• Басты
  • 5 әлеуметтік бастама: Қол жеткізілген межелер
4 Қаңтар, 2019 14:34

5 әлеуметтік бастама: Қол жеткізілген межелер

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Бес әлеуметтік бастама» атты халыққа үндеу жариялады. Мемлекет басшысы Бес әлеуметтік бастаманы жариялағаннан кейін бір апта ішінде Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе отырып, нақты іс-шаралар мен оларды орындау мерзімдері егжей-тегжейлі қарастырылған Жол картасын әзірледі.Бүгінгі таңда Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, 6 іс-шара орындалған. Қалған 3 іс-шара ұзақ мерзімді кезеңде — 2019–2021 жылдары іске асырылады. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.

5 әлеуметтік бастама: Қол жеткізілген межелер | Strategy2050.kz

 «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасы  бойынша жылына 7%-дан аспайды, бастапқы жарна 20%-дан аспауы тиіс, несие мерзімі 25 жылға дейін ипотека беру қарастырылған.

Осылайша, «7–20–25» бағдарламасы 19 маусымда бекітіліп, 2018 жылғы 4 шілдеде бастау алды. Аталған бағдарлама аясында 8 екінші деңгейлі банк несие береді.

Жалпы, өткен жылғы 20 желтоқсанындағы жағдай бойынша бағдарламаны іске асыру аясында 5 621 өтінім қабылданған. Олардың ішінде 42,4 млрд теңге сомасына несие беруге 3 542 өтінім мақұлданды.

Айта кету керек, бағдарлама қазақстандықтарға жаңа жағдайлар, жаңа артықшылықтар ұсына отырып, кеңейтіліп жатыр.

Жалақысы төмен жұмысшылардың жалақысын арттыру бойынша 2-ші бастамасы бойынша Елбасы салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1% ғана салық салуды, ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдетуді тапсырды.

Осылайша, 2018 жылғы 2 шілдедегі ҚР Заңында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 25 АЕК дейін жалақы алатын жұмысшыларға салық жүктемесін 10 есеге төмендету қарастырылған.

Әзірленген нормалар 2019–2021 жылдары жергілікті бюджеттердің 93,7 млрд теңге көлеміндегі шығынына алып келетінін айта кеткен жөн. Олар 2017–2019 жылдардағы үш жылдық трансфеттердің қолданысы кезеңінде республикалық бюджет қаражаты есебінен өтелетін болады.

Жоғары білімге қолжетімділікті арттырып, жатақханалар санын көбейтуді қарастыратын 3-бастама бойынша  Президент тапсырмаларын орындау 2018 жылғы қыркүйектен бастап білім беру гранттары 20 мың орынға көбейтілді:11 мыңы — техникалық мамандықтарға,5 мыңы — еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға,3 мыңы — магистрлерді оқытуға, 1 мыңы — PhD докторларын даярлауға бағытталған.

Осылайша, мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемі 69 059 орынды (53 594 – жоғары білім беру, 13 220 – магистратура, 2 265 – докторантура PhD) құрады.

Техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша жоғары білімді бір маманды даярлауға бөлінген шығындар 346,6 мың теңгеден 635,8 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.

Техникалық және технологиялық мамандықтар бойынша кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі, соның ішінде инженерлік кадрларды даярлауға арналған көлем (ақпараттық технологиялар, роботты техника, нано-технологиялар саласында) 25 237 грантты (49,6%) құрады. Педагогика мамандарын, оның ішінде тілдік құзыреттілігі жоғары кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлінген (мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінің 18,7%-ы).

Бұған қоса, Елбасы «Бес әлеуметтік бастамасында» әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аудару қажеттігін атап көрсеткен. Соған орай, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу тапсырылды. 

2018 жылдың қыркүйек айынан бастап студенттердің тұратын жерлерінің жағдайларын жақсарту жөніндегі жоба іс жүзінде жүзеге асырыла бастады.

Биыл енгізілген орындарды ескергенде, жатақханаларға деген жалпы қажеттілік 90 366 орынды құрайды (ЖОО-лар – 65 713 орын, колледждер – 24 653 орын).

Тапшылықты жабу үшін 170 жер телімінде жаңа орындар беріледі, олардың 49-ын — әкімдіктер бөлген, 121-і — оқу орындары мен инвесторларға тиесілі.

Бүгінде Астана (3), Алматы (5), Шымкент (2), Қарағанды (1) және Орал (1) қалаларының білім беру ұйымдарымен мемлекеттік тапсырыстың 12 келісімшартына қол қойылған.

2019 жылдан бастап республикалық бюджетте құрылыс салушылардың инвестициялық және пайдалану шығындарын өтеуге қаражат (2019 жылы – 1 млрд теңге; 2020 жылы – 4 млрд теңге; 2021 жылы – 10 млрд теңге) МЖӘ схемасы бойынша қарастырылған.

Алдын ала кесте бойынша, жатақханалардан 2019 жылы — 5 мың орын, 2020 жылы — 15 мың орынды пайдалануға беру көзделген.

 Шағын несие беру бойынша Мемлекет басшысы аталған бастама аясында 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Соның нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 14 мыңнан астам адамға жетеді.

2018 жылғы 21 желтоқсандағы жағдай бойынша 59 млрд теңгеге 14 006 шағын несие берілген (қалаларда – 13,6 млрд теңгеге 1 246, ауылдық жерлерде – 45,4 млрд теңгеге 12 760, қалалардағы шағын несиенің орташа мөлшері – 11 млн тг, ауылдық жерлерде – 3,5 млн тг құрады).

Әрбір үшінші дерлік қарызға мемлекеттік кепілдік берілген.

Стартаптарға — 8 891 (63,5%), зәкірлік кооперацияны дамытуға — 1,007 (7,2%), жеке бизнесті кеңейтуге — 4 108 (29,3%) шағын несие берілген.

Шағын несие беру аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарынан 12 325 адам және 1 681 жұмыссыз азамат кәсіпкерлікпен айналыса бастады, сондай-ақ өз қызметтерін формализациялады.

Шағын несие алушылар қосымша 12 089 жұмыс орнын ашты.«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 28,3 мың адам оқытылды, олардың 19,5 мың қатысушысы өздерінің бизнес-жобаларын қорғап, 6,3 мың адам шағын несие алды.

 Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру бастамасы бойынша Қазақстан Президенті Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруды тапсырды.

Тамыз айында «Сарыарқа» магистральді газ құбырын салу жобасын қаржыландыру схемасы мен шарттары мақұлданды, сонымен қатар, жобаның жобалық-сметалық құжаттамасына оң тұжырым жасалды.

Биыл 11 желтоқсанда индустрияландыру күні аясында «Сарыарқа» МГ жобасының құрылысы бастау алды. Жұмыстар бір уақытта бірнеше желілік ағынмен жүзеге асырылады, бұл жоспарланған құрылыс мерзімін сақтауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Астана, Ақмола және Қарағанды облыстарының әкімдіктері газ тарату желілерінің алғашқы кезеңдерін салудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатыр. Жобалар бойынша мемлекеттік сараптама алу 2019 жылдың І тоқсанына жоспарланып отыр.

Аталған жобаларды іске асыру қорытындысы бойынша 2020 жылы Астана , Ақмола және Қарағанды облыстарының 142 мыңға жуық тұрғынына газ қолжетімді болады.

Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды