• Басты
  • Елбасы сапары: Қазақстан мен Финляндия ынтымақтастығының дамуы
17 Қазан, 2018 10:17

Елбасы сапары: Қазақстан мен Финляндия ынтымақтастығының дамуы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Финляндияға сапары аясында «Nokia Corporation» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаамен кездесу өткізіп, Финляндияның бизнес өкілдерімен кездесті. Айта кетейік, Қазақстан мен Финляндияның 2017 жылғы сыртқы сауда айналымы 307,9 млн. долларды құраған. 2018 жылдың қаңтар-шілдесінде ол 160 млн долларды құрады. Бүгінде Қазақстанда фин капиталының қатысы бар 100-ге жуық кәсіпкерлік жұмыс істейді.

Елбасы сапары: Қазақстан мен Финляндия ынтымақтастығының дамуы | Strategy2050.kz

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Хельсинкиге келгеннен кейін фин телекоммуникация компаниясының басшысымен кездесті.

Мемлекет басшысы «Nokia» бренді әлемге телекоммуникация саласындағы жетістіктерімен кеңінен белгілі екенін атап өтіп, Қазақстанда бұл компания сенімді серіктес ретінде танылғанын айтты.

««Nokia» компаниясы 2007 жылдан бастап біздің елмен ынтымақтастық орнатып келеді. Бүгінде компанияның тауар айналымы 20 миллиард АҚШ долларына жетті», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев компания басшысына Қазақстанның өндіріс үдерісіне автоматтандыру, роботтандыру және жасанды интеллект әдістерін енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыру міндетін қойып отырғанын айтып, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелеріне ерекше тоқталды.

Ристо Сииласмаа Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін ризашылық білдіріп, қазақстандық компаниялармен ынтымақтастық орнатуға зор қызығушылық танытты.

«Сіз дүние жүзіне өте танымалсыз әрі мемлекеттер басшыларының арасында технологиялық дамудың маңыздылығын түсінесіз. Сіздің цифрлық технологияларға зор мән беретініңізді білемін», – деді Ристо Сииласмаа.

Кездесу соңында тараптар байланыстың жаңа технологияларын, соның ішінде экономика салаларын цифрландыру және инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру барысында 5G стандартын енгізу мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар,  Мемлекет басшысы Финляндия Республикасының бизнес өкілдерімен кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасы Қазақстанның сауда-экономика саласындағы маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастар достық пен өзара сенімге негізделгенін айтты.

«Тәуелсіздік жылдары Финляндия Қазақстанға 300 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Қазақстанда фин капиталының қатысуымен түрлі салаларда 100-ге жуық кәсіпорын тіркелген», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тиімді бизнес жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, бүгінгі кездесудің мақсаты экономикалық қарым-қатынастарды жандандыру және жаңа әріптестер іздестіру екенін атап өтті.

«Инвесторлармен және бизнес өкілдерімен өзара тиімді іс-қимыл жүргізу мақсатымен «Қазақ Инвест» және «Қазақ Экспорт» ұлттық компаниялары құрылды. Президент жанында Шетел инвесторларының кеңесі жұмыс істейді. Металлургия, мұнай өңдеу, машина жасау, химия, азық-түлік өндіру сияқты басым бағыттағы инвестициялық жобаларды іске асыру барысында корпоративтік, жер және мүлік салықтарынан босату қарастырылған, жер қойнауын пайдалануға лицензия алу және келісім-шарттар жасасу тәртібі жеңілдетілген. Сондай-ақ, шет елдерден жұмыс күшін тарту ісі квотасыз әрі рұқсат алу рәсімінсіз жүргізіледі», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жиынға қатысып отырған бизнесмендерге Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды жекешелендіру жөнінде айтып, бұл іске шет елдерден, соның ішінде фин инвесторларынан сұраныс бар екенін атап өтті.

«Біз Финляндия – Қытай бағыты бойынша Қазақстан аумағы арқылы өтетін жаңа темір жол ашқанымызға қуаныштымыз. Енді, бұл бағыт бойынша және кері қарай жөнелтілетін контейнерлік тасымал уақыты теңіз жолына қарағанда 4 есе қысқарады», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету мәселелеріне тоқталып, фин компанияларын агроөндіріс кешеніндегі жобаларды іске асыруға белсенді атсалысуға шақырды.

«Қазақстан экономиканы жедел жаңғыртуға, жаңа технология мен инновацияны енгізуге бағыт алды. «Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Фин компанияларының осы саладағы тәжірибесі біздің ынтымақтастығымызға жаңа жол ашар еді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының және соның жанынан ашылған жоғары технологиялық биржаның артықшылықтары жөнінде айтып, осы жобаны жүзеге асыруға Шанхай қор биржасы мен NASDAQ америкалық биржасының атсалысқанын атап өтті.

««Астана» халықаралық қаржы орталығының «жасыл», исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамытудың өңірлік орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар. Фин компанияларын осы орталықтың жұмысына атсалысуға шақырамын», – деді Қазақстан Президенті.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев фин кәсіпкерлерінің екі ел арасындағы бизнесті дамыту және өзара тиімді әріптестікті нығайту үшін Қазақстандағы барлық мүмкіндіктерді пайдаланатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан-Фин сауда-экономикалық ынтымақтастығы химия, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, жоғарытехнологиялы бояуларды өндіру  салаларында жүргізіледі.

Фото: Бауыржан Жуасбаев 

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды