• Басты
  • Жыл сайын тұрғын үй құрылысына 200 млрд теңге бөлінеді
17 Қаңтар, 2019 17:41

Жыл сайын тұрғын үй құрылысына 200 млрд теңге бөлінеді

2018 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 12,1%-ға артты. Жеке тұрғын үй құрылысына инвестиция 459 млрд теңгені, көппәтерлі тұрғын үй құрылысына — 702 млрд теңгені құрады. Жеке инвестициялар есебінен 5,7 млн м² немесе 39 мыңнан астам жеке тұрғын үй, сондай-ақ 6,8 млн м² немесе 74 мыңнан астам көп пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйді пайдалануға берудің арту деңгейі республиканың барлық өңірлерінде байқалады.

Жыл сайын тұрғын үй құрылысына 200 млрд теңге бөлінеді | Strategy2050.kz

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев   2018 жыл тұрғын үй құрылысы бойынша табысты болғанын айтты.

«2018 жылдың қорытындысы бойынша 12,5 млн м² тұрғын үй іске қосылды, ол өткен жылдың деңгейінен 12,1% жоғары. 113 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартты», — деп атап өтті вице-министр.

2018 жылы тұрғын үй құрылысына 1,2 трлн теңге инвестицияланды. Бұл 2017 жылдан 8,1%-ға артық. Инвестициялардың негізгі үлесін — 86% — жеке құрылыс салушылар мен халықтың инвестициялары құрайды. 1 теңгеге мемлекеттік қаражатқа 6 теңге жеке инвестициялар тартылды.

2018 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру қорытындылары туралы айта келе, вице-министр бағдарламаның тұрғын үй құрылысына қайта инвестиция салу және қайтару тетіктерін қарастыратынын еске салды. Бұл бағдарламаны іске асыруға салынған ақша қайтарымды негізде елдің тұрғын үй құрылысына тұрақты түрде инвестицияланатынын білдіреді.

«7-20-25» бағдарламасының қабылдануына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылдан бастап құрылыс алаңдарын инженерлік коммуникациялармен жабдықтауды қаржыландыру сомасы 80 млрд теңгеден 100 млрд теңгеге дейін артты.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалға берілетін және кредиттік тұрғын үйлерді қаржыландыру қарастырылған.

Қ. Өскенбаевтың айтуынша, «Сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысы» бағыты бойынша жыл сайын 25 млрд теңгеге дейін бөлінген. 2019 жылдан бастап қаржыландыру 35 млрд теңгеге дейін артты.

Әкімдіктер «Кредиттік тұрғын үй құрылысы» бағыты бойынша жобаларды қаржыландырады (револьверлік негізде). Жыл сайын тұрғын үй құрылысына 200 млрд теңге бөлінеді. Оның айтуынша, аталған бағыт аясында тұрғын үй құрылысы бұдан былай тек қана өсе береді.

«Нұрлы жер» бағдарламасының тағы бір бағыты аясында — «Жеке құрылыс салушылардың тұрғын үй салуын ынталандыру» — «Даму» банкі арқылы құрылыс компанияларының тұрғын үй құрылысына несиелерін субсидиялау қарастырылған. Сыйақы ставкасының 7% субсидияланады. Ал банктер болса 152 млрд теңгеге дейін қарыз берді.

«“7-20-25” ипотекалық бағдарламасы мен “Нұрлы жер” бағдарламасы бір-бірін тамаша толықтыруда. Егер “7-20-25” бағдарламасы тұрғын үйді сатып алу үшін адамдарға қаражатқа қол жетімділік берсе, “Нұрлы жер” тұрғындарымызды қолжетімді бағамен пәтерлермен қамтамасыз етуге бағытталған», — деді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, «7-20-25» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру үшін «Нұрлы жер» бағдарламасына түзетулер енгізілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша әкімдіктер салған тұрғын үйлерді «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар мен тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына бір мезгілде іске асыру жүйесі қарастырылған.

«Егер 2017 жылы Қазақстанда 11 млн м² тұрғын үй салынса, 2018 жылы – 12 млн м² тұрғын үй салыды, ал 2019 жылы біз 13 млн м² тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін барлық алғышарттар бар. Олар жақсы сараптамаға негізделген. Менің ойымша, біз алға қойылған міндетті орындап шығамыз», — деді Қ. Өскенбаев.

Өз кезегінде   «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова әскери қызметшілерге арналған «Әскери баспана» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы айтып берді.

2018 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі заңнама өзгергеннен кейін әскерилер баспана сатып алу үшін 70 мың арнайы шот ашты. Бұл шоттардағы ақшаға қол сұғылмайды және әскери қызметкерлердің  борыштарына байланысты қандай да бір несие төленбеген жағдайда тұтқынға алынбайды.

2018 жылдың шілде айында «Әскери баспана» бағдарламасы іске қосылды. Банк пәтер сатып алу үшін әскери қызметшілерге жеңілдік шарттарын ұсынды: жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-дан 8%-ға дейін, бастапқы жарна — 5%-дан 20%-ға дейін. Қарызды көп балл жинаған үміткерлер алады. Ұпайлар қызметтің әрбір толық айы үшін есептеледі. Кім ұзағырақ қызмет етсе, соның мүмкіндігі жоғары болады.

«Әскери баспана» бағдарламасының шарттары бойынша пәтер құнының 5% ғана жинаған әскери қызметшілер жылдық 7% ставка бойынша несие ала алады. Шарт бойынша пәтерді тек бастапқы нарықта сатып алуға болады: пәтер құнының 20%-ын жинағандар құрылыс салушыдан жылдық 6%-бен жаңа тұрғын үй сатып алуға несие рәсімдей алады. Екінші нарықта тұрғын үй сатып алғысы келетін әскери қызметшілер жылжымайтын мүлік құнының 20%-ын енгізуі тиіс, ал несие бойынша жылдық мөлшерлеме 8%-ды құрайды.

Л. Ибрагимованың айтуынша, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арнайы әзірленген askeri.baspana.kz сайты арқылы 13 мың өтініш түсті. Оның ішінде 5,5 мың әскери қызметші несие бойынша оң шешім алды, құжаттарға қол қойылып, қазіргі уақытта олар пәтер іздестіруде.

2250 адам ТҚЖБ-дан қолжетімді несие алып, өз пәтерлеріне қоныстанды. 250 әскери қызметшінің құжаттары банкте қарауда жатыр.

«2019 жылдың 1 сәуіріне дейін несие бойынша оң шешім алған 5,5 мың әскери қызметкердің барлық құжаттарын қарап, екінші бағдарламаны бастауды жоспарлап отырмыз», — деді Л. Ибрагимова.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере келе, онлайн режимінде қызмет көрсету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да айтты.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан барлық нысандар туралы қазақстандықтар baspana.kz сайты арқылы біле алады. Порталда қолжетімді шаршы метрге үміткер пәтерді сатып алғысы келетін қаланы таңдап, қандай нысандар салынатынын, өтініштерді қабылдау ретін біліп, ұнаған пәтерді таңдап, тұрғын үйді сатып алушылар пулына қатысуға өтінім бере алады.

«Жыл сайын салымшылардың саны өсуде: бізде 1,2 млн салымшы бар, ал 3 жыл бұрын олардың қатары 600 мың ғана болған еді. Алайда осыған қарамастан банктегі адамдар саны ұлғайып жатқан жоқ. Сондықтан соңғы 3 жыл ішінде біз барлық бизнес-процестерді автоматтандыруға баса назар аударамыз», — деді Л. Ибрагимова.

Біріншіден, кеңесшіні үйге шақыру мүмкіндігі бар және ол өзінің арнайы планшеті арқылы үйіңізге келіп депозит ашып бере алады. Екіншіден, салымшылар кез келген банктің карточкасынан депозитті еш комиссиясыз сома мөлшеріне қарамастан толықтыра алады. Автоматтандырудың үшінші кезеңі-электрондық портал арқылы құжаттарды беру. 2018 жыл бойы өтінімдерді жинау, пәтерлерді бөлу және басқа да процестер ЖТҚЖБ интернет-банкингімен байланысты baspana.kz порталы арқылы жүргізілді.

«Біз алдын ала біліктілік бойынша үлкен жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Көптеген салымшыларды табысы айына 100-120 мың теңге болғанда олар қандай сомаға үміттене алатыны  толғандырады. “Алдын ала біліктілік” институты 2019 жылдың басында жұмыс істейді және әрбір салымшыға банкте қарыз қандай сомаға мақұлдануы мүмкін екендігі туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді спикер.

Салымшының орташа жасы-36 жас. 150 мың балалар депозиті 0-18 жас аралығында ашылды. Л. Ибрагимованың айтуынша, ТҚЖБ қызметін бір рет пайдаланған адамдар артықшылықтарды түсіне отырып, бала туғаннан бастап қаржы жинай бастайды.  Әрбір үшінші салымшы 18-29 жас аралығындағы адамдар, бұл спикердің айтуынша, басым топқа жатады.

«Жастар (ескерту. – 2019 жылды Мемлекет басшысы Жастар жылы деп жариялады) жылы жас отбасылар үшін әр-түрлі бастамаларды ұсынатын боламыз. Бағдарламаны бастапқы нарықта ғана емес, екінші нарықта да қарастырып, оның кеңеюіне қажет құралдарды саралап қарастырамыз. Өйткені, біз салымшылардың түрлі сегменттерін зерделей келе, біз халықтың әр бөлігінің өз қажеттіліктерін байқадық. Басында адамдар баспаналы болғысы келіп, бір бөлмелі пәтерді сатып алғысы келеді. 3-4 жылдан кейін балалары пайда болған соң тұрғын үй көлемін ұлғайту туралы өтініш білдіреді. Бұл өмірлік цикл өте маңызды, біз отбасының әрбір кезеңінде салымшылардың қажеттілігін қанағаттандыра алатын бағдарламаларды әзірлеуге тырысамыз», — деп түйіндеді сөзін банк басқармасы.

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды