• Басты
  • Үкімет отырысы: «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда
3 Шілде, 2018 10:29

Үкімет отырысы: «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда

Еліміздің сынақтардан сүрінбей өтуі, дамудың даңғыл жолына түсуі мұның бәрі еліміздің бас ордасымен байланысты. Ел бола аламыз ба, әлде, заманның алапат желіне ұшып-жоғаламыз ба деген тағдырлы сәтте халықты биік мақсатқа жұмылдырып, болашаққа бастаған Астана жаңғырған жаңа Қазақстанның жарқын символы. Осылайша, Үкіметтің кезекті отырысын Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Астананың 20 жылдығымен құттықтаудан бастады. Жиында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу және өзектілендіру барысы талқыланды. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Үкімет отырысы: «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда

Б.Сағынтаев Астана  қастерлі тәуелсіздігіміздің ұлы тұғыры, Алаш жұртының айбары, Елбасымыздың төл перзенті екенін атап өтті.

«Басында өзге түгілі өзіміз күмәнмен қараған ғасыр жобасы Елбасының саяси көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында табысты жүзеге асып, небәрі 20 жылда Арқа төрінде ғажайып қала бой көтерді.20 жылда қаланың экономикасы номиналды есепте 224 есеге артып, 1997 жылғы 25,7 млрд теңгеден 2018 жылғы 5,7 трлн теңгеге көбейді. Қалаға салынған инвестиция 20 жыл бұрынғы 19,3 млрд теңгеден 50 есеге артып, былтыр рекордтық 945 млрд теңге болды», - деді Б.Сағынтаев.

Премьер атап өткендей,  бюджеттен тыс инвестицияның көлемі 80 процентке жетті.

« 20 жылда Астанаға бюджеттен 2,3 трлн теңге бөлінгенімен, ол қазірге дейін ел қазынасына шамамен 7 трлн теңге салды. Демек,  қаланың дамуына салынған мемлекет қаражаты  3 есе артығымен қайтарылды. Астана халқының саны 20 жылда 3,5 есе өсіп, 1 млн асты. Бас ордамыз дарынды, мақсаткер, еңбекқор, білімді жастардың арман-мүддесін бір арнаға тоғыстырып, барша қазақстандықтарды біріктірген кіндік қала. Ол татулық пен тұрақтылықтың, жасампаздық пен бейбітшіліктің символы ретінде тұтас Еуразияға, одан қалды, жер жүзіне лайықты үлгі болуда», - деді Б. Сағынтаев.

Ұлттық экономика министрі  Тимур Сүлейменов «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін  2018 жылы қаржыландырудың барлық көздерінен  809,5 млрд теңге көзделгенін  жеткізді.

«Оның ішінде  1 шілдедегі жедел деректер бойынша 167 млрд, яғни  21 пайызы игерілді. Барлық қаражат көзінен көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға 745,5 млрд теңге көзделген. Биыл оның  130 млрд теңгесі игерілді. Автомобиль жолдарын салу мен қайта жөндеуге, күтиуге  170 млрд теңге көзделген. Оның ішінде қаржыландыру жоспарына сәйкес,  90 пайызы игерілді», - деді министр.

Сондай-ақ, темір жол көлігін дамыту мен жаңғыртуға биыл 90,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде  республикалық бюджеттен  39,1 млрд теңге, «ҚТЖ» АҚ 51 млрд теңгені бөлді.

«6 айдың қорытындысы бойынша, қаражатты игеру  36 пайызды немесе  33,1 млрд теңгені құрады.  Елдің транзитік әлеуетін арттыру үшін, құрық портрының паром автомобиль кешенін анықтау толық жоспарланып отыр. Қазіргі кезде жұмыстар  85 пайызға орындалды. Құрық порты арқылы жүк тасымалдау көлемі алты айдың ішінде 856 мың тонна жүкті құрады. Жалпы, Құрық портының жобалық қуаты жылына 6 млн. тонна жүкті құрайтын болады», - деді Т.Сүлейменов.

Министр айтқандай, энергетикалық инфрақұрылымды нығайту бойынша биыл  Шүлбі ГЭС, Ақтоғай,  Талдықорған, Алма  бағыты бойынша жоғарывольтті  желілерді салу үшін 25,8 млрд теңге бөлінген. 6 ай бойынша мердігерлік ұйымдарға  6 млрд теңге төленді. Жұмысты жылдың соңына дейін тәмамдау жоспарланып отыр.

Өз кезегінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бағдарлама  бойынша  республикалық бюджетке 474 млрд теңге қарастырылғанын айтты.

«Мемлекеттік бағдарлама бойынша 129 млрд теңге игерілді. Бұл есептік кезеңнің жоспарының  96,2 пайызын құрайды. Жылдық жоспардағы игерілу  26,2 пайызды құрады», - деді Б.Сұлтанов.

Министр   өңірлерге аударылған  34,5 млрд теңге  91,5  пайызға игерілгенін жеткізді.  

 «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар туралы баяндаған  Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2018 жылы реконструкция көлемі 4,2 мың шақырымды қамтитын 23 автожол жобасы іске асырылып жатқанын айтты.  

« Өтпелі жоба 22. Осы 22 жобаның жалпы ұзақтығы 2900 шақырым болатын 10 жобасы Халықаралық қаржы институттарының займдары есебінен іске асырылуда. Займ қаржысы есебінен (10 жоба) Жетібай-Жаңаөзен, Талдықорған-Өскемен, Ақтөбе-Мақат (3), Бұрылбайтал-Құрты (4), Қалбатау-Майқапшағай (5), Меркі-Бұрылбайтал (6) және Астана қаласының Оңтүстік-Батыс айналма жолы (7) жобалары бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр», - деді Ж.Қасымбек.

Сондай-ақ, халықаралық даму және қайта құру банкі займын үнемдеу есебінен шілде айында Ұзынағаш-Отар (8) учаскесінің және жылдың аяғына дейін Балқаш-Бұрылбайтал (9) учаскесі қайта жөнделеді.

«Қарағанды-Балқаш учаскесінің реконструкциясын бастауға Қытай халық республикасы ЭксИмБанкінің үнемделген займ қаржысын қолдану келісіміне қол қойылды. Ақтөбе-Мақат жобасы бойынша ұзақтығы 159 шақырым болатын Ақтөбе-Қандыағаш және жалпы ұзақтығы 277 шақырым болатын Атырау-Астрахань автожолы бойынша қазіргі уақытта қаржыландыру көзін Ислам даму банкінен Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Азия даму банкіне ауыстыру шешімі қабылданды», - деді Ж.Қасымбек.

Министр атағандай,  осы жағдайларды ескере отырып, республикалық бюджет қаржысы есебінен Ақтөбе-Қандыағаш (60 км), Атырау-Астрахань (60 км) учаскелерін реконсрукциялауды бастау жоспарланып отыр. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ осы 120 шақырым жолды қайта жаңғырту үшін мердігерлерге тендер жариялады.

Сондай-ақ 31-ші мамыр күні Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік  қағидаты бойынша 2021 жылы аяқталатын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы басталды.

«Жоба Алматы қаласының айналасындағы транзиттік ағындарды қала сыртына қарай бағыттайтын заманауи жоғары технологиялық айналма жолды құруға мүмкіндік береді.Жалпы жергілікті желі автожолдарын қосқанда «Нұрлы жол» жобаларын іске асыруға 100 мың жұмысшы тартылды.Биыл жыл соңында 528 шақырым жолды пайдалануға беру жоспалранған», - деді Ж.Қасымбек.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жолдауындағы жергілікті желілердің жолдарын жөндеу және реконструкциялау жұмыстарын қаржыландыруды ұлғайту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қаржыландыру көлемін 145 млрд. теңгеге дейін ұлғайту және одан кейінгі жылдары 150 млрд. теңгеге дейін жеткізу мәселесі пысықталды.

«Биыл республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша 60 млрд. теңге бөлінді, қаржыландыру көлемі 150 млрд. тенгеге дейін жеткізіледі.Бұл шаралар арқылы жөнделетін 4 мың шақырымнан астам жол қамтылады және 2025-ші жылға қарай жергілікті жолдардың   85%-ы жақсартын болады», - деді Ж.Қасымбек.

Министрдің айтуынша, басым міндеттердің бірі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына ақы төлеу жүйесін енгізу болып табылады.

«Бағдарлама аясында ақы төлеу Жүйесін еңгізу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Алматы-Қорғас (295 км) учаскесінде ақы төлеу жүйесі тесттік режимде іске қосылды.  Астана-Теміртау (132 км) және Алматы-Қапшағай (42 км) учаскелерінде бұл жүйені іске қосу биыл қазан айына жоспарланып отыр.Әуе транзитінің тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жалғасуда», - деді министр.

Ал, 2018 жылдың желтоқсанында Семей қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталады. Ал, 2019 жылы аяқталауы тиіс Қостанай әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары басталды.

«Биыл маусым айында цифрлы технологияларды енгізу аясында әуе жүк тасымалдары саласында «e-freight» қағазсыз құжат айналымы жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба бойынша биыл маусым айында Келісімге қол қойылды. Жоба мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік механизмі бойынша жүзеге асырылады. Жүйені 2019 жылдың соңына дейін толық іске қосу жоспарланып отыр», - деді министр.

Ж.Қасымбек айтып өткендей,  2015-2018-ші жылдары 3472 км жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілерін, 34 қазандық пен 89 су шаруашылығы құрылыстарын салып, реконструкциялауға, барлығы 389 жобаны іске асыруға 237 млрд. теңге бөлінді.

«2015 жылдан 2018 жылға дейін 2 690 км жылу -, сумен жабдықтау және су тарту желілері, 24 қазандық, 70 сорғы станциялар мен басқа да нысандар салынып, қайта жаңартылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2015 жылдан бері желілердің тозуы 65%-дан 60%-ға дейін төмендеді.59 жобаны іске асыру үшін 2018 жылы Республикалық бюджеттен 35,9 млрд. теңге қаржы қарастырылған», - деді министр.

Сондай-ақ, 2018 жылдың соңына дейін 800 км жылу, сумен жабдықтау және су тарту инженерлік желілерін салып, қайта жаңғырту есебінен желілердің тозуын 60%-дан 57%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Қанат Бозымбаев  энергетика саласында «Нұрлы жол» бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Өңірлердегі жұмыс бойынша әкімдер есеп беріп өтті.

Өз кезегінде  Б.Сағынтаев бағдарламаның жүзеге асырылуы Үкіметте бірнеше мәрте талқыланғанын айтты.

«Мемлекеттік бағдарламаның түзетілген жобасында Елбасы қойған міндеттер көрініс тапты. Инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының түзетілген жобасы үшін дауыс беруге шақырамын», - деді Премьер-Министр.

Осылайша, Премьер  жаңартылған бағдарламаны жүзеге асыруды барлық мемлекеттік орган өкілдеріне тапсырды.

Аягөз Құрмаш

 

 

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды