Ұлт жоспары 100 нақты қадам

Жекешелендіру: Жарты жылда 39 нысан сатылды

Іс жүзінде 89 объекті сауда-саттыққа шығарылды және 15 объекті бойынша қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылданды. Олардың ішінен 39-ы сатылды.Бұл туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Жекешелендіру барысы талқыланған Үкімет отырысында мәлімдеді.Елдегі жекешелендіру қалай жүзеге асып жатқаны туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы17 Шілде , 12:10

 Министрдің айтуынша,  266 объекті қайта ұйымдастырылу және таратылу сатысында тұр.Осылайша, сатылғандар мен қайта ұйымдастырылатын және таратылатын объектілерді қоса есептегенде, Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы 77,4 процент деңгейінде қалыптасты.Есепті кезеңде сауда-саттыққа шығаруға 104 объекті жоспарланды.

«Іс жүзінде 89 объекті сауда-саттыққа шығарылды және 15 объекті бойынша қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылданды. Олардың ішінен 39-ы сатылды. Сату бағасы 36 млрд. теңгені құрады.Жалпы жекешелендіруге жататын 63 топ объектінің бүгінгі күнге дейін 15-і сатылды. Сату бағасы 110,5 млрд. теңгені құрады», - деді Б.Сұлтанов.

 Министр атап өткендей, биыл  39 топ объекті сатуға жоспарланып отыр. Бірінші жартыжылдықта оның 8-і сауда-саттыққа шығарылып,  2-еуі сатылды. Қалған объектілер бойынша сату алдындағы дайындық және әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізілуде.

«Сонымен бірге, республикалық меншіктегі 4 топ объекті бойынша біраз проблемалар орын алып отыр. Оның себебі, кейбір мемлекеттік органдар сатуға шығару үшін қажетті шараларды және жекешелендіру жөніндегі комиссия қабылдаған ұсынымдарды орындамай отыр. Бұл инвестициялар және даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, мәдениет және спорт, білім және ғылым министрліктері», - деді министр.

Нәтижесінде, Қаржы министрлігінің жекешелендіру бойынша рәсімдерді жеделдетудің қажеттілігін салалық мемлекеттік органдарға бірнеше рет ескерткендігіне қарамастан ағымдағы жылы осы 4 объектінің сатылмай қалу қаупі бар.    

«Біз Үкіметтің 10 сәуірде өткен отырысында  жекешелендіру барысын тежейтін және сатушылар тарапынан жол берілген бұзушылықтарды  қозғаған болатынбыз. Қазіргі уақытта, сатушылар осы бұзушылықтар мен ескертулер бойынша біраз жұмыстар жүргізіп, негізгі кемшіліктерді жойып, берілген тапсырмаларды орындады», - деді Б.Сұлтанов.

Министр атап өткендей, 35 объекті бойынша сатушылар сауда-саттықты өткізу мерзімдері бойынша жол карталарын түзеткен жоқ, сондай-ақ тиісті іс-шаралар көрсетілмеген не болмаса олар уақтылы орындалмайды.

Бұдан басқа, түгендеу нәтижелері бойынша жекешелендіру объектілерінің тізбесіне коммуналдық меншіктегі және әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың 38 объекті қосымша енгізілетін болады.

«Олар бойынша сатушылар шұғыл түрде жол карталарын жасау және оларды Тізілімге енгізу бойынша шараларды қабылдауы тиіс», - деді министр.

Жалпы, жекешелендіру процесі аталған кемшіліктерге қарамастан сату кестелеріне сәйкес жүргізілуде.

«Ағымдағы жылдың аяғына дейін 87 объекті сауда-саттыққа шығарылады, оның ішінде республикалық меншіктегі 20 объекті; коммуналдық меншіктегі 31 объекті және квазимемлекеттік сектордағы 36 актив.Процесті жылдамдату мақсатында Министрлік Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының объектілерін сатуды аяқтау бойынша 2018 жылға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті», - деді Б.Сұлтанов.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов  Жекешелендірудің 2016 – 2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

 «Министрлік Қормен бірлесе отырып Қордың компанияларын IPO-ға шығаруды қамтамасыз ету үшін түзетулер пакетін әзірлейді, атап айтқанда «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына.Қор тобына кіретін ұлттық компаниялардың көпшілікке арналған акцияларын орналастыруды жүзеге асыруға кедергі келтіретін заңнамалық шектеулерді жоюға бағытталған өзгерістер.Бүгінгі таңда түзетулер мемлекеттік органдар мен Ұлттық банкте қаралуда», - деді Т.Сүлейменов.

Министр айтып өткендей,  қазіргі уақытта бұл ұсыныстар Әділет министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен келісуге жолданды. Бұл түзетулерді Парламент Мәжілісінің қарауындағы заң жобалары шеңберінде пысықталады.

« Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет ағымдағы жылғы 4 маусымда ұлттық холдингтер мен компаниялардың активтерін бәсекелес ортаға беруден түсетін қаражатты Ұлттық қорға жіберу тәртібін бекітті. Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың объектілерін түгендеу бойынша жұмыстар жалғасуда.Министрлік Жекешелендірудің 2016 – 2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына жекешелендіруге жататын ұйымдардың санын 38 бірлікке ұлғайту бөлігінде толықтырулар енгізуді көздейтін қаулы жобасын әзірледі. Қазіргі таңда қаулы жобасы мемлекеттік органдармен келісілуде», - деді ол.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2018 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Жекешелендірудің 2016 – 2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының осы жылдың сонына дейін іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Алайда, 2018 жылғы сату кестесіне сәйкес  сатуға қойылған 62 жекешелендіру объектісі ағымдағы жылғы төртінші тоқсанға жоспарланған (желтоқсанда 47 объектіні қоса алғанда), бұл Мемлекет басшысының 2018 жылдың соңына дейін жекешелендіру бағдарламасын аяқтау жөніндегі тапсырмасының орындалмау қаупін туғызады.Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік органдармен, ұлттық холдингтермен және компаниялармен бірлесіп, жекешелендірудің жол карталарын қайта қарап, сату мерзімін осы жылдың қыркүйек-қазан айларына ауыстыруы қажет деп санаймыз», - деді министр.

 Б.Сағынтаев  жекешелендіру бойынша кешенді жоспар  77 пайызға орындалғанын айтты. Биылғы жылы  104 нысанның  39-ы ғана сатылып отыр.

«Бұл мәселені қатаң бақылауға алып, кестедегі барлық нысандар сатылып кетуі керек», - дедің Б.Сағынтаев.

Аягөз Құрмаш 

 

 




Яндекс.Метрика