• Басты
  • Қазақстан әлеуметтік мемлекет пе?
25 Қазан, 2018 12:11

Қазақстан әлеуметтік мемлекет пе?

Елбасы өзінің Жолдауларында және көптеген алқалы жиындарда мемлекет кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасап отырған бизнес өкілдерінің өздеріне әлеуметтік жауапкершілікті артып отыратын. Бұл бір жағынан бизнестің елден ажырап кетпеуіне, халықпен бір болуға септігін тигізсе, екіншіден, тым болмаса әр кәсіпкер өзі шыққан аймақтың гүлденуіне үлес қосатын еді. Ал биылғы Жолдау тұтасымен осы әлеуметтік салаға арналып отыр. Өйткені, әлемттік мәселесіз ел болмайды. Әлемнің дамыған елдерінің өзінде әртүрлі әлеуметтік мәселелер бар. Бірақ, әлемде «дәл осы әлеуметтік саясат тиімді» дейтіндей бірегей нұсқа жоқ. Әр ел өзінің ерекшелігіне қарай шешеді. Дамыған елдерде әлеуметтік мәселе жоқ деуге болмайды. Адам бар жерде әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің болмауы мүмкін емес. Енді олар қалай шешімін тапты дегенге келсек. Көптеген елдің тәжірибесі бойынша, әлеуметтік мемлекеттің табысты жұмыс істеуі экономиканың қарқынды дамуымен тығыз байланысты. Осы көрсеткішке жету үшін Қазақстан құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет құру, орнықты әлеуметтік саясат жүргізу үшін алыс-жақын елдердің оң тәжірибесін ескеріп отырады. Олжас Бейсенбаевтың сараптамасына ұсынамыз.
Қазақстан әлеуметтік мемлекет пе?

Әлемнің дамыған елдеріндегі әлеуметтік мемлекетті орнату тәжірибесі

Әлемдік және отандық саяси тәжірибені талдай отырып, қазіргі жағдайда мемлекеттің қоғамдағы әлеуметтік топтармен және жеке азаматтармен қарым-қатынасына көңіл бөліне бастағанын аңғарамыз. Негізгі заңындағы әлеуметтік мемлекет туралы арнайы баптың бар-жоғына қарамастан, барлық дамыған мемлекеттер іс жүзінде әлеуметтік мемлекет болып есептеледі. Азаматтардың әл-ауқатына деген жауапкершілік туралы айтқанда Швеция, Испания, Португалия және тағы басқа мемлекеттердің Конституцияларына назар аударуға болады. Осы үрдісті ТМД және Шығыс Еуропаның бұрынғы социалистік елдері де өз деңгейінде қолдады.

Мәселен, Конституциясына сәйкес «Румыния құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет болып табылады», ал Польша әлеуметтік әділеттілік принциптерін жүзеге асыратын демократиялық, құқықтық мемлекет болып саналады(http://eurazis.kz/?page_id=228) Ресей ғалымдары РФ Конституциясына әлеуметтік мемлекет ережесін енгізгенде «әлеуметтік әділеттілік, азаматтардың бақуаттылығы және олардың әлеуметтік қорғалу жауапкершілігін өз мойнына алатын мемлекет – әлеуметтік мемлекет» деп көрсетті. Әлеуметтік мемлекетті қалыптастыру бірқатар ТМД елдерінің – Беларусь Республикасының (1994 жылғы, 1 бабы), Тәжікстан Республикасының (1994 жылғы, 1 бабы) Конституцияларында нақты айқындалды. Қырғызстанның 1996 жылғы Конституциясында әлеуметтік бағыттың нормалары белгіленді.

Шетелдік әлеуметтік модельдердің қаржылық көрсеткіштерін салыстырған кезде, Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің кірісі (Ұлттық қорға түсетін түсімдерді есепке алмағанда) қаралып отырған елдерге қарағанда екі есе төмен, ЖІӨ-ден шамамен 20 %-ды құрайды.Осылайша, мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік салаға жұмсайтын шығыстары жоғарыда аталған елдерге қарағанда 3,5-4,5 есе аз. Республикада скандинавиялық модельді қолданатын елдерге қарағанда, білім беруге арналған шығыстар екі есе, денсаулық сақтауға – 3,5 есе төмен қаражат аз бөлінеді.

Қазақстанның әлеуметтік саясатының негізгі бағыттары болып: жұмыспен қамту мен жұмыссыздық мәселелерін шешу; қолжетімді әлеуметтік қызметтерді қамтамасыз ету, ең алдымен, денсаулық сақтау мен білім беру жүйелерін жетілдіру; өмір сапасының ұлттық стандартын дайындау және т.б. ТМД елдерінің ішінен Қазақстан бірінші болып зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінің реформасын жүргізді.

Қоғамның саяси трансформациясы жағдайында демографиялық саясат, азаматтардың миграциясы, әлеуметтік саясаттың қайта құрылуын қажет етті. Жаңа әлеуметтік саясат шеңберінде білім беру мен еңбек нарығының қарым-қатынасын нығайту қажет болды. Еңбек нарығында мүмкіндігі шектеулі азаматтар, қарттар, жастарға қатысты арнайы бағдарламаларды қалыптастыру қажет еді. Еліміздегі осындай әлеуметтік саясаттың жай-күйін зерттеу салыстырмалы түрде жаңа үрдіс болып саналады. Осыған қарамастан, әлеуметтік саясатты саралау жұмыстары,  ғылыми сараптама мен тәжірибе қарқынды дамып келе жатқан салаға жатады.

Жолдаудағы әлеуметтік мемлекет көрінісі

Жалпы, мемлекет іргесі қаланған уақыттан бері әлеуметтік саясат сатылы түрде трансформацияланып келеді. Бұл салада көптеген заңдар қабылданды: «Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі жалпыұлттық тұжырымдамасы», «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар туралы» және т.б., халықтың тұрмысын қамтамасыз етумен қатар, әлеуметтік кепілдіктер туралы заңдарды реформалауда, соның ішінде «Халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау туралы» ҚР Кодексі, «ҚР Білім  туралы», ҚР «Еңбек Кодексі» және «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Қазақстан Республикасын зейнетақымен қамтамыз ету туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңдарды атап өтуге болады. 

Бұл бетбұрыстар кешенді түрде «Қазақстан-2030» Стратегиясынан бастау алғаны белгілі. Президент өз сөзінде Қазақстанның көрсетілген межеге мерзімінен бұрын жеткенін айтты. Атап айтар болсақ, 1997 жылдан бері қазақстандықтардың табысы 16 есе өсіп, табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың саны 7 есе азайды, жұмыссыздар саны екі есе қысқарды(ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан-2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы. Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. Алматы: Білім, 1997 жыл) Алайда, «Қазақстан-2030» бағдарламасы мерзімінен бұрын орындалғанымен, жаһандық саяси-экономикалық өзгерістерге байланысты өзгеше сын-қатерлер де пайда болды. Жаңа әлеуметтік-экономикалық проблемалар туындап, шешу жолдары қарастырыла бастады.

Барлық қызмет салаларында әлеуметтік саясаттың маңыздылығы жыл сайын артып келеді. Жоғарыда аталған өзекті мәселелер еліміздің басты мінберлерінде қозғалып, маңызды құжат беттерінде орын ала бастады. Қазақстан үшін де әлеуметтік саясаттың маңыздылығын түсіну туралы Мемлекет Басшысының жыл сайынғы Жолдауларында нақты көрсетіледі. 2006 жылғы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру» Стратегиясында қоғамның ары қарай дамуы үшін негізгі бағыт ретінде «кейбір аймақтардың осал қабаттарын қорғайтын және экономиканың дамуын қолдайтын жаңа әлеуметтік саясатқа» мән берілді.  

Ал, 2008 жылғы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» Жолдауында әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттары анықталды. Әсіресе, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын, зейнетақыны және әлеуметтік жәрдемақыны өсіру бойынша іс-шаралар ұсынылды. Осы Жолдауда алғашқы рет қоғамның әлеуметтік жаңғыртылуы мен адами капитал маңыздылығы туралы айтылды.

Бұл бағыт 2009 жылғы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Жолдауда да көрініс тапты.(http://www.akorda.kz)Құжатта қаржы саласындағы тұрақсыздық пен халықаралық жағдайдың экономикаға әсеріне қарамастан, әлеуметтік бағытты іске асыру жалғасын табатыны айтылды. Айта кету керек, 2010 жылы 1 сәуірден бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы мен стипендия 25%, 2011 жылы тағы 30 % өсті. Ал 2011 жылы базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс көлемінен 50 % өсті. Мемлекет сонымен қатар, оқу қаражатын төлеу үшін студенттерге қолдау көрсетті. 2009 жылы мемлекет қосымша 11 мың грант және 40 мың кредит бөлді.

Бұдан бөлек, 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауында әлеуметтік жаңғыру мен «жаңа әлеуметтік саясат» құру мәселелері ең өзекті тақырыпқа айналды(ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаетың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты халыққа Жолдауы, 2011ж. http://www.stat.gov.kz)Сонымен қатар, білім беру мен ғылымның маңызды міндеттері де қарастырылмай қалған жоқ. Негізінен, «жоғары мамандандырылған және техникалық білім берудің толығымен жаңартылуына» ерекше мән берілді. Білім берудің сапасы жоғары болмаса, мемлекетте көзделіп отырған ұзақмерзімді  индустриалды-инновациялық жаңғыртуға қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан, күн тәртібінен түспей келе жатыр.

2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдау алдыңғы кезеңдегі жетістіктер мен алдағы сын-қатерді анықтауда маңызды құжат болып саналады. Әлеуметтік сала алдыңғы жолдаулар мен бағдарламаларға қарағанда Стратегияда айқын көрініс тапты. Аталмыш Стратегияны әлеуметтік мемлекетті қалыптастырудың жаңа кезеңі деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, Қазақстанда әлеуметтік саясатты трендке айналдыру қадамдары жасалды. Лайықты өмір сүру мен еңбек жағдайын қамтамасыз ету – әлеуметтік мемлекеттің негізгі басымдықтары болып есептеледі. Соңғы уақытта экономист-ғалымдар қандай да бір мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін анықтаған кезде өндірістің дәстүрлі факторлары – жер, еңбек және капиталды екінші сатыға ысырып, әлеуметтік даму көрсеткіштерін жоғары қоя бастады.

«Қазақстан-2050» Стратегиясында XXI ғасырдың жаһандық он сын-қатерінің ішінде сегізінші болып «Үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық» көрсетіледі. Оның негізгі себебі – әлеуметтік теңсіздік екені анық. Бүгінде әлемде екі жүз миллионға жуық адам жұмыссыз отырғаны белгілі. Еуропалық Одақта жұмыссыздық соңғы онжылдықтардағы ең жоғары деңгейге жетті. Жолдауда көрсетілгендей: «Әлеуметтік-саяси дағдарысқа ұласатын жаһандық экономикалық дағдарыс Қазақстанға сөзсіз қысым көрсетіп, біздің төзімімізді сынаққа алатын болады»(Назарбаев Н.А. Стратегия «Казахстан-2050» //Казахстанская правда. 2012 - 15 декабря.)

 Президенттің биылғы жолдауында «әлеумет», «әлеуметтік» сөздері 11 рет кездеседі. Дегенмен, құжаттың мән-мазмұны толығымен осы тақырыпты қаузап отыр. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбында жарияланған Жолдау Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуындағы іргелі құжат деп айтуға болады. Өйткені, 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауда алдыңғы құжаттарда қозғалып келе жатқан өткір мәселелер өз шешімін тауып отыр. Халықтың күнделікті тұрмысындағы кездесетін қиыншылықтарды шешудің бірқатар жолдары ұсынылған. Жолдау негізгі 6 қағидатқа сәйкес түзілген, оның үшеуі нақты халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселесін қамтып отыр. Атап айтқанда, «Халық табысының өсуі» бөлігінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсетіні айтылды.(http://www.akorda.kz) Сонымен қатар, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы орташа 35%-ға өсетін болды. Төменгі жалақының мөлшері ендігі кезекте күнкөріс шегі емес, экономика ауқымындағы еңбекақы өсуінің көрсеткіші болады.

Білім беру мен денсаулық сақтау саласы – қазақстандықтарды алаңдататын басты мәселелер. Сондықтан, білім беру сапасын арттыру, педагогтардың мәртебесін нығайту «Тұрмыс сапасын арттыру» бөліміндегі сегіз тарауда тарқатылып айтылды. Ол үшін қаражат бөлу, арнайы заң қабылдау, білім мен денсаулық сақтауға деген қоғамдық көзқарасты өзгерту механизмдері қарастырылған. Бұдан бөлек, қоғамдағы әділеттілік пен тазалық та халықтың көңіл-күйіне тікелей әсер ететіні белгілі. Уақыт өткен сайын азаматтарға өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру өзектілігі артып келеді. Сол мақсатта құқық қорғау органдарының қызметін реформалау және сот жүйесін жаңғырту қайта қаралып отыр.

Жолдауда жасына, қызмет саласына байланысты халықтың әртүрлі бөлігі қамтылған. Әрине, мемлекеттегі реформалар мен бағдарламалардың басты адресаты әрі іске асырушылары ретінде жастар да тыс қалған жоқ. Жастарға патриоттық тәрбие беру, олардың потенциалын мемлекеттік жан-жақты дамуына пайдалану қашан да қажет. Тек биылғы Жолдауда «жастар» және «отбасы» ұғымдары қатар қолданылып отыр. Жастар жылында тәуелсіздік жылдарындағы ең түйткілді сұрақтар айтылып, жастарды ұйыстыруға арналған іс-шаралар ғылыми-тәрбиелік мазмұнмен толығуы қажет. 2018 жылы 22 қазанда аталған Жолдауды іске асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары дайындалды. Айтылған көкейкесті мәселенің мәні осы құжаттың орындалуына байланысты.

Сөз түйіні         

Әлеуметтік мемлекет деген ұғым нені түсіндіре алады? Біздің ойымызша әлеуметтік мемлекет - әрбір азаматты әлеуметтік жағынан жан-жақты қорғап, оның өркениетке сай лайықты өмір сүруіне жағдай жасап, мемлекеттік және қоғамдық істерді, өндірісті басқаруға әр адамға тең құқықтық негіз қалап, өмірлік өз орнын табуға мүмкіндік беретін мемлекет. Әлеуметтік мемлекет – азаматтық қоғамның барлық институттарымен бірлесе қызмет істей отырып, елдегі қоғамдық қатынастар күн тәртібіне қойған әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани мүдделерді заң аясында азаматтардың игілігі үшін шешеді. «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, әлеуметтік саясаттың мінсіз және әмбебап үлгісі жоқ. Бұл барлық азаматтары сол әлеуметтік жүйеге қанағаттанатындай бірде-бір қоғамның жоқтығы сияқты. Әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтардың бақуаттығы мәселелерін шешу – бұл әрбір қазақстандыққа әсер ететін қиын және өте маңызды міндет» деп көптеген мәселелердің сатылы түрде шешілетінін айтып өтті. Өйткені, әлемнің дамыған дейтін мемлекеттерінің өзінде әлеуметтік шиеленістер мен тұрақсыздық орын алатынын байқауға болады.

Әрине, әрбір стратегияның құндылығы ойда емес, оның ойдағыдай іске асырылуында. Экономиканы дамыту бойынша қолданылған шешуші қадамдар жақын жылдарда Қазақстан Республикасы сөз жүзінде ғана емес, сонымен қатар іс жүзінде әлеуметтік мемлекет болады деп үміттендіреді.

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды