Өңірлер

Түркістан облысы: Өңірдегі тың инвестициялық жобалар

Түркістан облысында бірқатар өнеркәсіптік және инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық фактілерінен сақтау үшін «Protecting Business and Investments» жобасы іске асырылып жатыр. Өңірдегі тың жобалар туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан10 Қаңтар , 11:43

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен ел экономикасына инвестиция құю процесін оңтайландыру мақсатында, сондай-ақ инвесторларды қағазбастылықтан және сыбайлас жемқорлық фактілерінен сақтау үшін «Protecting Business and Investments» жобасы іске асырылып жатыр.

Бұл жоба Агенттік пен Сыртқы істер, Инвестициялар және даму министрліктерімен өзара ынтымақтастық меморандумы негізінде жұмыс істеуде. Жобаның басты мақсаты – бизнесті қорғау, бизнес-климатты жақсарту және мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін оңтайландыру рәсімдерін барынша жеңілдету.

 «Түркістан облысында Департамент тарапынан бүгінгі таңда жалпы құны 240 млрд. теңге болатын 5 ірі инвесторлар сүйемелдеуге алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Аталған жоба аясында инвесторлар сыбайлас жемқорлық фактілерінің кез-келген көріністеріне жол бермеуге, қандай да бір заңсыз факт туындайтын болса, тікелей Агенттікке және оның аумақтық Департаменттеріне баяндау туралы келісімге қол қойылады. Өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган келісімге қол қойған инвесторларды заңда белгіленген құзыреттерді және өз ресурстарын пайдалана отырып 100 пайыз сыбайлас жемқорлық фактілерінен 24/7 принципі негізінде, яғни кез келген уақытта қолдап, қорғайтын болады», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі Кеңес хатшылығының меңгерушісі Ғани Асанұлы.

Сондай-ақ, Түркістан облысы Сайрам ауданында өткен жылы 5 инвестициялық жоба іске қосылды. Бір жылдың ішінде іске қосылған инвестициялық жобалар нәтижесінде 200-ге жуық жұмыс орны ашылды.

Бірінші жоба - «Gas Standart System» серіктестігінің сұйық газ сақтайтын кешені. Құны 1 млрд. теңгені құрайды.

Ал, екінші нысан «Южанка-5» ЖШС-нің  ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін цехы. Жобаның құны 100 млн. теңге. Цехта көкөніс консервілері дайындалады.

Өткен жылы ауданда іске қосылған келесі жоба - «АХБК» ЖШС-нің  тігін фабрикасы.

Жобалық құны 172 млн. теңгені құрайтын фабрикада өндіріс орындарында еңбек ететін жұмысшыларға және әскердегі сарбаздарға арналған киімдер, төсек орын жабдықтары тігіледі.

Сондай-ақ, аймақта «Артезия» серіктестігі жобалық құны 30 млн. теңге болатын сусындарға арналған пластикалық ыдыстар шығаратын цехты іске қосқан болатын. Бұдан өзге, іске қосылған инвестициялық жобалардың бірі - «Даут» ЖШС-нің сүт өнімдерін өңдейтін цехы. Онда қаймақ, сүзбе, айран дайындалады.

Өткен жылы Сайрам ауданының өнеркәсіп саласының үлесі облыс көлемінде 10 пайызды құрап, екінші орынға тұрақтады. Жалпы, ауданның даму концепциясына сәйкес, өнеркәсіп саласының даму бағыттары айқындалып, атқарылған жұмыстар нәтижесінде аталған салада 40 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2019 жылы аудандағы өнеркәсіп өнім көлемін 45,3 млрд. теңгеге жеткізіп, 12,5 пайыз  өсімге қол жеткізу жоспарланып отыр.

Мәселен, Қазығұрт ауданында бақша өнімдерінен шырын өндіретін кәсіпорын іске қосылды. Екі гектар аумақты алып жатқан жобаның жалпы құны 589 млн. теңгені құрайды. Бұл істі «Көрік ШҚ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып отыр.

Серіктестік директорының сөзінше, «Делис» сауда белгісімен шығатын алкольсіз сусын химиялық қоспасыз дайындалатындығымен ерекшеленеді.

«Қазығұрт» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорын тәулігіне 8 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өндіріске пайдаланатын жеміс жидектер аудан аумағынан табылады. Мұнда алма, алмұрт, қызанақ, сәбізден шырынның төрт түрі жасалады. Дайын өнім еліміздің барлық аймағына таратылады.

Мекемеде 21 азамат жұмыспен қамтылған. Шағын зауыт заманауи технологиямен жабдықталған. Іс ілгерілесе, өнім көлемін арттыра түсу жоспарланған.

Айта кетейік, «Қазығұрт» индустриалдық аймағында 13 гектар жерге жалпы құны 2,3 млрд. теңгелік 7 жоба жүзеге асырылуда. Онда 173 жергілікті тұрғын еңбек етеді. Биыл тағы қосымша 3 жоба жүзеге асады деген меже бар.

 

 




Яндекс.Метрика