағы 10 жылдағы дамуының негізгі бағыттарын айқындайды. Сіздер бағдарламаны егжей-тегжейлі талқылап, партияның күн   тәртібін айқындайды деп сенемін. Бүгінгі съезд Қазақстанның дамуына   бастау береді деп есептеймін. Алдағы  10 жыл біздің озық 30 мемлекеттің қатарына жылжудағы шешуші және мүмкіндіктер   кезеңі. Осыған байланысты партия өзінің алдына  нақты мақсаттар қоюы керек. Оның барлығы бағдарламада берілген. Біздің әрқайсымыз еліміздің қуатты, өркендеген Қазақстан болуына өз үлесін қосады деп сенемін. Өз қызметімізде біз негізгі ұлттық идеяны басшылыққа алуымыз керек», - деді  Елбасы.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек 2030 жылға дейінгі бағдарламаны халықтың ертеңіне деген сенімін ұялататын үлкен бағдарлама деп атап өтті.

«Елбасының тапсырмаларына аянбай кірісу ғана қалды. Осы жолда қолда бар тетіктерді оңтайлы пайдалану керек. Осыдан да болар қызығы да шыжығы да мол 20 жылда партия әртүрлі жолды жүріп өтті», - деді Алматы қаласының әкімі.

Өз кезегінде «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Лаврентьев Андрей автоөндіріс саласының дамуы туралы айтып өтті.

«Нұрсұлтан Назарбаев бізге бес рет келді. Бұл Елбасының әрбір өндіріске жаны ашып, әр кәсіпорынға ерекше көңіл бөлетіндігін көрсетеді. Мен өз өндірісіміздің нәтижелеріне тоқталып өтейін. Былтыр біздің зауыт электр автобусын шығарды. Ол автобустар қазір Ақтау мен Атырау қалаларында жүр. Биыл Шымкент, Талдықорған қалаларына арнап шығарамыз. Астана мен Алматы қалаларында біздің электромобильдеріміз сатылып жатыр. Оның үстіне, біздің еліміздің жер ресурсы өте бай, сондықтан, отандық ауыл шаруашылығы техникасын шығару керек. Биыл "Беларусь" тракторларының отандық үлгісін жасау туралы үлкен жобаға кірісеміз», - деді Андрей Лаврентьев.

Сондай-ақ, ол партияның дамуына барынша үлес қосуға атсалысатынын атап өтті.

«Бүгін Партияның бағдарламалы құжаты үлкен міндеттер жүктеп отыр. Біз өндірушілер алға қойған тапсырмаларды орындау үшін бар күшімізді саламыз. Құрметті Елбасы! Сіз бүгін нақты тапсырмалар беріп, нақты жоспар ұсындыңыз», - деді ол.

Алматы облысынан келген көпбалалы ана Ғалия Ақбасова қандай жағдай болмасын елдің болашағынан зор үміт күткенін атап өтті.

«Мен қазір зейнеткермін. Бірақ, зейнеткермін деп, қол қусырып отырған жоқпын. Аналар кеңесінің төрайымымын. Жастарға ақыл кеңесімізді беріп, жөн сілтеп отырамыз. Жастарға айтарым: алдыңғы буын аналардың сабырынан үлгі алсаңыздар деймін. Мемлекет көп балалы аналарға үнемі қолдау көрсетіп келді және көмекті арттыра береді. Бүгін Елбасының ұсыныстарын тыңдап, көңілім қуанып отыр», - деді Ғ.Ақбасова.

Сонымен қатар, жәрдемақының өсетіні туралы жаңалық үлкен қуаныш әкелгенін атап өтті.

«Жәрдемақы өсіп, баспана мәселесінде көп балалы отбасыларға жеңілдік жасалатынын естіп, мен ғана емес, республикадағы барлық аналардың қуанып отырғанына сенімдімін.Ана ретінде үлкен тебіреніспен қабыл алдым. көп балалы отбасыларға үлкен қолдау көрсетуіңіз болашаққа сенімді ұлғайтты. Қазір аналар көп балалы болудан қорықпайды,өйткені ана мен бала мәселесі алда тұрғанын біледі.Бір ғана Алматы облысының өзінде жыл сайын бірінші сыныпқа 46 мыңнан астам бала береді екен. Бұл деген керемет емес пе! Осындай жағдай жасап, бүгін нақты тапсырмалар ұсынған Сізге мың рақмет», - деді көпбалалы ана.

Солтүстік Қазақстан облысынан келген кәсіпкер Геннадий Зенченко өңірдегі шаруашылығы цифрландырылып жатқанын айтты.

«Ең алдымен Нұр Отан партиясын 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. 10 жыл бұрын менің атам партияның 10 жылдық меретойында сөз алғаны, ал он жылдан кейін мен 20 жылдықта мінберге шығуға мүмкіндік алғаным өзім үшін толғанысқа толы сәт. Мен Солтүстік Қазақтандағы 40 мың нұр отандықтың сәлемін ала келдім. Ауыл шаруашылығы секторы драйверге айналу керек. Бізде 6 сүт комплексі бар, 1000 тонна ет алдық. Біздің егініміз үлкен. Өз элеваторымыз бар. Біздің ауыл шаруашылық техниканаларымыздың барлығы заманауи. Болашақта ауыл шаруашылығы саласы цифрландыруға көшеді деп үміттенемін. БҰҰ болжамы бойынша, «ақылды техника»  алдағы 30 жылда азық-түлік өндірісін 70 пайызға арттыра алады».

Сондай-ақ, кәсіпкер Елбасы  Жолдауын қолдауға шақырды.

«Елбасының жолдауын қолдауға шақырамын. Бұрын сіз энергияның альтернативті нұсқаларын қолдануды ұсынғансыз. Бүгін Зенченко - Солтүстік Қазақстанның мақтанышы. Бұл жерде менің атам, мен және менің балаларым да жұмыс істейді деп сенемін», - деді ол.

«Нұр Отан»  партиясы БҚО Тасқала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Думан Ғазиз өңірлерде жолдардың жөнделіп жатқанын тілге тиек етті.

«Бұл аудан еліміздің батыс өңіріндегі шекара бойында жатыр. 18 мыңның үстінде тұрғыны бар ауданымыз замана игіліктерін кеңінен пайдаланады. Сіздің жолдауда тұрғындардың өмір сүру салтын жақсарту туралы айтылған. "Нұрлы жол" бағдарламасының арқасында 104 шақырымдық Орал -Тасқала жолы жөнделді. Жылдар бойы жол азабын тартып келген тасқалалықтардың алғысын ала келдім. Жол салығы мен құрылыс жұмыстары, шағын қалаларды таза сумен, газбен қамту партияның бақылауында болу керек. Сіздің әлеуметтік бес бастамаңызды елге түсіндіру үшін шалғайдағы елді-мекендерге дейін барып жеткіздік», - деді ол.

«Самхат» ЖШС директоры Самал Тілеубаева да өз ұсынысын айтып өтті.

«Біз дамудың жаңа бағдарламасын қабылдағалы отырмыз. Партия 2030 жылға дейін шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 40 пайызға жеткізбек. Бұл- өте маңызды міндет. Бірақ, жұмыс істесе, қол жеткізуге болатын міндет. Менің ұсынысым бар. Өндіріс орындарын ауылдарда салайық. Бұл ауылды жерлердегі әйелдер мен толық емес отбасыларды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Өз кезегінде Халықаралық Түркі академиясының төрағасы Дархан Қыдырәлі игі істердің барлығы өз жалғасын табатынына сенім білдірді.

«Азаттықтың арайлы таңынан көшіңіз құйылды, жұртыңыз жиылды. Ойдағы орнап, көңіл жайланды, береке-бірлігі бекем байтағымызға бақыт байланды. Ең бастысы - қазақ болу үлкен мақтанышқа айналды. Қазіргі таңда тағдыршешті тарихи істердің бел ортасында жүрді. Өзегін өзіңіз салып берген үрдіс жалғаса береді деп сенеміз», - деді Дархан Қыдырәлі.

Халықаралық Түркі академиясының төрағасы «Нұр Отан» партиясының қазақ халқының тілін, тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және имандылық қағидаттарын елімізде тұратын барлық этностық топтардың арасында кеңінен насихаттау туралы бастамасы - жастарды патриотизмге тәрбиелеумен бірге, ұлттық бірегейлікті қамтамасыз етеді деп санайтынын жеткізді.

Ал  Бала құқығын қорғау қорының құрылтайшысы  Динара Закиева азаматтық сектордың қарқынды дамып жатқанын атап өтті.

«Құрметті Президент! Бүгінгі баяндамаңызда Сіз көпбалалы отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға қандай көмек берілетінін жеке-жеке атап өттіңіз. Сегіз жыл бұрын біз мүгедек балаларды қолдау жобасын бастаған едік. Сол сегіз жыл ішінде сал ауруына шалдыққан 1677 балаға тегін көмек көрсеттік. Мен азаматтық сектордың өкілімін. Осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметте де істеп көрдім. Ал, соңғы он жылдан бергі қызметім көмекке зәру балаларға байланысты. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің тапсырмаңыз бойныша "Нұр Отан" партиясының жанынан балалардың құқығын қорғау жөніндегі ұйым құрылды. Міне, қазір мен сол ұйымда жұмыс істеймін», - деді Д.Закиева.

Д. Закиева атап өткендей, ұйымның ендігі жұмысы аулаларды аралау, яғни, тұрғын үй аулаларындағы балалармен, олардың ата-аналарымен танысып, кімнің бос жүретінін, кімнің сабаққа барып, біліммен қамтылғанын анықтау.

«Болашақ»  бағдарламасының  түлегі Әбутәліп Мүтәліп жастардың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

«Біз шетелде білім алғаннан ешкімнен кем болмадық. "Стем"жобасын енгіздік. Бұл -математика- физикадан алған білімді өмірде қалай қолдануға болатынын көрсететін жоба. Сапалы білімге қол жеткізуіміз керек деген тапсырмаңыз бойынша, ұстаздарға шет елде тағылымдамадан өту үшін барлық жағдай жасалды. Осы орайда, мұғалім мамандығына оқитын студенттердің шәкіртақысы өзгелерден көбірек болса, осы салаға көптеген балаларды тартар едік деген ұсыныс бар. Талантты жастар өте көп, әрбір мектепте стенд кабинеттері болса деген ойдамыз. IT орталықтар ашып жатырмыз. Алда 7 орталық ашамыз. Бізді оқытқан шығынды қайтару үшін өнім өндіріп, соны шетелге сатып қайтаруымыз керек», - деді Ә.Мүтәліп.

Қатысушылар  партия бағдарламасын дауысқа салып, 2030 жылға дейін шақталған құжат бірауыздан қабылданды.

Айта кетейік,  съезге Президент әкімшілігі, Парламент депутаттары, Үкіметтің жаңа құрамы, партияның белсенді мүшелері, қоғам қайраткерлері, өңірлерден келген өкілдер қатысты.

Аягөз Құрмаш 

Фото: Бауыржан Жуасбаев 

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды