- Басты
- Жаңалықтар
- Қ.Тоқаев: қазақ халқының рухани дүниесі Ислам ағартушылығы шеңберінде қалыптасты
Қ.Тоқаев: қазақ халқының рухани дүниесі Ислам ағартушылығы шеңберінде қалыптасты

«Халқымыз мың жылдан астам уақыттан бері мұсылман өркениетінің құрамына кіреді. Ислам елімізде діннің, мәдениеттің, білім мен ғылымның өркендеуіне оң ықпал етті. Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари сынды шығыс Ренессансындағы ұлы ғалымдар мұсылмандық ізгілік дәстүрлерін қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп бастаған қазақ халқының рухани дүниесі Ислам ағартушылығы шеңберінде қалыптасты», - деді Қ.Тоқаев.
Сенат Төрағасы Қазақстан Конституция бойынша зайырлы мемлекет болып табылатындығын еске салды. Дегенмен, қазіргі таңда елімізде 2,5 (екі жарым) мыңнан астам мешіт жұмыс істейді, халықтың 75 (жетпіс бес) пайызын Ислам дінін ұстанушылар құрайды екен.
«Бүгінгі күні еліміз бүкіл әлем мемлекеттері сияқты күрделі экономикалық, саяси, оның ішінде басты идеологиялық мақсаттарды шешуге күш салуда. Жаһандану, әлемтану ұстанымдарының жаңаруы, тарихи уақыт көшінің қарқынмен жеделдей түсуі сенім мен діни құндылықтардың алатын орнын қайта бағалауды қажет етіп отыр. Мұндай жағдайда Исламның ізгі бастауларын жоққа шығаратын, бейбітсүйгіштіктен, толеранттықтан, діни төзімділіктен бас тартатын күштердің алға шығуы жиі орын алуда», - деді Қ.Тоқаев.
Қ.Тоқаев қазіргі таңда жихад идеяларын насихаттайтын, экстремизм мен лаңкестік жолымен жүретін радикалды топтар елелі саяси күшке айналғандығын айтты.
«Олар мұсылмандардың барлық тарихи кезеңдерде барша дін өкілдерімен диалогқа дайын болғандығын және ешкімге зиян келтірмегенін естен шығарған. Ислам әлемінің оқшауланып, дамуын тежеуге итермелеуде. Ислам өркениетіне тән алдыңғы қатарлы ғылым мен мәдениет дәстүрлерін мейлінше арттыру қажет. Меніңше, бұл қазіргі заманның ең өзекті проблемаларының бірі болып табылады. Себебі, қазіргі кезде бірқатар мұсылман мемлекеттері кедейлікпен, халықтың сауатсыздығымен, денсаулық сақтау ісінің артта қалуымен, күрделі демографиялық ахуалмен, лаңкестік сын-қатермен, заңсыз есірткі айналымымен және сыбайлас жемқорлықпен байланысты қиындықтарды бастан өткізуде. Бұл сын-қатерлердің барлығы да имандылық дағдарысынан және әскери-саяси текетірестен алып шығатын пәрменді тетіктерді, идеологиялық және моральдық әдістерді іздестіруді талап етеді», - деді ол.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап іздеуде мұсылман ғұламалары өз қолтаңбаларын қалдырып, білім мен бейбітшілікке деген сүйіспеншілік туралы қасиетті Құран ілімдерін қайта жандандыруға тиіс. Бұл істе ғұламалар қасиетті жазбаның ұлағатты сөздерін күмәнді уағыздаушылар ұсынып жүрген жалған түсініктерге қарсы қоюы керек.
«Исламның іргелі қағидаттары туралы айтар болсақ, осы тұста мұсылман әлемінің саясаткерлері мен ғалымдарын «Исламның болмысын бейбітшілік пен мейірімділіктің, төзімділік пен әділеттіліктің діні ретінде қалыптастыруға бірге күш салуға» шақырған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерін естеріңізге салғым келеді. Ислам амалсыздық пен фанатизмді жоққа шығарып, қарсыластарды татуластыруға және қайшылықтарды бітімгерлік жолмен шешуге ұмтылады. Қасиетті Құран Ислам негіздеріне қарсы келмейтін басқа дін ілімдеріне төзімділік танытуға, өзге мәдениеттердің көріністеріне құрметпен қарауға шақырады», - деді Сенат Төрағасы.
Қ.Тоқаев Ислам ілімі ұлттық салт-дәстүрлерге деген құрметпен және Отанға деген сүйіспеншілікпен ұштаса отырып, қоғамымызды рухани жаңарту идеясымен үндесетіндігін тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын айқындады. Бағдарлама сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмауға бағытталған. Оларды әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату қажет. Сондай-ақ бағдарлама ұлттық рухымызға сәйкес келетін құндылықтардың барлығын, оның ішінде салт-дәстүрлерді, тіл мен өнерді, әдебиет пен рухани бағдарларды сақтап қалуды көздейді. Құрметті форумға қатысушылар! Қазақстан прогресс пен даму жолында мұсылман әлемін біріктіруге күш салуда», - деді ол.
Айта кетейік, өткен жылғы 10 қыркүйекте Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының арнайы саммиті ғылым мен техниканың озық жетістіктерін енгізу мәселелеріне арналды. Осы саммитте Қазақстан Президенті ислам әлеміндегі маңызды ғылыми-экономикалық мәселелерді шешу мақсатында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының жетекші 15 елінің басын қосатын, G-20 сияқты - ИЫҰ-15 бейресми қоғамдастық құруды ұсынды. Осы орайда. Сенат Төрағасы Қазақстан мәдениеттер мен өркениеттер диалогын дамыту, халықтар мен діндер арасындағы өзара түсіністікті тереңдету идеясын дәйекті түрде ілгерілетіп келе жатқанын алға тартты.
« Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі осы жылдың маңызды оқиғасы болмақ. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы форумға бастамашылық жасай отырып, бейбітшілік, қауіпсіздік пен әділеттілік саясатын алға жылжытудың әдістері туралы түсініктің аясын кеңейте түсті. Діни лидерлердің съездері көпшілік мойындаған пікір алмасу алаңына айналды, форумның жұмысына көптеген мемлекеттердің басшылары, БҰҰ мен басқа халықаралық ұйымдардың жетекшілері да қатысты. Бұл бір үстел басына әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерін жинап қана қоймай, жетекші саясаткерлердің де басын біріктіріп, халықтардың жарқын өмірі жолындағы нәтижелі үнқатысуға себеп болды.Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін толеранттылық, өзара түсіністік пен мәдени алуантүрлілік идеологиясын қалыптастыру және ілгерілету маңызды», - деді ол.
Сонымен қатар, Қ.Тоқаев Қазақстан өзінің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамда дінаралық келісімді сақтау тәжірибесімен бөлісуге дайын екендігін шегелеп айтты.
«Ілім тұрғысынан ұшталған Исламды дамыту үшін қазақстанның барлық мүмкіндіктері бар. Біз прогресс, бейбітшілік және әділеттілік, дін мен адамгершілік құндылықтарды құрметтеу, толеранттылық және басқа дін ілімдерінің өкілдерімен тату көршілік қағидаттарында қоғамды құрудың лайықты үлгісін барша әлемге көрсетуге қауқарлымыз», - деді Сенат спикері.
Оған қоса, ол қазіргі таңда мұсылман ғылымының алдында дін ілімі мен құқық, догматизмнен, радикализмнен, әсіресе кез келген көріністегі экстремизмнен арылу сияқты негізгі мәселерге деген тәсілдерді жаңарту міндеті тұрғанын айтты.
Дін саласындағы үздік, беделді тұлғалар, ғұламалар, қоғам қайраткерлері, теологтар, дінтанушылар Ислам өркениетінің ұлы мұраларын жаңғырту процесінде жетекші күшке айналуға тиіс, олардың көпшілігі бүгін залда отыр.
Пікірлесу алаңы әртүрлі елдерден келген мұсылман әлемінің көрнекті зиялылары үшін осы игілікті іске өз күш-жігерлерін біріктіруге және үлестерін қосуға тамаша мүмкіндік беріп отыр.
Қ.Тоқаев Еуразия ғұламаларының форумының қатысушыларына игілікті қызметтерінің табысты болуын тіледі.
-
Сарапшы: «Қазақстан ұлт болып ұйысудың өзіндік моделін қалыптастырды»
-
Қазақстан мен әлемдегі эпидемиологиялық жағдай: «Омикрон» штамы әлемнің 20 мемлекетінен табылды
-
Қазақстан сыртқы саясатының 30 жылдық белестері
-
Қазақ тілінде дыбысталған тағы бір фильм көрерменге жол тартты
-
Асқар Мамин: Қазақстан өз даму жолында сапалы серпіліс жасады
-
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асуы
-
ДСМ: Қазақстанда коронавирус жұқтыру 2,4 есеге азайды
-
Қазақстанда ревакцинациялау науқаны басталды
-
Қазақстанның сыртқы саясаты: Экономикалық дипломатия, геосаяси жағдай, экспорт және инвестиция
-
АШМ: Қазақстанда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау аяқталды
-
ТДМ: Климаттың өзгеруі, экологиялық сауатталықты арттыру мен қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру мәселелері
-
Қазақстанда Pfizer вакцинасымен кімдер егіледі, қайда және қалай жүзеге асады
-
Қазақстанға Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді
-
Елордада «Рухани жаңғыру» аясында қандай жобалар жүзеге асуда
-
Сарапшылар: «Қазақстан студенттер альянсы» дайындаған рейтингтер сапасыз»

