Туризмді дамыту

Ұлы дала еліне саяхат: Алтай – өркениет бесігі

«Ұлы Дала Eліне саяхат» жобасы шеңберінде экспедиция тобы жүріп өтетін «Алтай – өркениет бесігі» атты екінші бағдар 2018 жылы 5 тамызда Өскемен қаласынан жолға аттанды. Шығыс Қазақстан облысы мен қазақстандық Алтай тауы бөктерінің ең әдемі жерлеріне саяхаттайтын экспедиция мүшелерін аса қызықты, кей жерлері экстремалды 12 күндік саяхат күтіп тұр.
Нұр-Сұлтан06 Тамыз , 10:40

Экспедиция құрамында шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлер, журналистер және туроператорлардың өкілдері бар. Олардың қатарында Photosafari.KZ фотографы Константин Киквидзе, ресейлік «Вояж» журналының мақалалар авторы Вероника Иванова, қазақстандық тревел-блогер Екатерина Кошко және тағы басқалар. Экспедиция мүшелері шамамен 2 500 шақырым жолды бірге жүріп өтуі тиіс.

Экспедиция Қазақстанның шығыс аймағындағы ең әсем жерлердің бірі – Бұқтырма су қоймасынан, оның әйгілі Көгілдір шығанағынан басталады. Келесі күні саяхатшылар Катон Қарағай ұлттық саябағына және Берел қорымына аттанбақ.Берел қорымы – бұл ашық аспан астындағы мұражай. Бұл жерде көлемі жағынан әртүрлі, тастан үйілген 70-ке жуық қорған бар. Бұл – елімізде баламасы жоқ, III-IV ғасырдың археологиялық ескерткіш-қорымы болып табылады.

Үшінші күні экспедиция қатысушылары теңіз деңгейінен 1685 метр биіктікте, Катон мұздығының бір саласы жатқан қатпарда орналасқан Қаракөлге барады. Ұзындығы 3 шақырым, ені 800 м, тереңдігі 10 метрге дейін жететін көлдің оңтүстігінде, Ресей мен Қазақстанның шекарасында Катон жотасынының ортасындағы мұздықта Мұзтау шыңы орналасқан. Ашық күндері Мұзтаудың және оған іргелес шыңдардың бейнесін көл бетінен көруге болады.



Бағдардың келесі нүктесіне дейін экспедиция қатысушылары 8 сағат бойы салт атпен барады. Бұл – Үлкен Көккөл өзенінің сағасында орналасқан (Ақ Берелдің сол жақ саласы) Көккөл сарқырамасы. Саяхатшылар сарқыраманы, және Алтай табиғатының осы бір бұрышына ерекше сұлулық беретін, балқарағаймен және шырша орманымен көмкерілген, көркіне көз тоймайтын шатқалды тамашалай алады.

Ары қарай қатысушыларымыз Қазақстандағы ең сұлу көлдердің бірі – Марқакөлге аттанады. Ол осы аттас мемлекеттік табиғи қорықта, теңіз деңгейінен1447 метр биікте орналасқан. Көл маңындағы табиғат бірден көзді арбайды. Көл тауда орналасқандықтан, айналасы қалың орман. Жағасы тік жартас, кей жерлері көкмайса шөппен көмкерілген.

Бұдан кейін жоспар бойынша саяхатшылар картасында ландашфты ерекше көрікті Қиын Керіш шатқалы, одан кем түспейтін, Зайсан көлі жағасындағы шатқалдар – Шекелмес мүйісі мен Тарбағатай таулары белгіленген. Одан кейін экспедицияның осы бөлігі Алакөлге барып аяқталмақ. Алакөл – Қазақстанның ішкі су қоймалары арасында көлемі жағынан екінші орында тұрған және еліміздегі ағынсыз көлдер арасындағы жалғыз терең көл.

«Өздеріңіз байқағандай, бағдарымыз көпшілік туристке беймәлім, тың соқпақты басып өтеді. Экспедиция қатысушыларын жаңа жолдарды ашу және олармен жүріп өту күтіп тұр. Одан басқа, олар инфрақұрылымның жағдайын тексеріп, отандық және шетелдік саяхатшылар үшін өңірдің тартымдылығын арттыру үшін ең жақсы жағдайларды жасауға қатысты ұсыныстарын беруі тиіс. Бұл ретте біз, аймақтың экожүйесіне зиянымыз тимеуі үшін, өте ұқыпты болуымыз қажет», - деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қ. Садуақасов.

«Ұлы Дала Eліне саяхат» жобасының ұйымдастырушысы «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы екенін естеріңізге саламыз. Жоба Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша, Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын атап өту шеңберінде жүзеге асырылуда.

Айта кетейік, осы жылдың 18 шілдесі мен 29 қыркүйегі аралығында 6 бағыт бойынша ең ірі «Ұлы дала еліне саяхат» экспедициясы өтеді. Экспедиция аясында Қазақстанның көрікті әрі тарихи жерлеріне саяхат жасалады.

Экспедицияның келесі бағдарлары төмендегі облыстар бойынша өтеді: Алматы облысы  – Жоңғар Алатауы;Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстары – Сарыарқа;Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары – Теңізден теңізге дейін;Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары – Жаңа Жібек жолы;«Жаңа Жібек жолы» бағытына Ресейлік National Geographic телеарнасының командасы қатысады.

 




Яндекс.Метрика