Шолу

Қытайда ауыл шаруашылығы саласында түзілген келісімдер Қазақстанға не береді

Қазақстан мұздатылған сүйексіз сиыр етін Қытайға экспорттауға мүмкіндік алды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай сапары аясында Бейжіңде АШМ мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасында Қазақстаннан Қытайға экспортталатын сиыр етіне арналған инспекция, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар туралы Хаттамаға қол қойылды. ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тұрсын Қабдолданов хаттаманың Қазақстанға беретін мүмкіндігі туралы баяндап берді.
Астана қаласы12 Маусым , 09:17

Тұрсын  Қабдолданов  айтып өткендей, осыған дейін Қазақстанның 5 облысы (ШҚО, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары) вакцинациялау арқылы аусылдан босатылған таза аймақ мәртебесін алды. Соның нәтижесінде Қазақстаннан ветеринарлық сертификаттар бойынша Қытайға мал өнімдерін және тірі жануарларды жеткізу мүмкіндігі туды. Нодулярлы дерматитке қатысты шектеулер еліміздің барлық аумағынан алынды.

«Келесі шаралар мұздатылған сиыр еті мен тірі мал тасымалдау бойынша келісімшарттарға отыру қарастырылған еді. Жалпы, бұған дейін ҚХР-мен  қойдың мұздатылған еті бойынша келісімшартқа қол жеткізіліп, хаттама толтырылған. Ветеринарлық зерттеу сертификаттары екі жақта да белгіленген. Қазақстаннан  мұздатылған қой етін экспорттау үшін  Қытай тарапы  5 кәсіпорынға инспекция жүргізіп, жалпы тізімге енгізді», - деді Т.Қабдолданов.

Комитет төрағасының айтуынша, ҚХР-мен ара балын жеткізу бойынша да келісім орнатылған болатын. Қытай тарапы тексеріс жүргізіп,  4 кәсіпорын ара балын тасымалдау үшін реестрге тіркелген.

«Балық өнімдері бойынша 52 кәсіпорын Қытай елінің реестрінде тіркеулі тұр. Қытайға балық және ара балының өнімдері тасымалданып жатыр», - деді ол.

Сондай-ақ, Қытайға асыл тұқымды жылқыны экспорттау бойынша хаттама бар. Ол бойынша  2017 жылдың желтоқсанында  288 бас асыл тұқымды жылқы алғаш рет экспортталды.

Қой еті бойынша осы жылдың наурыз айында Қытай тарапы 5 кәсіпорынды өз реестріне ресми түрде енгізген көрінеді.

«Бүгінде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Барлық құжаттар  4 тілде: қазақ, ағылшын, қытай, орыс тілдерінде дайындалады. Тасымалдаймын деушілерге мүмкіндік бар», - деді Т.Қабдолданов.

Сондай-ақ, ол Қытай тарапының ет тасымалдауға қоятын  талаптарына тоқтап өтті.

«Келісімшарт орнатылмай тұрып, Қытай тарапы өздерінің талаптарын, сұрақтарын  жібереді.  Ол сұрақтар талданып, қаралады. Көрсетілген талаптардың деңгейі түсіндірілген соң ғана хаттамаға қол қойылады. Ветеринарлық сертификатта Қытай мен біздің тарапымыздан қай ауруға тексеріс жүргізілетіні көрсетіледі. Біздегі экспорт қандай талаптарға сай шығарылады, ал Қытай қандай есеп бойынша импорт қабылдайды осы талаптардың барлығы құжатта көрсетіледі», - деді ол.

Т.Қабдолданов айтып өткендей, импортқа кіргізуші елдің талабы әркез өзекті болады.

«Олардың талабын орындауға тиіспіз. Ет қандай тексерістен өткені қаралып, тірі мал болса егілуіне дейінгі диагностикалық тексерулер жазылады. Қытай тарапы өз жағында тірі мал апаратын болсақ, бір ай бұрын карантинге қойып тексереді. Екі тараптан тексеру нәтижесі орнына келген соң, келісімшарттар одан әрі жүзеге асырылады», - деді ол.

Сонымен қатар, маман Қытайға экспорттаудың артықшылықтарын тізіп өтті.

«Алдымен, Қытайдың нарығы өте ауқымды, үлкен. Халық саны да көп. Біз үшін географиялық орналасқаны тиімді. Біздің өнімдерге деген сұраныс та жоғары ол тараптан. Себебі, елдегі өнімнің сапасы жоғары, экологиялық таза, табиғи, дәрі-дәрмексіз өсірілген. Сондықтан да, олардың сұранысы жоғары болып отыр», - деді Т.Қабдолданов.

Т.Қабдолданов экспорттауға қатысатын кәсіпкерлерге кеңес берді.

«Жалпы, Қытайға мал тасымалдауға қатысушылар мен  бизнес өкілдеріне айтатынымыз, тәртіптерді сақтап, көрсетілген алгоритмді орындаулары керек. Қытай тарапы беріп отырған өтінімнің  пішіні де бар. Сол өтінімді толтырып, аумақтық инспекцияға беруі керек. Барлық құжаттар тапсырылған соң, ол комитетке  келеді. Ал, біз Қытайға жөнелтеміз», - деді Т.Қабдолданов.

Статистика мәліметтері бойынша, Қазақстан қой мен сиыр еті бойынша ішкі сұранысты қамтамасыз етіп отыр.

«Әртүрлі кәсіпорындар бар. Олар өз өнімдерінің шикізатын басқа жерден аламыз десе, оларға шектеу қойылмайды. Сұраныстардың барлығына жауап беріп отырмыз», - деді ол.

Сонымен қатар, ол баға туралы айту ертерек екенін жеткізді.

«Экспортқа шығатын малдарды бордақылайтын алаңдар бар. Ол малдың барлығы экспортқа шығуға дайындалған. Әуелі семіртіледі, кейін тізімде бар кәсіпорын арқылы сойылып, Қытайға жөнелтіледі. Оның барлығы  есептелген», - деді ол.

Сондай-ақ, Қытай сапарында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасы арасындағы Қазақстаннан Қытайға жоңышқа шөбін экспорттау жөніндегі санитарлық және фитосанитариялық талаптар хаттамасына да қол қойылған болатын.

Хаттаманың маңыздылығы туралы АШМ Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Алмабек Марс баяндап берді.

«Хаттама қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өндірушілері мен зауыттарымызға Қытай нарығына шығуға жол ашады. Жоңышқа шөбін үш облыстан (Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстары) тиеуге рұқсат беріліп отыр. Бұл хаттама жоспар бойынша жылына  100 мың тонна жоңышқаны экспорттауға мүмкіндік береді. Жалпы, хаттаманың артықшылығы Қытай нарығына шыққанда фитосанитарлық шаралар толығымен жүргізіледі. Ол ауыл шаруашылығы саласына зор серпін береді», - деді А.Марс.   

Оның айтуынша, шоңышқа шөбі Қазақстанда жеткілікті өседі. Қытай тарапы осы өсімдікке қызығушылық танытқан соң, хаттамаға қол қойылды.

«Қытайға апаратын өнімнің зиянкестерден ада болуы шарт. Хаттамада  17 карантиндік нысандар белгіленген. Тірі зиянкестер мен өсімдік қалдықтары да болмауы керек», - деді А.Марс.

Тасымалдау тәсілдері де анықталып қойған. Өнім  контейнерлерге тиеледі екен.

Жоңышқа шөбін тасымалдау бұрын-соңды жүзеге асырылмаған екен. Ең алғаш осы Қытай елімен хаттама түзіліп отыр.

Мамандардың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында  түзілген аталмыш хаттамалар экспорт саласына үлкен серпін береді.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика