• Басты
  • Тәуелсіздіктің ұрпақтары: Елбасы Жастар жылын салтанатты түрде ашты
23 Қаңтар, 2019 13:16

Тәуелсіздіктің ұрпақтары: Елбасы Жастар жылын салтанатты түрде ашты

Жастар жылы — Қазақстан үшін алғаш рет бастау алған бірегей оқиға. Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланды, оның аясында мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдауға және іске асыруға бағытталған шаралар қабылданатын болады. Елордада «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Тәуелсіздіктің ұрпақтары: Елбасы Жастар жылын салтанатты түрде ашты | Strategy2050.kz

Шараға республиканың барлық жастары интернет желісі арқылы онлайн  жүйеде қатысты.  Оның ішінде  115 ЖОО мен 479 колледж бар. Сондай-ақ,  шарадан жастардың барлық санаттағы өкілдері,  «100 жаңа есім»   жобасының    жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері де тыс қалмады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында белсенді жастар жұмыстары мен  ұсыныстарын алға тартты.

23 жасар кәсіпкер Расул Абдуллаев  Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқан тиімді жобалары  туралы айтып берді.

«Елбасы, сіздің еңбегіңіздің нәтижесінде қазақстандық жастар  сеніммен  сіз салып берген сара жолды жалғастыра отырып, ТОП-30 елге қарай ұмтылады, себебі сіз салып берген негіз бар.   Біздің алдағы жоспарларымызды айтып өтсек, ол алдымен  4 млн аудиторияны құрайтын  «Юфрейм» жобасы. Біздің ұжымның басты мақсаты қазақстандық контентті әлемдік деңгейге шығару»,  - деді Расул Абдуллаев.

Сондай-ақ, жас кәсіпкер  елде Маркетинг министрін құруды ұсынды.

«Нұрсұлтан Назарбаев, сізге Қазақстан Республикасының  Маркетинг министрі атауымен жоба ұсынғым келеді. Ол ұйым барлық ведомстволардың жұмысын  жақсартатын платформаға айналуы мүмкін. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де насихаттау жұмысын жүргізеді. Қазір бізде барлық мамандардан құралатын топ бар. Тек мүмкіндік қана қажет. Аз уақыт ішінде нәтиже көрсетуге дайынбыз. Айта кету керек, бұл әлемдегі тұңғыш Маркетинг министрі болмақ», - деді Расул Абдуллаев.

Өз кезегінде  қазақтың салт-дәстүрін шетелге танытып жүрген бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы  Қазақстанда балаларды оқытатын бүркітшілер мектебін ашуды ұсынды.

«Нұрсұлтан Әбішұлы, мен сізбен кездесуді армандайтынмын. Бүгін сол арманым орындалды. Аздап қобалжып тұрмын, себебі күнде Президентпен кездеспеймін ғой. Отаннан жырақта жүрген 5 млн қазақтың бірімін. Монғолияның Бай-Өлке аймағында туып, өстім. Бірақ, атамекенім Қазақстан екенін еш уақытта ұмытпадым. Соның нәтижесі шығар, қазір Астанадағы «Нұр Орда» халықаралық мектебінде  білім алып жатырмын. Мені әлемге танытқан фильм 30 елде көрсетілді. Бұл фильм арқылы барша әлем қазақтың салт-дәстүрімен танысты. Маған әкем Нұрғайып бүркіт ұстаудың қыр-сырын үйретсе, анам әркез қолдап жүрді. Алғаш рет  8 жасымда бүркітімді қолыма қондырдым. Бүркіт баптау үшін қайсарлық қажет. 13 жасымда Бүркітшілер сайысында бірінші орынға ие болып, рекордты жаңарттым», - деді А. Нұрғайыпқызы.

Сонымен қатар, бүркітші қыз Қазақстанның өңірлерінде жастарды оқытатын, бүркітшілер мектебі ашылса деген арманы бар екенін айтты.

«Биылғы жылды Жастар жылы деп жариялағаныңыз үшін алғыс. Алтайдағы аз қазақтың аманаты бар еді, сізді Бай-Өлкеге қонақ болуға шақырамыз. Ақ  дастарханнан дәм татып кетсеңіз, алыстағы ағайынның рухы бір жасап қалар еді», - деді Айшолпан Нұрғайыпқызы.

Салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев қоғам өмірінің барлық аспектілеріне жастардың кең ауқымда және тиімді қатысуы үшін Жастар жылының маңыздылығын атап өтті.

«Жастар мен айтқан барлық бастамаларды  әр салада жүзеге асырып жатыр. Тәуелсіздік жылдары көп жұмыс жасалды, көп жеңіске  жеттік. Тәуелсіз  Қазақстанды орнатып, дүниежүзі картасына орнаттық. Әрбір адам саясатқа келгенде, әсіресе  ел басқарам деген үміті болса, оның халыққа жолдайтын ойы, жоспары болуы керек. Сол жоспарды іске асырып, нәтижесін көрген саясаткер бақытты. Істеп жатқан жұмыстың  барлығын айта беруге болады, экономиканы көтердік, халықтың әл-ауқатын арттырдық, мәдениетін, барлығын көтердік. Дүниені таң қалдыратын  Астананы салдық. Бірақ, ішіндегі ең негізгі жетістік, сендерді, жаңа буынды тәрбиелеп шығардық», - деді Елбасы.

Сондай-ақ, Президент жүзеге асырылған шаралардың ең негізгісі, ең үлкен жетістігі, менің еңбегімнің жемісі – жаңа буын екенін атады.

«Мен бүгін сендермен кездескеніме өте бақыттымын. Жастар жылының басымен құттықтаймын. Бүгінде өмірдің барлық салалары өзгеріске ұшыраған. Білім беру, жұмыс, отбасы  және біздің қарым-қатынасымыз да өзгеруде.  Мұның барлығы барша әлемнің траекториясына әсер етеді, Қазақстан да одан тыс қалмайды. Біздің көз алдымызда жаңа жаһандық өркениет пайда болуда», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Елбасы қазір жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктер жақсы екенін атап өтті.

«Біздің кезімізде теледидар да болмаған, әсіресе ауылдарда. Радио енді пайда болып жатқан кез, телефондар да болмады. Адамзат  үшін  100 жыл түк емес. Қараңыздар, қалай барлығы өзгерді. Ал қазір  10 жыл сайын бірдеңе өзгереді. Сондықтан да, біздің ел уақыттың  сын-тегеуріндеріне  сай болуы керек. Біз  50 елдің қатарына ендік. Алайда, бұл аз. Бүгін мемлекеттер арасындағы бәсекелестік  қана емес, адамдар арасындағы бәсекелестік күшейіп келеді. Білімді, ғылымды дамытқан креативті ұрпағы бар елдер жеңіске жетеді. Сіздердің білім мен энергияларыңызға Қазақстанның болашағы тәуелді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы атап өткендей, Жастар жылы құр жарияланбады.

«Біз жаңа қазақстандықтардың қажеттіліктерін қолдайтын қарапайым әдістерді құрастыруымыз керек. Бұл қолжетімді, сапалы білім. Жұмыс, баспана және отбасы құру мүмкіндігі. Осы аталған төрт  сала жастар мен мемлекет үшін өте маңызды. Үкіметке, Президент Әкімшілігіне  баспана тапшылығына қатысты ірі қалаларда  (3 миллиондықтарға)  тұрғын үй құрылысын салуды тапсырамын», - деді Елбасы.

Елбасы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жылына  1 мың пәтерден  кем емес  тұрғын үй салу қажет екенін атап өтті.

«Сарапшылар әлемнің 600 ірі қаласында әлемдік өнімдердің 60 пайызы өндірілетінін айтады. Алматы миллонер қала, енді Астана мен Шымкент қосылды. Кезекте тағы екі қала тұр және біз мұны жасаймыз. Осы үш қалада жұмыс істейтін жастар үшін жылына мыңнан кем емес пәтер салатын боламыз», - деді Елбасы.

Сондай-ақ, Елбасы жалға берілетін  тұрғын үй секторын дамыту қажеттігін айтты.

«Бұл пәтерлер жалға берілетін тұрғын үй санатына жатқызылуы тиіс. «7-20-25» бағдарламасы да бұл мәселені шешуге бағытталған. Бағдарлама бойынша баспана алуға тек жұмыс істейтіндер үміткер бола алатынын естен шығармау керек. Жалға берілетін тұрғын үй секторын дамыту – әлемдік тәжірибе. Кеңес Одағында біз пәтерге  «байланып» қалатын едік. Ешқайда кете алмайсың, өйткені пәтер сенікі емес, мемлекеттікі, басқа жерде ешкім саған баспана бермейді. Солай болатын», - деді Елбасы.

Президент атап өткендей, жастар өз тарихын мақтан тұтуы қажет.

«Қазақстанның болашағын жастарға сеніп тапсыруға болады деп ойлаймын. Біз текке жұмыс істеген жоқпыз. Біз дұрыс ұрпақты тәрбиелей алдық деген сенімдемін. Еліміздің болашағы үшін алаңдамаймыз. Сендер Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына шығара аласыздар», - деді Н.Назарбаев.

Елбасы   бүгін  жастарға кеңінен жол ашатын маңызды бастамалармен танысу болғанын жеткізді.

«Қолға алған тың жобалардың бәрі табысты жүзеге асады деп ойлаймын.Жастық шақтың күш-қайратын егемен елімізді өркендетуге жұмсай беріңіздер! Сіздерге зор денсаулық, толағай табыс  пен бақ-береке тілеймін!», - деп түйіндеді Елбасы.

Айта кетейік, Жастар жылының ашылу салтанатына Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысты.

Аягөз Құрмаш

Фото: Бауыржан Жуасбаев

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды