• Басты
  • 5 бастама: Шағын несие берудің қалалық жерлердегі көрсеткіші көңіл көншітпейді
21 Желтоқсан, 2018 10:06

5 бастама: Шағын несие берудің қалалық жерлердегі көрсеткіші көңіл көншітпейді

Жолдауда білім беру мен денсаулық сақтаудың сапасын арттырудың жүйелі шаралары да айтылғаны белгілі. Халықтың өмір сүруіне жайлы орта қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта ауыз сумен қамту, қолжетімді баспана сияқты өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылып, түрлі елді-мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеу бастамасы көтерілгенін де айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы Жолдау мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» көрсетілген ауқымды әрі аса маңызды басымдықтардың жүзеге асырылу барысына бақылау жүргізу ісін «Нұр Отан» партиясына жүктегені белгілі. Осыған орай, «Нұр Отан» партиясының өкілдері Елбасы Жолдауы мен 5 бастама бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, шешуді қажет ететін кейбір мәселелерге назар аударды.

5 бастама: Шағын несие берудің  қалалық жерлердегі көрсеткіші  көңіл көншітпейді | Strategy2050.kz

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары  Мәулен Әшімбаев Елбасының жалақыны көтеріп, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыратын кешенді шараларды анықтап бергеніне назар аударды.Осы мәселеге ерекше назар аударған партия Төрағасының Бірінші орынбасары алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстың күшейетінін айтты.

«Партия Елбасы бастамаларының сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы үшін бақылау жұмыстарын үш деңгей бойынша жүргізеді. Бірінші – республикалық деңгейдегі бақылау жұмыстарына Мәжілістегі партия депутаттары жауапты. Сондай-ақ Жолдауды жүзеге асырудың жалпыұлттық жоспарына сәйкес партиялық кураторлардың және партия мен фракция жанындағы кеңес басшыларының да міндеттері анықталды. Екінші – аймақтық деңгей бойынша партияның мәслихаттағы депутаттары, жергілікті жерлердегі партиялық кураторлар және «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын бақылау жөніндегі комиссиялар белсенділік танытуы тиіс. Ал, үшінші – ауыл-аймақ деңгейіндегі бақылау жұмыстарына бастауыш партия ұйымдарын жұмылдыруымыз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бүгінде партияның еліміз бойынша 6 мыңнан астам бастауыш партия ұйымы бар. Таяуда Астанада өткен бастауыш партия ұйымдарының республикалық форумында осы мәселе кеңінен талқыланған болатын. Сол кезде ұйым өкілдері партия жұмыстарына өз үлестерін қосуға дайын екендерін жеткізді.

Осылайша Елбасы тапсырмасының орындалу барысы партия тарапынан кешенді түрде бақылауға алынбақ. Бүгінде аталған бағытта қажетті шаралар қолға алынып, тиісті жұмыстар басталып кетті. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылу барысындағы кейбір мәселелерге ерекше тоқталып өтті. Алдымен ол осы бастамалар аясында шағын несие беру ісіндегі олқылықтарға назар аударды.

 «Бүгінге дейін 13 мыңнан астам азамат шағын несие алып, жоспардың 98 пайызы орындалған. Соның нәтижесінде 52 млрд. теңге игерілген екен. Бұл жаман көрсеткіш емес. Дегенмен, нәтижелерді сараптап қарайтын болсақ, күрмеуі қиын мәселелердің де бар екенін көреміз. Мысалы, шағын несие беру бастамасы ауылдық жерлерде нәтижелі жүзеге асырылып жатыр. Ал қалалық жерлердегі көрсеткіш көңіл көңшітпейді. Бүгінде қалалық жерлер үшін жоспарланған 3 мың адамнан тек 1 мың азаматқа ғана шағын несие берілген, – деді Мәулен Әшімбаев.

Тарқатып айтар болсақ, аталған көрсеткіш бойынша көш соңында Атырау облысы тұр. Мұнайлы өлкеде қала тұрғындарының ішінен бар болғаны 13 азаматқа қана шағын несие берілген. Бұл жоспарлы меженің 23,65 пайызын құрайды. Сол сияқты Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Астана қаласында да жағдай мәз емес.

«Нәтижесінде еліміз бойынша қалалық жерлер үшін шағын несиеге бөлінген 20,2 млрд. теңгенің 62 пайызы ғана игерілгені белгілі болып отыр. Желтоқсан айының басындағы жағдай бойынша игерілмеген қаражаттың көлемі 7,7 млрд. теңгені құрап отыр. Оның 26 пайызы «Даму» қорына тиесілі болса, қалған 74 пайызы екінші деңгейлі банктердің есепшотында жатыр. Осы ретте екінші деңгейлі банктер аталған мақсатта өздеріне бөлінген қаражаттың 42 пайызын ғана игергенін атап өткен жөн», - деді ол.
 

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев «7-20-25» бағдарламасы бойынша да атқарылған жұмыстарға назар аударды.

Оның айтуынша,  6 желтоқсанға дейінгі дерек бойынша бағдарламаға қатысу үшін 5 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Соның ішінде жалпы сомасы 40 млрд. теңгені құрайтын 3,5 мыңға жуық өтінім мақұлданған. Әйтсе де, бұл бастама бойынша да өңірлердегі жағдай әркелкі.

Мәселен кейбір аймақтарда жергілікті атқарушы орган тарапынан арнайы санаттағы азаматтарға бастапқы жарна үшін субсидия бөлу жұмыстары ойдағыдай жүргізілмеуде.

«Бұл ретте біз аталған субсидияның барлық азаматқа бірдей беріле бермейтінін халыққа түсіндіруіміз керек. Осы мәселеде барлық облыс жүйелі әрі кешенді жұмыс істеуі тиіс. Бұл іске партия филиалдары мен біздің депутаттарымыз да белсенді қатысып, Елбасы берген тапсырманың сапалы орындалуын қамтамасыз етуге міндетті», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Бұдан басқа, «7-20-25» бағдарламасы бойынша жаңадан салынған үйлердің жетіспеуі және кей аймақтардағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі сияқты мәселелер де айтылды. Одан бөлек, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық мәселесінде де олқы тұстардың бар екені сөз болды.

 Мәулен Әшімбаев осындай өзекті мәселелер бола тұра, партия филиалдары мен партиялық кураторлардың үнсіз отырғанын сынға алды.

«Біздің барлық облыс пен ауданда филиалдарымыз бар. Барлық өңірде партиялық кураторларымыз бен өңірлік Қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Ендеше неге олар осы мәселелерді әкімдіктердің алдында көтермейді? Әрине, бұл жерде жүйелі мәселелердің де бар екенін білеміз. Мәселен, кейбір азаматтардың несие тарихына байланысты олардың несие алу мүмкіндіктері төмен екені белгілі. Соған қарамастан біз бұл мәселелерді шағын несие берумен тікелей айналысатын «Даму» қорының және үйлестіруші орган Ұлттық экономика министрлігінің алдына мәселе етіп қойып, тиісті шешімдер қабылдауға тиіспіз. Қажет болса, заңнамаларға түзетулер енгізуге де бастамашыл болуымыз керек. Ең бастысы, шағын несие беруді қалалық жерлерде табысты жүзеге асырып, Елбасы тапсырмасын орындау үшін жүйелі шараларды қолға алуымыз қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу барысын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, сенатор Бақыт Жұмағұлов атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап берді.

Айта кетейік, аталған Кеңес мамыр айында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған болатын. Оның құрамына еліміздегі жетекші саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар және сарапшы мамандар енді. Осы уақыт аралығында Кеңес мүшелері бірқатар отырыс өткізіп, еліміздің барлық өңірінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

 «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасы тапсырмасын орындау үшін тиянақты жұмыс істеп, сапалы бақылау жүргізуді қамтамасыз ететін бірқатар міндеттерді анықтап берді.

Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды