- Басты
- Жаңалықтар
- Қазақстанда индустрияландыру саясаты қалай жүзеге асырылып жатыр?
Қазақстанда индустрияландыру саясаты қалай жүзеге асырылып жатыр?
Шығыстан шыққан сарапшы экономист Х.Чанг 2002 жылы мынадай қызықты қорытынды жасады. 100 жыл бұрын Батыстың көптеген елдерінде бәсеке рыногы, табиғатқа зиян келтіретін заттарды өндіруге тыйым салатын заңнамалар еш болмаған. Батыс елдері өз стандарттарын қабылдауды басқа әлсіз мемлекеттерге мәжбүрлеп, олардың бәсеке қабілеттіліктерін төмен түсірумен айналысып келді. Батыстың мұндай стандарттары оларға аса қажет болғанда пайда болды және олар өздері мініп, өткен баспалдақты итеріп тастаумен (“kicking away the ladder”) шұғылдануда.
Жапония экономикалық «таңғажайыбын» зерттеушілер Шығыс елінің өнеркәсіп, яғни, индустриялық саясатының басты төрт кезеңін атап көрсетуде.
- 1950 жылдары Жапонияда басты мақсат ішкі өндірісті қайта қалпына келтіру болды. Мемлекет электроэнергетиканы, көмір мен темір балқыту өндірістеріне қолдау көрсетті. Осал салалар жоғарғы тариф арқылы қорғалды.
- 1960 жылдары бұрынғы мақсат дереу өзгертіліп, экспортты жылдам көбейту мақсаты алға қойылды. Мемлекет ірі кәсіпорындардың қалыптасуын жан-жақты қолдай бастады.
- 1970 жылдары басты мақсат шет елдің озық технологиялары мен басқару әдістерін сырттан жаппай әкеліп, жоғарғы технологиялық өндірістерді дамыту болды. Үкімет жеке компаниялардың несие алу мүмкіндіктерін оңтайландырды. Антимонополиялық реттеуді күшейтіп, шағын және орташа кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсете бастады.
- 1980 жылдары инновациялық даму деңгейіне көшті. Егер 1950 жылы Жапонияның жан басына шаққандағы ЖІӨ АҚШ небары 20% құраса, 25 жыл өткесін АҚШ көрсеткішінің 66%-на жетті.
Осындай бағытпен Оңтүстік Корея мен Тайвань, соғыстан кейінгі Испания мен Франция жылжыған. Осы елдерде қолданылған жаңару (модернизациялау) стратегиясы негізгі төрт сатымен жүргізілген.
Демек, экономикалық дамудың ең басты төрт сатысы анықталған:
1) жаңарудың яғни модернизацияның бастапқы сатысы (индустриализацияның басы);
2) экспортқа бағытталған экономикалық өсуді бастап, жүргізу;
3) үдемелі дамуды ынталандыру сатысы
4) дамыған рынок сатысы.
Жаңарудың яғни модернизацияның бастапқы сатысы (индустриализацияның басы) бойынша көбінесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын ел ішкі өндірісін қайта қалпына келтіреді немесе жаңадан құра бастайды. Ол елдің машина жасау саласы болмайды. Станоктар мен құрал-жабдықтарды сырт елдерден әкеледі. Өңдеу өнеркәсібін құрып, нығайту үшін, тиісті білімдер мен тәжірибені игеру үшін импорттың ықпалы жоғары болады.
Осы сатыда мемлекеттің жүргізетін экономикалық саясаты инвестициялық тауарларды елге енгізуді жаппай ынталандырып, импортқа деген тарифтер төменге түсіріліп, импортшыларға құрал-жабдықтар әкелуге субсидия беріп, сырт елден қарыз алуға жағдай жасап, жалпы құрал-жабдықтар мен технологияны импорттайтын субъектілерді қолдау мақсатында валюта бағамының жоғарғы деңгейі ұстанылады. Осы кезеңде отандық кәсіпорындар саны молаяды. Осы тұста дайын өндірістік тауарлардың импортына шектеулер қойылады.
Келесі саты - экспортқа бағытталған экономикалық өсуді бастап, жүргізуде басты міндет сыртқы рынокқа шығу.
Экспорттаушы отандық фирмалар дамыған елдердің өндірушілерімен бәсекеге түсуге мәжбүр. Ол үшін отандық фирмалар жаңа технологиялар мен басқару әдістерін енгізіп, сапаның жоғарғы стандарттарын жасап, маркетингке үйренулері қажет.
Осы тұста Үкімет шағын фирмалардың несие алуына толық жағдай жасап, антимонополиялық реттеуді күшейтіп, шағын және орташа кәсіпорындарға қолдау көрсетеді. Аталған сатының басты ерекшеліктері мыналар: нарықтық инфрақұрылымның нашарлығы; адам капиталы мен технологиялық дамудың төменгі деңгейде қалуы; т.б.
Егер осы саты барысында немесе аяқталу кезеңінде уақытында дәл қажетті шаралар мен шешімдер қабылданбаса, сол ел ұзақ мерзімді тығырыққа тіреледі.
Осы сатыдан толығымен өткен мемлекеттер экспортты ынталандыру және импортты шектеу мақсатында өнеркәсіп (индустриялық) саясатының сұрыпталған (селективный) және сұрыпталмаған (неселективный) құралдарын (инструменттер) тиімді пайдалана білген.
Пайдаланған құралдар мен тәсілдерге мемлекеттік секторды дамыту, ірі кәсіпорындарға қолдау көрсету, техникалық қайта өзгерту мен қайта құрудың мемлекеттік бағдарламалары, индикативтік жоспарлау, алтынвалюта резервтерін жинау арқылы валюта бағамын түсіру, жеңілдетілген несиелер, тікелей субсидиялар, рынокты қатаң реттеулер тәрізді т.б. жатады.
Сондай-ақ, осы сатының барысында нарықтық инфрақұрылымдар құрып, экономиканы міндетті түрде орталықсыздандыру керек.
Үдемелі дамуды ынталандыру сатысына сәйкес мемлекеттің экономикаға тікелей араласуы азайып, өнеркәсіп (индустриялық) саясатының сұрыптау (селективный) құралдары сұрыпталмаған (неселективный) құралдармен (инструменттер) ауыстырылады.
Импорт пен экспортқа қатысты әралуан кедергілер біртіндеп алынып тасталынады. Шағын кәсіпорындарға қолдау көрсетіліп, капитал рыногын реттеуден бас тартып (дерегулирование), инвестицияны тартуға ерекше мән беріледі.
Соңғысы, дамыған рынок сатысында өнеркәсіп (индустриялық) саясатының сұрыптау (селективный) құралдары өз мағынасын жоғалтып, тек аса қажетті жағдайларда қолданылады. Осы саты барысында дамыған елдердің үкіметтері «контрциклдік» қағидатты қатаң ұстанып, тек экономикалық құлдырау кезінде тікелей араласып, экономикалық өсу кезінде аса кіріспейді.
Сайып келгенде, кез келген артта қалып қойған мемлекет шапшаң және тұрақты түрде дамуы үшін ол әр сатының талаптары мен шарттарына сәйкес келетін экономикалық саясатты басшылыққа ала отырып, бір сатыдан екінші сатыға өту кезінде оларды уақытында дереу өзгертіп, аса күрделі стратегия сызығымен қатаң жүруге міндетті.
Көрсетілген стратегия сызығымен еш сүрінбей өткендер қатарына бір сатыдан екінші сатыға өту кезінде экономикалық саясаттың құралдарын уақытында дереу өзгерте алған елдер жатады. Мысалы, әр сатыға байланысты осындай өзгертулерді уақытында жасаған мемлекеттер қатарына Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань және Ирландия жатады.
Дегенменде, артта қалған немесе дамымай қалған көптеген елдер стратегиялық аса маңызды үш қатені жіберіп отырған.
Бірінші қате – даму деңгейлері төменгі сатыларда (1 және 2 саты) бола тұрып, жоғарғы сатыларға (3 және 4 саты) тән, дамыған елдер экономикасына сәйкес келетін экономикалық саясаттың құралдары мен тәсілдерін кешенді түрде қолданып отырған. Мұны асығыс қателері деп атауға болады.
Екінші қате - даму деңгейлері орташа (2 және 3 саты) немесе жоғарғы сатыларда (3 және 4 саты) бола тұрып, төменгі сатыларға (1 және 2 саты) тән, артта қалған елдер экономикасына сәйкес келетін экономикалық саясаттың құралдары мен тәсілдерін қолдануды жалғастыра берген. Мұны кешігу қателері деп айтуға болады.
Үшінші қате мынада: даму деңгейлері барлық сатыларда болғанда немесе олардан өту барысында (1, 2, 3 және 4 саты) әр сатыдан келесі сатыға өту мүмкіндіктерінің пайда болғанын байқамай, өткізіп алып, келесі сатыға өту кезінде әралуан қиыншылықтар мен кедергілерге тап болып отыр. Мұны бір сатыдан келесі сатыға өту мүмкіндіктерін қолданбау қателері деуге әбден болады.
Төртінші қате – артта қалған елдер дамыған елдер қатарына шапшаң және тұрақты түрде жетіп алу үшін және олардың экономикасына сәйкес келетін экономикалық саясаттың құралдары мен тәсілдерін қолдану барысында ұлттың жаңарту (модернизация) іс-шараларын жасау барысында сол ұлттың жаңалықты қабылдау қабілеті мен икемділік жұмыстарын жүргізген абзал.
Енді қателерді фактілермен көрсетуге тырысайық. Мәселен, көптеген мемлекеттер импорталмастыру саясатынан дер кезінде құтыла алмай, оны ұзақ уақыт жалғастыра берді. Осындай созылмалы саясатты экономикада дирижизм деп те атайды. Мұндай қатеге ұрынған елдерге бұрынғы КСРО-ң, көптеген Латын Америка мемлекеттері және 1950-1980-жылдардағы Үндістан жатады. Бұл кешігу қателердің бірі болып саналады.
Ал 1980-1990 жылдары бұрынғы социалистік лагердегі және Африканың қара нәсілді мемлекеттері дамыған елдердің экономикалық саясатын көшіріп алып, дәл сол күйінде ертерек жүргізуді көздеген. Былайша айтқанда, соңғы сатылардың құралдары мен тәсілдерін пайдалануды жөн көрген. Бұл асығыс қатеге жатады.
Осы орайда, Қазақстан Үкіметі жүргізіп отырған экономикалық саясаттың ішкі элементтері мен ерекшеліктерін осы сатылар тұрғысынан зерделеп көрелік.
Аса ірі территорияға ие, білім деңгейі басқа елдермен салыстырғанда орташа немесе жоғары, экономиканың шикізаттық сипаты бар және институттар сапасы төмен Қазақстан үшін бұл мәселе өзекті болып отыр.
Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың басты ерекшелігі - өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі жыл сайын барынша өспей, мұнайдың ЖІӨ-гі үлесі үнемі ұлғаюда. Әрине, бұл бағыт ұлттық мүддемізге сай келмейді.
Жалпы, Қазақстан бастапқы, яғни, 1 және 2 сатылардың басты міндеттерін орындап бітірмей, 3 және 4 сатыларға қатысы бар экономикалық саясатты жүргізіп жатыр. Мысалы, бұрын айтылған және басталған импорталмастыру саясаты өз мақсатына толық жеткен жоқ.
Асығыс қателердің бар екендігіне дәлел бола алатын фактілер тағы бар. Экспортқа бағытталған экономикалық өсуді Қазақстан шикізат ресурстары арқылы жүзеге асыруда. Ал, бірінші сатының - модернизацияның бастапқы сатысы - басты шарты индустриализация болып табылады. Бұл саясатты аяғына дейін жеткізбей, Үкімет экспортпен кешенді түрде шұғылдануда.
Жоғарыда айтылған индустриялық саясатының сұрыпталған және сұрыпталмаған құралдарын бірдей қолдануда. Ал экономика бірінші сатыда дамып жатыр.
Соңғы сатылардың құралдары мен тәсілдерін Қазақстанда жаппай пайдалану былайша байқалуда: импорттық заттар мен қызмет көрсетулерге жол ашу; капитал рыногын реттеуден бас тарту (дерегулирование); шикізат секторларына шетел инвестицияларын тартуды ынталандыру т.б..
Қызмет көрсету тепе-теңдігі (баланс) бойынша сыртқы баланс тәуелсіздік алғаннан бері теріс сальдо (дефицит) көрсетіп, ағымдағы есеп-шотқа өзінің келеңсіз әсерін тигізуде.
2018 жылғы Қазақстан экономикасының жалпы сыртқы қарызы (одан әрі - ЖСҚ) $164,4 млрд. болды.
Жоғарыда айтылған төрт саты тұрғысынан 1991-2018 жылдары Үкіметтердің іс-қимыл бағдарламаларын талдағанда, осы уақыт ішінде қызмет істеген үкіметтердің көбісі бірінші саты, яғни, модернизацияның бастапқы сатысы (индустриализацияның басы) қоятын міндеттерді толығымен орындай алмағандығы аңғарылады.
Қайырбек АРЫСТАНБЕКОВ
-
Елордада Париж келісімі міндеттемелерінің орындалу барысы талқыланып жатыр -
Қазақстан сыртқы саясатының 30 жылдық белестері -
ТЖМ: Газ баллондар мен газ жабдықтарын қалай пайдалану керек -
«Аңсаған сәби» бағдарламасына кімдер қатыса алады және іріктеу қалай жүреді -
Шетелдік интернет-компаниялардың қызметтеріне «цифрлы салық» салу қалай жүзеге асады -
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асуы -
ДСМ: Қазақстанда коронавирус жұқтыру 2,4 есеге азайды -
Қазақстанда ревакцинациялау науқаны басталды -
Қазақстанның сыртқы саясаты: Экономикалық дипломатия, геосаяси жағдай, экспорт және инвестиция -
АШМ: Қазақстанда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау аяқталды -
ЖОО-ларды қаржыландыру, академиялық адалдық саясаты және оқытушылар жалақысы -
Қазақстанда Pfizer вакцинасымен кімдер егіледі, қайда және қалай жүзеге асады -
Жылыту маусымы: Өрт қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі -
Тұрақты экономикалық даму үшін қандай ұлттық жобалар жүзеге асады -
Ақтөбе облысының дамуы: Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай жүзеге асып жатыр