• Басты
  • Елбасының тапсырмасы: Тарифтерді төмендету қалай жүзеге асырылады
13 Қараша, 2018 11:13

Елбасының тапсырмасы: Тарифтерді төмендету қалай жүзеге асырылады

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігі мен Энергетика министрлігіне 2019 жылдан бастап жылу мен судың тарифтерін төмендету жұмысымен шектеліп қалмауды тапсырды. Мемлекет басшысының 2018 жылғы 7 қарашада Қауіпсіздік кеңесінде берген тапсырмаларын іске асыру бойынша бірқатар министрліктер іс-шараларды қабылдады. Тарифтерге қатысты министрліктер қандай шараларды жүзеге асыруды қолға алғанын келесі материалдан оқи аласыздар.

Елбасының тапсырмасы:  Тарифтерді төмендету қалай жүзеге асырылады | Strategy2050.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев  Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін бірден тарифтерді төмендету және жалпы тарифтерді белгілеу жүйесінің айқындылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету шаралары анықталғанын атап өтті.

«Құрамында энергетика, ұлттық экономика министрліктерімен бас прокуратураның өкілдерімен жұмыс тобы құрылды. Оның басты мақсаты – ең соңғы тұтынушылар үшін тарифтерді төмендету. Қазіргі таңда электр энергиясын өндірудің өзіндік құны айқындау әдістемесі дайындалып жатыр. Табиғи монополистердің қаражатты мақсатты пайдалануын, әрі мемлекеттік бақылау және монополияға қарсы қызметті күшейту бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулерді  әзірлеу басталып кетті», - деді Б. Сағынтеав.

Сондай-ақ, Премьер Энергетика және Ұлттық экономика министрліктеріне алдымыздағы 1-желтоқсанға дейін ал 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап тарифтертерді төмендететін жүйелі іс-шараларды әзірлеу міндетін жүктеді.

«Ең негізгі мәселе – тарифтерді қалыптастыру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету. Екіншіден,  баға саясатына мемлекеттік органдар тарапынан бақылауды күшейтіп, тарифтерді төмендету үшін қажетті іс-шараларды қабылдау», - деді ол.

Осы орайда Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясына арналған шекті тарифтерінің объективті деңгейі белгіленетінін жеткізді.

«2019 жылғы 1 қаңтардан бастап электр қуатының нарығы енгізілген соң электр энергиясын өндіру секторы үшін жаңа тарифтік әдіснама қолданылады.Энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясының құны қуат тарифі және электр энергиясына тариф ретінде бөлінетін болады. Министрлік екі компоненттің қосындысы бойынша электр станциялары үшін электр энергиясына бағаны төмендету бойынша шаралар қабылдайды», - деді министр.

Сондай-ақ, Қ.Бозымбаев  бүгінгі таңда негізгі электр станцияларын тексеру бойынша Бас прокуратурамен бірлескен жұмыс аяқталғанын айтты.

«Энергетика министрлігінде кесте бекітіліп, барлық энергия өндіруші ұйымдарды тыңдау басталды. Аталған жұмысты биылғы 20 қарашаға дейін аяқтаймыз. Осы айдың соңына дейін тиісті бұйрық қабылдануы тиіс», — деді министр.

Министр  электр энергиясына объективті шекті тарифтерді белгілеу энергия өндіруші ұйымдардың сату бағасын төмендетуге мүмкіндік беретінін алға тартты.

«Энергия өндіруші ұйымдардың сату бағасын өзгертуінің негізінде, табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган түпкі тұтынушылар үшін электр энергиясының құнын төмендету бойынша шаралар қабылдауы тиіс», - деді министр.

Сонымен қатар, энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясына тарифтерін төмендету мақсатында Энергетика министрлігі Бұйрық жобасын әзірледі. Бұл жобада тауарлық газдың шекті көтерме бағаларын төмендету көзделген.

«Біздің бағалауымыз бойынша, көтерме сауда бағасын 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап төмендету − тауарлық газдың түпкілікті бағасын өңірге байланысты газ пайдаланатын электр станциялары үшін 6-15%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Бұйрықты осы жылдың қараша айының соңында бекіту жоспарланған», — деді министр.

Энергетика министрлігінің газға көтерме сауда бағаларын төмендету негізінде, Табиғи монополияларды реттеу комитеті тиісті бұйрықтар қабылдап, электр станциялары үшін газ бағасын төмендетуі тиіс.

«Электр энергиясы мен тауарлық газ бағаларын төмендетуге бағытталған шаралар 2018 жылғы қараша айының соңына дейін Министрліктің тиісті Бұйрығы ретінде бекітіледі. Аталған Бұйрық 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі», - деді ол.

Өз кезегінде  Ұлттық экономика министрі  Тимур Сүлейменов Қысқа мерзімді шаралар шеңберінде бірқатар жұмыстар атқарылғанын айтты.

Министр айтып өткендей,  Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының ұсынымын орындау шеңберінде монополистердің электр энергиясын беру және жабдықтау саласындағы қызметтерге арналған тарифтерді төмендету бойынша жұмыс жүргізілді.

«10 монополист бойынша жылумен жабдықтау қызметтеріне 4,4 млрд.теңге сомаға, олар:  Астана және Алматы қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары. 14 монополист бойынша электр энергиясын тарату және жабдықтау қызметтеріне 12,1 млрд.теңге сомаға тарифтер төмендетілді», - деді Т.Сүлейменов.

 Министр атап өткендей, халықпен кері байланысты ұйымдастыру үшін барлық облыс орталықтарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ облыстық маңызы бар қалаларда 2018 жылғы 12 қарашада бұқаралық ақпарат құралдарының, жергілікті атқарушы органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Нұр-Отан» партиясының, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы проблемалық мәселелер бойынша халықты қоғамдық қабылдаулар ашылды.

«Тек қана бір күнде қатысушылар саны 617 адамды құрады.Осындай қоғамдық қабылдаулар апта сайынғы негізде өткізілетін болады. Өткізілген қоғамдық қабылдаулар қорытындылары бойынша 2018 жылғы 16 қарашаға дейін келіп түскен шағымдардың негізінде сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау және электр энергиясы мен газды беру, жабдықтау қызметтерін көрсететін базалық монополистер қызметіне жоспардан тыс тексерістер жүргізу ұйымдастырылатын болады», - деді министр.

Сондай-ақ, министр  орта мерзімді шараларға қатысты   тарифтерді белгілеу және монополистердің тарифтік сметалар мен инвестициялық міндеттемелерді орындауды бақылау ашықтығын күшейту үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатқанын жеткізді.

«Мәжіліс  Парламентіндегі «Табиғи монополиялар туралы» Заң жобасында  ұсынылады: Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерді монополистердің тарифтік сметаларды және инвестициялық бағдарламаларды орындау туралы есептерді қарау процессіне тарту. Бұған қоса, олар тұтынушылардың мүдделерін лайықты түрде білдіру үшін мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік тапсырыс есебінен оларға қойылатын белгілі біліктілік талаптары негізінде қаржыландыру.Монополистердің тарифтерді бекітуге арналған өтінімдерін қарау және барлық тұтынушылар үшін материалдар мен тарифтердің есептеріне толық қол жетімділікті қамтамасыз етудің электрондық форматына ауысу.Е-монополист тиісті ақпараттық жүйесі ағымдағы жылдың 01 шілдесінен бастап енгізілді. Осы база құралдары арқылы тұтынушылардың енгізген ұсыныстары кейіннен оларды жария тыңдауларда талқылаумен жүйелендірілді», - деді Т. Сүлейменов.

Сүлейменов айтып өткендей, қазіргі уақытта Үкіметтің және Президент Әкімшілігінің қарауында «Табиғи монополиялар туралы» Заң жобасына Парламент Мәжілісі депутаттарының түзетулеріне арналған мыналарды көздейтін қорытынды жобасы бар.

Олар:  Монополистердің инвестициялық бағдарламаларды орындау іс-шараларының сыртқы техникалық сараптамасын енгізу; Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы объектілеріне тікелей барумен, бұқаралық ақпарат құралдарының, «Атамекен» палатасының өкілдерінің, қоғамдық бірлестіктердің, жергілікті атқарушы органдар мен мүдделі тұлғалардың қатысуымен инвестициялық бағдарламаларды орындаудың қоғамдық мониторинг институтыненгізу; Табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы тұтынушылардың алдындағы жария есептерін өткізуді жыл сайынғыдан жарты жылдық сайын өткізуге ауысу.

«Монополистердің қаражатты мақсатты пайдалануын толыққанды мемлекеттік бақылау мақсатында Министрлік заңнамаға табиғи монополиялар және қоғамдық маңызы бар нарық субъектілеріне тексеріс жүргізу жүйесін қайта қарауды және қатаңдатуды көздейтін жаңа түзетулерді әзірледі», - деді министр.

Министр комитеттің аумақтық департаменттерінің 10 басшысына сөгіс жарияланғанын айтты.

«Комитеттің 1 аумақтық департментінің директоры атқарып отырған лауазымынан босатылды. Комитеттің 4 Департаментіне қатысты қылмыстық істер қозғалды», - деді Т.Сүлейменов.

Осы орайда, Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика вице-министріне сөгіс жариялады.

«Ұлттық экономика министрлігінің Монополияға қарсы комитеттің оның аумақтық бөлімшелерінің жұмысын тәртіпке келтіруін қолдаймын. Оған қосымша мәлімет ретінде менің Өкімімен Ұлттық экономика вице-министрі, яғни осы саланың кураторы Серік Жұманғаринге  сөгіс жарияланды», - деді Б. Сағынтаев.

Премьер-Министр Энергетика және Ұлттық экономика министрліктері қабылдап жатқан шараларды қолдайтынын айтты. Дегенмен,  2019 жылғы қаңтардан бастап электер энергиясы мен жылуға тарифтерді төмендетумен шектеліп қалмау қажеттігін жеткізді.

«Кеше Ұлттық экономика министрінің ұсыныстарын талқылаған болатынбыз. Мысалы, электронды форматпен тарифтердің жобасын ұсынған кезде, қоғам өзінің пікірлерін электронды форматпен сіздерге жолдай алады. Кез келген азаматтың ұсыныстары ескерілуі қажет. Монополистер тарифтерді түсірдік деп өздерінің көрсетіп отырған қызметтерінің сапасын нашарлатып алмауы керек», - деді  Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, Б.Сағынтаев бағаны негізссіз өсіріп жіберетін монополистер заң бойынша жазаланатынын жеткізді. 

«Табиғи монополистердің тарифтік сметалары мен инвестициялық міндеттемелерін орындамау және өндірістік емес шығындарын қызмет құнына заңсыз қосу бойынша анықталған барлық фактілердің басын ашып алу керек. Тарифтерді жасанды түрде көтеру есебінен пайда тапқан жосықсыз монополистер яғни қызметіне адал емес монополистер мен басқарушы компаниялар заң алдында жауап беруі тиіс. Тексеріс жұмыстары көпшіліктің алдында ашық жүретін болсын», - деді ол.

Премьер-Министр  1-ші  желтоқсанға қарай Энергетика және Ұлттық экономика министрліктері қадамдық жоспарды енгізуі тиіс екенін айтты.

«Ол жоспарда электр мен жылудың, сумен, газбен жабдықтау қызметтерінің, сондай-ақ кәріз желісінің, телефон байланысының, интернеттің, ПИК тарифтері қалай және қаншалықты төмендейтіні көрсетілсін», - деді Б.Сағынтаев.

Б.Сағынтаев атап өткендей,  Президент әлеуметтік жауапкершілікті сезіну, ашық болу әрі адамдардың сенімін иелену керек деп міндет қойды.

«Сондықтан Энергетика және Ұлттық экономика министрлігіне желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде «дөңгелеr үстел» отырысын өткізіп, осы іс-қимыл жоспарын өңірлік бөлімшелердің, прокуратура өкілдерінің, монополистердің, депутаттардың, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ-тың қатысуымен талқылауды тапсырамын», - деді Премьер-Министр.

Айта кетейік,  7 қарашада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  биылғы Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополия қызметтерінің тарифтерін ретке келтіру жөнінде арнайы тапсырма берілгенін айтты.

«Жылу мен электр энергиясына төленетін ақыны қоса алғанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерінің шығындары халықтың жалпы шығындарының басым бөлігін құрайды. Тариф жоғары болған сайын отбасы бюджетіне түсетін салмақ та ауырлай бермек. Нақты экономикалық негіздемелерсіз тариф өспеуге тиіс», – деп  Мемлекет басшысы тапсырма берген болатын.

Аягөз Құрмаш

Фото: ашық дереккөз 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды