Ұлт жоспары 100 нақты қадам

АХҚО дүниежүзілік қаржы әлемінің ең перспективалы даму бағытындағы қызметтерді көрсететін болады – Б.Сағынтаев

АХҚО жаңа буынның қаржы орталығы ретінде құрылуда. Бұл туралы «AstanaFinanceDay» форумының пленарлық сессиясында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді. Күні ертең ерекше оқиға - болашақ қаржы нарықтарына серпін беруге бағытталған, тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі ұлттық мегажоба - Астана халықаралық қаржы орталығының ресми тұсаукесері өтеді. Толығырақ келесі материалда.
Астана қаласы04 Шілде , 11:06

Б. Сағынтаевтың айтуынша,   бүгінгі күні  диалог және сіздермен кездесу аса маңызды, себебі АХҚО алғашқы қадамын енді басайын деп жатыр.

«Біздің әңгімеміз, сіздердің кеңестеріңіз бен ұсыныстарыңыз бізге Қаржы орталығының жұмысын дұрыс үйлестіріп, оның мүмкіндіктері мен артықшылықтарын паш етуге септігін тигізетініне сенімдімін.  АХҚО жаңа буынның қаржы орталығы ретінде құрылуда», - деді Премьер-Министр.

Премьер айтып өткендей, ол әлемдік қаржы орталықтарының классикалық функцияларын орындап қана қоймай, сонымен қатар дүниежүзілік қаржы әлемінің ең перспективалы даму бағыттарындағы қызметтерді көрсететін болады.

«Біз АХҚО-ны қаржы технологиялары саласындағы шешімдерді құру мен дамытуға арналған финтэк-плацдарм ретінде қарастырамыз. Мұндай жұмыстар Masterсard және Visa, Microsoft және Tai Cloud Corp  компанияларымен әріптестік негізінде басталып та кетті», - деді ол.  

Оның айтуынша, АХҚО 60-тан астам ірі қаржы институттарын, сондай-ақ Жаһандық финтэк-хабтар федерациясын қамтитын R3 халықаралық консорциумінің қатысушысы болды.

« Астана халықаралық қаржы орталығының  «жасыл» қаржыландыру құралдарын, механизмдерін және стандарттарын енгізу үшін тиімді алаңға айналуға мүмкіндігі мол», - деді ол.  

 «Бұл орайда, клинтек саласында Жасыл қаржылар құзыреті орталығы, сонымен қатар БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы құрылып, жұмыс істеп жатыр»,- деді ол.

АХҚО қаржылық қызметтерінің тағы бір ерекшелігі - исламдық қаржыландыру нарығының дамуына ықпал ету. Қазірдің өзінде АХҚО базасында Азия Даму Банкі және Ислам Даму Банкімен бірлесіп қажетті құқықтық және реттеушілік орта құрылды. Биылғы жылдың соңына дейін мемлекеттік исламдық құнды қағаздар  эмиссиясы жүргізіледі.

«АХҚО-ны біз болашақта исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретінде көреміз. Осылайша, Астана халықаралық қаржы орталығы жеткілікті дәрежедегі ауқымды қаржы қызметтерін ұсынатын болады. Әрине, оның бұдан басқа да артықшылықтары бар», - деді Б.Сағынтаев.

Сондай-ақ,  Б. Сағынтаев АХҚО клиенттері мен қатысушыларына не ұсынады, қандай мүмкіндік беретінімен бөлісті.

Ол айтып өткендей,  АХҚО Еуразияның перспективалы нарықтарына шығу мүмкіндіктерін арттырады.

«Қазақстан АХҚО-ны әлемдік қаржы жүйесінің бөлігі ретінде қарастырады.  Әлемдегі ақша ағынын басқаратын қаржы орталықтарының жаһандық тізбегі бүкіл жер шары арқылы - Торонтодан Сиднейге дейін, Токиодан Нью-Йоркке дейін өтеді. Олардың әрқайсысының өзіндік бірегей саласы бар. Астана халықаралық қаржы орталығының географиялық ерекше орналасуы Орталық Азия, ЕАЭО, Күнгей Кавказ, Таяу Шығыс елдерінің нарығына шығуға мүмкіндік береді.  Сонымен қатар Астана «Белдеулер мен Жолдар» жаһандық бастамасының жаңа трансқұрлықтық бағыттарының басты тораптарының бірі болып табылатынын да ескеру керек», - деді ол.

«Мұның барлығы 1 млрд. астам адамды қамтитын алып нарыққа жол ашады. Дүниежүзінің барлық қаржы орталықтарындағы тәрізді, құқық және сот жүйесі ағылшындық жалпы құқық принциптерін ұстанады. Арбитраж орталығы, Халықаралық қаржы соты және тәуелсіз қаржылық реттеуші ретінде Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитет құрылды», - деді ол.  

Ол атап өткендей, аталған барлық құрылымдарды әлемге танымал тәжірибелі заңгерлер басқарады. 

«Құрметті сэр Вульф және құрметті сот мүшелері, Джадж ханым, Доман ханым, мен сіздерге Қазақстан Республикасының шақыруын қабыл алғандарыңыз үшін және сіздер шын мәнінде әлемдік қаржы жүйесінің жаңа элементі ретінде Астана халықаралық қаржы орталығының негізін салушылардың бірі болғандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын», - деді ол.  

Ол атағандай, географиялық және заңды басымдықтарын АХҚО салық артықшылықтарымен, жеңілдетілген валюталық, визалық және еңбек режимдерімен, көлік қолайлылығымен нақтылайды.

«АХҚО органдары мен қатысушылары, сондай-ақ олардың қызметкерлері салық төлемдерінен 50 жылға босатылады. Олар - қаржылық және қосымша қызметтерден түсетін кірістерге корпоративті табыс салығы, жеке табыс салығы, жер салығы және мүлік салығы. АХҚО қатысушылары АХҚО Биржасының келісімшарттары мен ережелерінде қарастырылған кез келген валютаны пайдалана алады.65 елді азаматы, оның ішінде ЭЫДҰ барлық елдері үшін визасыз келу енгізілді», - деді ол.

АХҚО Органдарының қызметкерлері мен қатысушылары және олардың отбасыларының мүшелері үшін 5 жылға дейін мерзімге арнайы визалық режим қарастырылды.

«Көліктік қолжетімділігі кеңейтілді. Бүгінде Астана тікелей әуе қатынасы арқылы әлемнің 9 қаржы орталығымен байланысады. Алдағы бір, бір жарым жыл ішінде кезең-кезеңмен жаңа халықаралық рейстер ашылатын болады: Сингапур, Токио, Нью-Йорк. Осылайша, қазіргі таңда Халықаралық қаржы орталығының бірегей жұмыс механизмі құрылды. Біздің алғашқы ірі қадамымыз АХҚО Биржасына аса ірі ұлттық компаниялардың акцияларын жария орналастыру болмақ», - деді ол.

Ол атап өткендей,  2020 жылдың соңына дейін еліміздегі басқа да аса ірі «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта», «Таукен Самұрық» және «Қазақ Эйр» компанияларының акциялары шығарылады.

«Бұл - бизнес пен инвесторлар үшін бірегей мүмкіндіктер. Күні кеше ғана Астанада әлемнің 40 елінен 500 ірі кәсіпкерлердің және инвесторлардың қатысуымен жыл сайынғы «Қазақстанға жаһандық инвестициялар мәселелері жөніндегі дөңгелек үстел» өтті.  Инвесторлардың   Үкіметпен тікелей диалог орнатуы, серіктестермен пікір алмасу елімізде жұмыс істеуге жоғары инвестициялық қызығушылық бар екенін көрсетті»,- деді ол.

Айта кетейік, дөңгелек үстел аясында жалпы сомасы 4,8 млрд АҚШ долларына 30 жуық түрлі коммерциялық құжаттарға қол қойылды

Аягөз Құрмаш

 




Яндекс.Метрика