- Басты
- Жаңалықтар
- Депутаттар өңірлердегі салалардың ахуалымен танысты
Депутаттар өңірлердегі салалардың ахуалымен танысты
Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев және Берік Дүйсембинов «Ақ жол» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесінің алқалық жиналысында Елбасының бес әлеуметтік бастамасын талқылауға қатысты.
Кездесу барысында депутаттар Мәжілістің заң шығару қызметі жөнінде толығырақ айтып, Демократиялық партияның парламенттік фракциясының жұмысы жайлы егжей-тегжейлі баяндап берді.
Өз сөзінде «Ақ Жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев Президент бастамаларының өзектілігі мен дер кезінде қолға алынғанын атап өтті.
«Партия азаматтардың тұрғын үймен, жатақханамен, ипотека қол жетімділігімен қамтамасыз ету мәселелерін ұдайы түрде үнемі көтеріп келеді. Сондықтан да біз Елбасының бес әлеуметтік бастамасын зор ризашылықпен қабылдап, оны белсенді түрде жүзеге асыруға әрдайым дайынбыз. Жаңадан жатақханалардың салынуы және қолжетімді ипотека мыңдаған қазақстандықтардың тұрғын-үй мәселесін түбегейлі шешеді деп есептейміз», - деді Партия төрағасы.
Бұл елдегі құрылыс саласының, құрылыс материалдарын шығару өндірісінің дамуына айтулы үлес қосып, зор мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов тағы бір бастаманың маңыздылығын атап көрсетті. Ол – бизнесті несилендіруді дамыту.
«Шағын несиені арттыру кәсіпкерліктің дамуына ықпал етпек», - дейді депутат.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары Әлия Сапарова, Сергей Симонов, Павел Казанцев, Снежанна Имашева мен Михаил Чирков Ақмола облысының Ақкөл және Целиноград аудандарын аралап, сайлаушыларымен кездесті.
Кездесуде Әлия Сапарова мен Сергей Симонов Целиноград ауданында орналасқан «Шаңырақ» акционерлік қоғамының өндіріс орындарымен танысты.
«Шаңырақ» компаниялар тобына құс етін өндіретін және егін шаруашылығымен айналысатын өндіріс орындары кіреді. Құс фабрикасында бүгінгі таңда еуропалық үлгдегі жаңа құрылғы қойылған. Мекемеде 600-ден астам адам еңбек етуде.
Еңбек ұжымымен кездескен депутаттар Елбасының 5 әлеуметтік жобасының әр біреуіне нақты тоқталып, шағын және орта бизнестің дамуына ерекше мән берді.
«Біздің мақсатымыз әр сайлаушыға әлеуметтік маңызы зор бастамаларды түсіндіру болып табылады»,- деді өз сөзінде Парламент депутаты Әлия Сапарова.
Сонымен қатар, Ақмола облысы Ақкөл ауданының орталық аудандық аурханасына Халық қалаулылары Михаил Чирков, Павел Казанцев және Снежанна Имашева барды. Олар аурухана жұмысымен танысып, медицина қызметкерлерімен кездесті.
Заманауи құрылғылармен жабдықталған аурухана аудан бойынша 26 мыңнан астам адамға сапалы медициналық көмек көрсетуде. Орталық ауруханада 200-ден астам медицина қызметкерлері жұмыс атқаруда.
Халық қалаулылары аурухана жұмысына оң бағасын беріп, еңбектеріне табыс тіледі.
Өз кезегінде, Мәжіліс депутаттары Ерсұлтан Бектұрғанов, Жанат Жарасов және Артур Платонов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Ақсу ферроқорытпа зауытында болып, еңбек ұжымымен кездесті.
Депутаттар кәсіпорын қызметкерлерімен сұхбаттасу барысында Мемлекет басшысының ұсынған қадамдарының уақтылы және нақты екендігі атап өтті. Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру Мәжіліс депутаттарының атап көрсеткеніндей, халық шаруашылығының түрлі салаларын дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қоса, халық қалаулылары кәсіпорынның цехында болып, өндірісті жаңғырту жоспарларымен танысты.
Сондай-ақ, Алматыда Мәжіліс депутаттары техникалық және аграрлық университеттердің студенттік жатақханаларында тұрғын үй перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, алматылық мұғалімдерге білім саласына бағытталған Президенттік басымдықтарды түсіндірді.
Сапар барысында Мәжіліс депутаттары «Даму» қорында өткен жиында шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, бүгін Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы Ақжар және Көктау ауылдарында және Ақмола облысының Аршалы кентінде депутаттардың тұрғындармен кездесуі өтті.
Сонымен қатар, бүгін депутаттардың өңірлердегі сапары аясында Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдраxманов Ақмола облысының Аршалы ауданында сайлаушылармен жүздесті.
Аудандық әкімдіктегі актив жиналысындағы сөзінің кіріспесін "Біздің Ата Заңымыздың 1-бабы "Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады" деп басталады" деген оймен өрбіткен xалық қалаулысы Президент Н.Ә.Назарбаевтың бес бастамасы әлеуметтік мемлекеттің әлеуетін әлемге әйгілеген, елімізде бәрі де адам игілігіне жасалатынын келісті көрсеткен шешім болып шыққанын нақты дәлелдеп айтты.
Елбасы бастамаларының мән-маңызын жан-жақты ашқан депутат олардың іс жүзіне асырылуының тетіктері жөнінде де әсерлі әңгімелеп, жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді. С.Абдраxманов қоғамдағы саяси тұрақтылықтың тірегі әлеуметтік әділеттілік болуға тиіс екеніне тиісінше назар аударды.
Кездесуде жастар тәрбиесін жақсартудың жайына, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, латын жазуына көшуге қатысты сұрақтар да қойылып, тиісті мәліметтер берілді.
Аягөз Құрмаш
-
Инвестициялық саясат: ТШИ, саладағы негізгі трендтер мен өңірлердегі инвестиция тарту мәселесі -
Тоқаев: Өңірлердегі ішкі саясат басқармасының жұмысын жандандыру қажет -
"Рухани жаңғыру": Елордада қазақ тіліне аударылған 100 оқулықтың таныстырылымы өтті -
Қазақстанда журналистерге арналған бірегей сөздік таныстырылды -
Тоқаев: Өңірлердегі денсаулық сақтау нысандарының жай-күйі көңіл көншітпейді -
Жұмыспен қамту: ШОБ, агроөнеркәсіптік кешен және өңірлердегі бизнес -
Алғыс айту күні: ҚХА атынан сайланған Мәжіліс депутаттары қазақ еліне алғыс айтты -
Мәжіліс депутаттары куәліктері мен төсбелгілерін алып, өкілеттілікті бастады -
"Nur Otan" партиясынан Мәжіліске жаңадан сайланған депутаттар мандаттық туралы пікірлерін айтты -
Қазақстан халық партиясы депутаттар тізімін жариялады -
ОСК Мәжіліс депутаттары сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады -
Елімізде Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарын сайлау басталды -
Үгіт-насихат жұмыстары: кандидаттар өңірлерде бағдарламаларын таныстырды -
Сайлауалды үгіт-насихат: Өңірлердегі кездесулер жалғасуда -
Үгіт-насихат жұмыстары: Өңірлердегі кездесулер, алғаш дауыс берушілермен жүздесу