Сенаторлар ел өңірлерінде еңбек ұжымдарымен кездесті

5 Қаңтар, 2018 16:29
Парламент Сенатының депутаттары Қарағанды, Атырау және Жамбыл облысының еңбек ұжымдарымен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Парламент Сенатының депутаттары Сәрсенбай Еңсегенов пен Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысының Индер ауданындағы Индербор кентінде жұртшылықпен кездесті. Шараға аудан және ауылдық округтер әкімдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер, кәсіпкерлер және шаруа қожалықтарының басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кездесуде сенаторлар Парламенттің жоғарғы Палатасының өткен жылғы заң шығару қызметінің қорытындылары туралы хабардар етіп, Мемлекет басшысының бастамасы бойынша елімізде жүзеге асқан саяси реформалар мен қоғамдық өмірдегі жаңғырулар туралы әңгімеледі. Талқылау барысында депутаттар жиналғандардың сауалдарына жауап берді.

Парламент Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданында жұмыс бабындағы сапарда болды. Депутат Жалаңаш ауылында 150 мүйізді ірі қара малына арналған «Тәттібек» шаруа қожалығының бордақылау алаңында болды.

Р. Әбдікеров шаруашылық басшысы Г. Мейірмановамен өндірісті ұлғайтудың және мал шауруашылығы саласының экспорттық әлеуетін арттырудың келешегін талқылады. Сенатор Жидебай ауылдық округінде былтыр ашылған отбасылық амбулаторияның жұмысымен танысты. Ақтоғай ауылында К. Байсейітова атындағы орта мектептің мұғалімдер ұжымымен кездесті.

Жүздесуде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы басты тақырып болды. Р. Әбдікеров мұғалімдерге Парламент қабылдаған жаңа заңдардың мазмұны туралы да айтты. Сенатор сол күні аудандық мәслихат депутаттарымен, атқарушы билік органдарының өкілдерімен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен, ардагерлермен және қоғамдық ұйымдар басшыларымен де кездесті.

Парламент Сенатының депутатары Мұратбай Жолдасбаев пен Әбдәлі Нұралиев отандық химия өнеркәсібінің беткеұстары - «Қазфосфат» компаниясында болды. Сенаторлар кәсіпорынның экономикалық көрсеткіштерімен және 2018 жылға арналған жоспарымен танысты. Депутаттар еңбек ұжымымен кездесу барысында Сенаттың заң шығару қызметі және осы сессиядағы заңдар туралы әңгімеледі. Талқылау кезінде таяуда қабылданған «Жер қойнауы және жер қойнауы туралы» жаңа кодекс мазмұнына ерекше назар аударылды.

 

 

Барлық жаңалықтар