• Басты
  • Жаңалықтар
  • Жолдаудың әр тапсырмасы қазақстандықтарға үлкен жауапкершілік артады – К. Көкрекбаев

Жолдаудың әр тапсырмасы қазақстандықтарға үлкен жауапкершілік артады – К. Көкрекбаев

18 Қаңтар, 2014 10:45
Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауы өте мазмұнды, халыққа ерекше әсері бар тарихи құжат болды. Ал атқарылатын міндеттер мен жүзеге асатын елдік тірліктің барлығы да тиянақталып көрсетілді. Жолдаудың әр тапсырмасы қазақстандықтарға үлкен жауапкершілік артады, деді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкрекбаев.

«Жолдауда Елбасы адами капиталды дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен асыраушысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік жәрдемақы көлемі 2015 жылы 25 пайызға көтерілмек. Бұл Жамбыл облысында тұратын 31642 мүгедек  және 12 мыңнан астам асыраушысынан айырылған жандар үшін үлкен жәрдем болары сөзсіз», - деді аймақ басшысы.

Өркениет жолымен дамудың жарқын кезеңдерін айқын көрсетіп берген бұл Жолдаудың өн бойында асқақ рух бар деп сезінесің.

«Мәселен, 2020 жылға дейін 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз ету толығымен шешімін табу керек деген мәселе қойылды. Қазір Жамбыл облысында балаларды балабақшаға орналастыру 67,6 пайызға жетті. Биылғы жылы оның межесін 70,5 пайызға жеткізуді ойластырып отырмыз. Осылайша барлық алға қойылған міндеттерді шешуге мүмкіндіктер бар және сол үдеден шығатынымызға сендіргім келеді», - деді К. Көкрекбаев.  

Сондай-ақ, ол  «Мәңгілік ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл-арманы. «Қазақстан-2050» - мәңгілік елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол» деп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мәлімдеуі бүкіл қазақстандықтардың жүрек төрінен орын алатын, тарихи мағынасы аса зор сәт екені айдан анық екендігін айтты.

Оның айтуынша, елдік маңызы бар, биік мақсаттарға жетуіміздің кепілі - ол еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы. Елбасы ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін жаңа бесжылдық бағдарлама жасауды тапсырды. Жамбыл облысында биылғы жылы жалпы құны 22,7 млрд. теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып, барлығы 853 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде. Ал, 2015-2018 жылдары жалпы құны 430 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылмақ, онда 3025 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілмек.

«Мемлекет басшысының жүргізіп отырған парасатты саясатын халқымыз барлық уақытта бірауыздан қолдап келеді. Себебі, біздің елімізде жақсылық атаулының барлығы Елбасының Жолдауынан бастау алады. Сондықтан ортақ мақсат үшін жұмыла еңбек етудің қазіргі сәті де келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан қазақстандық тарихи жолдың жарқын беттері болып саналады», - деді Жамбыл облысының әкімі. 

Барлық жаңалықтар