Парламент

Жастар жылын атап өтуде формалдық көзқарастан аулақ болу қажет – Қ.Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының 2018 жылғы қорытынды отырысы болды. Парламент жоғарғы Палатасының Төрағасы 2018 жыл қоғамдық-саяси маңызы зор оқиғалармен тарихта өзінің лайықты орнын алатынын атап өтті. Депутаттар корпусы Президент Н.Назарбаевтың халықтың өмір сапасын жақсарту жолындағы маңызды бастамаларын іске асыру жұмысына белсене қатысты.
Нұр-Сұлтан27 Желтоксан , 18:11

Сенат Төрағасы 2018 жылы еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде жемісті жұмысын жалғастырғанын, Елбасымыз негізін қалаған әсем елордамыз – Астананың мерейлі 20 жылдығын кең ауқымда атап өткенімізді, Каспийдің құқықтық мәртебесі бойынша конвенцияға қол қойылғанын, «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы басталғанын, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті VI Съезі өткенін, сондай-ақ еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысында өзгерістер болғанын атап өтті.

«Бүкіл түркі жұртының рухани орталығы  Түркістан қаласына  облыс орталығы мәртебесінің берілуі – Елбасының ел мерейін арттырған стратегиялық әрі тарихи шешімі екендігі даусыз», - деді Қ.Тоқаев.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының маңызы аталып өтілді.

Сенат Төрағасы: тамыры тереңге бойлаған мақалада біздің ұлттық тарихымыздың мән-маңызы, оның әлем тарихындағы орны мен жаһандық өркениетке тигізген ықпалы жан-жақты сарапталғанын айтты.

Сенат жыл ішінде Елбасы ұсынған реформаларды заңнамалық жағынан қамтамасыз ету бойынша  ауқымды жұмыстар атқарды. Парламент биыл 80 заң қабылдады, қабылданған заңдардың 30-ға жуығы Елбасының нақты тапсырмаларын орындауға бағытталды.

Қ.Тоқаев атап өткендей, «сенаторлар  заң жобаларының басым көпшілігін қысқа мерзімде жан-жақты мұқият қарастырып, көптеген маңызды түзетулер енгізгенін  атап өту қажет».

Сенат депутаттары қоғамымыздағы ең өзекті мәселелер бойынша  Үкіметке 100-ден аса депутаттық сауал жолдады. Өзекті тақырыптарға арналған бірқатар маңызды шаралар өтті. Олардың ішінде парламенттік бақылаудың тиімді формасы болып табылатын парламенттік тыңдаулар болғанын атап өткен жөн. Сенат Төрағасының пікірінше, парламенттік тыңдаулардың нәтижесі бойынша атқарушы органдарға нақты ұсыныстар берілді. Палатаның халықаралық қызметі еліміздің сыртқы саяси бастамаларын ілгерілетуге бағытталды.

Алдағы 2019 жылға жоспар туралы айта келіп, Қ.Тоқаев келер жылы Елбасының тапсырмаларын орындауға бағытталған маңызды заң жобаларының топтамасы келетінін айтты. Сенат Төрағасы заң шығару жұмысының қарқыны арта түсетініне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа жылдың басында Парламентте  50-ден аса заң жобасы бойынша жұмыстар жүзеге асады. Олардың 10-ы қазірдің өзінде Сенатта.

Қ.Тоқаев 2019 жыл Елбасының ұсынысымен жастарға арналатынын айта келіп, депутаттарды алдағы жылы қолға алынатын маңызды шараларды заңнамалық қамтамасыз етуге белсене қатысуға шақырды. Оның айтуынша, жастарға пайдалы білім беру, жұмыспен қамтамасыз ету, қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру және олардың мәдени, рухани деңгейлерін көтеру мәселелеріне байланысты ауқымды шараларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

«Жастар жылын атап өтуде формалдық көзқарастан аулақ болуымыз қажет, тиісті іс-шаралар еліміздің игілігіне қызмет етуі керек», - деді Төраға.

 




Яндекс.Метрика