• Басты
  • Елбасы Татарстан Президентін «Достық» орденімен марапаттады
15 Маусым, 2018 17:58

Елбасы Татарстан Президентін «Достық» орденімен марапаттады

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Елбасы Татарстан Президентін  «Достық» орденімен марапаттады | Strategy2050.kz

Келіссөздер барысында тараптар екі жақты қатынастардың қазіргі мәселелері және өзара ынтымақтастықты дамытудың алдағы жоспарлары жөнінде әңгімелесті.  

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы байланыстарды нығайтудың перспективті бағыттарына тоқталып, Татарстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқыны жоғары екенін атап өтті. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Татарстан арасында бауырластық әрі сенімді қарым-қатынас орнағанын айтты.

Қазақстан Президенті сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығына назар аударды.

«Сіздерде ІТ-технологиялар саласы жақсы дамып келеді. Біздің жастарымыз бұл тәжірибені зерттеуі керек. Өңіраралық ынтымақтастық та ілгерілеп келеді. Екі жақты сауда көлемі 700 миллион долларға дейін өсті. Енді 1 миллиард доллар көрсеткішіне қол жеткізу керек», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті машина жасау, қорғаныс және ғарыш өнеркәсібі салаларында бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндігі жөнінде айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Татарстанның мұнай өнімдерін қайта өңдеу саласындағы тәжірибесін атап өтті.

« Барлық мемлекеттер баламалы энергия көздерін пайдалануға көшетін болады. Бірақ, таяу 50 жыл ішінде мұнай мен газға деген сұраныс та сақтала береді. Осы уақыт кезеңін пайдаланып, біз өңдеу өнеркәсібін құруымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударды.

« Ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту қажет. Ресейге ет өнімдерін де жеткізе аламыз. Біз жоғары сапалы сиыр етін өндіру үшін шет елден асыл тұқымды ірі қара малды алып келдік», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін дамытудың және инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижелеріне тоқталды.      

Қазақстан Президенті мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, соның ішінде білім беру мен медицина саласындағы байланыстарды нығайту мәселелеріне назар аударды.

«Қазан қаласының табысты дамып келе жатқанына қуаныштымын. Ресеймен өзара жалпы қарым-қатынасымыз тұрғысынан алғанда Татарстан жетекші орындардың бірінде. Біз екі халықтың игілігі үшін ынтымақтастығымызды жалғастыра беретін боламыз», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Р.Миннихановтың елдеріміз арасындағы достық қатынастарды, өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, Татарстан Республикасының Президентін бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Рустам Минниханов экономиканың түрлі секторларындағы тиімді екі жақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан – біздің басты серіктесіміз. Табысты бірлескен жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі маңызды болып саналады», – деді Татарстан Республикасының Президенті.

Р.Минниханов Қазақстандағы білім беру жүйесінің даму қарқынын атап өтіп, студенттермен алмасу үдерісін жандандыруға дайын екенін жеткізді.

Татарстан Президенті Астанадағы халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін аралап көрген кезде алған әсері жөнінде айтты.        

« «ЭКСПО-2017» көрмесі жоғары деңгейде өтті. Сіз қуатты әрі замануи алаң салдыңыз. Осы кешеннің базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы айтулы оқиға болады деп ойлаймын. Біз келешекте Қазақстандағы әріптестерімізбен «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында жұмыс істегіміз келеді», – деді Р.Минниханов.

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды