Парламент

Мәжілісте мақұлданған заң жобаларының мақсаты мен міндеті

Қазақстанда сұйытылған газды шығару көлемі артады. Оны ресми түрде реттейтін заң жобасы Мәжілісте бүгін мақұлданды. Бұдан өзге Мәжілістің жалпы отырысында бірқатар маңызды заң жобалары талқыланып, мақұлданды. Толығырақ Strategy2050.kz АА шолуынан оқи аласыздар.
Астана қаласы02 Мамыр , 12:50

«Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы баяндама оқыған мәжілісмен Бақтықожа Ізмұхамбетов заң жобасына бастамашылық жасауға Қазақстан Республикасындағы сұйытылған мұнай-газ нарығындағы ахуал себеп болып отырғанын жеткізді.

Оның айтуынша, бұл газды негізінен еліміздің газдандырылмаған өңірлеріндегі тұрғындар мен кәсіпорындар тұтынады. Сондай-ақ, газ көлік құралдарына пайдаланылады.

«Заңға сәйкес, сұйытылған газдың бекітілген шекті көтерме сауда бағасы бүгінгі күні қосымша құн салығын есепке алмағанда тоннасы 38 437 теңгені құрайды. Мұндай баға экспорттық ғана емес, шекаралас елдердің көтерме бағасынан да едәуір төмен. Бұл газды Қазақстан аумағынан басқа елдерге заңсыз экспорттауға  ынталандыратыны сөзсіз», - деді заң жобасын таныстырған мәжілісмен Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Депутат атағандай, Қазақстанда сұйытылған газдың бөлшек саудадағы бағасы көтерме саудадағы бағадан едәуір жоғары, тіпті көрші елдердегі бөлшек сауда бағасынан аз ғана төмен. Осылайша, бүгінгі күні еліміздегі зауыттар газды ішкі нарыққа өткізген кезде шығынға ұшырауда. Қазақстандық сұйытылған газды өндірушілердің тек 2017 жылы ғана ала алмаған кірісінің көлемі 38 млрд теңгеден астам соманы құрайды.

«Негізгі кіріс зауыттан тұтынушыға дейін жеткізетін делдалдар тізбегінің қалталарына түсіп отыр. Мұндай жағдайда зауыттарға сұйытылған газды ішкі нарыққа беру, әсіресе, оны өндіру көлемін арттыру мүлде тиімсіз.  Қазіргі кезде Қазақстанда өндірілетін газдың 72 пайызы ішкі нарыққа беріледі. Мұндай үрдіс сақталса 2019 жылдың өзінде сұйытылған газдың тапшылығын күтуге болады», - деді ол.

Заң жобасының мақсаты - сұйытылған газдың шығару көлемін арттыру, өндірушілердің қызығушылығын тудыру арқылы сұйытылған мұнай-газ тапшылығын болдырмау  болып табылады. Ол үшін шығынмен жұмыс істеп отырған зауыттарға сұйытылған мұнай-газды ішкі нарыққа электрондық сауда алаңдары арқылы беруді енгізгеннен кейін олардың кірістілігін қамту көзделуде.

«Біз әзірлеген түзетулер бұл тетіктерді 2019 жылдан бастап, 2021 жылға дейін кезең-кезеңмен өткізуді көздейді. Электронды сауда алаңдары арқылы сатылатын бүкіл газға Энергетика министрлігі бекіткен шекті бағасы қолданылмайды», - деді мәжілісмен.

Заң жобасы  бойынша  бірінші кезеңде жоспар шеңберінде сұйытылған газдың 10-20 пайызын электрондық сауда арқылы өткізу, көрсетілген үлесті кейін кезең-кезеңмен 2021 жылға дейін арттыру ұсынылуда.

«Сұйытылған мұнай-газ нарығының ашықтығын арттыру мақсатында заң жобасымен газ өндіуршілердің және өздерінде газды өткізу жүзеге асырылатын электронды сауда алаңдарының газды өткізу, тиеп жөнелту көлемі туралы мәліметтерді Энергетика министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы беру жолымен газды өндіру мен айналымының мониторинг жүйесін жетілдіру көзделуде. Сонымен қатар заң жоабсында өтпелі кезең аяқталғаннан кейін газ желісі ұйымдарын акредиттеу институтын жою көзделіп отыр. Аккредиттеу басында зауыттар газды мемлекет реттейтін баға бойынша жеткізуге міндетті тұлғаларды айқындау мақсатында енгізілетін болатын. Ұсынылып отырған түзетулерге байланысты бұл институттың қажеттілігі болмайды. Заң жобасын іске асыру бюджеттен қосымша қаржы бөлуді қажет етпейді», - деді Мәжіліс депутаты.

Осылайша,  100 –ге жуық  ұсыныс  қабылданып,  6 отырыста қаралған заң жобасы  бірінші оқылымда мақлданды.

Өз кезегінде   Әділет министрі Марат Бекетаев «1992 жылғы 6 шілдедегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасын  таныстырды.

«Аталмыш  хаттама ТМД Экономикалық Соты туралы келісімге және оның ережесіне түзетулер енгізуді қарастырады. Қазіргі уақытта Достастықтың негізгі шарты, құқықтық негізі құрылған, сондай-ақ экономикалық соттағы қаралатын істер санының азаюы байқалуда. Хаттаманың түбегейлі жаңашылдығы - ТМД Сотын «ad hoc» қағидасы бойынша жаңа жұмыс форматына ауыстыру. Хаттамаға сәйкес, Экономикалық сот судьяларының тізілімі құрылады.Нақты дауды қарастыру үшін судьялар осы тізілімнен тағайындалады. Судьялар дауды қарастыру мерзімінде ғана Минск қаласына келіп, сыйақы алады. Бұл формат қатысушы мемлекеттердің бюджеттерінен қаражатты тиімді пайдалануға оң әсерін тигізеді», - деді М. Бекетаев.

Министр айтқандай, судьяларды белгіленген квота аясында қатысушы мемлекеттер жекелей тағайындайды және әрбір тараптан екі судьядан іріктеледі. Қазақстандық кандидатураларды Мемлекет басшысының келісімі бойынша Жоғарғы Сот анықтайды және 2017 жылы  қаңтарда Қазақстан Республикасы екі кандидатура жолдады.

Сондай-ақ,   екінші оқылымда  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі  мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан  Республикасы Заңының  жобасы  мақұлданды.

Ал  «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Дания Еспаева баяндап берді.

Оның айтуынша,  заң жобасы Мәжілістің 11 сәуірдегі жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған.

«Заң жобасының негізгі мақсаты - ел экономикасының қазіргі даму кезеңіне, еліміздің әлемдік жүйеге кіруіне және ДСҰ-ға енуге байланысты валюталық заңнаманы жоспарлы түрде өзгерту болып табылады. Заң жобасының міндеті - Қазақстан аумағындағы валюталық операциялардың мониторингін кеңейту және есеп айырысуды шетелдік валютада қамту болып табылады. Заң жобасында ақшаны елден әкету белгілері бар валюталық опреациялар тізбесі айқындалды», - деді Дания Еспаева.

Ол айтқандай,  құжатта уәкілетті ұйымдарды лицензиялау тәртібі нақтыланған, сонымен бірге, есеп беру мерзімін бұзғаны үшін жауапкершілік енгізіледі. Барлық трансшекааралық операцияларды толық қамту үшін клиенттердің тапсырмалары бойынша жүргізілетін банктердің операциялары ғана емес, сонымен қатар, уәкілетті банктердің жеке операциялар жөнінде Ұлттық банкке міндетті түрде хабардар ету көзделген.

«Қаралып отырған заң жобасында 15-бапты АХҚО туралы конституциялық заңның бесінші бабына сәйкес келтіру жоспарланған. Заңды тұлғалар резиденттері бірінші төлем жүргізуге дейінгі немесе осындай шотты пайдалана отырып, ақша аударғанға дейін шот ашылғаны туралы Ұлттық банкке хабар беру міндеті бойынша өзгерістер енгізілді», - деді Д.Еспаева.

Сонымен қатар, Д.Еспаева  «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы баяндады.Аталмыш заң жобасы да екінші  оқылымда мақұлданды.

Айта кетейік, жалпы отырыста  «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға өзгерістер енгізу жөнінде қаулы қабылданды.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Конституциялық заң жобасы Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2018 жылға арналған жоспарына сәйкес әзірленген. Заң жобасы сайлау заңнамасына жаңа институттарды енгізу, құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жою арқылы жетілдіруге бағытталған. Заң жобасын әзірлеудің мақсаты – іргелі сайлау қағидаттарын сақтауды одан әрі қамтамасыз ету. Конституциялық заңға ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар барынша ашық және демократиялық сайлау процесін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Комитет заң жобасын жұмысқа алуға дайын», - деді депутат Нұрлан Әбдіров.

Күн  тәртібінде   талқыланған  мәселелерден соң    жалпы отырыста  депутаттық сауалдар  жолданды.

Аягөз Құрмаш 

 




Яндекс.Метрика