• Басты
  • Стратегиялық бастамалар: Елдің табыстылығы адам капиталының дамуына байланысты
7 Қараша, 2018 15:12

Стратегиялық бастамалар: Елдің табыстылығы адам капиталының дамуына байланысты

Қоғамдық сананы қалыптастыру, құндылықтардың басымдылығын ажырату сынды маңызды мәселелер көптің көкейінде жүргені анық. Жастардың әлемге деген көзқарасын қалыптастыру, адам капиталын дамыту, өмірге аса үлкен құштарлықпен қарау елдеің дамуына тікелей байланысты дейді сарапшылар. Стратегиялық бастамалар форумында айтылған мәселелер туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Стратегиялық бастамалар: Елдің табыстылығы адам  капиталының дамуына байланысты

Стратегиялық бастамалар орталығының аға серіктесі Олжас Құдайбергенов айтып өткендей, мемлекеттік дәрежедегі  қағазбастылық мәселесі тек қана бизнес пен  халыққа ғана емес, мемлекеттік органға да әсер етіп отыр.

«Қағазбастылықтың әсерінен  мемлекеттік органның  дамуы баяу жүреді және ол іске асыратын міндеттерге кері ықпал жасайды. Біздің есептеріміз бойынша, қазіргі кезде бюрократияның ЖІӨ-ден алатын құны  5-7 трлн теңге болады. Бұл біздің экономикамызға жетпей жатқан сома. Соның салдарынан белгілі бір жобаларға бөлінген қаржы тапшы болады. Жыл басындағы бар қаржы екінші, үшінші және төртінші тоқсанға дейін азая береді. Осылайша,   экономикадағы қаржының жетіспеуі, жағымсыз әсер тудырады», - деді ол.

Олжас Құдайбергенов айтып өткендей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бірқатар жұмыстар атқаралып жатыр.

«Оның ішінде  стратегиялық жоспарлау, бюджетті жоспарлауға қатысты мәселелерді шешу кезінде қағазбастылық проблемасы да реттеледі деп үміттенемін. Ол әлдеқайда қысқарады деп ойлаймын», - деді О.Құдайбергенов.

Өз кезегінде  Өңірлік хаб басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов кез келген сұраққа жауап іздеген кезде құндылықтар туралы айту қажеттігін жеткізді.

«Біздің қоғамның өзекті мәселесі, біз көп уақыт бойы мемлекет басқарған қоғамда өмір сүрдік. Әлі де болса, мемлекетке қарау, оның көмегін күту, мемлекеттің экономикадағы үлесінің көп болуын қалайтын құндылықтар жоғары. Ал, елдің қозғалыс күші бірінші кезекте – адам, азамат, кәсіпкер, маман. Осылардың барлығы жиналып келгенде мемлекет күшті болады. Меніңше, біз  алғашында еңбектің, уақыттың  құндылығын қамтамасыз ететін саясат жүргізуіміз керек. Бір-біріміздің уақытымызды сыйлап үйренуіміз керек. Білім мен адал еңбекті құндылыққа айналдыруымыз керек. Адал еңбек бізді алға алып жүретін күш екенін барлық деңгейдегі  сатыда тәрбиемен енгізе беруіміз қажет», - деді Ә.Байменов.

Сондай-ақ, мемлекет қайраткері Оңтүстік Кореяны мысалға алып, олар адал еңбекті құндылыққа айналдырып, дәріптейтінін атап өтті.

«Бізге қажетті тағы бір дүние. Ол – ортақ ережелерді сыйлау. Ортақ ережелерді сыйлап, оларды ұстанып өмір сүру бізге тиімді екенін түсіне отырып, оны білмеген адамдарға  түсіндіруіміз керек. Кейде орынды-орынсыз қолдана беретін «көзі ашық, көкірегі ояу»  деген сөзіміз бар. Көзі  ашықтың көбісінің көкірегі оянбаған, көкірегі оянғандардың көбісінің көзі ашылмаған. Осы екеуінің ара-жігін жақындатуымыз керек. Ортақ ережені мойындап, оны басшылыққа алу мемлекеттік қызмет үшін де, қатардағы азамат үшін де маңызды екенін дәріптеуіміз қажет», - деді Ә.Байменов.

Оның айтуынша, осының барлығы жинала келе сенім мәселесін туындатады.

«Біз осы ережелермен өмір сүріп, біреудің  уақытын, абыройын бағалайтын болсақ, басқару жүйесінде жоғарыдан төмен қарайтын қатынастың да маңызды екенін айта кеткен жөн. Әрбір басшы өзінің ұжымында, өзінің қарамағындағы адамның уақыты мен еңбегін бағалап, сыйлайтын болса, біздің қоғам алға жүреді. Біздегі қоғамның  фрагментациялық мәселесі бар. Мысалы,  28 жыл өтсе де, қазір менің қазақша мәтінімнің көбісін біразы түсінбей отыр. Бұл қоғамдық санадағы үлкен мәселе. Құндылықтарды қалыптастыратын институттарды алсақ, ол – ақпараттық саясат», - деді Ә.Байменов.

Ол атап өткендей, ақпараттың сапасы мен мазмұны екі тілде екітүрлі болады.

«Отандық ақпараттық өнімдердің мазмұны мен сапасы маңызды. Біз әлемдегі өз орнымызды түсіну үшін әлемге өз көзімізбен қарауымыз керек. Қазақстанда қаржы жеткілікті. Мемлекеттік те, бюджеттік қаржы да бар. Біздің ірі ақпараттық агенттіктер мен телеарналар болсын, әлемнің әр түкіріпінде өз тілшілерін, сарапшыларын ұстай алады. Әлемдегі болып жатқан оқиғаларға өзіндік көзқараспен баға беруіміз керек. Себебі, біздің ортада басқа орталар  емес, өзіміз көзқарасты қалыптастырғанымыз жөн», - дедә Ә.Байменов.

Сондай-ақ,  мемлекет қайраткерінің айтуынша, болмысты қалыптастыруда, рухани өркениеттік өзекті дамытуда дін  өзекті рөл атқарады.

«Біз Норвегияның үлгісін мұнай қорын жасағанда пайдаландық деп айтып жатамыз. Ал, сол Норвегиядан шыққан миллиардер туралы, не болмаса олардағы жемқорлық туралы естисіз бе? Осының себебін мен норвегиялық азаматтан сұраған болатынмын. Ол айтады: сіздер білесіздер ме, евангалистік дін біздің Конституциямызда бар. Төменгі сыныптарда  жұмаққа баратын жол еңбек арқылы келеді деп айтады. Ал жоғары сыныптарға келгенде еңбек арқылы барлығына жеткенмен, ең жоғары ықтималдылық қарапайым өмір сүрген, мал шашпаққа жол бермеген адамдарда тұрады деп айтады. Сол себептен де біздің алдымыздағы тағы бір сұрақ дін мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың  тиімді моделін қалыптастыру», - деді Ә.Байменов.

Ал Қазақстандық кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев адам  азамат және азамат емес деп екігі ғана бөлінетінін айтты.

«Ол осы елдің азаматы, барлық міндеттерді орындауға жауапкершілік алады. Не ол елдің азамат емес. Елдің табыстылығы адам  капиталының қаншалықты дамығанына байланысты болады. Инвестициялар, технологиялар, спорт  бойынша жарыспаймыз, бүкіл әлем адам капиталының орташа деңгейдегі дамуы бойынша жарысады. Адам капиталы үш іргелі затқа негізделеді. Ол – жан тазалығы, тән тазылығы және дамуы. Яғни, идеология, ағарту және денсаулық сақтау. Осы үшеуін қарап шығайық», - деді М.Сейсембаев.

Кәсіпкердің айтуынша, идеология деген қанаттандыратын, шабыттандыратын, жан сауықтыратын құрал.

«Егер адамның жаны ән салып тұрса, оның қайда тұрғаны, не істеп жатқанының мәні жоқ. Ауа райы  қандай болса да оған бәрібір. Біздің елде осы драйв, қанаттандыру жетіспейді. Болашаққа сеніммен қарайтын, таңда құлшыныспен оянатын және ұйқыға уақыт бөлуге аяйтын адамдардың қатары аз. Екіншісі,  ол – денсаулық. Егер, адамның денсаулығы болмаса, оның білім алуға да құлқы болмайды. Сондықтан денсаулық мәселесі өте маңызды. Бізде денсаулық жүйесінде де бірқатар проблемалар бар. Дәрігерлердің сыбайлас жемқорлығы, жауапсыздығы», - деді ол.

М.Сейсембаевтың  айтуынша,  үшінші фактор бұл – білім беру.

«Білім беру  саласын алатын болсақ, онда көптеген реформа бар. Осы үш саланы толық  дене ретінде қарасақ, біздің тәніміз ауру. Ол жемқорлық, сапасыз  білім беру мен медицина. Осының барлығы симптом», - деді ол.

Сондай-ақ, кәсіпкер туризмді дамытудың деңгейі тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша әжетханалардың жағдайымен бағалатынын айтты.

«Әжетхана салуға көп қаржы да керек емес. Мысалы, «Рухани жаңғыру»  туралы бір баннердің құны бір әжетханаға жетеді. Бұл бастаманы Мәдениет және спорт министрлігі де қолдайды. Шешіледі деп ойлаймын», - деді ол.
 

Кәсіпкердің айтуынша, осы айтылған үш саланы барынша дамытсақ, адам капиталы да дами түседі. Өмір сүру деңгейі де артады.

Форумда айтылған мәселелер бойынша қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, белсенді дауыс беру құқығына ие болды.

Айта кетейік, Стратегиялық бастамалар орталығы  екі жылдан астам  жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында үлкен серпін жасаған  орталықта қазір  80 адам қызмет етеді.  Оның  90 пайызы шетелде білім алып, халықаралық  ұйымдарда жұмыс  тәжірибесінен өткен.  Осы уақыт аралығында  олар  30 жобаны жүзеге асырып, 10 халықаралық  консалтингтік  және сараптамалық  компаниялармен серіктестік орнатқан.

Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды