• Басты
  • Астанада «Бейбітшілік қабырғасы» ашылды
29 Тамыз, 2018 18:43

Астанада «Бейбітшілік қабырғасы» ашылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астанада «Бейбітшілік қабырғасы» ашылды

Мемлекет басшысы монументтің ашылу рәсімін Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында өткізудің символдық мәні бар екенін атап өтіп, 29 тамыз Қазақстанның жаңа тарихындағы айрықша күн саналатынын айтты.

«1949 жылы дәл осы күні Семей полигонында ядролық қару алғаш рет сыналған болатын. Қырық жыл бойғы 450-ден астам жарылыстың салдарынан миллиондаған адам зардап шекті. Менің Жарлығыммен 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Бүгін, Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні, біз елордамызда жаңа маңызды нысанды – «Бейбітшілік қабырғасы» монументін ашып отырмыз», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтай отырып, бейбітшілікті, достықты, өзара құрмет пен мәдениетке негізделген қағидаттарды ұстанатынын айтты, сондай-ақ Қазақстанның бейбіт бастамалары замандастарымыз бен болашақ ұрпағымыз үшін лайықты үлгі болып, бүкіл адамзат жылнамасына енгенін атап өтті.

« Семей ядролық полигонының жабылуы, ядролық қару-жарақтан бас тартуымыз, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру бастамасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, «Әлем. XXI ғасыр» манифесі, Сирия жөніндегі Астана процесі – осының бәрі Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан нақты үлесі», – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев халықтар арасында нақты және ментальдық тұрғыдан бөле-жарудың пайда болуына әкеп соқтырған ауқымды қақтығыстарды, нәсілшілдікті, діни төзбеушілікті адамзат баласының ғасырлар бойы басынан көп өткергенін атап өтіп, бүгінде әлемдік қоғамдастықтың халықаралық терроризм мен радикалды идеялар сияқты жаңа сын-қатерлерге тап болғанына тоқталды.

«Астанада монументтің бой көтеруі тарих сабақтарынан тәлім алып, оны ұмытпауға және еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақты бағалауға үндейді. «Бейбітшілік қабырғасы» – бейбіт өмірдің құндылығын дәріптеуді және өткен тарихымыздың қасіретті кезеңдерін қайталамауды замандастарымыздың есіне салып тұратын нысан», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бұл мемориалдың елорданың тағы да бір көрікті орнына және шаһардың айтулы нысанына айналатынына сенім білдірді.

«Біздің бітімгершілік бастамаларымыз, ең алдымен, болашақ ұрпаққа арналады. Біз барлық тілде ұрпақтарымызға «Бейбітшілікті сақтаңдар!» дейміз. Бұл – жер бетіндегі әрбір адамның бойында болуға тиіс ең басты құндылық», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті елорданың 20 жылдығына тарту жасаған Ақтөбе облысына ризашылық білдіріп, Астана тұрғындары мен қала қонақтарына және барша қазақстандықтарға бейбіт өмір, бақ-береке тіледі.

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды