• Басты
  • «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына қандай басымдықтар енгізіледі?
11 Қаңтар, 2019 11:02

«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына қандай басымдықтар енгізіледі?

Ұстаздарды жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалайтын заң жобасы ұстаздар қауымына ұсынылды. Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау қажеттігін айтқан болатын. Мұғалімдер мүддесі қорғалатын заң жобасында қандай жаңашылдықтар болады? Келесі материалдан оқи аласыздар.
«Педагог мәртебесі туралы»   заң жобасына қандай басымдықтар енгізіледі? | Strategy2050.kz

Заң жобасындағы ұсыныстарды мұғалімдерге ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Сәуле Кабимолдаева таныстырды.

Ол атап өткендей, енді ұстаздардың педагогикалық еңбек өтілі 30 жылға толса, олар зейнетке  шыға алады.

«Зейнетке шығу мәселесіне тоқталайын. Зейнетке шығу жасына сәйкес педагогикалық еңбек өтілі 30 жыл болуы керек. Бұл ұсыныс барлық өңірлерден келіп түсті. Біз педагогикалық еңбек өтілі 30-35 жыл болу керек деп ұзақ талқыладық. Көрші елдердің тәжірибесін қарадық. Кеңес үкіметі  кезінен ТМД елдерінде бұл тәжірибе сақталған. Сондықтан 30 жыл жұмыс істеген соң,  зейнетке шыға алады деген шешімге келдік», - деді Сәуле Кабимолдаева.

Сондай-ақ,  Педагогтардың еңбегін заңсыз пайдаланғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

 С.Қабимолдаеваның  айтуынша енді ұстаздар өз қаржысы есебінен мектепке қажетті құрал-жабдықты сатып алмайды. Осы орайда ол аталған заң жобасында жергілікті атқарушы органдарға қатысты нормалары бар екенін атап өтті.

Сәуле Кабимолдаеваның сөзіне қарағанда енді мұғалімдердің еңбегін заңсыз пайдалануға жол берілмейді.

«Жергілікті атқарушы органдар балаларымызға білім беру мақсатында қолайлы және қауіпсіздік шаралары жасау үшін қосымша шараларды жүргізуге құқығы бар. Заңдағы 8-бапта педагогтарды оның қызметіне жатпайтын шараларға тартуға тыйым салынғаны жазылған. Педагогтарды оның кәсіби қызметіне жатпайтын басқа қызметтерге тартуға жол берілмейді. Педагогтан заңда көрсетілмеген қандайда бір форма түріндегі есепті немесе ақпаратты талап етуге тыйым салынады. Сондай-ақ заңсыз тексерістер жүргізуге болмайды.Аталған талаптарды орындамау әкімшілік жауапкершілікке алып келеді», - деді Сәуле Кабимолдаева.

Сонымен қатар, аталған құжат ұстаздарға жеңілдікпен үй беруді көздейтінін жеткізді.

«Педагогқа алғашқы жарнасыз жеңілдікпен үй алуға әлеуметтік кепілдік беріледі. Сонымен қатар оның қызметтік үй немесе жатақхана алуға мүмкіндігі бар. Қызметтік үйде тұрып жатқан мұғалім отбасының мүшелері, ұстаз қайтыс болған жағдайда қызметтік үйді қалдық құны бойынша сатып алуға ықылас танытса, күшпен үйден шығарылмайды. Барлық санаттағы мұғалімдерге жыл сайынғы күнтізбелік 56 күнді құрайтын ақылы еңбек демалысы беріледі», - деді ол елордадағы №59 мектепте өткен қоғамдық тыңдау барысында.

Сонымен қатар Сәуле Кабимолдаева аталған заң аясында еркек педагогтар отан алдындағы әскери қызметін өтеуді кейінге қалдыра алатынын атап өтті.

Оның айтуынша, енді үздік ұстаздарға жаңа мемлекеттік награда тапсырылуы мүмкін.

«Аталған заң жобасындағы тағы бір жаңалық – үздік ұстаздарды ынталандыру. Біз «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атты мемлекеттік награданы енгізуді ұсындық. Жергілікті атқарушы органдар қосымша шаралдарды бекіту арқылы мұғалімдерді ынталандыра алады. Оның ішінде мерекелік даталарда бар», - деді ол қоғамдық тыңдау барысында.

Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева  айтып өткендей, «Мұғалімдер мәртебесі» туралы заң жобасын дайындауға  ұстаздардан 40 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен.

Осы орайда вице-министр аталған құжатта мұғалімдердің үстемеақысы 3 есеге  дейін өсіру қарастырылғанын жеткізді. 

«Заң жобасы аясында бірнеше үстемеақының түрін қарастырдық. Мысалы, осыған дейін бастауыш мектептің сынып жетекшісі 4 мың теңге үстемеақы алып келді. Оны біз 9 мың теңгеге көтергіміз келеді. Ал жоғары сыныптар оқушыларының дәптерін тексергені үшін берілетін 5 мың теңгені 9 мың теңгеге дейін көтеруді қарастырудамыз. Мұғалімдер дәптер тексергені үшін үнемі шағымданады. Себебі, сыныптағы оқушылардың саны көп. Негізінен мәселе осы екі үстемақыға байланысты», - деді Эльмира Суханбердиева. 

Сонымен қатар ол аталған заң жобасын мемлекеттік органдарға жіберілгенін хабарлады.

«Мұғалімдердің мәртебесі туралы» заң 2019 жылдың маусым айында қабылдануы мүмкін екенін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлімдеді.

Вице-министр қазіргі таңда аталған заңның мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің келісімінен өтіп жатқанын атап өтті. 



Осы орайда ол мұғалімдерден ұсыныс қабылдау жұмысы да жалғасып жатқанын жеткізді Оның айтуынша, аталған заң жобасы ақпан айында Мәжілістің қарауына жіберіледі. 

«Ақпан айының басында заң жобасы Мәжіліске енгізіліп, онда депутаттар құжатты ары қарай өңдейді. Содан кейін Сенаттың қарауына өтеді. Ал маусымда еліміздің Президенті аталған заң жобасына қол қояды. Оған дейін 300 мың педагог оны тыңғылықты оқып, зерделеп, өз ұсыныстарын енгізулері қажет», - деді Эльмира Суханбердиева.

Өз кезегінде  Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова Елбасы Жолдауында айтылған ұсыныстарды Білім және ғылым министрлігі аталған заң жобасына енгізуге тырысқанын жеткізді.

«Заң жобасын өзі бағыттаған адамдардың жазғаны өте қуантарлық жағдай. Бұл үлкен қолдауға ие әрекет. Себебі, ұстаздар өздері Білім және ғылым министрлігімен бірігіп қабылдаған заң жобасы бойынша жұмыс істейді.Заң жобасына енетін барлық ұсыныстар педагогтардың өмірін жақсы жаққа өзгертеді. Себебі, ұстаз тәрбиесіне болашақ ұрпақ тағдырының қалыптасуы тәуелді болады. Бұл заң жобасы педагог мамандығына көп адамдарды тартатынына сенімдімін. Бәсекелестік ортада бізге сапалы жұмыс істеуге мүмкіндік береді. «Енді мен педагогпын, мені сыйлаңдар» деп айтудың қажеті жоқ. Педагогтарды онсыз  да сыйлайтын болады. Себебі, олардың заң жобасы болады», - деді И.Смирнова.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты заң жобасы Парламентке түскен соң да, ұсыныстар қабылданып, толықтыратынын жеткізді.

Айта кетейік, «Педагог мәртебесі туралы»  заң жобасы  Мәжілісте ақпан айының басында таныстырылады.

Аягөз Құрмаш

Фото: Нұржас Жақсыбай

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды