- Басты
- Жаңалықтар
- Қазақ диаспорасын қолдау: қаржы қайда жұмсалады?
Қазақ диаспорасын қолдау: қаржы қайда жұмсалады?
Әдетте Қазақстанның сыртқы саясат көпвекторлы сипатымен ерекшеленіп тұрады. Әрі мемлекетаралық келісімдерде Қазақстан этникалық қазақтардың мәселесін, оларды қолдауды ашық көтере қоймайды. Сондықтан да болса керек, қоғамда «шетелдердегі қазақтардың мәселесіне Қазақстан билігі назар аудармайды» деген пікір бар. Алайда, мамыр айында бекітілген «Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» еліміздің сыртқы саясатында, соның ішінде қазақ диаспораларымен байланыс орнату мәселесінде сақтықпен болса да нақты қадамдар жасауды жалғастырып отырғанын байқатып отыр.
«Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының» мазмұны мәдени-ағартушылық сипатта болғанымен, іс жүзінде стратегиялық астары бар, әлеуметтік, ішінара экономикалық сипаттағы қадам саналады. Дегенмен, қазіргі таңда шетелдердегі этникалық қазақтармен байланыс орнатудың, қолдау көрсетудің нәтижелері қандай болатынын болжау қиын. Шетелдердегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі іс-шаралардың жағымды нәтижелері де, диаспора өкілдеріне тиімсіз болатын тұстары да кездесуі ықтимал.
Қазақ диаспорасын қолдау тәжірибесі

Қазақстан шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың атажұртқа оралуына әу бастан мүдделі болумен қатар, оларға түрлі деңгейдегі қолдау көрсету мәселесін де назардан ешқашан тыс қалдырған емес. 1996 жылдың 31 желтоқсанында Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің №3308 Жарлығымен «Қазақстанның шет елдердегі отандастарды қолдауның мемлекеттік бағдарламасын» бекіткен болатын. 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» Заң да қабылданды.
2005 жылдың 21 қарашасында Президенттің №1673 Жарлығымен «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» бекітіліп, оның күші 2009 жылдың 18 маусымында Елбасының №829 Жарлығымен жойылған болатын. Яғни, Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап шетелдегі қазақтарға қолдау көрсетуді назардан тыс қалдырмағаны байқалады. Бірақ, қоғам шетелдердегі қазақ диаспораларына қатысты мәселеге келгенде, мемлекеттің саясатын тек этникалық қазақтарды көшіріп алуға ғана құрылғандай сипатта бағалайды. Себебі, 1996 жылғы, 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламаларға қатысты масс-медиадағы контент көбіне көші-қон мәселесіне негізделген еді. Ішінара Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шетелдерде қазақтардың кіші құрылтайларын өткізуіне байланысты контент те кездесетін.
Соның салдарынан Қазақстанның шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау саясаты бір жақты насихатталып келді. Әрі мәдени-рухани байланыстардың нәтижесі немесе қазақ диаспораларына тигізген пайдасы мен кері әсері зерттелген жоқ. Көбіне этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіріп алу, оларды жаңа ортаға беймідеу, құжат мәселесін реттеу төңірегіндегі ақпарат таратылды. Әлеуметтанушылар да оралмандардың Қазақстан қоғамына бейімделуі, олардың құндылықтары төңірегіндегі мәселелерге көбірек тоқталды. Дегенмен, Қазақстанның шетелдердегі қазақтарды қолдау саясаты, атажұрттағы қазақтар мен диаспораның арасындағы мәдени-рухани байланыстардың өз әсері болғаны анық. Мәселен, Монғолияның Баян-Өлгей аймағында тұратын қазақтар бүгінде Отау-ТВ желісін көп пайдаланады. Өңір халқы Қазақстандық арналарды көріп отыр.
Бұл мәселеге қатысты оралмандардың «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Бодаухан: «Қазір шетелдерде қазақ мектептері азайып кетті. Өзбекстанда демесеңіз, өзге елдерде жоқтың қасы. Жоспарда қазақ диаспораларына оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жеткізіп беру қарастырылыпты. Идея жақсы болғанымен, іс жүзінде бұл мәселе зерттелуі керек. Диаспора өкілдерінің оқулықтарға деген шын сұранысы қандай, олардың талап-тілегіне сәйкесе ме, біздің кітаптар, содан соң диаспораларымыз өмір сүретін мемлекеттердің ішкі-сыртық саясаты, ұстанымы бұған мүмкіндік бере ме, дегенді ескеру қажет. Кезінде Дүниежүзі қазақтары қауымастығы талай елге оқулықтар жібергенін көргенбіз. Бірақ, олардың нақты қандай нәтиже бергенін білмейміз. Мәселен, Моңғолияға жіберілген оқулықтар сол жақтағы қазақтарға пайдалы болды дей алмаймын. Керісінше Отау-ТВ жер серіктік жүйесінің пайдасы мол болды. Бірақ, оларды азаматтар өздері Қазақстаннан сатып алған. Демек, жұмасалатын қаржының нақты нәтиже бергенін, қазаққа пайдалы болғанын қадағалауымыз қажет», - дейді.
Қазақстан мен Монғолия арасында барыс-келіс те жақсы жолға қойылған. Нәтижесінде Қазақстандағы оқиғалармен жақсы таныс әрі мәдени-рухани байланыс мығым. Сол сияқты, 2015 жылға дейін Қытайдағы қазақ диаспорасының да Қазақстанмен мәдени-рухани байланыстары жоғары деңгейде болды. Көші-қон процесінде де Шыңжаң қазақтарының үлесі арта түскен болатын. Дегенмен, шешілуі тиіс бірқыдыру мәселелер де жоқ емес.
Бұл туралы белгілі қоғам белсендісі Ақытбек Шеризат былай дейді: «Қазақстан тәуелсіздік алған соң Шыңжандағы қазақтар атажұртпен тығыз қарым-қатынас орнатты. Қазақстанның өнімдерін тұтынуға тырысу, фильмдерін көру, ақпарат құралдарын оқу Шыңжаң қазақтарының арасында кең тарады. Қазақстандық өнер шеберлерінің аталған аймаққа гастрольдік сапармен баруы қалыпты жағдайға айналды. Шыңжаң қазақтары қытай мәдениетін, әдебиетін қабылдамайтын деңгейге жетті. Қазақстанға көшіп келу мәселесі ашық талқыланды. Яғни, рухани тұрғыда Шыңжаң қазақтары атажұртпен біте қайнаса бастады. Санада азаттық пайда болды... Алайда, 2015 жылдан бері жағдай өзгерген. Жалпы, Шыңжаң қазақтарының мәселесіне шындап назар аударуды қажет».
Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында бұл мәселе сөз болған еді. Яғни, шетелдердегі этникалық қазақтарды қолдау мәселесінде олар өмір сүріп отырған елдердің ішкі-сыртқы саясаты, демократия принциптеріне, адам құқықтарына қатысты ұстанымдары бар.
Ірі қазақ диаспорасы шоғырланған Ресей мен Өзбекстанға тоқталар болсақ, оларды қолдау мәселесінде түбегейлі өзгеріс болған жоқ. Байланыстар әдеттегідей көші-қонға және мәдени-рухани қарым-қатынастарға негізделді. Алайда, Ресей Федерациясында қазақ мектептерін ашуды ұйымдастыру мүмкіндігі болған жоқ. Ресейде ресми түрде қазақ мектебі саналатын бір ғана мектеп бар. Ондағы қазақ диаспорасы көп жағдайда ана тілін факультативтер мен арнай курстарда ғана оқу мүмкіндігіне ие. Ал, Өзбекстанда қазақ мектептерінің саны 1991 жылы 550 болса, 2018 жылы 396 қалған. Бұл елдегі қазақ мектептерінің жабылуы көбіне халықтың көші-қонына байланысты болды. Яғни, саяси себептер жоқ. Бір сөзбен айтқанда шетелдердегі қазақтарды қолдауға біржақты ғана баға беруге болады. Диаспорамен байланыс мәдени-гуманитарлық сипатта ғана жасалып жатыр. Экономикалық байланыстар деңгейі жоғары деңгейде дей алмаймыз.
Жаңа жоспардың да сипаты өзгермеген
«Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының» сипаты да мәдени-гуманитарлық сипатта. Жоспарда білім гранттарын беру, этникалық қазақтардың балаларын Қазақстандағы лагерьлерде демалдыру, кіші құрылтайлар өткізу, мектептерді оқулықпен қамтамасыз ету, масс-медиада диаспораға қатысты айдарлар ашу, деректі фильмдер мен арнайы бағдарламалар әзірлеу, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыру, өнер фестивальдерін, поэзия кештерін ұйымдастыру, диаспора арасында әлеуметтанулық зерттеу жүргізу, шекаралас елдердің аумағында, қазақ диаспорасы тығыз қоныстанған өңірлерде мемлекеттік телеарналарды көрсетуді ұйымдастыру және басқа да көптеген іс-шаралар қарастырылған.
Яғни, шетелдердегі қазақ диаспорасын қолдаудың жоспары бұрыңғы сипатынан көп өзгермеген. Әрі бұрын бұл мақсатта арнайы бағдарламалар қабылданған болса, соңғысы іс-шаралар жоспары ғана. Оралмандар мәселесіне, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру керек деп жарғақ құлағы жастыққа тимей шапшылап жүрген азаматтардың бірі Ауыт Мұқибек. Ол Үкіметтің беті бері қарағаны өз алдына, енді сол бөлінетін қаражаттың ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі үшін қатты қадағалау керегін айтып отыр.
«Жоспарды орындау кезінде қоғамдық бақылауды күшейту керек сияқты. Өйткені, іс-шара жоспарында нақты қаржы көрсетілген. Аз қаржы емес. Бұл қаржылардың біраз бөлігі республикалық бюджеттен шығып жатыр. Демек, оның тиімді болғанын, қазаққа пайдалы болғанын бақылау біздің міндетіміз болып тұр. Әйтпесе, жоспар нақты нәтиже бермеуі мүмкін» - дейді, А.Мұқибек ақын, «Нұр Отан» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмемсі консультанты.
P.S.: Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болса, Жоспар негізінен гуманитарлық бағытқа ғана құрылған. Іс-шаралар жоспарында тек бір жерде ғана бизнеске қатысты мәселе қарастырылған. Жоспардың 24 тармағында «Шетелдерде тұратын қазақтар үшін Қазақстан аумағында бизнесті дамыту үшін жағдай жасау тетіктерін қарау» деп көрсетілген. Бітті! Басқа ешқандай сөз жоқ. Бұл дегеніңіз бизнесті дамытудың өзі емес, оны дамыту мүмкіндіктерін қарастыру ғана деген сөз. Диаспоралар орналасқан аймақтарға отандық бизнестің қаржысын инвестиция ретінде құю жоспарда көрсетілмеген. Яғни, Қазақстан қазақ диаспорасына қатысты үлкен мүмкіндікті ескермей отыр. Еліміз шекаралас мемлекеттердегі қазақтар шоғырланған аумақтарға инвестция құю мүмкіндігіне ие екендігі назардан тыс қалып отыр.
Тағы бір мәселе оқулықтарға байланысты болып отыр. Яғни, қазақ диаспоралары орналасқан елдердің басым бөлігінде қазақ мектептері жоқ. Қытайдағы қазақ мектептеріне қазақстандық оқулықтарды енгізбейді, Моңғолияда да бұл бағыттағы жұмыс әлсіз. Тіпті. Көрші Ресейдің өзінің мектептеріне апарып өз оқулығымызды кіргізіп, әдістемеліктерімізді енгізе алмайтынымыз мәлім. Яғни, оқулықтар тек Өзбекстандағы мектептердің ғана сұранысын өтеуі мүмкін. Өзге диаспораларға қажетсіз. Олай болса, қыруар қаржы жұмсап оқулық шығару қажет пе? Жалпы, Жоспар түзіліп жатқанда осындай болуы ықтимал мәселелер ескерілмеген бе, деген ой қылаң береді.
Амангелді ҚҰРМЕТ
-
Сарапшы: «Қазақстан ұлт болып ұйысудың өзіндік моделін қалыптастырды» -
Қазақстан мен әлемдегі эпидемиологиялық жағдай: «Омикрон» штамы әлемнің 20 мемлекетінен табылды -
Қазақстан сыртқы саясатының 30 жылдық белестері -
Қазақ тілінде дыбысталған тағы бір фильм көрерменге жол тартты -
Асқар Мамин: Қазақстан өз даму жолында сапалы серпіліс жасады -
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асуы -
ДСМ: Қазақстанда коронавирус жұқтыру 2,4 есеге азайды -
Қазақстанда ревакцинациялау науқаны басталды -
Қазақстанның сыртқы саясаты: Экономикалық дипломатия, геосаяси жағдай, экспорт және инвестиция -
АШМ: Қазақстанда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау аяқталды -
Astana Hub: IT-стартаптарды дамыту, оқыту және қаржыландыру -
ЖОО-ларды қаржыландыру, академиялық адалдық саясаты және оқытушылар жалақысы -
Қазақстанда Pfizer вакцинасымен кімдер егіледі, қайда және қалай жүзеге асады -
Қазақстанға Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді -
МӘМС үшін төлемді қалай, қайдан жасауға болады