- Басты
- Жаңалықтар
- Қазақстан Батыс пен Шығыс арасындағы өркениеттерді байланыстырды - пікір
Қазақстан Батыс пен Шығыс арасындағы өркениеттерді байланыстырды - пікір
Ерлан Қарин атап өткендей, әрбір жеке адамға өз өміріндегі миссиясын түсіну үшін өзінің арғы тегін, ата-бабаларының жолын білуі қандай қажетті болса, дәл солай жалпы ұлттың миссиясын, жалпы адамзат өркениетіндегі орнын айқындау үшін ол өзінің тарихи орнын анықтап білгені дұрыс.
«Қарап отырсақ ұлттық тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ұлт болып ұйысу процесіне тарихи тақырыптарға қатысты дискуссиялар қозғаушы күш болып отырды. Естеріңізде болса, 90 жылдары ұлттық сана-сезімге үлкен дүмпу берген де тарихқа қатысты пікірталастар. Сол кезде пайда болған тарихтың ақтандақтары мәселесі, репрессия кезінде құрбан болғандарды ақтау, Алаш қайраткерлерінің есімдерін жаңғырту, баһадүр батыр бабаларымыздың астарын беріп, тойларын атап өту - ұлттық тарихи сана-сезімнің қалыптасуына үлкен серпіліс берді», - деді Е.Қарин.
Сондай-ақ, саясаттанушы айтып өткендей, жаңа мыңжылдыққа аяқ басқанда, Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы – ұлттық тарихымыздағы жоғымызды түгендеп, жинақтауға мүмкіндік тудырды.
«2013 жылы Елбасының бастамасымен ұлттық тарихты академиялық тұрғыдан түгендеу жолында жұмыстар жүргізілді. Өткен жылғы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осы дискуссияларға тағы бір қозғау салды. Ал, бүгінгі мақаланы Елбасының ұлттық тарих жөніндегі тақырыптық туындысы деп қарастыруға болмайды. «Ұлы даланың жеті қыры» - ұлтты жаңа ойларға жетелейтін кезекті бағдарламалық мақала. Мұның алдындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала қазақ қоғамының күн тәртібін анықтауға мүмкіндік берсе, бүгінгі мақала да ұлттық сана-сезімнің қалыптасуындағы жаңа дискурс», - деді ол.
Саясаттанушы бүгін жарияланған мақаланың негізгі ойы қандай екеніне тоқталды.
«Бүгінгі мақаланың ойы неде? Бүгінгі күнге дейін біз тарихымызды жинақтап, толықтырып, бары мен жоғын анықтаумен келдік. Ендігі ретте қазақ ұлтының әлемдік өркениеттегі орнын және үлесін көрсету. Түсінген адам үшін шын мәнісінде мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендігі шарттарының бірі. Мемлекеттің болашақтағы өміршеңдігінің тиісті институционалды шарттарға: мемлекеттік құрылымы, шекарасы, ұлттық валютасы, экономикасы, әскері, мемлекеттік институттарымен қатар рухани құндылықтармен де анықталады. Біз жапон, қытай, араб мәдениеттерімен тамсанып, сүйсінеміз. Олар сол мәдениеттерін көрсете алғандарының арқасында мемлекеттілігінің өміршендігін де қалыптастыра алды. Бұл ұлттық мәдениеттер ертең оңай жоғалып кетпейді. Жаһандану заманында қазақ ұлты өз орнын сақтап қалуы үшін, сонымен қатар, басқаларға адамзат өркениетіне қосқан үлесімізді көрсете білуіміз керек. Біз кездейсоқ пайда болған, әлемдік периферияда кездейсоқ факторлар әсерінен қалыптасқан ұлт емеспіз. Біз мыңдаған жылдар бойы адамзат өркениетінің қалыптасуына әрқашан үлес қосып қоймай, тіпті үлкен әлемдік тарихи процестердің ортасында болдық. Біз Жібек жолының бойында емес - біз Жібек жолының тоғысқан орны болдық», - деді ол.
Е.Қариннің айтуынша, біз Батыс пен Шығыс арасындағы өркениеттерді байланыстырдық.
«Сол арқылы қазақ мәдениеті өз алдына бөлек өркениет болып қалыптаса алды. Қазақ мәдениеті әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлігі, өзегі. Түркі мәдениеті, ислам мәдениеті, көшпелі мәдениеттердің эпицентрінде болған қазақтың санасына өзінің бай мәдениетінің орнын анықтауымыз қажет. Бұл мемлекеттіліктің бір маңызды тірегі. Біз Мемлекеттілікті құрдық, енді мемлекетшілдікті қалыптастыруымыз керек. Ал мемлекетшілдіктің негізгі алғышарты - ұлттық сана-сезім мен тарихи сана-сезім. Бүгінгі мақала қазақ қоғамына терең пікір қалыптастыруға, көлемді дискуссияларға үлкен негіз болмақ», - деді Е.Қарин.
Өз кезегінде, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Руxани жаңғырудың жалғасы іспетті тағылымды мақалада ұлт тариxының бастаулары, Ұлы Дала өркениеті, түркі әлемінің генезисі, түркілердің адамзат тариxына қосқан сүбелі үлесі сияқты маңызды тақырыптармен бірге оларды жүзеге асырудың да нақты жолдары көрсетілгенін атап өтті.
«Терең тариxымызды түгендеуге мүмкіндік беретін бағдарламалық мақаланың түгел түркі мен Ұлы даладан бастау алатын тамырлас жұрттардың да ортақ игілігіне айналары сөзсіз», - деді ол.
Ал ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ ақпараттық-талдау жұмысы бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова мақалада айтылған терең философиялық-дүниетанымдық ойлар Елбасының үнемі қоғам назарына бағыттап жүрген месседждерінің, мақалаларының, идеяларының жалғасы.
«Тарихты тек адамзат қоғамының өткенін зерттейтін қоғамдық ғылым ретінде қарастырып, нақты фактілерге сүйене отырып, сол тұрғыда басқа халықтардың мүддесіне нұқсан келтірмей қалыптастырған жағдайда, біз өзіміздің өркениеттілігімізді әлемдік қауымдастыққа көрсете білеміз. Тарих ғылымының мақсаты – халыққа өткенін жеткізе отырып, рухани дүниесі мен құндылықтар жүйесін қалыптастыру екенін ескерсек, «тарихсыз ұлт жоқ» деген нақыл сөздің растығын түсінеміз. Тарихи зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады, рухани жаңғыру үдерістері жетілдіріле түседі, келешекке дұрыс бағыт-бағдар алуға мүмкіндіктер пайда болады», - деді Ә.Назарбетова.
Ол айтып өткендей, Елбасы мақаласында Ұлы даланың тарихи тұрғыдағы жеті қыры көрсетілген, олар – Атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, Аң стилі, Алтын адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны.
« Осы аталған жеті қырымыз шын мәнінде қазіргі Қазақстан жерінде мекендеген біздің ата-бабабаларымыздың материалдық және рухани дүниелерді жасап, оны әлемдік тарих пен игіліктер қоржынына салғанын көрсету фактілері. Енді кезекте оларды дәріптеу, оған халықтың сенімі мен қызығушылығын ояту тарихқа жаңаша үңілуге үлкен түрткі болары сөзсіз.Мысалы, Алатаудың баурайы алма ағашы мен қызғалдақ гүлінің «тарихы отаны» болғаны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Осы жерден бүкіл әлемге таралған өсімдіктер бастау алған. Ұлы Жібек жолы арқылы Алатаудан Қазақстан территориясы арқылы Жерорта теңізіне, одан ары мұхит арқылы біздің қазіргі білетін алма ағашының атасы жер жүзіне таралды. Алма ағашына құрмет ретінде, оның елдімекен тарихындағы алар орнына байланысты тәуелсіздігіміздің бесігі болған Қазақстанның бұрынғы астанасы Алматы қаласының атауы қалыптасқан», - деді ол.
Ол айтып өткендей, осы сияқты жоғарыда аталған әрбір Ұлы даланың тарихи қырлары туралы нақты мысалдарды, фактілерді табуға болады.
«Дегенмен, бұл үрдісті әсіре мифтендіруден, жаңсақ пікірлерден, сол арқылы ел тарихын, ұлт тарихын негізсіз аса жоғары бағалаудан ада болғанымыз дұрыс», - деді Ә.Назарбетова.
Айта кетейік, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақ халқы тарихының ерекшеліктері мен мәдениеттің үздіксіз дамуына орай бейімделу, дамуына қатысты мәселелер көтерілген.
-
Сарапшы: «Қазақстан ұлт болып ұйысудың өзіндік моделін қалыптастырды» -
Қазақстан мен әлемдегі эпидемиологиялық жағдай: «Омикрон» штамы әлемнің 20 мемлекетінен табылды -
Қазақстан сыртқы саясатының 30 жылдық белестері -
ІІМ: Учаскелік инспектордың рөлі, құзыреті және халықпен кері байланыс -
Асқар Мамин: Қазақстан өз даму жолында сапалы серпіліс жасады -
Жастар арасындағы суицид: Алдын алу шаралары -
ДСМ: Қазақстанда коронавирус жұқтыру 2,4 есеге азайды -
Қазақстанда ревакцинациялау науқаны басталды -
Билік пен қоғам диалогы: X Азаматтық форум басталды -
Қазақстанның сыртқы саясаты: Экономикалық дипломатия, геосаяси жағдай, экспорт және инвестиция -
АШМ: Қазақстанда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау аяқталды -
А.Цой: Коронавируспен ауырған адамдардың 96 %-ы вакцина алмаған -
Қазақстанда Pfizer вакцинасымен кімдер егіледі, қайда және қалай жүзеге асады -
Қазақстанға Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді -
Ревакцинация: Қандай екпені салдырған дұрыс