Үкімет

Үкімет отырысы: Су тасқынының алдын алу мен ұстаздар мәртебесі, АХҚО-ның ресми ашылуы /ШОЛУ/

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Отырысқа министрлер кабинеті мен облыс әкімдері қатысты. Күн тәртібінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың су тасқынына дайындығы, АХҚО қызметі мен ұстаздар мәртебесі талқыланды. Жиында көтерілген өзекті мәселелерді Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы20 Ақпан , 16:47

ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты және оған қарасты Төтенше жағдайлар комитетін биылғы болуы су тасқыны қазірден алаңдата бастады. Өйткені, өткеннен сабақ алмай, келешек түгілі, бүгінгінің өзі тұман. Мәселен, тек былтырдың өзінде ғана 57 елді мекен су тасқынынан зардап шегіпті. Биылғы жағдай одан да қиын. Биыл қардың қалыңдығы ғана емес, жер бетіндегі тоңның жібімей жатуы да мамандарды қатты алаңдатып отыр. Дәл қазіргі уақытта тоңның қалыңдығы 60 сантиметрден 1,5 метрге дейін жетіпті. Бүгінгі жиында министр қаупті аймақтарды да атап берді.

«Қазіргі уақытта Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 160 елді мекенді еріген қар суының басу қаупі сақталып отыр. Осы орайда, ІІМ тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Су тасқыны кезінде жағдайдың алдын алу үшін арнайы топтар құрылды. Оның құрамына 49 мыңнан астам адамнан құралған бөлімдер кіреді. Сондай-ақ, 16 800 бірлік техника бар. Су тасқынынан халықты эвакуациялаған кезде оларды орналастыру пунктері анықталды. Эвакуацияның маршруты бар. Тиісті көлік құралдарымен қамтамасыз еттік. Ұлттық гвардияның әскери жасақтары, ІІМ шұғыл жасағы дайындалып жатыр. Халықты тиісті ақпаратпен қамтамасыз ету жүйесі дайын. Оның ішіне электросиреналар, радио және хабар тарату жүйесі, халыққа хабарламалар жеткізу кіреді», - деді Қалмұханбет Қасымов.

Қазірдің өзінде Қарағанды облысындағы Самарқанд пен Ынтымақ су қоймаларында жинақталған судың көлемі 2017 жылғы көрсеткіштен асып түседі. Қар күрт еріп, су қарқынды келе бастаған жағдайда суды апатты жағдайда ағызуға тура келеді. Ал бұл өзенің төменгі сағасында орналасқан 44 елді мекенді су астында қалдыру қаупін тудырады

Министр айтып өткендей, елдегі атқарушы органдар  елді-мекендерден  3,5 млн тонна текше қар шығарған. Су тасқынына тиісті жанар-жағармай  мен арнайы техникада да  сақадай сай тұр дейді министр.

 «Көктемі су тасқыны кезінде жағдайдың алдын алу мақсатында арнайы топтар құрылды. 49 мыңнан астам адамнан тұратын бөлімдер жасақталды. 16800 техника бар. Су тасқыны болған жағдайда халықты қауіпсіз жерге көшіруге арналған бекеттер анықталып, бағдарлары белгіленген. Қажетті көлік құралдарымен де қамтамасыз етілген. Ұлттық гвардия мен Ішкі істер министрлігінің әскери жасақтары да дайын. 8,5 мың жанар-жағармай қоры, 123 мың тиісті материалдар, 6,5 тонна жарылғыштың қоры бар. Әкімдіктерде төтенше жағдайға қарастырылған 24,7 млрд теңге бар», - деп түйіндеді министр.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарға   жыл сайын  су тасқыны болатын Атбасар қаласының мәселесін шешуді тапсырды. Осы мәселеге қатысты және жалпы аймақтағы су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан і-шаралар бойынша Ақмола облысының әкімі есеп берді.

«Ауа райы болжамы бойынша өңірде қардың мөлшері аз болады. Бірақ бізде қардың негізгі мөлшері ақпан айының соңы мен наурыз айының соңында жауады. Бізге көктем ерте келеді деп жорамалдап отырмыз. Бірақ ол ұзаққа созылады. Бұл су тасқынының қаупін төмендетеді. Бақытжан Әбдірұлы, тиісті жұмыстар жасалып жатыр. Ешкімге босаңсуға жол берген жоқпыз. Жабай өзені мен Атбасар қаласында су тасқыны болмас үшін жұмыс жасап жатырмыз. Өткен жылы судың мөлшері өте жоғары болды. Бірақ осы жылы мұндай жағдай болмайтын шығар», - деді Мәлік Мырзалин.

Аймақ басшысының күмәнді жауабы Бақытжан Сағынтаевты қанағаттандырмады. Өйткені, жылда жергілікті әкімдер жағдай бақылауда деп есеп бергендеріне қарамастан су тасып, елді мекендер суға кетіп, ел әбірге түсіп жатады.

«2014 және 2015 жылы осындай жағдай қайталанған. Сондықтан судың мөлшері рекордтық деңгейде деп айтуға болмайды. Сіздерге жыл сайын ақша бөлеміз. Бұрын ақша топыраққа кетсе, енді суға кетіп жатыр. Өңірдегі тұрғындардың үндеуін оқыдым. Олар біздің қауіптің алдын алу үшін бөгет, дамба салып, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатқанымызға сенбейді екен. Себебі, олар суға қарсы тұра алмайды. Салдарынан үйлер судың астында қалады. Оның ішінде білім мекемелері де бар. Олар бізге дамба салғаннан, су жетпейтін жерден ғимарат салып беріңдер дейді. Сіздер миллиардтаған теңгені жұмсайсыздар. Осы мәселеге сіздің пікіріңіз қандай?» - деді Бақытжан Сағынтаев.

Облыс әкімі Үкімет басшысының бұл саулына өзінің ұсынысымен жауап берді. Яғни, қауіпті аймақтағыларды басқа жаққа көшіруді ұсынып отыр. «Бақытжан Әбдірұлы, бұл дұрыс пікір. 9 шақырымдық құны 10 млрд және одан құны жоғары дамба салайық. Мысалы, 1 830 адам тұратын жерде 530 түтіні бар үй бар. Оларды басқа жаққа көшіріп, үйлерді салуға 3-5 млрд теңге кетеді. Шығынның мөлшері төмен болады», - деді Мәлік Мырзалин.

Мәселені күлбілтелеп күнде сөз қылғанша нақты шешім шығару үшін Үкімет басшысы өзінің орынбасары Асқар Маминге тапсырма берді. Жуық арада аталған елді мекендерге қатысты нақты шешім шығуы тиіс.

Бұл орайда Ауыл шаруашылығы министрінің өкілі су қоймаларын суға толтырудың режим кестелері облыс әкімдіктерімен келісілгенін жеткізді.  Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев  2018 жылғы су тасқыны кезеңіне Су ресурстары комитетінде Тасқын суға қарсы комиссия құрылғанын айтты.

«Су қоймалардың жұмыс режимінің күн сайынғы мониторингі белгіленіп, барлық республикалық объектілерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Қауіпті учаскелерінде бұзылудың алдын алу үшін, құрылыс және басқа да инертті материалдардың қажетті қоры дайындалды, сондай-ақ тиісті техника мен механизмдер әзірленді», - деді ол.

Тасқын суларды жинақтау жоспары жөнінде, бірінші кезекте 109 жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде жинақтау көлемі 10 млн текше метрден жоғары 30 жобаны — республикалық бюджет есебінен және жинақтау көлемі 10 млн текше метрден төмен 79 жобаны – жергілікті бюджет есебінен іске асыру көзделген.

«Мемлекет басшысының Ақмола облысында Бозұлық және Кеңбидайық су қоймаларын салу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, АШМ инвестициялық ұсыныстарды әзірледі және оларға 2017 жылдың 2 қазанында ҰЭМ-нен оң қорытындылар алынды. Су қоймалары құрылысының құны шамамен 13,6 млрд теңгені құрайды. АШМ жоғарыда аталған екі жоба бойынша ТЭН әзірлеуге 2018 жылға қаражат бөлу рәсімдерін жүргізіп жатыр», — деп түйіндеді АШМ вице-министрі.

Бүгінгі жиында көптен айтылып келе жатқан ұстаз мәртебесі қайта көтерілді. Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов аталған мәселенің өзектілігі сондай қазір Мәжіліс мінберінде мәселе айтылып, депутаттар да бел шешіп кіріскен. Оның ішінде ұстаздың моральдық мәртебесі ғана емес, материалдық жағдайы да бар. Биылғы оқу жылында осы бағытта алғашқы қадамдар жасалды.

«1, 2, 5, 7 сынып мұғалімдері, 2018-2019 оқу жылы, яғни қыркүйекте 3, 6, 8 сынып жаңартылған мазмұнға көшеді, осы сыныптарға сабақ беретін мұғалімдердің еңбекақысы Елбасының тапсырмасымен 30%-ға артады. Бүгінде Үкімет өзгерістер енгізді, ол жаңа жүйе бойынша санат алатын мұғалімдердің еңбекақысын 30%-дан 50%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Елімізде орта білім беру мекемелерінде 285 996 педагог жұмыс істейді. 1991 жылмен салыстырғанда педагогтардың сапалық құрамы айтарлықтай жақсарған», - деді вице министр.

Жалпы, салыстырмалы түрде алғанда жоғары санатты педагогтардың саны да, сапалық құрамы да артқан.

 «Орта білім беру жүйесінде 285 мың 996 педагог қызмет етеді. 1991 жылмен салыстырғанда педагогтардың сапалық құрамы айтарлықтай артты. Жыл сайын білімін жетілдірген, яғни жоғары білімді педагогтардың саны жоғарылап келеді. Егер де 1991 жылы олардың саны 66 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 90 пайызға жеті. Мұнымен қоса, бірінші әрі жоғары санатты иеленген педагогтардың үлесі 50 пайыз деңгейінде. Бұл өз кезегінде педагог кадрлардың сапалық дамуын көрсетіп отыр.2014 жылы мұғалімдер арасында 1800 магистр болса, қазіргі кезде олар 4 мыңнан асты. Жыл сайын жалпы білім беретін мектептерге 10 мыңға тарта жас мұғалім келеді», - деді Аймағамбетов.

2017-2018 жылдары «Білім» бағыты бойынша 8129 грант бөлініп, биыл 756 «Алтын белгі» иегерлері грантпен білім саласына таңдау жасады. Соңғы үш жылда педагогикалық мамандықтарға түскендердің ҰБТ бойынша орташа баллы өскен. Егер де 2015 жылы бұл көрсеткіш 81 болса, 2017 жылы 94-ке жетті.  

Жақын арада Астанада  XIII Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы  өтпек. Бүгінде жұмысын істеп жатқан, алайда ресми тұсаукесері өтпеген Астана халықаралық қаржы орталығының ашылуы мен шара аясындағы ауқымды жобаларды «Астана» ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов нақтылады.

«Тұсаукесер рәсімі 5 шілде күні ЭКСПО аумағындағы Конгресс-Орталық ғимаратында өтеді. Ресми ашылудың алдында «Астана» xалықаралық қаржы орталығын дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша пленарлық сессиялар ұйымдастырылады. Соның ішінде XIII Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы бар. Дәл сол кезде Назарбаев орталығында «Астана» қаржы орталығының құқықтық мәселелері бойынша алғашқы Халықаралық конференция өтеді. Бүгінде қаржы орталығының инфрақұрылымы мен тиісті органдары құрылды. Соның ішінде басқару жөніндегі кеңес, әкімшілік, қаржылық қызметтер жөніндегі комитет, биржа, сот пен xалықаралық төрелік бар. Ал шетел азаматтарының визалық мәселелерін шұғыл шешу үшін Экпат орталығы ашылды. «Астана» қаржы орталығының аумағы да кеңейіп отыр», - деді Қайрат Келімбетов.

Бүгінгі жиын соңында күн тәртібіне қойылған, талқыға түскен мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар берілді. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев  жергілікті органдар мен атқарушы министрліктерге су тасқыны кезеңіндегі жұмыстарға мұқият қарауды, әсіресе, қауіпті аймақтардың біріне айналған Атбасар мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды.

Аягөз Құрмаш 

Фото: ашық дереккөз




Яндекс.Метрика