• Басты
  • Астана қаласы әкімінің есебі: Көпбалалы отбасыларға нақты көмек көрсетеміз
20 Ақпан, 2019 13:00

Астана қаласы әкімінің есебі: Көпбалалы отбасыларға нақты көмек көрсетеміз

Өткен жыл еліміз үшін де, Елордамыз үшін де толайым табыстарға толы болды. Алдымызға қойған мақсатты межелер бағынды, алқымды асулар алынды деп өз сөзін бастаған Астана әкімі Бақыт Сұлтанов халыққа есеп беріп, 2018 жылды қорытындылады.
Астана қаласы әкімінің есебі: Көпбалалы отбасыларға нақты көмек көрсетеміз | Strategy2050.kz

Б. Сұлтанов елорданың дамуы туралы есепке толықтай енбес бұрын,  жақында елордамызда болған қайғылы жағдайға қатысты өз пікірін білдіріп өтті.

«Негізгі есепті бастамас бұрын, жақында ғана күллі қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырған қайғылы жағдайға қатысты бірер пікір білдірсем деймін. Бес бүлдіршіннің қазасы бәріміздің еңсемізді түсіріп, көңілімізге қаяу салды. Осы бір оқиға көп балалы аналардың мәселесімен қатар, басқа да қордаланған әлеуметтік проблемалардың бар екенін көрсетті. Жасырмаймыз, қауіпсіздік тұрғысында жедел шешуіміз керек мәселелер бар. Ендеше, біздің басты міндетіміз - осы кедергілерді жою және мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеу», - деді Б. Сұлтанов.

Министр  қала тұрғындарының көпшілігін алаңдатқан баспана мәселесін шешу механизмдерінің қарастырып жатқанын айтты.

«Оның ішінде көп балалалы аналарға пәтерлерді жалға беретін боламыз. Жалға беріп қана қоймай, оны бірте-бірте сатып алуына мүмкіндік жасаймыз. Яғни, енді ай сайынғы маңдай термен тапқан қаржыны пәтер иесінің қалтасына салмайды. Оны түбінде меншігіне өтетін өз шаңырағына құятын болады», - деді Б.Сұлтанов.

Б. Сұлтановтың айтуынша, Астана әкімдігіне көпбалалы отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек мәселесіне қатысты көптеген сұрақ түседі. Әлеуметтік қорғау –  әкімдік үшін алдыңғы қатардағы басымдықты міндет.

 «Көпбалалы отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе.  Нақты ақпар анықталып жатыр. Қазіргі күні есептеу әдістемесінің ерекшеліктеріне сай 10 мың осындай отбасының тек 4% (барлығы 434 отбасы) ғана атаулы әлеуметтік көмек алуда. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Қанша қаражат бөлінгенмен, біз сол қаражатты тиесілі жерге жеткізе алмай отырмыз. Бұл сол отбасыларға бөлінген қаражат қой. Неге керісінше жағдай туындады? Мәселені қарастырып анықтадық. Ол жерде қарапайым адам түсіне бермейтін көп мәселе бар. Қазір ол біздің басты міндетіміз болып отыр»,- деді Б. Сұлтанов. 

Бұл ретте өзі атап өткендей, барлық тіркелген отбасылар тиісті көмекті алуы қажет. Ал тіркелмегендер тіркелуі керек.

«Бұл мәселені біздің алдымызға Елбасы қойып отыр. Әлеуметтік қорғау – бұл басты міндет. Бұл тек көпбалалы немесе аз қамтылған отбасыларға ғана емес, мүгедектер, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен басқа да санаттағыларға қатысты», - деді Б.Сұлтанов.

Әкім айтып өткендей,  өткен жылы қалада 23 мың пәтерлік 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Барлықтарыңызды қуантқым келеді: біз еліміз бойынша жаңа үйлер салып, пайдалануға беру жөнінен көш бастап келеміз. 2,3 млн шаршы метр, 23 мың пәтер. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да елордамыз Қазақстан бойынша көш басында келеді. 110 мың ш. м. –1 419 пәтер. 15 ТК салынып жатыр. Бұл – шамамен 4,5 мың пәтер, оның ішінде 3106 пәтер осы жылы пайдалануға беріледі», – деді Астана әкімі Бақыт Сұлтанов.

 Сонымен қатар, 228 апатты үй бұзылып, 3,5 мыңға жуық отбасы жаңа жайлы пәтерлерге ие болды. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 875 отбасы 27 млрд теңгеге несие алады.

Бағдарлама қолжетімді болуы үшін жаңа жыл қарсаңында әкімдік білім беру, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаты түрінде 1 млн теңгеден 100 субсидия бөлді, биыл тағы 2 мың сертификат беріледі деп жоспарлануда.

«Тұрғын үй сертификаттары менің өзіме өте қатты ұнайды. Бірақ бір мәселе бар: бәрі бірдей талаптан өте алмайды. Әйтпесе, 2 мың сертификат – күніне 5 сертификат деген сөз. Бірақ бұл шын мәнінде шешімді талап ететін мәселе. Жұмыс істейтін боламыз», – деп атап өтті Б.Сұлтанов.

 Қала әкімі үлестік құрылысқа байланысты мәселелер оның жеке бақылауында екенін ерекше атап өтті.

«Біз ведомствоаралық комиссия аясында алданған үлескерлермен тұрақты кездесулер өткіземіз. Мен айтқандай, қалағанымыздай бұл мәселені тез арада болмағанымен, шешеміз. Қабылданған шаралардың арқасында біз 68 проблемалы нысандардың санын  29 дейін қысқарттық. Бұл – 10 344 үлескер. Біз «Жол картасын» әзірледік. Сонымен, біздің жоспар 2022 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Мемлекеттік қаражат бөлінді. Олар, бірден атап өтейін, қайтарымды. Жұмыстар жүргізілуде. Табысты сәттер көп. Жұмыстар да көп. Бірақ тағы да қайталаймын, бұл – менің жеке бақылауымдағы мәселе», – деді шаһар басшысы.

Елордада студент жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де шешілуде. 

Қазіргі уақытта Астанада 90 мыңға жуық студент тұрады. 32 жатақхана жұмыс істейді, онда 14 мың студент тұрады. Алайда, тағы 11 мың студент орналастыруды қажет етеді.

Осыған байланысты әкімдік жоғары оқу орындарына құрылыс үшін 15 жер телімін бөлді. Колледж студенттері үшін тұру мәселесі жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырыс арқылы хостелдерге орналастыру есебінен толық шешілді. Бұл ғимарат құрылысын үнемдеуге және дайын инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік берді. 

Әкім айтып өткендей, қала маңындағы ескі үйлер ысырылып жатыр.

«Олардың орнына заманауи, талапқа сай, көпқабатты, айналасында мектеп-балабақшасы, емхана-дәріханасы және тағы да басқа әлеуметтік инфрақұрылымы қамтылған пәтерлер салынып жатыр. Яғни, көп балалалы аналарды пәтермен ғана қамтып қоймай, бүгінгі күннің керегіне сай жағдайлармен қамтамасыз етеміз», - деді әкім.

Бақыт Тұрлыханұлы Астананың 20 жылдық мерейтойына да тоқталып өтті.

«Осы уақыт аралығында елордамыз дәулеті тасып, сәулеті асқан әлемдегі сұлу қалалардың біріне айналды. Оның бүгінгідей өсіп-өркендеуі ең алдымен осы қала тұрғындарының ерен еңбегі деп білемін. Бүгінгі таңда біз үшін басты міндет - қаламыздың ішкі тұрмыс-тірлігін түгендеп, оның әлеуетін асыру және қалыпты өмірін қамтамасыз ету», - деді Б.Сұлтанов.

Осыған дейін қаладағы төрт аудан әкімі тұрғындар алдында есеп берген болатын.

«Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында негізгі басымдықты жаңа әлеуметтік саясатқа бұрып, ең маңызды мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды атап көрсетті. Нақтырақ айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселелері бар», - деді Б. Сұлтанов.

Қала әкімі жалпы шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсы қарқында екенін жеткізді.

«Себебі, мұның түбінде халықтың денсаулығы мен білімінің сапасы, руханияты мен мәдениетінің мәні, тұрмысы мен тынысының сәні жатыр. Астанамыздың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жаман болған жоқ», - деді Б. Сұлтанов.

Әкім білім саласына ерекше көңіл бөлді. Айтуынша,  әу бастан білім жолы ауыр жол. Алайда, қазіргі заман талабы – оқу процестерін жеңілдету, қолжетімді және ыңғайлы ету.

«Қазір не көп, ақпарат көп. Бірақ осы ақпараттық ағынның арасынан өзіне керегін ажырата білу – маңызды қадам. Біз осы бағыт бойынша, яғни, азаматқа керегін тауып беру, ыңғайлы ету, қол жетімді қылу жолында тынбай еңбек етудеміз. Халық саны өскен сайын қосымша мектептер құрылысын салуға, балабақшада орын тапшылығын жоюға басымдық беріледі», - деді Б.Сұлтанов.

Б.Сұлтанов атап өткендей,  қоғам түзелуі үшін адам түзелуі керек. Әр адам өз қарым-қабілетіне сай өнер табуы, өмірлік мақсат жолында ерінбей еңбек етуі өте маңызды. Әсіресе күш-қайраты тасыған, ақыл-ойы толысқан жастарға артар жүк көп, үміт зор.

«Биылғы 2019 жыл - Елбасымыздың бастамасымен «Жастар жылы» болып жарияланды. Жас адамның бойына тән қасиет - максимализм. Ендеше, 2019 жыл - қолға алынған әлеуметтік бағдарламаларды максималды түрде іске асыратын жыл. Астана тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған нақты қадамдарға қорықпай барып, мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек. Оның үстіне, Елбасымыз біздің алдымызға нақты талаптар қойып отыр. Астана – түрлі дарындар мен таланттардың ордасына айналуы керек. Бұл Елбасымыздың артып отырған міндеті», - деді Б.Сұлтанов.

Қала басшысы айтып өткендей,  жақында Жастар ісі жөніндегі кеңестің жиынына қатыстым. Онда жастармен пікірлесіп, түрлі мүмкіндіктерді екшедік, маңызды басымдықтар анықталды.

«Елбасымыздың бізге қойған талаптарына сай, «Астана жастары-2019» жол картасын әзірледік. Құжатқа енген шаралардың мақсаты - жастарды демеу, дұрыс бағытқа жетелеу және бойындағы талантын танып, тамырын жаюына жағдай жасау», - деді Б.Сұлтанов.

Сондай-ақ, әкім жұмыспен қамту мәселесіне қатысты бастамалар туралы да айтып өтті.

«Жұмыс істеймін деген адамға жұмыс көп. Мұны жақында ғана Елбасымыздың өзі де жастарға айтты. Демек, жастық өмірдің қайратты шақтарын бос өткізуден сақ болу керек. Мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламасы бар, қайта даярлау курстары ашылды. Мұның барлығы Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығы арқылы жүзеге асырылуда», - деді Б.Сұлтанов.

Сонымен қатар, Б.Сұлтанов медицина саласына қатысты мәселені көтерді.

«Рас, медицина саласында, әсіресе, қалалық емханаларда кадр тапшылығы, қызметкерлердің сапалық көрсеткіші бойынша бірқатар мәселелер бар. Бірақ біз осы проблемаларды жеңу үшін бірқатар қадамдар жасадық. Атап айтқанда, емхана дәрігерлерінің кәсібилігін көтеру және азаматтармен қарым-қатынас шеберлігін нығайтуға бағытталған семинарлар өткізілуде», - деді Б.Сұлтанов.  

Әкім жолдар  жақсаратынын айтып, жаяу жүргіншілер де көбейеді деді.  

«Елордамыздың бүгінгі күнгі сұлу сәулеті, келісті келбеті мен жеткен жетістігі осындағы әр азаматтың қосқан өлшеусіз үлесінің көрінісі. Баршаңыздың арқаларыңыз дер едім. Елбасымыз да Астананың ел өміріндегі маңызын үнемі айтып жүреді. Бұл - күллі қазақстандықтардың көкейінде мақтаныш сезімін оятатын, бірлік пен ынтымақтың символына айналған басты қала», - деді Б.Сұлтанов.

 

 

Аягөз Құрмаш

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды