• Басты
  • 2018 жылы экономиканың барлық салаларында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді – Елбасы
30 Қаңтар, 2019 12:42

2018 жылы экономиканың барлық салаларында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді – Елбасы

Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметің кеңейтілген отырысында 2018 жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындылары мен биылғы жылға нақты жоспарлар анықталды. Бүгінгі жиынға Үкімет мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен министрліктер басшылары қатысты. Атқарылған жұмыстың қорытындысы мен нақты жоспарлар қандай болатыны туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
2018 жылы экономиканың барлық салаларында  жақсы көрсеткіштерге  қол жеткізілді – Елбасы

«Біз бүгін өткен жылдың қорытындысын шығарайық деп отырмыз. Былтыр істелген жұмыстар осы жердегі  бәріміздің атқарған шаруамыздың нәтижесі. Барлық әкімдіктердің, министрліктердің, жалпы мемлекет қызметкерлерінің істеген жұмысы, оның ішінде мен де бармын», - деді Елбасы.

 

Елбасы алдымен өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы баяндалатынын айтты.

«Алдымен өткен жылды әлеуметтік –экономикалық даму қорытындыларын  қарастыратын боламыз. Содан кейін, әрі қарай нақты не істеуіміз керек қарап шығамыз. Жалпы, 2018 жылғы экономиканың барлық салаларында  жақсы көрсеткішке қол жеткізді деп айтар едім. Соның нәтижесінде  халықпен  әлеуметтік қызмет істеудің де жағдайы  болды. Атап айтқандай, экономиканың өсімі  4 пайыздан асты, ол жалпы дүниежүзілік орташа өнімнен жоғары. Негізінен, саудада  7,6, транспортта  4,5, өнеркәсіпте  4,6 пайыз өсім бар », - деді Елбасы.

Сондай-ақ, Президент басқа салаларда да жақсы қарқын байқалатынын атап өтті.

«Инфляция деңгейі 5,3 пайыз. Солай деп жоспарлаған болатынбыз. Негізгі капиталға субсидия  17 пайыздан жоғары. Жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Аталған көрсеткіштердің барлығы халық  тұрмысының жақсарып, нақты табысының артуына нақты себебін тигізеді. Қазір атқарылған жұмыстарды  талқылап, алға жоспарларды анықтаймыз», - деді Елбасы.

Сонымен қатар Елбасы  кеше ғана 5 облыстың әкімдерін қабылдағанын тілге тиек етті.

«Кеше 5 әкіммен кездестім. Оның ішінде Алматының да әкімі бар. Есептерін тыңдадық. Өңірлерде де істеп жатқан  шаруа аз емес. Барлығы бағдарламаларды жүзеге асыру үшін жұмыс істеп жатыр.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаев Елбасы тапсырмалары  орындалып жатқанын жеткізді.

«Құрметті Елбасы,  сіздің  үшінші жаңғырудың шеңберінде экономикалық өсімнің жаңа моделін құру бойынша  сіз айқындап берген мақсат-міндеттер орнықты дамуын қамтамасыз етіп, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену бойынша ілгеру басуға мүмкіндік беріп отыр. Сіздің стратегиялық нұсқауларыңызбен, тапсырмаларыңызды іске асыру нәтижесінде  2018 жылы елдің әлеуметтік-экономикалық өсуін қамтамасыз етті», - деді Е.Досаев.

Сонымен қатар, Е. Досаев «7-20-25» бағдарламасы бойынша 92 млрд теңгеден астам сомаға өтінімдер келіп түскенін атап өтті.

«2018 жылдың 1 шілдесінен «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы басталды. Бүгінде 43, 7 млрд теңге сомасына 3 600 несие берілді. Жалпы 92 млрд теңгеден астам мөлшерде өтінімдер келіп түсті», - деп нақтылады Премьер-Министр орынбасары.

Сондай-ақ, Е.Досаев 2018 жылдың 10 қаңтары мен 5 қазанында жарияланған Елбасы Жолдауларын жүзеге асыруға ерекше назар аударылғанын атап өтті.

«Өткен жылы «100 нақты қадам»  Ұлт жоспарын  іске  асыруды жүзеге асырдық. Жоспардың  42 қадамын орындау Үкіметтің ерекше бақылауында», - деді Е.Досаев.

Сондай-ақ, Е.Досаев «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған міндеттер әлеуметтік жаңғыру істеріне маңызды идеологиялық қолдау көрсетіліп отырғанын айтты.

«2018 жылдың  5 қаңтарда жарияланған Жолдауға сәйкес, жаңа тәсілдерді іске асыру бойынша индикаторлар мен мақсаттар қалыптастырылды. Осыны есепке ала отырып,  2018 жылдың желтоқсанында  2019 жылға  бағдарламаны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жаңа бағыттармен толшықтыру жұмыстары жүргізілуде. Өткен аптада ресми түрде Жастар жылы басталды. Оның барысында жастарды қолдауға бағытталған жақ-жақты жаңа  бастамалар  жарияланды. Үкімет тапсырмаларды орындау үшін  нақты тапсырмаларды орындау үшін қаржылық қамтамасыз ету үшін мақсатында Жол картасын бекітті. Жалпы, Жастар жылын шараларды жүзеге асыру үшін алдағы үш жылда  100 млрд теңге бөлінеді», - деді Е.Досаев.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Елбасының тапсырмасы бойынша бірнеше бағыт бойынша жұмыс жасалып жатқанын жеткізді.

«Біріншіден, біз банк секторын қалыпқа келтіру жұмысын жалғастырдық. Банктерді қадағалау саласында Ұлттық банктің мандатын күшейту бойынша заңдарды қабылдадық. Екіншіден, әр отбасына баспана алу мүмкіндігін беру үшін «7-20-25» бағдарламасын іске қостық. Үшіншіден, экономиканың нақты секторын кредиттеуді тежейтін проблемаларды шешеміз», - деді Д.Ақышев.

Сондай-ақ,  Ұлттық банк төрағасы атап өткендей, несие беру ауқымын кеңейту жұмыстары туралы жүргізіліп жатқанын айтты.  

«Сіздің Жолдауыңыздағы белгіленген тапсырмалар аясында экономиканың басым бағыттарын қолдау үшін 600 млрд теңге несие беру механизмі іске қосылды. Жобаларды қаржыландыру механизмдері бекітіліп, алғашқы банк несие беруді бастап кетті. Алайда 600 млрд теңгелік бұл бағдарламадан бөлек, Ұлттық банк ақшалай несие беру саясатының тиімділігін арттыру жұмысын күшейтеді. Сіздің тапсырмаңыз бойынша, Ұлттық банк аталмыш секторды әлсіз әрі тиімділігі төмен банктерден тазарту жұмысын жүргізді. Бұрын айтқанымыздай, біз өткен жылдардың қателіктерін ескере отырып, заңнамалық тұрғыда жұмыстың қатал ережесін енгіздік», - деді Д. Ақышев.

Сондай-ақ, Данияр Ақышев соңғы 10 жылда банктердің несиелері 5,5 трлн теңгеге өскенін, бұл көрсеткіш 70 пайыздық өсім көрсеткенін атап өтті.

 «Осы уақыт ішінде 7 банк жойылып, 2 банктің жұмысы қайта жанданғандықтан, 5 мрлн теңге сызылып қалған. Яғни, қарыз алушылар осы жылдар ішінде берген ақшаның бәрін қайтармаған. Несиелер уақыт өте келе проблемалы сипат алып, банктердің шарттарды өзгертуге тырысқанына қарамастан, мәселе сол күйінде қалған», - деді Ақышев.

Ал Индустрия және  инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек министрлік Индустрияландыру, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын  жүзеге асыруға жауапты екенін айтты.

«Индустрияландыру бағдарламасы  2018 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп 4,1 пайызға өсті. Бұл тау-кен секторының 4,6 пайызға жіне өңдеуші өнеркәсіптік  4 пайызға озық қарқынмен өсуімен орындалды. Өнеркәсіп саласы бойынша өңірлерде Атырау, Қостанай,Ақмола  Ақтөбе және Павлодар облыстары  мен Астана қаласы көш бастап келеді. Өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың саны 14 мың  700-ге жетті,  2010 жылмен салыстырғанда 30 пайызға жоғары. Жалпы алғанда өнеркәсіп бойынша еңбек өнімділігі 3,5 пайызға, негізгі капиталған инвестициялар  27  пайызға өсті. Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру кезеңін 2010 жылдан бастап алғанда 7,9 трлн теңге  1250-ден астам жоба іске қосылып, 120 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды», - деді Ж. Қасымбек.

Сондай-ақ, министр 2018 жылдың  11 айдың қорытындысы бойынша  экспорт көлемі 26 пайызға өсіп, 54,7 млрд долларды құрағанын айтты. Оның ішінде өңделген өнім экспорты 14,3 долларға жетті.

«2018 жылы қазақстандық өнім 110-нан астам елге экспортталды. Алдағы  3 жылда салаға  қосымша  500 млрд теңге бөлу  туралы сіздің шешіміңіз шикізаттық емес экспортты дамытуға  тың серпін береді деп есептейміз. Бұл  2021 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі экспортын 720 млрд теңгеге дейін,  экспорттаушылар санын  411-ден 600 субъектке дейін арттыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Сондай-ақ, министр авиация саласында да өсім бар екенін айтты.

«Азаматтық авиацияда көрсеткіштердің тұрақты өсімі байқалуда. Мәселен, транзиттік жолаушылар саны 2010 жылы 20 мыңнан 2018 жылы 900 мыңға дейін өсті. 2020 жылы транзиттік авиажолаушылар саны 1,6 млн адамды құрайтын болады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ҚР Президентінің  тапсырмасы бойынша алғашқы ұлттық төмен бюджетті Fly Arystan авиакомпаниясын іске қосу жоспарланған.

«Алғашқы жылы пайдалануда 1 млн  жолаушыға дейін тасымалдау жоспарлануда, бұл «Эйр Астананың» бағасынан 2 есе төмен. Көлік саласын дамыту бойынша алға қойылған міндеттерді одан әрі іске асыру 2025 жылға дейінгі «Нұрлы жол» бағдарламасында көрініс табатын болады», - деді Жеңіс Қасымбек.


Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Жолдауда  еңбек өнімділігі мен экспортты 2,5 есе арттыру туралы маңызды әрі күрделі талап қойылғанын айтты.

« Осы тапсырманы орындау үшін Үкімет саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасын толықтай қайта қарап, жаңа нұсқасын бекітті.Еңбек өнімділігі 2018 жылы 23 пайыз өсімді құрады. Осы қарқынмен  4 жыл ішінде 2020 жылға дейін еңбек өнімділігі  жұмыс істейтін салаға  4 млн теңгені құрауға мүмкіндік береді», - деді ол.

Өз кезегінде Елбасы ауыл шаруашылық өнімдерінің деңгейін әлемдік деңгейге шығару қажеттігін айтты.

«Ауыл шаруашылығы саласы болашақта экономиканы дамытудың негізгі драйвері болатынын үнемі айтып жүрміз. Барлық елдер өздерінің жерлерін игеріп болды. Осы орайда, технологиялық жетістіктердің ең жоғары шыңына шықты. Енді олар (егістіктерінде) бұдан жоғары өндіре алмайды. Дүниежүзінде қалған жер (игеруге болатын) Қазақстан, Ресей, Украинада қалды», - деді Елбасы.

Осы орайда Президент елдегі ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

«Егер де барлық елдер АҚШ-тағы секілді азық-түлікті көбірек тұтынатын болса, әлемдегі азық-түлік 2,5 млрд адамға ғана жетеді. 2040 жылы Жер бетінде 8,9 млрд халық болады. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныстың артуына байланысты барлығы бізге келеді. Осы үрдістерге дайындалу керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуетіне жекелей қарау қажет. Қанша қаржы керек болса, соны берейік. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткізу керек», - деді Мемлекет басшысы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа қарата.

Айта кетейік, отырыста Батыс Қазақстан облысы мен Жамбыл облыстарының әкімдері өңірлерде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы баяндап берді. 

Аягөз Құрмаш

Фото: Бауыржан Жуасбаев 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды