• Басты
  • Жастар жылы: Парламент пен Үкімет үшін алынбайтын қамал жоқ
18 Ақпан, 2019 19:09

Жастар жылы: Парламент пен Үкімет үшін алынбайтын қамал жоқ

Бүгін ҚР Парламенті мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Аманұлы Кәлетаев депутаттарға ҚР Президенті жариялаған «2019 жыл - Жастар жылы» аясында атқарылатын жұмыстар жайында баяндады. Мемлекеттік жастар саясаты туралы заң іс жүзінде қалай жүзеге аспақ?
Жастар жылы: Парламент пен Үкімет үшін алынбайтын қамал жоқ

Осы уақытқа дейін жастар саясатына деген көзқарас мүлде жүрдім-бардым сипат алып келді. Жастар тек форумдар мен жиналыстар, науқандық шаралар кезінде ғана массовка үшін жиналатын әлеуметтік топқа айналды. Осы мәселе қоғамда кеңінен талқыланып, әбден жауыр сипат алған кезде Елбасы Н.Назарбаев көптің көкейінде жүрген нәрсені дөп басып айтып, ағымдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл шаруаны тиянақты атқару ҚР Үкіметіне тапсырылды. Ал Үкімет құрамында негізгі жауапты мекеме  - ҚР Қоғамдық даму министрлігі. Енді, Кәлетаев не дейді? Айтуынша, жастар жылында негізгі 5 бағытқа басымдық беріледі. Олар - баспанамен қамту, жұмыспен қамту, білімді жетілдіру және еріктілер қозғалысын дамыту, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, жас отбасыларды қолдау. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында айлық төлемі 12 мың теңгені құрайтын жалдамалы пәтерлер берілетінін айтты. Баспанаға 29 жасқа толмаған жастар үміткер бола алады.

«Жастар жасының жоғарғы шегі ретінде 29 жасты емес, 35 жасты басшылыққа алу керек. Себебі, қазір кейбір бағдарламалар бойынша 29 жастан асып кеткендер баспананы сатып ала алмай қалады. Өйткені, олар келісімшарт бекіткеннен кейін үш жылдан соң 29 жастан асып кетіп жатады», - дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Гүлнар Иқсанова.

Депутаттар елдегі қордаланған жастар проблемаларын шұғыл түрде шешу керек дейді. Нөмірі бірінші сұрақ – баспанамен қамтамасыз ету. Осы мәселені біржола реттеп тастайтын кез келді. Қанша жылдан бері айтылып келеді, түрлі-түсті бағдарламалар қабылданып жатыр, десек те, ұшы қиыры жоқ проблема болды деп ашынды халық қалаулылары.

- «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге аса бастағаннан бері 19 мың пәтердің 34 пайызы 28 жасқа дейінгі қатысушыларға берілген. Жастардың баспана проблемасын шешу үшін елімізде қажетті ақпарат жоқ. Бұған қоса, тұрғын үй түрлері туралы мәселені қарастырудың уақыты келді. Олар – қолжетімді ипотека, студенттерге ғана емес, жұмысшы жастарға арналған жатақханалар, қызметтік, әлеуметтік баспана, тұрғын үй кооперативтері және жеке құрылыс», - дейді Жастар саясатына арналған Үкімет сағатында халық қалаулысы Гүлнар Иқсанова.

Жастардың жоғары жалақы төлейтін жұмысқа орналаса алмауы бүгінгі қоғамның үлкен дерті.

- «Біз жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешіп тастадық деп айта алмаймыз. Бұл мәселенің шешімін жұмыспен қамтудың жол картасы аясында қарастырып жатырмыз», - деді ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Аманұлы.

Жұмыссыздықты шешу үшін «Жас кәсіпкер» және «Жас маман» бағдарламалары әзірленуде. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында берілетін бір реттік төлемақы мөлшері 70 айлық есептік көрсеткіштен 100 АЕК артып отыр. Еріктілер қауымдастығына қатысы бар студенттердің шәкіртақысы 30% көбейеді.

 «Кәсіпкерлікпен айналысу үшін жастарды оқытамыз деген бос әңгіме. Осынша жастың сауатын аштық деп, қолдарына сертификат үлестіргеннен пайда жоқ. Ол ақшаны керісінше кәсіппен нақты айналысамын деген адамға берейік. Мысалы, Сіздер осы мақсатқа 15 миллиард теңге қарастырған екенсіз. Жөнсіз форумдар мен конференцияларға жұмсалатын ақшаны, одан да несиеге бөлейік. Сөйтіп, 15 миллиард теңге емес, берілетін несиеге қарастырылған соманы 30 миллиардқа дейін арттырайық», - дейді Нұртай Сәбильянов.

Бір сөзбен айтқанда, атқарушы билік пен заң шығарушы билік қазір Жастар жылын абыроймен атқару үшін күш біріктіріп жатыр. Барлық министрліктер, жергілікті әкімдіктер, бизнес қауымдастық, депутаттар, ассамблея, барлығы биыл жастардың әлеуметтік жағдайын шешуге барынша ат салысуға дайын. Сондықтан, еліміздің әр түкпіріндегі жұмыссыз, үйсіз-күйсіз жүрген жастар қол қусырып отырмай, барлық тиісті сұрақтармен өздері тіркелген мекен-жайлары бойынша жергілікті билік өкілдеріне баруы тиіс. Жүзбе-жүз кездесіп, керек құжаттарды тапсырып, тиісті кеңес алуы керек.

- «Елімізде жастар арасында суицид және суицидке бару әрекеті саны төмендеуде. Деректерді салыстыратын болсақ, өткен жылы жастар арасындағы суицид саны 3,9 % (654 болған, қазір 628) төмендеген. Бірақ, 628 – бұл өте үлкен көрсеткіш, сондықтан жастар арасындағы суицид мәселесі көкейкесті болып қала бермек. Алдын алу жұмыстары Білім және ғылым министрлігімен, ғылыми және қоғамдық институттармен бірлесіп жалғасады», - деді Дархан Кәлетаев.

Өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы қатарда тұрған елдердің бірі Сингапур мемлекеті. Біз осы елге көптеген даму көрсеткіштері бойынша еліктейтініміз рас. Ли Куан Ю мырзаны сыбайлас жемқорлықты жеңген, мемлекеттік қызметте алып реформа жасаған тұлға деп білеміз. Алайда, сол реформалар халық үшін аса ауыр болды. Әлеуметтік алшақтық ұлғая түсті. Осыдан келіп, суицид өсті. Тағы бір мысал – Гүржістан. Олардың ішкі істер саласындағы реформалары да халыққа ауыр тиді. Мыңдаған полиция офицерлері жұмыссыз қалып, өз-өздеріне қол жұмсаған жайттар күрт асқан. Бірақ ол туралы көп айтылмайды. Бізде де солай. Жылына жүздеген жастың арқанға асылуы көбіне экономикалық проблемалардан туындайды. Сол себепті, биыл сөзден іске көшетін жыл. Балалар мен жасөспірімдер, жастар мәселесі түбегейлі шешілетін жыл. 80 астам іс-шарадан тұратын Жол картасы бекітілді. Оған тұтастай алғанда шамамен 130 миллиард теңге жұмсау болжанып отыр. 

Данияр Оралов

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды