Қазақстан өз күшін 2050 жылға дейін есептеуі керек – Г.Қарағұсова

18 Қаңтар, 2014 10:00
Біздің елде тәуелсіздік пен мемлекеттілікті сақтай отырып 2050 жылға дейін өз қуатымызды белгілеуіміз керек, деп мәлімдеді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлжана Қарағұсова ҚР Президенті Жолдауынан кейін.

«Біз 2050 жылы қандай жетістіктерге жете аламыз, жағдайымыз қалай болады, соны қазірден бастап есептей бастауымыз керек. Міне, Елбасының соңғы Жолдауында осы бағыттарда нақты қандай жұмыстар атқарылуы керек екені нық көрсетілген. Біз мемлекеттілігімізді сақтай отырып, тәуелсіздігімізді нықтай отырып дамыған елдердің соңынан қалып қоймауымыз керек. Өз қателігімізден сабақ алып, дамыған елге айналып, әр адамның өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап, барлық мүмкіндіктерді қарастыруымыз керек», - деді депутат.

Оның айтуынша, басты назарға алынатын мәселелердің бірі мемлекет ұзақмерзімді жоспарды құрып, әр сала үшін анық міндеттемелер жүктелгені.

«Мысал ретінде әлеуметтік саланы алатын болсақ, мұндағы басты тапсырмалардың бірі – халықтың барлық тобы үшін жайлы әлеуметтік орта қалыптастыру, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға басымдылық беріліп, олардың да жан-жақты дамуы қарастырылған. Ал ол үшін өндірісті дамыту керек, Президенттің айтуынша, біз өзіміздің дәстүрлі және тиімді өндірістерімізді дамытуымыз керек», - деген пікірімен бөлісті халық қалаулысы.

Естеріңізге сала кетейік, 17 қаңтарда Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі «Қазақстан жолы-2050»: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын жолдаған болатын. Онда Елбасы мемлекет дамуының орта және ұзақмерзімді жоспарын бекітіп, елдің дамуындағы басты мәселелерді айқындады.

Барлық жаңалықтар