Жастар саясаты: 2019 жылдың даму жоспары қандай болмақ

22 Қараша, 2018 12:55
Жастардың жағдайы 2019 жылы қалай өзгереді? Осы мәселе ҚР Президенті Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ҚР Президентінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті XXII отырысында талқыланды. Кеңес мүшелері 2019 жылға арналған жастар саясаты жөніндегі Кеңестің жұмыс жоспарын мақұлдады.

Кеңестің отырысында «Қазақстан  2020: болашаққа жол» ҚР мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының жүзеге асырылуы, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың  және суицидтің алдын алу жұмыстары  мен ҚР Президенті жанындағы  Жастар саясаты жөніндегі кеңестің  2019 жылға  арналған жұмыс жоспарын бекіту мәселелері талқыланды.

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова «Қазақстан  2020: болашаққа жол» ҚР мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының бірінші кезеңі  2015 жылы аяқталғанын атап өтті.

«2016 жылдан бастап тұжырымдаманы жүзеге асырудың екінші кезеңі басталды. Екінші кезеңнің басты мақсаты жастар саясатының тиімді үлгісін қалыптастыру. Екінші кезеңді жүзеге асыру «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатынын атап өту қажет. 2017 жылдың  қарашасында тұжырымдаманы жүзеге асырудың жоспары өзгерген болатын. Ол жұмыспен қамту, бос уақытты өткізу мен жастардың кәсіпкерлік  ұйымдарын қолдауға бағытталған», - деді Мемлекеттік хатшы.

Өз кезегінде  Алматы қаласы «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы  Дәурен Бабамұратов жастар жылы қарсаңында  соңғы екі жылда жастар саясаты бойынша атақарылған істер сарапталатынын айтты.

«Бүгінгі таңда жастар арасында өзегі өртеніп тұрған мәселелердің бірі - суицид. Алдағы жылға қойылатын жоспарлар талқыланды. Негізгі мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар мен ойлар айтылды. Жастар жылына қатысты ұтымды іс-шаралардың басы бүгіннен басталады деп ойлаймын», - деді Д.Бабамұратов.

Оның айтуынша, суицид бойынша Қазақстан салыстырмалы түрде алдыңғы елдердің қатарында тұр.

«Осы мәселеге қатысты қандай шаралар атқарылуы керек.Осы мәселе төңірігенді қандай мақсат-міндеттер қойылатынын талқылайтын боламыз. Жастармен жұмысты қалай жасау керек, неге ерекше мән беру керек. Осы мәселелер талқыланатын болады», - деді ол.

Д.Бабамұратов «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігі 100-ге жуық шара өткізгенін атап өтті.

«Қазір біз жас мемлекеттік қызметкер шарасын өткізіп отырмыз. Біз Алматы қаласындағы  38 ЖОО  ішінен мемлекеттік қызметке  ынтасы бар   55 үздік студентті іріктеп алдық. Оған соңғы курс студенттері қатысты. Сондай-ақ, олардың арасында  3 айлық оқыту ұйымдастырдық. Оған Алматы қаласындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалы мұрындық болды. Олардың көмегіменн біз  қоғам қайраткерлері мен саясаттанушыларды тарттық. Жастар қосымша біліп алып, тәжірибелерін арттырды», - деді ол.

Төрағаның айтуынша, «Жастар үні» қоғамдық ұйымы құрамында тұрақты 50  жас бар.

«Ұйым  құрамында  жастардың әр түрлі санаты бар. Онда  студенттерден бастап, әртүрлі салада жұмыс істейтін жұмысшы жастар қамтылған. Ұйым жастардың құқығын қорғауға бағытталған», - деді ол.

Сондай-ақ, маман жастарды мазалайтын басты мәселелерді атап өтті.

«Алдымен  баспана, жұмыспен қамту және сапалы білім, тұрақты отбасы мәселесі. Оның барлығы жастардың тұрақты күн тәртібіндегі мәселе болып саналады», - деді Д.Бабамұратов.

Жиында Қоғамдық даму министрлігінің «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысы жөніндегі мәліметі тыңдалды. 2018 жылғы қыркүйекте 18-29 жас аралығындағы NEET жастарын, соның ішінде 2018 жылғы түлектерді жұмыспен қамту және әлеуметтендіру жөніндегі жол картасы бекітілді. Қазақстанда 2018 жылғы екінші тоқсанда NEET санатындағы жастар 7,7 пайыз (былтырғы сәйкес кезеңде 8,5 пайыз) болған. «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында 312 колледжде 381 мамандық бойынша 21 мың адам білім алуда.

Сонымен қатар, Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктерінің жастар арасындағы құқық бұзушылық пен суицидтің алдын алу жөніндегі мәліметі тыңдалды. Соңғы 5 жыл ішінде жастар арасындағы қылмыс саны (14-29 жас аралығы) 5 пайызға азайған. Еліміздің жоғары оқу орындарындағы және студенттер жатақханасындағы тәртіпті қамтамасыз ету барысында полицияға жәрдемдесетін 196 студенттік жасақ қызмет атқарады. Олар биыл 180 қылмысты әшкерелеп, 5,4 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзу жайттарын анықтады. 2017 жылы 15-17 жас мөлшеріндегі жастардың суицид көрсеткіші 36,6 пайызға, өз-өзіне қол салу әрекеті 43,4 пайызға азайғаны байқалған.

Кеңес отырысында 2019 жылға арналған жұмыс жоспары қаралды.

Соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.

Айта кетейік, кеңес отырысына Үкімет мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, республикалық жастар ұйымының мүшелері, сарапшылар мен өңірлік басқармалардың басшылары келді.

Аягөз Құрмаш 

Барлық жаңалықтар